Батырлар өткен дүрілдеп
16.04.2020
1464
0

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы,тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді.Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.Әрбір өлкенің халқына суықта пана,ыстықта сая болған,есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар.Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген болатын.

XIX ғасырдағы қазақ халқының патшалы Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Есет Көтібарұлының 190 жылдығы қарсаңында Шалқар ауданы Шолақжиде мекеніндегі Есет батыр мен інісі Дәрібайдың кесенелері 1993 жылы жергілікті шеберлердін күшімен қалпына келтірілді.Қос кесененің ортасына орналасқан биік мұнараның қабырғасына Есет батырдың үзеңгілес серіктерінің аты жазылған мәрмар тақта орнатылды.Сол тақтада есімі жазылған тарихи тұлғалардың әр кезеңде мерейтойлары өткізіліп,бастарына белгі қойылды.Мысалы:Жанқожа батыр,Ақтан батыр,Қайдауыл батыр тағы басқалары.

Аты мәрмәр тақтаға жазылған Қарағұл Қонақбайұлының есімі Есетпен қатар аталады.Ел ішінде: «Есет бастап,Қарағұл қостап»деген тіркес соған куә.Қос батырдың дүниеден өткен соң жерленген жерлері де бірінен бірі қашық емес.Есет Шолақжидеде жатса,Қарағұл Үлкен Көкбұлақта жатыр.Қарағұл Қонақбайұлы батырлығымен қатар би,молдалық,мырзалық қасиеті дарыған жан болған. Оның:

Қорықпай шапсаң батыр боласың,

Турасын айтсаң би боласын.

Көп оқысаң молда боларсың,

Көп берсең мырза боларсың,-деген сөзі ел аузында бүгінге дейін жатталған.

Есет батырдың екінші бір қандыкөйлек серігі-Әзберген батыр.Әзберген бидің атақ-даңқы тек қазақ жеріне ғана емес,Орта Азияға кеңінен таныс.Оның есімі Орынбор генерал-губернаторлары Перовский,Катенин,Түркістан генерал-губернаторы Кауфман арқылы Ресейге,Ресей патшасы Александр II-ге мағлұм болған.Александр II-нің рұқсатымен 1860 жылы төртінші депутация құрамында Санкт-Петербург пен Мәскеудің топырағын басқан.Әзбергеннің Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-

азаттық көтерілісінің бел ортасында болғаны туралы қазақ тарихшылары тұшымды ештеңе жазбағанмен,сол кезде Лондонда шығып тұрған Герценнің «Колоколь» (1858), Чернышевскийдің «Современник» (1851), «Всемирная иллюстрация» (1860), «Русский художественный листок» (1858) журналдары және немістің «Аусбург» газеті жазып тұрды.

1858 жылы қыркүйек айында көтерісшілер түбегейлі жеңілді.Бақайшығына дейін от қарумен қаруланған патша отаршыларына қарсы тұру мүмкін болмады.Көтеріліске қатысушыларды жаппай жазалау басталды.Ауылдар,дүние-мүлік талан-таражға түсті.Үйлерді өртеп,бала-шағаны қырған,әйелдерді зорлап,қарттарды қорлаған патша жендеттер туралы тағы сол «Колоколь» журналы күйіне жазды.

Бүгінгі тәуелсіз еліміздің ұрпақтары сол батыр аталарының ерлігін ешқашан ұмытпағаны ләзім.

Ф.ҚОЗЫБАҚОВА

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

тарих және археология,этнология факультетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры,ғылыми жоба жетекшісі.

Серік Аружан

Филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір