«Күй тыңдайық»: сыбызғышы Талғат Мұқышевтің орындауында халық күйі «Кербез қыз» (видео)
12.04.2020
1916
0

«Қазақ әдебиеті» газеті «Күй тыңдайық» жобасын Ардаби Мәулет Әшімнің «Салықшы» күйін орындап, күй сәлемді  танымал күйші, ұстаз Біләл Ысқақ пен сыбызғышы Талғат Мұқышевке жолдаған еді.  Талғат Мұқышев халық күйі «Кербез қызды» тарту етіп, күй сәлемді қобызшы Саян Ақмолдаға жолдап отыр.

Сыбызғышы Талғат Мұқышев 1962 жылы Ақсуат ауылында туған.
1992 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен сыбызғы аспабын дамыту мақсатында Башқұртстандағы Уфа мемлекеттік конссрваториясының қурай-сыбызғы сыныбына білім алуға жіберіледі. 1995 жылы еліміздегі алғашқы кәсіби сыбызғышы ретінде Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетіне оқытушылыққа қабылданады. Кезінде академик А.Жұбанов, зерттеуші ғалым Б.Сарыбаев сынды өнер қайраткерлері бастаған игі шаралар қайта жанданып, оқу орнында сыбызғы сыныбын ашуға мүмкіндік туады.
1997-2000 жылдары Республикалық Ұлан президенттік оркестрінде жеке орындаушы-сыбызғышы болды. Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрлермен көптеген концерттерге шығып, өнер көрсетті. 1995 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында сыбызғы сыныбы бойынша аға оқытушы болып келеді.

Оның орындауындағы сыбызғы күйлері Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген. «Естайдың Қорланы» атты спектакльді, «Көшпенділер» кинофильмін сыбызғы үнімен дыбыстандырды. 2003 жылы сыбызғы күйлерінен өз орындауында «Сыбызғы сыры» атты үнтаспа шығарды, 2007 жылы «Мәңгілік сарын» атты сыбызғы-қобыз күйлер жинағының және 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты күйлер жинақтарының кіріспесін жазып, көптеген сыбызғы күйлерін жинап, осы антологияның құрастырушылары қатарында болды. 2005 жылы жарық көрген «Сыбызғы сазы» атты кітаптың авторы.
Өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері. Республикалық және халықаралық фестивальдардың лауреаты, Америка, Франция, Германия, Италия, Швейцария, Мысыр, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан, тағы басқа елдерде өткен халықаралық музыка фестивалъдеріне қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір