ҚОЙНАУЫНА ҚҰТ ДАРЫҒАН ҚАРҚАРАЛЫ
17.10.2023
358
0

Қазақ даласы табиғаты көркем аймақтарға толы. Елімізде туризмді дамыту мәселесі көптен қозғалып келеді. Осы тақырыпта қалам тербеп жүрген публицист Амандық Әмірхамзиннің Қарқаралы өңірі жайлы толғамды мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

    Қарқаралыға бір емес, бірнеше рет арнайы сапар шеккен едім. Табиғаты керемет және талай ұлы тұлғалар шыққан мекен. Бұл ретте, Қарқаралыға қатысты, оның туризмі мен тарихы жөнінде өз ойымды бөлісе отырайын. Қарқаралы есімізге түскенде ең әуелі Мәди Бәпиұлының атақты:
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай,
Мен Мәди қуғын көрген Арқадағы», –
деген өлең жолдары ойға оралады. Мәди туған өлкеде Қасым ақын да өмірге келіп:
«Уа, дариға, алтын бесік –
туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.
Жата алмас ем топырағында тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам
мен егер», –
деп толғануы да тегін емес. Шынында да, бұл – бір табиғаттың керемет құбылысы ғой.


Мәди мен Қасымнан өзге Қарқаралы талай дүлдүл ақын мен қайсар батырларға Отан болған. Мәселен, Қарқаралы – атағы алты Алашқа мәлім Қаз дауысты Қазыбектің және шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, Шөже ақынның, от ауызды, орақ тілді Кенже бидің елі. Алаштың Қалибек, Жүсіпбек, Шолпан Жандарбекова, Хабиба Елебекова сияқты аяулы ұл-қыздары да Қарқаралыда дүниеге келген. Жақып Ақбаевтың, Әлімхан Ермековтің, Әлихан Бөкейханның да тағдыры Қарқаралымен тығыз байланысты еді.
Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» романында: «Қарқаралыдан шыққан адамдардың арасында көп оқымыстылар бар екен», – деген сөзді Абайдың аузымен айтады. Расында бұл тізімге алғашқы білімін Қарқаралыда алған елімізге белгілі академик А.Сағыновты, Қазақстан Ғылым академиясының Президенті Ш.Шөкинді, академик А.Жәутіковті, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Машановты қоссақ болады, бірі осында білім алса, бірі қызметін киелі өңірде бастаған. Қазақстан ғылымына А.Рақышев, Б.Алдажұманов және басқа да көптеген Қарқаралы тумаларының сіңірген еңбегі зор. Ағалар жолын бүгінде геология ғылымдарының докторы Т.Диденко-Кислицина, медицина ғылымдарының докторлары Т.Сейсембеков пен А.Әбдірахманов, математика ғылымының докторы А.Дүрмағанбетов лайықты жалғастырды. Қарқаралыдан шыққан Серғазы Мыңжасарұлы – бүгінде әлемге танымал ғалым. Қарқаралыда туып, орта мектепті бітіріп білімге қанат қаққан Манат Толымбеков техника ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алды. Қасиетті өлкені «батырлар елі» деп тегін айтпаған шығар. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қарқаралының мыңдаған ұлы мен қызы қан майданға аттанып, небір ерлік үлгілерін көрсеткен. Жалындаған ұшағын жау әскерінің төбесіне жасындай қылып түсіріп, елі үшін жанын қиған, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің ерлігі ұрпақтар есінде сақталады. Екінші дүниежүзілік соғыста Днепр өзенін алғашқылардың бірі болып өтіп, ерлік көрсеткені үшін, Кеңес одағының батыры Мартбек Мамыраевтың, Кеңес Одағының батыры атағын алған гвардия майоры Петр Теряевтің ерлігін де жас ұрпаққа мақтанышпен айта аламыз.


Кеңес Одағының батыры атағын алған Рәсіл Есетовтің де тегі – Қарқаралыдан. Ерлік дәстүрі бүгін де жалғасын табуда. Оған дәлел – ғаламшар кеңістігіндегі қазақтың қыраны, «Халық Қаһарманы» Тоқтар Әубәкіровті айтсақ та жетіп жатыр.
Қарқаралының ғажап табиғатына орай, мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алған соң осы өңірде Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Қорық құрған еді. Қорық аумағында өсімдіктердің сирек және жойылып бара жатқан 66 түрі өседі екен. Тағы бір қызығы, өңір флорасы ежелгі мұз дәуірінен бері өз ерекшелігін сақтап қалған. Сондай-ақ бұл аймақ Қарқаралыға ғана тән өсімдіктерімен де белгілі. Әрі мұнда құстың 114 түрі кездессе, бауырымен жорғалаушылардың 6 түрі, сүтқоректілердің 40 түрі мен амфибиялардың 2 түрі кездеседі. Тіпті Солтүстік Америкадан әкелінген бизондар да жерсіндірілген. Қанша мақтасам да Қарқаралы табиғатының әсемдігін, көркемдігін сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек барып көру керек.
Қарқаралы шаһарының өз тарихына тоқталсақ, мұнда кезінде Абайдың ізі қалған. Кентте заманында Абай тоқтаған үй әлі тұр. Оны айтасыз-ау, сәулет өнерінің ғажап ескерткіші – Құнанбай қажы мешіті де алыстан көз тартады. Қалада бірнеше ғасыр куәсі болып сақталған өзге де ғимараттар сән-салтанатымен менмұндалайды. Қарқаралы – Орталық Қазақстандағы алғашқы қалалардың бірі, сол себепті сәулет өнері туындылары көптеп бой тіктеген. Және шаһар заманында уез­дің бас қаласы ғана емес, ұлан-ғайыр өлкенің әкімшілік орталығы да болды.
Қарқаралы өңірі ежелгі заман ескерткіштерінен де кенде емес. Тағы бір алтын адамның Кент тауларынан табылуы да кездейсоқтық болмаса керек. Беғазы-Дәндібай заманының ғана емес, одан әрідегі тарих бедерін осы аймақтан тани аламыз. Орталық Қазақстандағы алғашқы жұртының да Қарқаралы топырағынан кездескені мені тіптен таңғалдырды. Мәселен, Қызыл кеніш сияқты үлкен кешен орны Қарқаралы аумағында әртүрлі пішіндегі сәулет ескерткіштерінің көп болғанынан хабар беріп тұр, нақ Қарқаралы жерінде ежелгі заман адамдарының қазба орындарының қалдықтары да әліге дейін кездесіп қалады.
Бұл өлкенің табиғат ғажайыптары да талай аңызға арқау болған. Шайтанкөл туралы білмейтін жан кемде-кем. Осы Шайтанкөл әуелде Әулиекөл аталған көрінеді. Кешегі отарлау заманында көлге крестерін орнатқандар оны су астында жоғалтып алып, кейін Шайтанкөл атандырып жіберген деседі-мыс. Кім білсін, дегенмен халқымыз әр тауымызды, әр көлімізді, жеріміздің әр пұшпағын қадірлегені анық.
«Сәби көңіл жолдас ертіп қасыңа,
Сонда бар да мінәжат қыл тасына.
Көлге айналып бір пұшпағы аспанның
Ағып түскен Қарқаралы басына», –
деп, Қадыр Мырза-Әли жырға қосса, «Шайтанкөл – ғашықтар мекені», – деп, Серік Ақсұңқарұлының жырлағаны әнге айналды. Осынау қасиетті де киелі, жұмбақ та әсем Шайтанкөл өзінің тылсым сырымен талай дарынға шабыт беріп келеді.
Таңданарлығы, Шайтанкөл бұл өңірде жалғыз емес. Табиғаттың тағы бір құпия жаратылысы – Бассейн көлі. Биік таудың басында, қабырғалары тіп-тік болып, қолмен қойғандай жартастармен көмкерілген көл, шынында да табиғи хауыз тәрізді. Шайтанкөл мен Бассейн сияқты көптеген үлкенді-кішілі көлдерді көк таулардың адам аяғы баспаған биік шындарында жиі кездестіруге болады.
Қарқаралының өзге бір қырында жарқырап жатқан Самал көлі бар. Бұл көріністі көрген адам өмірі ұмыта алмасы анық. Бұл сияқты адам жанына рахат сыйлайтын айдындар – Үлкен көл, Жартас, Шортанды көлдері Қарқаралы тауларын көмкере қоршап, ерекше келбет беріп тұр. Тау сілемін бөктерлей Жарлы өзені ағып жатса, қала ішімен үлкен және кіші Қарқаралы өзендері ағады. Самал жел ескен сайларда бабалар суын ішкен Суық бұлақ, Мәлік сай бұлағы, Тас бұлақ, Тұнық бұлақтарының мөлдір суы қысы-жазы сарқылмай, көз қуантады.


Құпиясын тау-тасына, өзен-көліне жасырған Қарқаралыны тануға талпынған сайын, сұлулығымен тәнті ете түседі. «Қалмақ қорғаны» деп аталатын биіктігі – 2 метр, ені – 3 метр, ұзындығы 4-5 шақырым болатын жұрт орны да бағзы заманның тарихынан сыр шертеді. Әсілі, Қарқаралы алғашқы адамдардың мекені болған сияқты, ол туралы әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан да жазып кетіпті. Олай болса, ежелден қойнауына құт дарыған қасиетті өлкенің бертін келе ата-бабамыздың патшалық, хандық құрған жері болуы да заңды ғой. Кей мәліметтер: «Қарақоқты алаңында Ақ Орданың қазығы қағылған», – десе, тағы бір дереккөздері: «Абылай ханды басшылыққа ұсыну рәсімі Қарқаралы-Қазылықта өткен», – дейді.
Сондықтан Қарқаралының туристік өңір ретінде ғана емес, жалпы, тарихымызда, мәдениетімізде алатын орны ерекше. Дәл осы Қарқаралы жерінде, Қоянды жәрмеңкесінде ұлт зиялылары атақты Қарқаралы петициясын қабылдап еді. Оған тағы бір себеп – Ахаңның Ахмет Байтұрсынұлының Қарқаралыдағы бала оқытуы мен Алаш көсемдерінің басқосуы болатын.
Қарқаралы туралы таңды-таңға жалғап айта беруге болады, десе де, Сырбай Мәуленовтің:

«Таулар, таулар – қашанғы қасқа
алыптар,
Мендей сені сезді ме басқа жұрттар?!
Ақ шашты әжем секілді тұрып алды
Қарқаралы басында ақша бұлтар»… –
деген жыр жолдарымен ойымды қорытындылағым келіп отыр. Қастерлі аймақтың күні жарқырап, әлем жұртшылығын тамсандыратын сәті туарына сенімім кәміл.

 

Амандық
ӘМІРХАМЗИН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір