«Күй тыңдайық»: Әлімжан Әбсадықовтың орындауында Шал Мырзаның «Бұғының күйі»
16.04.2020
1440
0

«Қазақ әдебиетінің» «Күй тыңдайық» жобасын белгілі күйші Аманжол Самықовтан қабыл алған Әлімжан Абсадықов Шал Мырзаның «Бұғының күйін» орындады. Күй сәлемді Темірбек Қайдаров жалғастырады.

Мырзаның астарлы шығармаларының бірі «Бұғының күйі» турал шежіресін түгел айтқан көнекөздер жоқтың қасы. Тек, аңыздың күйекке байланысты екені анық. Сондықтан, толық аңызы сақталынбағаны себепті шығарманың тарихын мына шамада топшылауға болады: Әр жылдың көктем мезгілінде, күйек кезінде аталық бұғылар аналықтарын бөлісе алмай, өзара қатты қырқысады. Бұл жекпе – жекте аталық бұғының бірі міндетті түрде мерт болуы шарт. Ал мұндай жағдай болмағанның өзінде жеңіліс тапқан аталық бұғы ол өлкеге екінші аяқ баспауға өзіне – өзі серт байлайды екен. Табиғат аясында осы іспеттес құбылыстарды көзімен көрген Мырза сол жекпе – жектегі аталық бұғының көңіл – күйін, өз жаратылысына сәйкес табиғи ниетін адам өміріндегі осы сияқты ұқсас ахуалдармен шендестіре суреттеген.

Әлімжан Нағызханұлы Әбсадықов 1969 жылы 3 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1976 жылы №8 П.Д.Осипенко атындағы мектептің табалдырығын аттаса, 1979 жылы №1 музыка мектебіне қабылданады. 1980 жылы орта мектептің сегіз, музыка мектебінің бес класын бітіріп, музыкалық училищеге домбыра мамандығы бойынша белгілі ұстаз Айтберген Жаңбыршиевтің класына түседі. 1988 жылы Құрман-ғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына композитор, профессор Малгаждар Әубәкіровтің класына қабылданады. 18 жасында, 1987 жылы республикалық конкурста ІІ орынды қанжығасына байлаған Әлімжан «Мұрагер» ансамблінің құрамында АҚШ, Франция, Италия, Германия, Австрия, Түркия өзге де елдерде гастрольдік сапарда болды.

Ә.Әбсадықов 1992-1993 жылдары Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінде жұмыс істеді. 1993 жылы консерваторияны бітірген Әлімжанды Қостанай қаласындағы Елубай Өмірзақов атындағы филармонияға шақыртып алады. Жас мамандардан «Ақжелең» атты халық аспаптар ансамблін құрған Әлімжан лезде елдің сүйікті тобына айналады. Ресейдің Магнитогорск, Қорған, Орынбор облыстарында қазақ өнерін биік дәрежеде насихаттағаны үшін облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен, Құрманғазы атындағы консерваториясының 50 жылдық мерейтойында өнер көрсеткені үшін министрліктің грамоталарымен марапатталады. 1995 жылы Москва қаласында «Ұлы жеңістің 50 жылдығына» арналған бұрынғы одақ көлеміндегі өткен ансамбльдердің үлкен жарысында Әлімжан жетекшілік еткен «Ақжелең» ансамблі бірінші орынды жеңіп алады. Бұл жеңіс Қостанайдың ғана емес, жас Қазақ елінің алғашқы жеңістерінің бірі болатын. Еліміздің бетке ұстар «Ақжелең» сынды ансамбльді ұйымдастырып, биік белестерге жеткізген Әлекең 2000 жылы туған жері Қызылордаға келіп, Қазанғап атындағы музыкалық колледжге ұстаздық қызметке араласады. Әлімжан басқарған «Ақжелең» ансамблі мұрындық болып, осы ансамбль негізінде Қостанай ұлт аспаптар оркестрі құрылғаны еліміздегі өнерпаздардың бәріне аян. Әлімжан қай жақта жүрсе де, сол ортаға өзінің табиғи дарындылығын мойындата білді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір