Кітап оқымауды көріп жүріп, көндігіп кететін болдық


Қазақтың әдебиеті деген көркем сарай бүгін неге зәру? Жақсы шығарма жазатын жазушыға ма, әлде осыған дейін жазылған шығармалардың өрісін кеңейтетін жақсы оқырманға ма? Жазушылық тікелей Алла Тағаланың сыйы. Құдайдан берілетін қабілет патшаның бұйрығы бойынша я ақшаның құдіреті арқылы иемденетін игілік емес. Нәзік те сезімтал оқырман болудың да құпия сыры өзінше бір әлем. Алайда, көркем әдебиеттің оқырманын тәрбиелеу туралы сөз айту бейне өшіп бара жатқан оттың шоғын үрлеп, тұтанарынан үміті аз адамның әрекетінің елесіне ұқсайды. Дегенмен, жауқазындай жайқалып өсіп келе жатқан мектеп қабырғасындағы жасөспірімдерге қарап үрленген шоқтың маздап жанатынынан үміт етпеске амалымыз қайсы. №93 жалпы білім беретін мектептің «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Майра АЙЖАРЫҚОВА мен №188 жалпы білім беретін мектептің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Айгүл ЖӘУТІКБАЕВАМЕН өткізген әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.
– Бүгінгі оқушы әдебиетке қаншалықты қызығады?

Майра АЙЖАРЫҚОВА:
– ХХІ ғасырда баланың өздігінен кітап оқуы өте қиын, сабақтан тыс әдебиетті былай қойғанның өзінде, мектеп бағдарламасындағы әңгімелерді оқымайды. Мұндай кезде роман, повесть туралы сөз қозғау ауыр. Сондықтан мұғалімдер балаларға бес-он минут әңгіменің мазмұнын айтып беруге, сол арқылы әдебиетке қызықтырып жетелеп отыруға мәжбүр.

Айгүл ЖӘУТІКБАЕВА:
– Бүгінгі таңда оқушылардың әдебиетке қызығушылығы төмен. Қызығып кітап оқып жүрген бала ілуде біреу ғана.
– «Әдебиетке бейім» деген тіркесті оқушыларға қатысты қолдану қаншалықты орынды?
Майра АЙЖАРЫҚОВА:
– Оқушының әдебиетке құштарлығы көзінен байқалады. Оқығысы келген баланың жанары оттай жанып «Апай, маған тапсырма беріңізші», – деп өзі тіленеді. Кей балада еш құштарлық жоқ, оны қанша көтермелеп, қанша жетектесеңіз де алға жылжымайды. Бірақ мұғалім ретінде, адамның адамдық қасиетін сақтап қалатын тек әдебиет екенін оқушының санасына сіңіру міндетім деп есептеймін.Математикада бала есеп шығарады, спортта жүгіреді, түрлі жаттығулар жасайды, бірі ми қызметін, екіншісі денені шыңдайды. Рухты шыңдайтын – ұлттық сана. Ал ұлттық сана оқушының бойына ұлттың әдебиеті арқылы сіңеді. Әлемдегі мықты көшбасшылардың барлығы дерлік ең алдымен сөз өнерін меңгергені белгілі. Баланы кітап оқымайды деп жазғыра алмаймыз, өйткені ата-анасы кітап бетін ашпайды, уақыттары жоқ. Кейбір ата-аналар қазіргі заманғы жазушылар тұрғай, классиктерді де танымайды.
Айгүл ЖӘУТІКБАЕВА:
– Балаларды әдебиетке бейім немесе бейім емес деп бөлу қате пікір деп ойлаймын. Әрине, «Сенің әдебиетке бейімің жоқ» деп бөлсек, онсыз да кітап оқуға құлқы жоқ балалар оны жылы жауып қояды. Сол себептен, оларды кітап оқуға қызықтыра білу керек.
– Әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде балаларды әдебиетке қызықтырудың қандай тәсілдерін қолданасыз?
Майра АЙЖАРЫҚОВА:
– Мектеп бағдарламасында көбінесе классикалық шығармалар оқытылады. Қазіргі заманғы жазушылардың шығармаларын оқушыларға сабақтан тыс уақытта оқытамыз. Он-он бес кітаптың тізімін беріп «осыны оқып кел» десеңіз, бала еш уақытта оқымайды. Сол үшін жазушының шығармаларының ішінен бір әңгімесін таныстырып, өзге шығармасын тауып оқып келуге, мазмұнын айтуға тапсырма береміз. Деңгейлік оқыту тәсілі бойынша шығарманың белгілі бір бөлігін ғана оқып беріп, әңгіменің кульминациясына келгенде балаларды топ-топқа бөліп, оның екінші жартысын өз қиялдарымен плакатқа сурет ретінде салып, аяқтауға тапсырма береміз. Бір сыныпта төрт-бес топ болуы мүмкін. Әр топ өзінің нұсқасын айтып, түсіндіріп болған соң ғана әңгіменің қалай аяқталғанын оқимыз. Немесе басталған әңгіменің қызықты жерінен ары қарай үйден оқып келуді тапсырамыз. Осы тәсілдерден кейін сыныптың тең жартысына жуығы оқуға мойын бұрады. Пушкиннің «Евгений Онегині» 200 бет, оны бала өз бетінше ешқашан оқымайды. Бұндайда балаларды театрға апарып, шығарма желісі бойынша түсірілген фильмдерді көрсету арқылы қызықтыруға тырысамыз. Сондай-ақ, әдебиет апталығында бастауыш сыныптар – ертегілерден, орта буын – балалар әдебиетінен, жоғары сыныптар – Ғ.Мүсіреповтің, М.Әуезовтің, басқа да классик жазушылардың шығармаларынан қойылымдар қояды. Ең соңғы тәсіл – жазушылармен кездесу өткізу. Кездесу алдында оқушыларға жазушының кем дегенде, екі-үш әңгімесін оқып келу тапсырылады. Кездесу барысында оқушылар қаламгерге сұрақтар қойып, оқыған шығармалары туралы өз ойларын айтады. Бір айда бір рет сабақтан тыс әдеби сағат оқытылады, яғни бір оқу жылының ішінде тоғыз рет сабақтан тыс әдебиет сабағын өткіземіз.
– Әдебиетке қызықтырудағы мұндай тәсілдердің нәтижесі қандай?
– Әрине, азды-көпті нәтижесі бар. Мәселен, Төлен Әбдіктің «Оң қол» мен «Парасат майданы» атты шығармаларын оқығанда балалар: «Бұл шығарманы қабылдау біз үшін қиындау болды, өйткені, бұл таза қазақы шығарма емес, бұл синтез. Мұнда Еуропаның мәдениеті, психологиясы басым», – деді. Әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде балаларымның бұл сөзін еңбегімнің жемісі деп түсіндім. Көп жылдар бойы мектепте сабақ бере жүріп балаларға дәстүрлі әдебиеттің жақын екенін анық аңғардым. Әдебиеттегі синтезбен баланы баурау қиын. Өйткені, синтез оларға таңсық емес. Әннің ырғағы да, әншінің орындау мәнері де, ақпараттың берілу тәсілі де, фильмнің сюжеттері де Еуропаның стилімен беріліп жүр. Бала меніңше, қазақылықтың иісін осы әдебиеттен іздейді. Онда да тек классикалық шығармалардан емес, қазіргі әдебиеттен көргісі келеді. Балалар Нұрғали Ораздың, Ділдар Мамырбаеваның, Заря Жұманованың шығармаларын оқығанды жақсы көреді. Өйткені, олардың әңгімесінен қазақ ауылының иісі аңқып, ұлттық болмыс айқын көрініп тұрады. Бүгінгі әлеуметтік проблемалар, ұрпақ сабақтастығының үзілуі, қазақ отбасындағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселелері айтылады. Бүгінгі күннің тақырыбына арналған осындай шығармаларды оқыған соң балалар арасындағы талқылаулар өте қызықты өтеді. Әдебиет – бар ғылымның синтезі. Мысалы, біз Нұрғали Ораздың «Жылқының көз жасы» деген әңгімесін оқысақ, Семей полигоны туралы сөз қозғаймыз. Полигонның зардабынан жаман ауруға шалдыққан Абат шал саумалмен емделеді. Мұнда біз көшпелі өмір тіршілігіндегі ерекшеліктерге тоқталып, тарихқа да үңілеміз. Әңгімедегі әр сюжетке сай географияны, тарихты, дінтануды, тіпті экономика негіздерін қамтимыз.
Алайда, мұның барлығы мұғалімнің ықпалымен ғана жүзеге асады. Баланың аты бала. Оған дұрыс бағыт сілтемесе, ұсынылған ақпаратпен шектеліп қалады. Сыныптағы балалардың барлығы әдебиетті жақсы оқиды десем, өтірік айтқан боламын. Жүз пайыз оқушының жетпіс пайызы әдебиетке ден қойса, мен еңбегімнің ақталғаны деп білемін.
Айгүл ЖӘУТІКБАЕВА:
– Мәселен келесі тақырыпта М.Әуезовтің «Абай жолы» романын өтетін болсақ, алдын ала әр қатарға романның әр бөлімін оқып келуді тапсырамын. Бір томды тұтастай оқуға балалар ерінеді, егер әр бөлімді қатарға бөліп берсем, оқиды әрі уақытты тиімді пайдаланады. Бөлімдердің мазмұнын айтқызу арқылы бір шығарманы толықтай игереміз. Шығармадағы нақтылы оқиғалар бойынша кесте толтырамыз, оқыған бала кестені толтырады, оқымағаны толтыра алмайды. Кестенің қортындысы бағаға әсер ететіндіктен нашар баға алғысы келмеген бала оқиды. «Кітапханаға саяхат» сабағын жүргіземін. Ол жерде балалар авторлардың жаңа кітаптарымен танысады. Кітапханашы жаңа шыққан кітаптардың қысқаша мазмұнымен таныстырып өтеді. Әркім өз қалауынша ұнаған кітабын алып оқиды. Осы ретте жасөспірімдердің «детектив», «фантастика» жанрына қызығатынын атап өткен жөн. Қазақ әдебиетіндегі шығармалары желісі бойынша түсірілген фильмдер көрсетеміз. Шығарма желісі мен фильм мазмұнын салыстыру тапсырылады. Фильмді көргеннен кейін балалардың қызығушылығы артады. Себебі, қазіргі таңда балалар тыңдағаннан гөрі, көргенін көбірек естерінде сақтайды. Тоқсанның соңында оқушыларға демалыс уақытында оқылу керек әдебиеттер тізімі ұсынылады. Жаңа тоқсан басталғанда арнайы дәптерге шығармадағы ұнаған оқиғалар мен кейіпкерлер туралы түрлі тапсырмалар орындайды.
Біз әңгімелескен Майра Айжарықова сабақ барысында балаларға «Сендердің ата-аналарың әлеуметтік жағдайды түзейміз деп жүріп рухани әлеуетін арттыру мүмкіндігінен айырылып қалды. Сондықтан сендер рухани қазынаны толтырыңдар», – дейді екен. «1990 жылдары ала дорба арқалап, жан бағумен жосып, тентіреудің кесірінен әдеби қабылдау өрісімізді тарылтып алдық. Дәл сол жылдары әдеби кітап оқудағы ұрпақ сабақтастығы шорт үзілді. Оны қайта жалғау бүгінгі әдебиет пәнінің мұғалімдерінің еншісінде». Бұл да Майра Айжарықованың сөзі.
Бүгінгі жағдайымыз 1990 жылдармен салыстырғанда көш ілгері екені белгілі. Бірақ әлі де экономикалық әлеуетті арттыру мен жаһандану үдерісіне ілесуді мақсат еткен қоғамда математика мен ағылшын тілі пәнінің пәрмені артып тұр. Оған көп ата-ананың баласын осы екі пәннен қосымша мұғалім жалдап оқытып отырғаны дәлел. Осы тұрғыдан қарасақ, әдебиеттің бүгінгі қоғамдағы орны оның пән ретіндегі пәрменін де әлсіретіп жіберген жайы бар.
Дайындаған Назым Дүтбаева.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.