«Үздіксіз ауез» қандай әңгіме?
Күні кеше «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан Әлішер Рахаттың «Үздіксіз ауез» деген әңгімесін оқып, ойымызды көппен бөлісуді жөн санадық. Оның бір себебі әңгіме жарияланғаннан бастап әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Сын пікірлерді Тоқтарәлі Таңжарық бауырымыз әлеуметтік желіге жариялап, қайта сарапқа салған болатын. Көп ұзамай авторымызда да сынға өз уәжін ашық жария етіпті. Автордың уәжі: «Мен осындай тілі, ділі, құндылықтары жоғалған заманның «өнімімін», өздерің өндірген өнімді қабылдасаң да осы, қабылдамасаң да осы» дегенге саяды. Рас, заман өзгерісі бар, жоқ емес. Қазіргі сөйлеуіміз бен жазуымызды дүбәра тіл аралап барады. Мәдениетті насихаттайтын құралдарымыз, ұйымдарымыз бен көркемөнеріміздің көбі өзге тілде сайрайды, киномыз аралас тілде сөйлейді, мемлекетттік жоғары мекемелерден бастап, барлық білім, медецина, сот орындарында заң мен құжат, іс-қағаз өзге тілде жазылады. Кейін пәндеуи орта мекемелерде қазақ тіліне аударылады. Соның салдарынан қазір тілімізде нормадан тыс сөз қолданыстары қаптап келеді. Тіпті БАҚ құралдарында кейбір тіркестердің орыс тілінен көшірінді екенін ажырата алмайтын жағдайға жеткен сияқтымыз. Екінің бірі «болып табылады» (является) деп сөйлейтін болған. Тіліміздегі шалалық құндылықтарымызға де селкеу түсірмей қомайды.
Әлішер Рахат
Шалатілді жастарды жиі көремін. Солардың көбі өзге тілде ойлап, ойын калькамен көшіреді. Тіпті қазіргі филологтарымыздың тілінде де ауытқушылық байқалады. Кімге ренжиміз? Үштілді саясатты ұстанған мемлекетімізге ме? Әдебиет деген пәнді аяқасты етіп жүрген мұғілімдерімізге ме? 30 жыл қазақ тіліне іс жүзінде мемлекеттік тіл статусын әпере алмай жүрген үкіметке ме?!
Тілден әдебиет алшақ емес еді. Енді бұл сипат әдебиетке де аяқ артқаны көрініп жүр. Бұдан сәл бұрын Дидар Амантайдың романдарын оқып, сөйлемдеріндегі шала тілді көріп қиналған едім. Меніңше, біздің әдебиетімізде де фальш пайда бола бастаған сыңайлы. Дидар бауырымыздың «романдары» постмодернизмде жазылған деген желеумен мақтау алып, тіпті белгілі сыншыларымыз оған жақсы пікір бергеннен кейін бұл үрдіс үдеп кеткен сияқты. Кешіріңіздер, жаңа ағымындағы Умберто Эконың, Франс Кафканың, Альбер Камьюдің, Жан-Поль Сартрдың шығармаларын орыс тіліндегі аудармамен оқысақ та, қысқа сөйлемдердегі жатық тілді аңғармау мүмкін емес. Аталған қаламгерлердің шығармаларында көркемөнер туындысы дерлік құрылым, үйлесім, қисын бар. Дәл сол постмодернизмнің белгілері делінетін интертекстер мен энциклопедиялық тізбектердің өзін беруде қиюласқан қисын болмаса, көркемдік әлемінен алыстан қарабайырлыққа түспейміз бе? Кейде біздің әдебиетіміз де қазіргі жастардың тілінде сөйлейтін сыңайлы: үстіне не болса соны іліп алып, «ештеңеге таңқалмау керек, қазіргі мәдениет осындай» дейтін мінезі пайда бола бастаған ба деген ой туады. Меніңше, Тоқтарәлі Таңжарық бауырымыз осы күйімізді көзімізге түртіп көрсететін бір харекет жасап, әдебиетіміздің «жаңа түрін» әдейі ортаға тастап отырған сыңайлы. Әдебиет әлеміндегі талқылаудың болғаны қуаттарлық. Ал мына әңгіменің сөйлемдеріндегі ой қисынын маған дейін де талай адам талдағаны көрініп тұр.
Бұл әңгімені соңына дейін оқуғы үлкен төзім керек. Аяқталмай қалған сөйлемдерді меңзеу деуге де келе бермейтін тұстары көп. Әңгіменің сөйлемдері ғана емес, автордың ойы да адасып, шатасып жүргендей.
«Риза өз-өзін жібере салатын да, ештеңеге ұмтылмай, тырп етпей жататын еді» сөйлемінде өзін өзі қайда жібере салатынын, басқаны қайдам, өзім түсінбедім. «Үлкен Ойға соғылуы – санасын шағып… Шытынап барып, пырт ете сынған әйнекше..» дегендегі«ойға соғылу» деген тіркесті жаңа образ деп қабылдайық па?! Бүгінгі жастардың тілі деп көнейік пе?! немесе «Ризаның тәрелкесіне пиццадан салып, сусынын құйып, құрмет көрсеткені, әрі бойжеткенді өз сөзімен қосымша презентация жасамағаны – «өздерің көргендей» деп, артық ауыз әңгімені қажетсінбегені тәрізді. Сондай бір үлкен сеніммен… Үстел басындағы қыздар қауымының орталарына жаңа қосылған аруды «сканерлеген» көзқарастары…» деген жайылған сөйлемдерді қазақ тіліндегі қай сөйлем түріне жақтызсақ екен? Құрмалас па, аралас па, шала мас па?! Қойыртпақ тіл мен ойдың көрінісі. Әңгімені оқу оңай емес, соңына дейін жету қиын. Ойдың шатасуы ғана емес, қай тілде жазылғанын білмей, әр сөйлемді қазақ тілінің сөйлем ішіндегі конструкцияларына (матасуы қайсы-шатасуы қайсы, қабысуы қайсы, ой мен сөздің табысуы қайсы, меңгеріле байланысқаны қайсы, төңкеріліп жатқаны қайсы, қиысуы қайсы — ой мен сөздің түйісуі қайсы?) сөйлем ішіндегі байланыстарға салып түзіп біткенше титықтайтының анық. Кей тұсында бір сөйлемге екінші сөйлем ентелеп кіріп, «тапқан жеріңе жайғас» деген жамырап жайылған сөздердің жиынтығы іспетті. Сол шұбатылған сөйлемдерде де әйтеуір пенденің сұмдыққа ғана селт ететін көңіліне сезік саларлық төсектің айналасындағы тірлік жүр. Кейіпкердің ішкі психологиясын жазуды мақсат етсе, дәл Ілиястың «Күйшісіндегідей» сезім иірімдерін салып шебер үйлестірсе, кәне?! Ол сияқты шымыр ұйқасты өлең тілін сұрамайық, қарапайым қазақ тілінде айтып көрсе етті. Ой тізбегі жөндем болса, көкірек көзі ашық жан түсінер.
Мысал келтірейік: «Кеш қарая жұмыстан әдеттегіше сергек келген, үнемі өзін ұйқысы қанған адамша ұстайтын сақалды күйеуіне тамағын беріп отырып, бүгін де ауқаттанып біте салысымен, дастарханды жинағанын күтпей, күйеуі жатын бөлмеге сүйрелей жөнелетінін елестетіп, оған бөтен кісі түсінбейтін, екеуі ғана білетін бір тілде жымиды. (Сөйлемнің қаңқасын құрап тұрған сөздер мен тіркестерді әдейі қарамен боядық) Енді осы сөйлемдегі кемшілік басы артық тұрған анықтауыштық, пысықтауыштық мәндегі шұбалаңқы тіркестер ғана емес, логикалық қисынға да қатысты. Байқауымызша кейіпкердің жымиысы төсек қатынасына деген ішкі қалауды танытады дейін десек, әңгіменің бірнеше тұсында «сақалдыға еріксіз пенде болған» күйін тағы көріп екіұдай ойда қаласың. Автордың мақсаты не? Әңгіменің ауанына қарағанда автордың дінге деген көзқарасы, жалпы түсінігі қандай деген ой туады. Жарайды, кейіпкері барлық мұсылман қауымы ұйыған иман жолынан жырақ біреу болар. Себебі әйелді қамап ұстауы, жыныстық жақындықты өзі қалай тұра, әйелді мансұқтай қарауы нені білдіреді? Некені нәпсінің құралы еткен бүгінгі теріс ағымдағыларды ма?
«Әйелін тексергісі келгендей, бірден үйдің ішін шолып, жанары кереует үстіндегі Құранға барып тоқтады да, өзі үйінде жоқ кезде Ризаның соны оқығанына иланғандай болып, екінші шыны шәйін ұрттап, арабша күбір-күбір ете бетін сипай салды. «Көркем мінезді, иманды әйелден өзгеріп кетпедің бе?» дегендей, Ризаны образдарының қарауылы күзетіп…» – шала шайқап үзіп тастаған сөйлемдерден ер адамның өктемдігі мен қыз қылығын есепке алып отырған адам қылаң береді.
Енді бір мезет «Әппақ бет-әлпетіне самайынан тартылған қою қара сақалды кісінің артында тұрып бірге таң намазын оқитын. Күйеуімен бірдей қозғалыстарынан Ризаның бойын сенімділік билейтін, өйткені екеуінің бірігіп істейтін, үнсіз тілдесетін, екеуі де дәрменсіз күйге түсетін, тең дәрежелі адам статусына ие болатын жалғыз сәт», «күйеуі тәспих тартып ұзақ отырады. Сондай сәттерде сырт көзге ол сүйкімді көрінуші еді», деп намазға ұйыған, дінге бойұсынып, иманның нұрына бөленген әйелдің көзімен көрсетуі автордың жалпы дінге деген екіұдай таным-түсінігінен хабар бергендей.
«…артынша жұрттың алдындағы абыройын қайтару үшін намазға жығылып, мешітке барып жүріп, сол жақтағы «әпкелерінің» айтуымен осы еркекке әйел болып» деген сөйлемдерден тағы сұрақ туындайды. Намазға жығылу арқылы абырой жинау деген кімнің ойы, автордың ба? Кейіпкердің бе? Мешітке бару, намазға жығылу ішкі сенімнен туатын әрекеттер емес пе еді?
Ал образға келер болсақ, оның да қалыптасуы қалың тұманда адасып жүргендей. «Душтан шыққан шытырлаған судың дыбысы төсек салып жатқан әйелдің құлағын бітеп, өз ішінен шығатын көмескі бір үнді естіртпейтіндей. Күйеуі душтан дәрет алып шыққанда өзін қалай ұстарын білмей… Кеше ғана мектеп бітіріп, университеттегі алты айдан соң, әке-шешесіне бір ауыз ескертпестен, осы еркектің етегінен ұстап, Таразға тартып тұрған, балалығы қалмаған ерке бойжеткен секілді ме, әлде Құдай жолына түсіп, салиқалы ұрпақ тәрбиелейтін ұстамды әйел кейіпінде ме, қарамай кеткен алғашқы махаббатын сағынған қыздың бейнесі ме… Жан жарының айтқанына кәміл сенетін келіншектің, яки өмірінде не болып жатқанын түсінбеген қыздың, болмаса бәріне шүкір деп самарқау қарайтын адамның… Жұмысқа кетерінде Құран екеуін сыртынан құлыптап кететін кісінің құлы сияқты ма, жоқ, Құдайдың құлы болғандықтан, мына фәнидегі бар теперішке сыр бермей жүре беретін жанның болмысы?.. Таңсәріде бір шыны шәйін ішіп, үйден шығып кететін кісінің қайда, кім болып жұмыс істейтінін білмейтін, күнде бейтаныс еркектің құшағында жататын әйел, бәлкім, жол бастаушының артында адаспай келе жатқан сүйікті пенде…» Бір мезет ұзақ баяндау кейіпкеріміздің ой мен өміріндегі қарама-қайшылықтары сияқтанады. Қыздың басындағы жағдайды бір баяндауға тоқайластырып, жиып тастауы (қазіргісі, өткені) автордың кейіпкердің ішкі әлемі мен қазіргі күйін ашуға жасаған қадамы дейік. Енді осы ойды ішкі монологпен берсе ұтылмас еді ғой. Жалпы кейіпкердің басындағы сан қилы күйді көрсететін автордың тәуір ойлары бар. Мәселен, «Әрі, күйеуінің осындай қылықтары оның не қыз болып майысуына да, әйел болып еркелеуіне де мұрша бермейтіндей, жаңағыдай сәл күлімсіресе, жанарымен тінтіп, өзі қалайтын, сценарийін жазып берген рөлде көргісі келе ме, Құранға барып тіреле беретіні, өзінің кім болғысы келетінін таңдай алмай отырған қызды қатаң қадағалайтыны…» немесе: «Еміренген анасының алдында егілуден сақтанып, жұтына берді. Мектеп кезіндегідей домбыраның, бидің, ағылшынның үйірмелеріне қатысып, ешбірін жетістірмеген, әр нәрсенің басын бір шалатын, қыдыруына ақша бергенде, қатты қуанғаннан көп сөйлеп, артық еркелеп қоятын Ризаны шешесі қазір де сол қалпында көріп, күйеуінен қашып келгенін амалсыз кешіріп отыр ма? Бала күнгі ұшқалақтығымен ұштастыра…» деген дивергентті ойлардың ұтылатын тұсы сөйлемдердің «Бала күнгі ұшқалақтығымен ұштастыра…» деген сияқты аяқсыз қалған формаларында болар. Егер іс-оқиға немесе кейіпкер толғанысы бірізді жүйелі құрылымда ұсынылса, оқырман да шығарманы қабылдаудан қиналмас еді.
«Ұзын, сүйретілген көйлек киіп алғандай… Артынан әлдене жерді сипап келе жатқандай ма?.. Таныс адамдарын жолықтырып қалудан сақтана жан-жағына жалтақтай… Аялдамаға жиналған ауыл адамдарынан жасқана… Олардың қай Ризаны көретінін ойлап… Үшінші көшедегі аңқылдап қалған қыз, дінін өзімен бірге ап жүретін бойжеткен (дінін алып жүргені қалай?), сұқтанған сырт көзден сақтанған иманды әйел, батасыз бас қосып басын тасқа ұрған біреу, өтірік мүләйімсіп, елдің бәрін алдап жүрген пенде…» деген сөйлемдерде сан қилы ойлар бар да, сол ойлар арқылы автордың айтқысы келген негізгі тиянағы жоқ. Шолт кесіліп, композицияның келесі құрылымына ауысады.
Адасқан қыздың өзіне «Мен кіммін» дейтін сұрағына жауап іздеген тұстары әңгіменің әр жерінде бой көрсетеді. Автордың кейіпкерін жан мен тәннің тайталасында көрсетсем деген де талпынысы байқалады: «баласын қиянатқа қимайтын, «қайда болса да, аман болсын» деген жалғыз тілегі бар әкесін де, Ризаның дәл осындай екенін түсінгендіктен, қамап ұстағанын ақтап алғысы келген сақалды күйеуін де, бәрін-бәрін санасынан қуып шықты. Сонда ғана біреудің сенімін ақтамаған қызы да, жауапсыз махаббатың иегері де, сәтсіз некенің құрбаны да емес, жер бетінде тіршілік етіп жатқан жаратылыс екенін, алдымен адам, артынша әйел екенін түсінгендей… Талықсып барып, талып… Әлемнің бар көбелектері кеудесінен ұша жөнелгенде өң мен түстің, бәрі бітті мен енді басталдының шекарасында мең-зең қалпы теңселе, баяулап, тоқтады. Бөлменің ішіне тыныштық оралған сәтте санасынан қуып шыққан ойлары темекі шегіп қайта келгендей (тым жаңа сөз образы дейік пе). Бірінің артынан бірі ілесіп… Үнсіздік созылған сайын, әлгілер күшейіп барады». Әйтсе де кейіпкердің ой мен ісінде кереғарлық басым. Ішкі оймен мұжылып, жаны күйзелгені тым сенімсіз. Теріс жолға түсуі неден деген сұрақ туындатады. Бұл болмыстан, мінезден бе әлеуметтік жағдаяттан ба? Адасудың бастауы мен басы қайда жатыр? Мативі жоқ. Автор бірде қызды «бала күннен ұшқалақ» деп қалады, «мектеп қабырғасындағы алғашқы махаббаты – қара торы жігіттің ерніне бірінші болып жармасқаны» немесе «алғашқы махаббаты басқа қызбен билегенін көтере алмай, алкогольден ұрттап» дегендеріне қарағанда жалпы жеңілтек қыздың әлемін көрсеткісі келген болар. Әйтсе де ондай қыздың жеміріліп ой жетегінде жүруі сенімсіздеу.
Әңгімеде «Не осыдан бір жыл бұрын ғана жоғарғы оқуға түскен Риза емес, не бұлардың батасын алмай, Таразға бір еркекке ілесіп кете барған Риза емес…» деген қайталаулар да кездеседі.
Автордың кейбір сөздері ғана емес, ойлары түсініксіз. Мәселен, «Жалбыр шашты жігіттің қысық көзіне қарап, екеуара тілде жымиғаны сол еді, әлгі оны қақшып ала қойсын…» Түсініксіз, нені қақшып қойды? «Айбардың етегіне өзі жабысқандай көрініп қалудан қашқан ұяң қыз жігітінің ығына марғау сияқты тығыла…» деген сөйлемдегі «ұяң қыз» деген тіркестің адасып жүргені анық. «Әйткенмен асын тез бітіруге асыққан ол, әйелінің бұл қылығын жаратпай, көзіне тіке қарап, сәл паузалатып, кесесін ұсынды», паузалату да бүгінгі көше тілі дейік, «Намаз оқып бастағанда», «екеура тілде жымиғанда» деген қолданыстар аяқ алып жүргізбейді.
Жалғыз автордың ғана емес, кейінгі кезде көпшілік ауызекі тілде, ара тұра басылымдарда да тілімізге адасып келіп қалған қолданыстардың барлығы жасырын емес. Мәселен, солардың бірі «намазхан» деген сөз. Қазақ тілінің сөзжасамында жаңа сөз тудырудың семантика-фонетикалық, синтетикалық, аналитикалық та, тәсілдері бар. «Намаз» деген сөзге бірігіп тұрған «хан» сөзінің мағынасына жүгінсек атау боларлық мағынадан жырақ. Сигмент дейік пе? Негізінде сөз мәнін жойған көне жұрнақ саналатын «хана» болса бір жорық, «хан» деген жұрнақ па, жұқанақ па? Қазақ есімдеріндегі хан, бай, қалилардың жөні басқа. Қайдан шыққаны белгісіз, «намазхан» деген сөз туып, оны жағалай қолданатын бола бастаған. Авторымыз да сол ізде «Риза намазхан қазір» деп қолданған. Діннің қазіргідей түрлі ағым-бағыттары елімізге ентелей кіріп, «қысқа балақты» топтары бір бөлек, «қара жамылғылары» бір бөлек болып, көпшіліктің дінге деген танымы мен сенімі шатқаяқтап тұрғанда «намазхан» қолданысының оқырманға эмотвті қызметі жағымды демесек керек.
Сонымен шұбалған сөйлемдер, іркес-тіркес сөз байланыстарынан шырмалып әрең шыққан оқырманға әңгіменің жалпы фабуласы бой көрсетеді: дін жолындағы ер адамның етегінен амалсыз ұстаған жас қыздың қамауға шыдамай үйіне қашып келуі, ата-ана алдында өз қылығынан қорынуы, қаладан пәтер жалдап жұмысқа шығуы, пәтердегі жын-ойнағы, жігітпен танысуы, жеңіл жүрісті қыз екені әшкере болғаннан кейін өзіне қол жұмсауы. Жалпы қоғамда кездесіп жүрген жайт.
Ал шығарманың жалпы құрылымы мен образына да айтылар мәселе көп. Мәтінді баяндаудың тиянақсыз үлгісінде түзуі қандай мақсаттан туған, айтпағы не? Риза сияқтылардың образын сомдаудағы мақсаты не? Ата-анасы кінәлі, қоғамы кінәлі десең, мотивін ашып көрсетсе керек еді. «Ұшып-қонған» қыздың бейберекет қылықтарымен қазақ әйелінің образы, жалпы әйелдің ішкі әлемі ашылар деу ағаттық. Жеңіл жүріске түсетіндердің әлемін бергісі келсе А.И.Куприннің «Ямасын» бір оқып шыққаны дұрыс болар ма еді. Әйелдің ішкі психологиясын терең зерделеймін десе Мағжанды оқу керек пе? Әйтеуір жетілмей тұрған әңгіме екені көрінеді. «Аулаққа шықпай, сыбырлап бұқпай, мейірленбес еш сөзге» дейтін оқырманға нас тірліктің қара бояуы жағымды болары екіталай. Шығарма композициясы мен уақыт, кеңістік композициясын да көру оңай емес. Барлығын араластырып тастап, қай бояуды көрсең де өзің біл деген «мозаиканың» бір түрі ме?! Әңгіменің «Үздіксіз әуез» аталуы да ой туғызады. «Әуез» — үнге қатысты ұғым десек, үздіксіз әуез кейіпкеріміздің ішкі үні ме? Әлде А.Байтұрсыновтың эпикалық текке қойған атауындағы «әуезе» ме? Онда бұндай әңгімелер үздіксіз жазыла береді дегенді меңзегені болды ғой. Жаңа түрлі, бөгде сипатты әңгімелер жазыла берер, бірақ одан әдебиетіміз көркейіп, қоғамымыз нәр ала алар ма екен?
Араб тілінен аударғанда әдебиет деген сөз өнері емес пе еді? Ендеше неге бүгінгі әдебиетіміз өзгеше «өнер» шығара бастаған?! Бүгінгі қаламгердің жаңа форма іздейтіні рас. Әттең сол формаға ішкі мазмұн қабысып жатса кәне?! Қыздың қат-қабат ойларын, өзін қалай сезініп, қалай ұстауы керегін білмейтін ой арпалысын, бөлменің терезесінен қарап тұрып, кейін бөлмеден шығар жерде көтеріліп келе жатқан көршісін көріп абыржуын, жарайды ішкі ойдын текетіресі-ақ дейік. Енді осы бір қылаң берген тәуір ойды жақсы түзілімге салса болмас па еді?! Бір уақыт кеңістігінен өзге уақытқа, кезеңге қадам жасаса болмас па еді? Оқиғаның бәрін бір түйінмен түйіп, бір-бірлеп сетінетсе болмас па еді?! Шығарманы оқудағы қиындық жалғыз тілге ғана қатысты емесі де анық. «Төсектен тұрды-дағы, ылдым-жылдым киіне ас бөлмеге бет алғанда, бүкіл әлем ұйқыда, тек өзі ғана ояу секілді бір күйге бөленіп…» деп үзе салу, осы тақылеттес бас-аяғы жоқ ойлар шығарманы тәуір қыла ма екен?! Айналайындар, қазақ тілі қолайларыңа келмесе, өздерің белетін тілде жазсаңдар етті дегің келеді. «Жасанды бояудың орнын табиғи түс жеңіп келеді. Сүйріктей саусақтарына жіңішке сигаретті қыстырып алып, шылымға ернін тақап, сорады да, басын тартып, ішінде кеткен түтінді терезеден қалаға қарай үрлейді», — деген сөйлемдердегідей қылаң берген меңзеулер шығарманың өн бойында ретті түзілім құрса, оқырманына да адаспай жетер еді ғой. Ал осы пікір жазып жатқан жұртшылықтың арасынан да талай жақтаушы да, даттаушы да табылып жатқаны мәлім. «Болған соң тесік моншақ жерде жатпас» деп шөпті де, шөңгені де қылғыта беретін қоғамға сенім арту да қиын. Меніңше, әдебиет әлемі биік өнерді насихаттауы керек. Сын күшеймей, мін түзелмейді.
Береке ЖҰМАҚАЕВА,
Сүлеймен Демирел университеттінің профессоры
ПІКІРЛЕР1