НАРТАЙ АҚЫН

Нартай – Жамбыл сияқты ақын-жыраулардың соңғы өкілі еді. Өзінің бір бойында табиғат берген бірнеше қымбат қасиет болды. Соның бірі – оның суырыпсалма ақындығы. Екіншісі – композиторлығы. Үшіншісі – сырнаймен өзі сүйемелдеп айтатын орындаушылық қасиеті. Төртінші, оның осы өнерлерімен қалың ортадан озып шыққаны. Нартай әндері басқалардан ерекше, елді тартатын, тыңдаушысына ғанибетті әсер беретін: Жамбыл атамыз айтқандай: «Ақын Нартай, жез таңдай» еді. Нартай өлеңдері түрлі жағдайларға байланысты, не өзі жайлы айтылса да ешкімді жайбарақат қалдырмайтын. Оны жастар да, ұлғайғандар да тыңдауға ынтық болатын. Ақын Нартайды мен бала кезімде көріп, тыңдаған болатынмын. Ол орта бойлы, сәл толықтау, кең жазық маңдайлы, екі көзі нұр шашып тұрғандай, қызылшырайлы адам еді. Бет әлпетіне әдемі қара мұрты сән беріп тұратын. Мен Нартайды сол сырт бейнесі арқылы-ақ өз заманының сұлуы болған дер едім. Өйткені, ол шығармашылық адамы. Әрі жәй ақын емес, әнімен халыққа рух беретін, елді бірлікке, еңбекке жұмылдыра білетін қайраткерлік иесі еді. Тіпті, оның әндерін домбырамен орындайтын қыз-жігіттердің өзін жұртшылық күні бүгін құрмет тұтады.
Мені қазақ халқының бойына суырыпсалмалық қасиет қайдан сіңген деген ой мазалайды. Ол тіл байлығы, ой жүйріктігі, ғажап нәзік сезімталдығы мен кең пейілділігі, ер жүректігі мен батырлығы арқылы қанына сіңген ғой. Жалпы, біздің ата-бабаларымыз тарихы толық зерттеліп болған жоқ. Еуроцентрлік ғалымдар тарихты ерте дамыған деп қытайлықтар мен үнділерді айтады. Ол да дұрыс шығар. Өйткені, олардың тарихы терең, кемінде 20-30 мың жылдарды қамтиды. Ал біздің ата-баба тарихы аң аулап, алғашқы аңдардың кішкентай өсімдерін қолға алып, мәпелеп бағудан басталған. Одан бері қанша заман өтті?
Ресей ғалымдары Кеңес дәуірінің соңғы кездерінде бірнеше жыл бойы Қаратауға келіп, тау үңгірлерін зерттеп, 18-20 метр тереңдіктен тас, керамикадан жасалған еңбек құралдарын тауып, олардың бұдан 400-ден 600 мың жыл бұрын жасалғандарын анықтады. Егер саналы адамдар өмір сүруді құрал-сайманнан жасаудан бастаған десек, онда мал бағып өмір сүрген бабалар тарихы 700-800 мың жылдарға тереңдейтін болады. Сол тұңғиық дәуірден бастап тіл пайда болып, дамыды, әдет-ғұрып қалыптасты. Ата-бабаларымыз мал соңында көшіп-қонып жүріп жер таныды, этностармен араласты, мәдениеті мен тілін таратты. Оған дәлел – Еуразиядағы сандаған жер-су, тау-тас, мекен аттары. Ата-бабаларымыз бұл қасиетін XVIII ғасырдағы француз ағартушысы Ш.Монтескье «Парсы хаттарында» тамсанып айтқан болатын.
Ал, айтыс өнерінің қазақ арасына кең тарағандағы оның тілінің жарты миллионнан астам уақыт бұрын керемет дамығанын аңғартады. Қазақ тілі аса құнарлы әрі бай. Сондықтан да кез келген жағдайда көкейінен өлең төгіліп тұрады. Ол өлең әрі өтімді, әрі дәлме-дәл дәлелді. Бұл тіл байлығы мен ой жүйріктігінің жемісі. Әрі мұндай қасиет өзге ешбір ұлттың пешенесіне дарымаған.
Еуропа халықтарында ғылым дамыса да мұндай сөз байлығы мол емес. Атақты ағылшын философы Бертран Рассел: «Айтуға болатын және болмайтын сөздер бар. Сондықтан айтуға болмайтын сөздерді айтпаған жөн», – деген. Қазақ елінде айтуға болмайтын сөз жоққа тән, барлығын сыпайы жеткізе білген. Орыстардың бір сөзінің өзінің қазақтарда ондаған баламасы бар екенін ХІХ ғасыр аяғында Орынборда жарық көрген орыс-қазақ сөздігінде Ресей ғалымдары жазып, мысалдар келтірген.
Г.Гегель «Кто мыслит абстрактно?» деген мақала жазып, немістерді абстракты сөз болатынын түсіндірген. Қазақтар абстракты сөздерді де кең қолдана білген. Ал немістерде ондай тәсіл болмаған. Қазақта: «Ұзын-ұзын із келеді, ұзын бойлы қыз келеді» деген жұмбақ бар. Шешуі «Жылан». Неге оны қызбен салыстырады. Өйткені, қыздың белі жіңішке, буындары мың бұралатынын абстракты түрде бейнелегені. Қазақтың сөз байлығы оның өте ерен бабаларының арқасында. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақ тарихында біз ұялатын еш нәрсе жоқ» дегені өте орынды сөз, бұлжытпайтын шындық. Осыған қосарымыз, қазақ тарихында әлемге көрсетуге лайықты, жарамды жақсылықтар да мол. Соның бірі әдепті салт-сана, өлең-жыр, айтыс өнері. Біз сөз етіп отырған Нартай ақын соның бір өкілі. Нартай Бекежанов айтыс өнерімен де даңқын шығарған. Ұмытылып бара жатқан 1939 жылдың өзінде Нартайдың Нұрлыбек Баймұратовпен сайысын бүкіл қазақ газеттері қуана жазып, суреттерін жариялаған болатын. Мен мектеп оқушысы едім. Әлі күнге дейін есімде. Бұл – 1944 жылы өткен Республикалық ақындар айтысы Кеңес заманынан бастау алған кез. Қызу айтыс үстінде де ақындар бірінің бетін бірі жыртпаған. Қандай өткір сайыстарда да бірін-бірі қолдап, қолпаштай білген.
Сұрапыл Отан соғыс жылдарында Нартай ақын топ құрып, ел аралап, сырнаймен концерт беріп, елдің рухын көтеріп, қайраткерлік көрсетті. Үлкен жиындарда оның топ жарып, бастау айтатын қасиеті де болды. Мәселен, Жамбыл өтініші бойынша Мәдениет, Өнер қызметкерлерінің Бірінші съезін арнаумен ашқан Нартай ақын болатын. Мәскеуде 1936 жылы өткен Қазақстан Мәдениеті мен Өнерінің онкүндігін дүрілдетіп өткізуіне де ол үн қосты.
Нартай өз халқын түрлі жағдайларда рухтандыра білген суырыпсалма ақын әрі керемет орындаушылық қабілеті арқылы ел санасында сақталатын керемет тұлға.
Досмұхамед Кішібеков,
академик.