ТАРИХ ТӨРІНДЕГІ ТАҢБАЛЫ
10.04.2020
1221
0

Мұражай – тарих мұрагері. Ал тарих дегеніміз – халықтың өткені мен бүгінін жалғап, бір-бірімен тілдестіретін алтын көпір. Ұлттық болмысымыздың негізін құрайтын тарихи құндылықтарымызды сақтау, қорғау, болашаққа жеткізу – бүгінгі күннің басты талабы. Өткеніңді білмей болашағыңды бағдарлау – тегіңді білмей, тектілікті армандағанмен пара-пар.  

  ДАЛА ӨРКЕНИЕТІНІҢ ШЕЖІРЕСІ

   Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өзге салалармен қатар тарихи-мәдени мұраларымыз бен рухани құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттау мәселесіне жете көңіл бөлінген болатын. Осы мақсатта «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, төл тарихымызды жаңғырту – ұлттық болмысымызды сақтаудың айғағы екенін айқындап берді.

    Бабалар дәстүрін, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды насихаттауда тарихи орындарымыз – мұражай қызметінің де рөлі ерекше. Бұл тұрғыда еліміздің барлық облыстары мен аудандарындағы белгілі тұлғалардың есімімен аталатын әдеби-ескерткіш мұражайларымен қатар, дала өркениетін насихаттау бағытында республикалық деңгейде бірнеше қорық-музейлер қызмет көрсетеді. Бүгінде олар – еліміздің туризм саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған көне дәуір шежірелері. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ныңБүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, Жетісу өңіріндегі ашық аспан асты мұражайларының бірегейі – «Таңбалы» қорық-музейі де бар.

   1957 жылы тарихшы, археолог Анна Георгиевна Максимованың жетекшілігімен ҚазКСР Ғылым Академиясы Оңтүстік Қазақстан экспедициясының Жетісу отряды «Таңбалы» кешенінің петроглифтері мен археологиялық ескерткіштеріне алғаш рет зерттеу жұмыстарын жүргізді. Таңбалыдағы жартас суреттері және археологиялық қазба жұмыстарын  кейініректе А.Г.Медоев, А.Н.Марьяшев, Б.Ж.Аубекеров, А.С.Ермолаева, А.Е.Рогожинский, Ю.А.Мотов, А.А.Горячев, С.А.Потапов, сонымен қатар басқа да отандық және шетелдік зерттеушілер жалғастырған.

    Аталған дерекке сүйенер болсақ, «Таңбалы» петроглифтерінің тарих сахнасына енгеніне де 60 жылдан астам уақыт болыпты. Бүгінде ол – отандық және шетелдік туристердің зор қызығушылығын тудырып отырған ерекше тарихи аймақ.  

   Көне дәуірдің баға жетпес байлығы саналатын «Таңбалы» қорығында    әлемде сирек кездесетін петроглифтер, ежелгі адамдардың қоныстары, қорғандары және т.б. тарихи мұралар  сақталған. Жалпы айтқанда, жоғалып кеткен дала өркениетінің табиғатпен үндесуі арқылы бүгінге жеткен шежіресі іспеттес.

   Аймақ 5000-ға жуық IX–XIV ғғ. – Қола дәуірі, V–VIII ғғ. – Ежелгі темір дәуірі, VI–XVI ғғ. – Орта ғасырлар және XVII–XIX ғғ. – Жаңа кезең петроглифтері, жүзге тарта әр түрлі уақытқа жататын ескерткіштерден – б.з.д. ХIII–ХIV ғасырлардың ортасынан бастап ХІХ–ХХ ғасырларға дейінгі  кезеңдердегі қоныстар, қорымдар, ежелгі тас қашау орындары, петроглифтер мен ғұрыптық құрылыстардан тұрады.

   Ұлт көшбасшысының мақаласында айтылған ту ұстаған салт атты жауынгерлер бейнесі, «аң стилі» өнері «Таңбалының» жартас суреттерінде жиі кездеседі. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану  – адам мен табиғаттың етене байланысын айғақтайтын басты элементтер десек, осы тарихи жазбалар мен жартас суреттері арқылы өткеніміз туралы мол мағлұмат жинақтап, көне дәуір шежіресін қалыптастырамыз.

  Бағдарламалық мақалада Қазақстанда дала қызғалдағының 35 түрі өсетіні айтылған. Әсіресе Шу–Іле тауларында әлемде сирек кездесетін өсімдік түрлері көп кездеседі. Бұл – «Таңбалы» кешенінің өзіндік  табиғи ерекшелігі.

Көктемде шатқалдар гүлді шалғындарға ұқсайды. Ашық дала мен ұсақ тасты аласа таулы жерлерде Қазақстанның «Қызыл Кітабына» енгізілген, ерекше және сирек кездесетін Регель қызғалдағы (эндемик Оңтүстік Қазақстанда, Шу–Іле тауларында өседі), Кушакевич Юнонасы (эндемик Шу–Іле тауларында, Қаратау бөктерінде және Қырғыз Алатауында өседі), жетісулық Недзвецкий (эндемик дүниежүзі бойынша тек қана Шу–Іле тауларында өседі), Альберт және Колпаковский қызғалдақтары өседі. Бір қарағанда шөл дала сияқты көрінетін табиғат көріністерінің тасасында бай өсімдіктер мен жануарлар әлемі жасырулы.

ҚҰПИЯСЫ МОЛ «ТАҢБАЛЫ ТАС»

  Табиғаты ерекше қазақ жері тарихи ескерткіштерге де бай. Оның ішінде,  әсіресе Жетісу өңірі – ежелгі дәуір ескерткіштерінің көп шоғырланған аймағы. Сонау Сақтар мен Үйсіндер дәуірінен бастау алған, бүгінде  төбе-төбе болып талай ғасырлардың құпиясын бауырына басып жатқан ескі қорымдар, археологиялық ескерткіштер Жетісудың тау қойнауларында жиі кездеседі. Тастағы таңбалар аса құнды және қызықты тарихи ескерткіштер қатарына жатады. Ол – әлі жазу пайда болмаған ежелгі дәуір мен одан бертінде өмір сүрген адамдардың тіршілігі, дүниетанымы туралы ақпарат беретін негізгі қор.

   Жетісу өңірінің бізге мәлім де беймәлім тарихи археологиялық ескерткіштеріне барлау жасап, олар жайлы нақты ақпараттар жиынтығын құрастыру және ғылыми-археологиялық зерттеулер арқылы тарих қорына енгізу – бұған дейін де талай тарихи ескерткіштердің танылуына себепкер болған «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің негізгі бағыттарының бірі. Соңғы жылдары музейдің ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкерлері Жамбыл ауданы аумағындағы әлі де сыры ашыла қоймаған киелі жерлер мен тарихи жәдігерлерді зерттеп,  археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алып келеді. Жинақталған мәліметтер негізінде «Ежелгі Жетісу Жамбыл ауданының археология ескерткіштері» атты жинақ пен «Таңбалы» фотоальбомы жарық көрді.

  Сондай-ақ осы мақсатта музей ұжымы бельгиялық ғалым Люк Херманмен бірлесіп, Ақтерек, Құлжабасы, Басбатыр шатқалдарындағы тарихи ескерткіштерге археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша «ҚҰЛЖАБАСЫ СІЛЕМІНІҢ ЖАРТАС ӨНЕРІ» атты үш тілдегі фотоальбом жарыққа шықты. Мұнда Таңбалы шатқалының маңында орналасқан Құлжабасы сілеміндегі петроглифтер толықтай зерттеліп, тиянақталған кейіпте – көркем  суретті  бейнелер арқылы оқырман назарына ұсынылған. Қырық жылдан аса уақыт жасырын жатқан Құлжабасы сілемінің жартас өнері отандық және шетелдік ғалымдар мен зерттеушілердің қызығушылығын әлі де тудырары анық. Ал осы жылы музей әкімшілігінің бастамасымен және Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен «Жетісудың артас өнері» атты үш тілдегі монографиялық жинақ оқырмандарға жол тартты.

   Бүгінде көне дәуір шежіресіне айналған «Таңбалы» қорық-музейі ерекше қарқынмен жаңғыруда. Соңғы жылдары музейде бірқатар игі істер бастау алды. Өткен жылы «Таңбалы» қорық-музейі БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы бойынша арнайы грантын жеңіп алды. Нәтижесінде Қарабастау аулындағы  «Таңбалы» кешенінде 6 қанатты 5 киіз үйден құралған этноауыл алаңы ашылып, кешенді электр қуатымен жабдықтау үшін 5 киловаттық күн мен желден қуаттанатын электрстанса орнатылды. Бұл – туристерге заман талабына сай сапалы қызмет көрсетудің тиімді әдістерінің бірі .

  Сонымен қатар Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Таңбалы» қорық- музейіне апаратын Қопа-Қарабастау тас жолына 2017-2018 жылдарды қамтитын екі кезеңдік күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін жол сапасының нашарлығын тілге тиек етіп келген туристер үшін ендігі жерде «Таңбалы» қорығына жайлы жолмен барып қайту мүмкіндігі туып отыр.

    ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қарабастау аулынан «Таңбалы» қорық музейі  «Сапар орталығының» жаңа ғимараты бой көтерді.  Ғимаратта тарихи кезеңдерді қамтитын экспозициялық зал, конференция залы, құнды жәдігерлерге арналған қор сақтау бөлімі, зертхана, кітапхана және қызметкерлер мен  туристер үшін асхана мен жатын орындар да қамтылған.  

    2018 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Таңбалы тас» ескерткішін «Таңбалы»  тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің қарамағына беру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бүгінде «Таңбалы тас» археологиялық ескерткіштер кешенінде еліміздің туризм саласының дамуына бағытталған қарқынды жұмыстар бастау алды.  

 Құрылғанына аса көп уақыт бола қоймаса да музей әлемдік деңгейдегі тарихи орын ретінде өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Жыл өткен сайын мұнда келетін отандық және шетелдік туристердің қатары артуда.  Бұл – «Таңбалы» корық-музейінің  заманауи келбетін қалыптастырып, ғылыми зерттеулер, өзара халықаралық байланыстар, ірі ғылыми және инвестициялық жобалар жасауға жол ашатын маңызды жайт.

 Болашақта «Таңбалы» қорығы туристер, зерттеушілер мен менеджерлерді тартатын әлемдік деңгейдегі мәдени орталыққа айналуы тиіс. Бұл – музей ұжымының алдағы уақытқа жоспарлаған келелі мақсаттарының бірі. Біз тарихымызды жаңғырту арқылы ұрпағымызды ұлтжандылыққа баулуға, мәдени мұраларымызды қастерлеу арқылы ұлт мерейін асқақтатуға үлес қосамыз. Бұл – өткенге құрмет, тарихқа тағзым.   

                                                                 Гүлзат  АСҚАРОВА,

                                                                                   «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-                                                                                        

                                                           мәдени және табиғи қорық-     

                                                                 музейінің жетекші ғылыми

                                                                 қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір