Төкен Әлжантегі. Өлгенде көрген бір төбелес
16.04.2020
2363
3

Төкен Әлжантегі

Ауыл ішіндегі тойдан көңілсіздеу қайтқан Ақылтайдың төргі бөлменің бір қабырғасында тұрған ескілеу диванға жалп етіп отырған қалпынан қозғалмағанына біршама уақыттың жүзі. Жайшылықта бәйбішесіне: «Ит итаяғын жаламай тоймайды деген. Қатеке, қосағың шөлден қаталап өлмесін десең шай демдеп жіберші, біраз сораптайын», — деп өтінішін еркелікке жыға жеткізетін сабаздың дәл мына бетінде ешкіммен ымыраласар сиқы байқалмайды. Соны сезгендей әйелі өзіне тиесілі үйішілік күйбеңмен қапысыз айналысып кетсе, балалары да әке маңына жақындар сыңай танытпастан бұрыш-бұрышты сағалай жоғалған. Тоқетерінде, қараторы жүзіне қызғылт бояудың шарбысы қонақтап, сәл ашылған еріндері салбырай қалған отағасы ішін жайлаған қыжылдың ырқында жападан-жалғыз ырғаң.

Мына күй ойда-жоқта жария болған бір хабардан тамырланған. Ет желініп, енді алдыға сорпа таратылған шамада әлдекім тіс арасынан сыздықтата: «Айналайындар-ау, күнұзын табақ пен тамаққа телміргенше көрген-білгендеріңді айта отырмайсыңдар ма? Мысалға, мен бүгін Ботанды көргенімді жеткізбекпін. Нағыз қалалық болған да қойған. Тіпті, мәшинеден түскенінде біз сияқты үйге қарай бірден салып-ұрмай, кинодан тамашалайтын әне бір көрініс естеріңде ме, қатынды қолынан ұстап көліктен түсіретін мәдениетті айтамын, соны әбден меңгергенін көзім шалғанда тұрған орнымда қатып қалыппын. Әрісінде мына кереметті әйелімнің көрмегеніне қуанғанымды түсінсеңдер ет-ті. Әйтпесе «өзгеден менің нем кем», деп құлағымның құрыш етін жер еді ғой», — демесі бар емес пе. Сол-ақ екен дастархан басындағылар әуелгіде ана сөзуарға енжар көз тастағандарымен, артынан ширатылар дүниенің кімге бағытталғанын түсінгенде жамырасып ала жөнелісті:

— Е-е, оның үлкен жерге қоныс аударғанына да ширек ғасырдың жүзі емес пе, ендігі кәттәбай қалалық болған да…

— Естігенмін, қалада қатын – би деуші еді, соның кері соққан да ол сабазымызды!

— Е-е, еркектің билігін әйел алса жетіскен екен мына дүние…

— Жетіссін-жетіспесін қазір саудада да, сайлауда да төмен етектілердің жолы болып тұрғанын мойындайық, жарандар! Енді бір он жылда солардың қолынан сарқыт дәме ететін боламыз әлі. Вот, так!

— Өй, тіліңе жылан жұмыртқаласын сенің!..

— Жылан жұмыртқаласа жұмсаққа жұмыртқалайды. Сондықтан оған сенің майлы бет қуысың келеді-ақ…

— Ық-қы-ық…

— Хы-хы-ых…

Сорпа үстінде аз-маз ермекке айналған хабардың басталуы қалай тез болса, қайтымы да сол шамадан аспады. Дегенмен бұл тәжіке өзгелер үшін күлкіге қақпа ашса, Ақылтайдың жанын жаралап кеткенін ешкім байқамады да.

«Ақыры келіпті-ау, — деген дәл сол жерде оның ішкі түйсігі шамырқанып, — Келген екен енді көрешегін көруге тиісті!»

Тісін шықырлатқан.

Дәл сол салмақпен үйіне оралған. Ендігі отырысы мынау, не жерде, не аспанда емес, қайда қалықтағанын өзі де түсінбей. Бірақ, әйтеуір амандығына шүкіршілік етеді. Ал, адамзат аман болса тығырықтан шығарға жол табады, әрине.

Тапты да.

«Тап бүгін беті-басын соқа жыртқандай қыламын!»

Қуанып кетті. Иә-иә, нағыз әділ шешім. Балдайға барғанда туған қатыны өз байын өзі танымай сорласын, байғұс! Артынан намысы жоқ мігітке тигені үшін өзін-өзі сөгіп, бармағын тістесін. Бұл Ақылтайдың тура ширек ғасыр күткен көрінісі. Осы көріністі көру үшін ғана тіршілік етіп жүргені шүбәсіз-ді.

Ары қарай ештеңенің байыбына бармастан орынынан атып тұрды да, ескі велосипедін сүйрей тартты дерсің, ауыл-үйдің бір басына қарай, балағымен жолды шаңдата. Ол жақта Ботанның інісінің үйі барын біледі, әлбетте. Сол арада тап басады, өл де ғана барды. Тап басады да, әй бір арманынан шығады, екі дүниені де өгейсімейтіндей.

Ақылтайдың Ботанға дегенде іші қара қазандай. Орта мектепті бітірер жылы пендеге айтпас сырын осы құрдасына ақтарған-ды. Сәткеннің қызы Балдайды сүйетінін айтқан. Осынау қарасұр, бойшаңдау кластасының күндіз есінен, түнде түсінен шықпайтынын жыр еткен. Мынаны ести отыра Ботан: «Оның не, кіндігін сүймекпісің?..» – деген кекесінді мырс етіп, қыздың Ақылтайдан әлдеқайда биік екенін меңзей. «Кіндігін сүйем бе, бақайын иіскеймін бе, онда сенің жұмысың болмасын. Әйтеуір, осы қыздың жолында жаным құрбан!» — деген бұл ызалана. «Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу» деген осы. Олай болса ойыңды оған жеткіз, ол да қалап жатса үйленіп тын», — деп анау ыңырсыған. Бірақ, Ақылтай сөз салғанша оқу аяқталып, Балдай үлкен қалаға кетті. Сол қалаға артынан Ботан да аттанды, ал бұл жоғарғы оқудан үміті болмағансын ауылда қалды. Әріде заман өзгерді, дүние апыр-топыр болып кетті. Совхоздар тарап, адамдар әрі-сәріліктің ауанында сандырақтады. Одан да кейінде…

Көшкен көшіп, көшпеген жан сауғамен жүргенде әскері бар, басқасы бар уақыт көші алға қарай тым ұзап кетті. Осы аралықта қатарластар үйлі-баранды болып үлгерген еді. Тіпті балаларының алды мектеп қабырғасына кіріккендер де жетерлік. Балдайдан әбден қара үзген шамада Ақылтай да шаңырақ көтерген. Енді келіп…

«Болары болып, бояуы сіңді» деген шығар, болмаса «өткен – өтті, кеткен – кеттіні» малданды ма, екеуінің қара салуларын қара! Олары бола қоймас. Бір қарайған қанның былайғы жерде қалпына келуі неғайбыл дүние екенін білгендері жөн. Ендеше, көреді көрешектерін!

Қора-қопсының маңайына жеткенде аран айналасын түртпектеп жүрген бір баланы көзі шалды.

— Әй, бадырақ, сен осы үйдің баласымысың?

— Ассалаумағалейкүм! Иә, осы үйге тиесілі баламыз, аға.

Жөн білгеннің аты жөн білген ғой, Ақылтай амандық-саулықсыз күшенгеніне қысылып қалды.

— Ағалейкүміссалам! Иә, балақай, әлгі қаладан келді дегендер осында тоқтады ма?

— Ботан ағаны меңзесеңіз ол кісі осында.

— Онда оны шақырып жібер!

Бұл жаққа таңырқай тағы бір мәрте көз тастаған бала үйге қарай беттеді.

Көп өтпей Ботанның қарасы шалынды. Шырттай киініп алған. Үстіндегі костюм шалбарының өзі бір қаралық шығар.

Алғаш Ақылтайды көргенде өз көзіне өзі сенбеген Ботан:

— Мына Бауырсақ қайдан жүр-ей!? Тірімісің құрдасым-ау! – деп бала кездегі жанама атымен атай, өзімсіне ұмтылғанда, бұл жүзін суыта тайқып кетті.

— Тоқта, Батон! Тап бүгінге шейін сайқалдықтың сары суын сарқып ішкізгенің жетер! Ендігіңе көне алмаспыз!..

Ботан аң-таң.

— Мына байғұсты шалық шалғаннан сау ма өзі? Не тантып тұрсың! Сайқалдығың не, күшік-ау!?.

— Істерін істеп алып аңқаусуын. Түлкідей бұлаңға салғысы келеді тағы! Әй, тарт тізгініңді, босат айылыңды. Әйтпесе батонды бөлке қылып жіберу оп-оңай шаруа!

Ботанның көзі атыздай.

— Мынауың ойнап тұр ма десем аспандап барады ғой! Ей, Бауырсақ, сен мені бөлке еткенше мен сені шелпек қып илеп тастамаймын ба, ә! Сандырақтамай жөніңді тапсаңшы, қырбық!

— Таппасам қайтпексің?

— Қағынып кетесің!

— Омайт деген! Қорқытқан түрін!..

— Үйіңді таба алмай қаласың, білдің бе!

— Онда тұрысар жеріңді айт!

Ақылтайдың тілеуін Құдайдың өзі топ еткізіп бере салғандай. Төбелес жолын таппай тұрғанында жөнді Ботан сілтегендей. «Тұрысар жер»… Әлбетте тұрысар жерді тап қазір сілтейді.

— «Бес шортанды» ұмытпаған шығарсың? Тап қазір сонда беттесеміз!

«Бес шортан» бала кездерінде сан мәрте балық аулаған мүйіс атауы. Өзеннің ұзына бойы тізеден аспағанда мүйістегі үлкен шұңқырдан балық арылмайтын. Кезінде әлдекім қатарынан бес шортан ұстап, салдарынан осылай аталып кеткен-ді. Домалаңдаған Ақылтайдың – Бауырсақ, серейген Ботанның – Батон атанған кездерінде сан мәрте сайран салған тұстары. Олай болса, не тұрыс, тартты дерсің қос боздақ.

***

Ақыры межелі тұста бетпе-бет кездесіп тынды. Бірі ескі велосипедпен келсе, екіншісі сүлік қара «Мерседеспен» жеткен-ді. Енді, міне, бір ұзын мен бір қысқа, бір сида мен бір төртпақ біріне-бірі ежірейе қарайды.

Төбелес дәмі тәжікемен тұздықталды:

— Әй, қызымыр, әкең сенің атыңды дұрыс қойған екен: туғанда ақылың тайдай еді сол қалпынан айнымай әлі құнанға жетпепті. Жетсе бүйтпес едің, — деді алғашқы кезекте Ботан.

Ақылтай қыңбады:

— Ал, сенде тай салмақ та жоқ қой. Жоқ болғаннан кейін елден ертерек жырақтап кеткенсің. Әйтпесе баяғыда-ақ ана ауызыңды ит талағандай етер едім. Нешауа, әр дүниенің өз кезегі болады. Бүгін сол сәт туғандай! — деп сес көрсете қырыстанды.

— Оттайсың-ау! Қалада жүріп боксқа қатысқанымды ұмытпағайсың. Қаласам шықшытыңды шағып шыбық санатамын, түсіндің бе!?

— Омайт деген! Қорқытқан түрін. Жүрегім зырқ ете қалды ғой, мына ескертуіңнен! Әй, ақымақ, баяғыда, сегізінші класта оқып жүрген кезімізде, Баймырзаның келіні босанып, сонда ортаға атан өгіз шығарғанын, оны мен көтергенімді қалай ғана ұмытқансың, ә? Мықты болсаң тап сонда ортаға сен неге шықпадың? Өйткені өзіңе-өзің сенбедің, ел-жұрт алдында ұятқа қаламын деп жасқандың. Өтірік деші кәні…

Ботан мырс етті.

— Атан өгізің не, әй? Ол тек ерте туған бұзау емес пе еді! Жәй, қызық үшін ұйымдастырылған ойынды әлдеқандай қылып…

— Бұзау ертеңгі күні өгіз болмайды дегенді қайдан естідің сен? Ал, мен әлі бала-тынмын. Намыс қысқанда бала екенмін деп бой тасаламадым… Тұқымың көбейгір, боксқа қатысқанын айтады ғой, тегі…

Айтып тұрғандарының бір жалғаны жоқ. Шілдехана үстінде қызық болсын деді ме, Баймырза үй сыртындағы кіші-гірім алаңға бұзау жетектеп әкеліп, осыны көтерген балаға «Урал» велосипедін беретінін айтып жар салған-ды. Жиналғандар жым-жырт. Әркім өз баласын үнсіз ортаға қарай итермелейді. Бірақ, кежегесі кері тартқандар аттап баспақ емес. Міне, тап сол шамада, нендей кереметтің түрткені беймәлім, Ақылтай топтан атып шықсын. Жай шықпады, жүре шешкен көйлегін сонадайға лақтырып тастап, еңкейе бере шалбарының балағын түрді. Сонсын жүрелей отыра қалып әлдекім ноқтасынан ұстап тұрған ересектеу бұзаудың бауырына басын сұғындырып жіберді. Ал дене иыққа қонғанда, қатарластарынан бойы аласа болғанымен киіктің шикіл асығындай шымыр пәле емес пе, төрт аяқты қос қолымен құшақтаған қалпы «әуп!» деп күшене көтеріліп, тау көтерген алыптай қатты да қалды. Мынаны көрген жұрт ию-ғию. Айнала айқай-сүрең. Бәрі Ақылтайды марапаттай сенделіп кеткен.

Міне, осы оқиғаны есіне салғанда Ботан сөзден жеңілгенін мойындағандай қыбыжықтап аз тұрды да, отқа шырпы тастап жіберді.

— Біз осы оттап тұруға келдік пе, әлде төбелесуге келдік пе!?

— Төбелесуге! – деді Ақылтай кіжініп.

— Онда бастайық та! Бастамас бұрын менің бір ұсынысым бар: ертең бағар көз көп, көгеріп жүрсек, жас емеспіз, ұят-ты. Сондықтан беттен ұрыспайық. Келісесің бе?

— Ұрыспайық десең ұрыспайық. Оған мен қарсы емеспін.

— Онда кеттік!

Ұзынтұра жан үстіндегі ине-жіптен жаңа шыққандай кәстөмін шешпестен сәл бүгіле бере боксшылар секілді қос жұдырығын екі шықшытына қорған ете қарсыласын күтіп тұра қалды. Ақылтай болса құлаштағанда қарсыласына қолы жетпейтінін аңдап анаған жақындаудың басқа амалын ойлай сәл аялдады. Сондағы бар тапқаны: сүзеген бұқадай мойынын күжірейте, басын ішіне ала алға ұмтылып, ананы сүзіп құлату. Құлағаннан кейін кеудесіне бір мінсе арғы жағында қылғындырып тастай ма, әлде тізесімен жанышқылап құлындағы дауысын құраққа шығара ма, ерік өзінде ғой. Әйтеуір аямайтыны анық. Иә, сәт!

Тап берді. Бірақ, жеме-жемде ойлағаны жүзеге аспады, Ботан ұп-ұзын қолдарын алға созып жіберіп алақандарымен мұның басын тосып алды да, артынша керегі жоқ заттай керіге итере салды. Иттің тегеуріні мұндай қатты болар ма, Ақылтайдың мойыны үзіліп кете жаздап барып түзелді.

Қаны басына шапты. Өз-өзінен қорлана қос қолдай жұлқып өз көйлегінің өңірін дар-дар айырып тастады.

— Иә, әруақ! – деді сонсын ышқынып. Әріде алға қарай қайтадан атылды. Бұл жолғы әрекеті оңға басып, сиданың кәстөм етегіне қолдары шап-шап тиді. Енді жібермек емес. Жігіт болса айырып көрсін!

Ұзақтау арпалысты. Анау да өліспей берісер түр байқатпайды. Серең-серең еткізіп аяғын жұмсауға ықыластанатынын қайтерсің. Алайда ішке әдемілеп кіріп алған Ақылтай тыпыр еткізер емес. Керісінше, ыңғайы келгенде Ботанның ішінен жұдырығымен екі-үш рет соққылап өткенін қанағат етер шамада. Сол екі арада:

— Әй, тоқта! – деген Ботанның дауысынан айнала селк еткендей.

— Е, неге?

Сұрауын сұрағанмен Ақылтай қарыса бастаған қолын босатуға мұрсат тапты.

— Мынауың төбелес емес – қатын жағалас!

— Ендеше еркек тоқпаққа көшейік.

— Қайтіп?

— Бетке былш-былш соққы жасап, аузы-басты қан жоса етіп.

Ботан тіксініп қалды:

— Жоқ, ол болмайды. Бір жеріміз көгеріп тұрса ертең елге не бетімізбен қараймыз?! Бала да емеспіз…

— Өлгенде көрген бір төбелес жасадық дейміз. Понимайш, өлгенде көрген-н-н бір төбелес!

— Жетісіпсің!..

— Жетісейін, жетіспейін, әйтеуір сенен өшімді алып, айызым қанса маған сол олжа!

— Бұл соңғы сөзің ғой, ә?

— Мен екі сөйлейтін адам емеспін!

— Онда өз обалың өзіңе!

— Әруақ!

— Жар бола көр, жаратқаным!

Ырс-ырс, өңк-өңк. Өңк-өңк, ырс-ырс.

Біріне-бірі алдырар түрлері жоқ. «Бойыммен бассам да бірдеңе қылармын», деген Ботанның алғашқы үміті де, «Сидиған немені кескен теректей сұлатсам, шіркін!» деп емексіген Ақылтайдың бопсасы да су аяғы – құрдымға кеткен шақ. Өніп болмас ит-ыржың, соңы көрінбеген теке-тірес.

Біршамада Ақылтай датқа жүгінді:

— Ойнасақ та біраз жерге бардық-ау деймін, енді сәл дем басып алайықшы, қалған көретінді сонсын көріп алармыз.

— Мен қарсы емеспін.

Жазда жылымшылай ағатын, суы тобықтан да келмейтін Арқа өзенінің құмдағына қатар сұлады.

— Қатын қалай? – деді Ақылтай әндем шамада сол жатқан қалпында, — Сәткеннің қызы бүйіріңді жылыта алып жүр ме?

Ботан аңырды:

— Қай Сәткенді айтып жатырсың?

— Прораб ше?

— Е-е, Балдайды меңзеген екенсің ғой? Бірақ, оның маған қандай қатысы бар?

— Әйелің емес пе?

Ботан шоршып түсті.

— Әйелі несі-ей, мына пері соққанның? Қысы-жазы қой соңында жүретін қойшының қызындай қап-қараны шиқаныма тартам ба!? Әрі-беріден кейін оған сен ғашық сияқты едің. Сыртынан емешегің үзіле қарағанда сілекейің шұбырып тұратынын айтқансың да, байқағанмын да.

Ақылтайдың демі шықпай қалды.

— Сонда сенің періштең кім? – деп сұрады тұтыға.

Ботан аспанға қарап жатқан күйі құшағын жайды.

— Ольга Васильевнаны айтасың ба? О-о, ол дегенің жер үстінде маған ғана бұйырған асыл да!

— Сонда қатының орыс па? Жетіскен екенсің!

— Тәйт, ей! Орысы несі? Ол қазақ. Өркенжан Байтоғай қызы. Ылғый орыстардың арасында қызмет жасадық емес пе. Сонсын олар өз тіліне ыңғайлап Ольга Васильевна деп кеткен. Бар болғаны сол ғана.

— Дүндүк!

— Не?

— Жәй, әншейін… Қараң қалқайып жүре бергін… Ал, елге не үшін келдің? Бұл жаққа мүлдем жуымай кетіп едің ғой?

— Е-е, заман өзгерді, заманмен бірге адам да қам-қарекетін түзеді. Мені әкелген тұрмыс қамы. Жер алғым келеді, мал ұстасам…

Көтеріле беріп жүрелей отырды.

— Басыма керемет ойдың сап еткенін қарашы! Сен сенімді адамсың – менің осы жердегі шаруашылығымды дөңгелетсең қайтеді? Сөзім – сөз, ештеңеден тарлық көрмейсің!

Ақылтай абдырады. Өлгенде көрген бір төбелес жасаймын деп келіп жарыместей жатқан түрін! Бүйткен еркектігіңді!..

Орнынан атып тұрып велосипедіне барды. Баяғы «Урал» болуы керек бояуы қашқан, ершігі жұлым-жұлым, дөңгелек сымдарының жартысы үзіліп тынған, қозғалған сайын шиқылын үзбейтін тым ескі шайтан арба. Бірақ әлі тебуге жарайды. Сол қанағат.

Қара жолға түсті. Қуанып та, өкініп те барады. Қуанатыны – қара қызды Ботан алмапты, яғни ауылдасы алдамаған, өкінетіні – жердің шаңын қағар төбелес ұйымдастыруға шамасы жетпеді. Өлгенде көрген бір төбелесті, әрине. Өкінішті-ақ. Қайран жастықтың алыстап кеткенінен де…

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ, жазушы

ПІКІРЛЕР3
Аноним 17.04.2020 | 19:08

Төбелескіш адам сияқты емес едіңіз. Бұзылайын деген екенсіз.

Аноним 17.04.2020 | 19:09

Былайша төбелескіш емес едіңіз. Бұзылайын деген сияқтысыз ғой.

Аноним 17.04.2020 | 19:09

Былайша төбелескіш емес едіңіз. Бұзылайын деген сияқтысыз ба қалай өзі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір