Тарақ таңбалы тарлан
10.06.2022
1909
0

Тарақ таңбалы тарлан

(поэма монолог)


АЛАШТУҒАН
ақын, аудармашы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты


«Қара үзіп шыққан Қабанмын,
Қалай да қалам тебіренбей?!»

Қабылиса Асанұлы

I

Қас-Сақтан бағы асқан ұл едім,
Қартайған шағым бұл менің.
Қиссамды бүтін бастадым, Елім,
Қисынсыз ба бұл, білмедім?!

Қайырыла қарап өткен ғұмырға,
Қайырын таппай фәнидің,
Қалдырған қиып көп белгі құлға,
Құдіреттімді танимын.

Құмында қалған Сырдарияның,
Құлын күндерім шұрқырап,
Құшағын ашып қырға қиялым,
Қара жусаным бұрқырап,

Қою жұпарын тарқатты, білем,
Қыттықтағандай танауды.
Қыз-қырқын қамзол, шарқатты кілең,
Қасымнан өтті, бақ ауды

Қайран да менің басымнан сол шақ,
Қайраңда қалған кемедей.
Қоянкөз таққан асылдан моншақ,
Қиылып түсті… Елемей,

Қызымды қалай ұмыт қалдырдым?!
Қай жақта қалды әздегім?!
Қамшылағанда, күлік – тағдырдың,
Қылғаны маған аз ба еді?!

Қырық Ханшадан биік еркемді,
Қара өлең қонған қалқамды
Қиғанда жатқа, күйіп, өртендім…
Қақ айырдым да қалқанды,

Қамқапты шештім, жақты төрге іліп,
Қылышты қынға шөктіріп.
Қаршыға – жүрек жатты көндігіп,
Қарақұс – миға кек тұнып.

Қай дұшпанымда кегім бар еді?!
Құным кап еді, кімдерде?!
Құба қалмақтың Елімді әлегі
Қажытқан, сүргін күндерге

Қарғыс жаудырып қарияларым,
Қырғынға ұлдарым аттанған.
Қалжырап батып дарияға Күн,
Қан жылап, Ай да шақ қалған

Құлауға құздан, құлдилап төмен.
Қаралы-ау Аспан, жаралы-ау?!
Құйқылжыта алмай бір күйді, әттеген,
Құсамды ақтармай қалам-ау…

Қара домбыра – байырғы бауыр,
Қалақтай ғана шермендем,
Қай көште сенен айырды дауыл,
Құйын ба еді, әлде, сенделген?!

Қабағы Көктің ашылмай мүлдем,
Қанқұйлы қолдай бұлт легі
Қабарып, ұзар ғасырдай күндер,
Қарауытқанда жұрт кері.

Қасіретімсің, зары Даланың!
Қош, енді, қош бол, Сыр – өзен!
Қара қазан мен сары баланың,
Қамына жыққан бұ кезең,

Қайта сайлатты бес қаруымды,
Қилы заман да жанкешті.
Қаһарман оғлан, есті аруымды
Қондырып атқа, қан кештік!

Қазандық оты қамыға маздап,
Қағандық түзге босқанда,
Қанымыз қайнап, жарыла жаздап,
Қиқулап ұран қосқанда

Қара орман едік: «Қабыландаған!»
Қиырда ұрыс сап, теңселдік.
Қос түмен қол кеп тағы ұрандаған,
Қапталдап, жауды еңсердік!

Қалың жоңғардың қосындарына,
Қапысын тауып, тап бердік.
Қонтайшының да тосылғанына
Қуанды қол да, шақ келдік

Қаны бөтен мен заты жаттан біз,
Қарымта қайырар қайранға.
Қабыртқаларын қақыратқанбыз,
Қынадай қырып майданда.

Қарағай садақ адырналары
Құла өгіздейін мөңіреп,
Қарша боратты оқ сағымнан әрі,
Қым-қуыт, у-шу төңірек!

Қауырсын жалау үш қырлы жебе,
Қозыжауырынды жаудырған.
Құрама садақ ышқынды неге,
Құныкерімді ерден аудырған?!

Қырғидай тиген мың сан жебеден
Қан қасап болып айналам,
Қыруар жақ пен қылшанды көрем
Қарашықтағы айнадан.

Қорамсақ қалған жебеден босап,
Қолда тұр соңғы сақетер…
Қуып жете алмас ең ерен қос ат,
Қаскөйдің басын әкетер.

Қайқы қылышты қандамай бекер,
Қас-Сақ Ел үшін сілтедік.
Қапелімде адам аңдамайды екен,
Қаншыл да Аршыл… Ұлт едік!

Қайрама қанжар қол ұшындағы
Қанша жанды оңай… қиған-ды,
Құнан піл тері етік қонышындағы
Қайыс қынға азар сыйған-ды.

Құлжа, Қашқардан қатар ауғанды
Қашырдық. Қытай асырдық!
Қиятнәсілді атажауларды
Қиратып қана басылдық.

Қашқан дұшпанға – қатын да би ме?!
Қиястай ықты. Қумадық.
Қазынам қалған тақымдап үйде,
Қайттық олжалы, туды алып!

Қайың шоқпардың діңіндей қатты
Қалыбымда бар төрелік.
Қолдағы ойраттан бірін бейбақтың
Құл етпей, кешкен… кең едік.

Қаратауды ықтап, қалқалаған ел
Қамкөңіл еді, шерлі еді…
Қандас әуектің қарт Абаданы ем,
Қайтарып көшті, ерледім!

Қайдан табармын көшіме мекен?!
Қағармын қайда қазықты?!
Қайтіп Жан – Ардан өшірер екем
Қатым хаттарды… аз ұқтым?!

Қамдарда қорым қаза құшқанға,
Қоңыр үн тұнып құлаққа,
Құран бағыштап Әз Арыстарға,
Қол жайып, жылап жырақта…

Қанша боздақтың жоқтап арманын,
Құлазып түзде, боздаймын.
Қарттық жеткенше топқа да бардым,
Қалғаны қазір – өз қайғым.

Қайырымды әуен таба алмады түн,
Қиналады, шау тартса адам.
Қаратал, Балқаш – барар бағытым,
Қонысым болмақ қарт Шаған!

Қаракөк емен, Көк Қарасымын!
Қызыр дарыған бағзы Елмін!
Қарға тамырлының ноқта ағасымын,
Қызғыш – Дүниедей ақзермін!

«Қазақы Ордаға – ағамын!» – демей,
Қанаттас бұдынмен бір қондым!
«Қара шал Асанға – баламын!» – демей,
Қарашаға адал ұл болдым!

Қабылан ұранды Жалайырға емес,
Қайсар Елге Алаш ұранды,
Қаны бір Мырза ағайынға емес,
Қас-Саққа бүйрек бұрар-ды!

Қос Манақ – Сыр мен Шу қоныстанған,
Қалған туғандар, қалың кіл,
Қалмақтан қайырып нуды, өрісті алған,
Қас-Сақтан менің қаным дүр!

Қаршыға текті – тарақ таңбалым,
Қабырғалы Елден айырылма,
«Қайыр!» – деп таны, – абаттанғанын,
Құтты жолынан қайырылма!

Қастасқан жаудың залым, найсабын
Қиратқан, артта – алаң күн.
Қол бастаған Ер Қабылғайсамын,
Қайқы ғұмырлы Қабанмын!

Қас дұшпандарға, қасарысқанға,
Қамшының зоры – дыраумын!
Қабыл ал, жатта, жас арыстандар,
Қағидасын Қабан жыраудың!

Қасқайып тұрар қарсы дауылға,
Қаһарлы ем құйын ғасырда.
Қайратым қайтып, қансырауым ба,
Қалдым-ау құжыра басында?!

…Қас-Сақтан бағы асқан ұл едім,
Қартайған шағым бұл менің.
Қарау – тағдырға: «Қасқа жүрегім…
Құдайға ғана – құл!» – дедім.

II

«Арманда кеттің жалғызым,
Ажалға өзіңді алдырдым…»

Қабан жырау

Адырға біткен жалбызым,
Аршадан басқа көктедің.
Алтаудан бөлек жалғызым,
Арманда қалдырып, не еткенің?!

Арда емген асылзадам ең,
Аңыратқаның қайткенің?
Артыңнан еріп барар ем,
Айналып мені қайтты өлім.

Ақиығымды алған соң,
Аласы жоқ-ау ажалдың?!
Арман – баянсыз, жалған – сор,
Аяма мені, тажал күн!

Асықтың неге, құлыным,
Атаңды қиып қайғыға?
Алда еді-ау сүрер ғұмырың,
Азамды басар қай бұла?!

Азан да қазан, у да шу,
Айнала, көзге жас алдым.
Алапат өртке, су – басу,
Ал мендік шерді басар кім?!

Ақтық сапарға қаратқан
Аллаға арысым бара ма?!
Аманатыңды, Жаратқан,
Алғайсың мәңгі панаңа!

III

«…Көш, көш Елім!
Көш – Елім!
Көше де жүріп, түзелдім.
Көше де жүріп, күзелдім…»

Қабан жырау

«Көш, көш Елім!
Көш – Елім!
Көсегесі көктеп, өсерім!
Кіндігін Күн кескен жұрт,
Киелі кезең кешкен жұрт –
Кепиет қонған кесегім,
Көшелім!

«Көш, көш Елім!»
Көліктім!
Көшпелі Ел сертке беріктін.
Көне дертіңді қия алсаң,
Кемел еркіңді жия алсаң,
Көшіңді бұзар келіп кім,
Көріктім?!

«Көш, көш Елім!»
Кемді Күн
Кімге есеңді жіберіп ең, зеңгірім?!
Кіл көсемнен тартып алған теңдігің,
Көкжиекте даңқы қалған ерлігің,
Келешекке өнеге еді өрлігің,
Кеңдігім!

«Көш, көш Елім!
Бұл маңда
Күнелтер пана қылғанға,
Күні ертең жарар қырманға,
Күлік, түлікті сайлауға,
Көкорай да жоқ жайлауға,
Күміс кездік
көнбес қайрауға,
Күдері бау келмес,
күрмеп байлауға.
Көш, Елім, тұндырып тұлғаңда
Күнді Арда!

IV

« – Бақыт, қайдан келесің?
Берекесіз адамнан…»

Қабан жырау

Басыңа бөлек кұт дарып,
Береке бітсе ісіңе,
Бейшара жанды құтқарып,
Бергейсің үлес кішіге.

Бейқам баладай, ақпейіл
Бұқарадан қалса қызғанып,
Бұрылар ұлдан бақ кейін,
Боздар бұрымды қыз — ғаріп.

Бауырына бәрін басып жеп,
Бұтаққа жалқы қоңғаннан…
Бүлдіргі алма асыл деп,
Бүлініп, бейқұт болғаннан.

Бір Аллаға ғана мәлім-ді
Берері құлға зәу Көктің.
Байтақтан дара бағыңды
Баянды қылса, тәубе еткін!

Бұлыңғыр күндер көп алда
Бұлт сынды көшсе, аспандап…
Бейбақ Еліме қонар ма
Берекесізден қашқан Бақ?!

V

«… Жақсының пайдасы бар
қысылғанда,
Жаманның бойы жетпес ұсынғанда!»

Қабан жырау

«Жау жағадан алған күні,
жармасарда бөрі етектен»,
жалғанның да жалғандығы –
жөнін білмей көне тектен,
жақсыларды бөле тепкен
жаманды алға салғандығы…

Жанарымда жабығар ма от?!
Жаны жайсаң ізгілердің,
жолын қиып, жабылар көп.
Жайын біліп біздің Елдің,
жүз жылармын, жүз күлермін,
жаман атар табыларда оқ…

Жақсылардың жаны – бір ән,
жүрер дәйім күліп күні.
Жаман жанның бағы – күмән,
жарғақ басы – күдік құлы,
жүрегінде – құлып тілі.
Жаратқанның жарығынан,
жаһандардың танымынан…
Жарылқа, Алла, үміттіні!

VI
«… Сырыңды шым-шым ұрлайды.
Содан соң алтын тапқандай…»

Қабан жырау

Сыр ақтарсаң жаманға
сан соқтырар о зұлым.
Салар мың бір амалға,
сөзі не оның, өзі кім?!

Сындырады ол сағыңды
сын сағаты туғанда.
Сан жаралар жаныңды,
салдары озбыр удан да.

Сағалайды кіл жаман
сойы сұңқар арданы.
Сорлатады бір заман,
сөз боп па оған Ар қамы?!

Сынап сынды сырғыған
сумақайдың жолы көп.
Санаңа үстеп мың күмән,
сорар, мидың соры боп.

Соғыс, йаки, бейбіт күн,
салмағы бір суайтқа.
Сыйлығыңды ап кей құтты,
сыртыңыздан дуа айтпақ.

Сағымдайын көзді арбап,
сайқалдайын құбылса,
соры қайнап, боздар бақ,
сол сұмпайы ұрынса.

Сұмырайға сұм тамыр
саған назар салса егер,
сақтар сордан бір Тәңір,
сол қорғаның бар сенер!

VII

«…Намысқа тұрар ер бар ма?»

Қабан жырау

Назды қызымдағы еркелік,
нар оғландарыммен үндессе.
Нажағай нәтті серт едік,
нараду басы тілдессе.
Нақақ айыптап күндесше,
наразы болып түн көшсе,
наданнан нәйіс дерт еміп…
Нәлеті, кімдер күйдіріп,
күйкі күн кешсе,
Намыстан кетпей өртеніп!

Нешеме жорықта арыдық,
неше жолды жүрдік өткелше?!
Найзасынан Ерді таныдық,
нағыз майданды көп көрсе.
Нәсібін жұрттың жеп келсе,
нәсіліне тартып, шеттенсе,
найсаптың да соңы барын ұқ…
Нәлеті, ер туылып,
езше өмір өткерсе,
Намыстан кетпей жарылып!

VIII

«Тасыма, батыр, тасыма,
Тасыған жетер басыңа!»

Қабан жырау

Тәңірімді таныдым да
тарау-тарау жол өттім.
Тағдыр берген тағылымда
төркіні бар көп оттың.

Тілден тәтті бал тамған-ды,
толғап жырды тірліктен.
Тумысы бір тарпаңдарды
тағаладым бірлікпен.

Тұтастығын мұрат қылдым
тұрақты ұлдың, кіл адал.
Тоғай түлеп, бұлақ тұнды,
тамыр, тегі – тұмадан.

Тарақ таңба тұғырлы еді,
Тарлан едім топ жарған.
Таусылғанша ғұмыр демі
тауқыметті төк, жалған!

Тартынбаспын мен майданнан,
тәрк етсем де тұрмысты.
Толағайдай ерге айналған
тарланға үрку – қылмыс-ты.

Тоят білдім көп себепті…
Тасынбадым, таспадым.
«Тәубе!» – деумен өтсем етті
тұл дүниеден қас-қағым!

IX

«… Кейінгі ұрпақ келбетін
Көрер ме едік бір саққа?!»

Қабан жырау

Келешек, қандай едің?!
Кезеңге бардай емім,
күтемін тек ізгілік,
кепкенше таңдай, ерін.

Келеді ұрпақ қандай?!
Кеулімде сырқат қалмай,
күтемін шын қуанып,
келіндер ұл тапқандай.

Келер ме арлы буын?!
Көшпелі Ел жаңғыруын
көксейді шаңырақтың,
керегем… қалды уығым.

Келер ме зәузат зерек?!
Көмбеден қаузап дерек,
киесін танып тектің,
кесірге: «Жау, жат!» – демек.

Кемеңгер мына Қас-Сақ
кім келсе, тұрар асқақ?!
Келешек зейін қойса,
кеңесім мұраға аспақ.

Күнә ғой күдер үзбек!
«Көнені білеміз!» – деп,
көгертер көсегемді
көкөрім жүрем іздеп.

Кімдерге бар берешек?!
Келсе етті нар келешек!
Кеңейтсе көкжиекті,
кейінге қам жемес ек:
«Көп арман бар!» – демес ек.

X

«…Ырыс алды – ынтымақ!»

Қабан жырау

Ықылым замандардан
ырзығы аман қалған,
ырысы артқан Ел бар,
ынсапты жаралғаннан!

Ынтымақ – ұраны екен,
ықыласы – Құран екен.
Ысырап білмегеннен,
ымырасы – мұраға тең!

Ызалы кей ұлдарға
ынта бер, пейілді алма,
ыждаһат сүйсін Елім,
ырқыңда, мейірлі Алла!

XI

«… Өмірді қу ажалға бағындырар,
Өмірден ажал үстем болар сонда!»

Қабан жырау

Өзеурегенде жұрт тойлап,
өзгені де емес, ұлтты ойлап,
өзегімді ірітті, құрт бойлап,
өкпем қанайды-ау!

Өкінішсіз енді обыр да,
өмірзаяның соңында
өлермен, тұлдыр тобырға
өкпем қарайды-ау!

Өткелде соңғы құс түлеп,
өміршең өлең түсті көп:
«Өлімнен ұят күштірек!»
Өкпем жарайды-ау…
Өмір де арайлы-ау!

XII

«… Ел ойпаңы білінбес
Еліне сай ұл туса!»

Қабан жырау

Ертеде болған Ергенеқоннан
есте еді заман Ел көшкен.
Елге де қорған, төрге де қонған
Ерлер шығар ма енді естен?!

Еділ патшадай ғұн әскерімен
Еуропаны жаулаған,
Ежелгі ерлердің мираскері – мен,
еселеп құнын даулаған.

Едіге де – мен, Ноғай, Мамай да,
Ер Доспамбет те Аймадет.
есіл күнді еңсеп, көп ойламай ма:
«Еділ жұрт қалды қайда?!» – деп.

«Елайрылғанның» тартып зардабын,
езілуде әлі байтағым.
Ескіңді ұмыт та, халқым – заңғарым,
естіңді ұлықта, айтарым!

Енші алған шақта Керей, Жәнібек
Есенбұғамен қоңсы еді.
Есірген жауға өгей халық ек,
еңсердік, жоқтай жол шегі.

Еңсегей бойлы Ер Есім болып,
еңсеңді тіктер күн қайда?
Егілгенде, ерен елесін көріп,
елірген төрең тыңдай ма?!

Еңірегенде етегім жасқа,
етігім тасқа толғанмен,
енді іргем – бөлек, жетегім – басқа,
есейсе жетім… қорған – мен!

Елеңдеп, ойлап, тереңге бойлап,
екіұдай күйлер кештім көп.
Еркін де байлап, көгенге қоймақ,
ел-жұртқа қашан ес кірмек?!

Ертегі ісіндей, келте түсіңдей
ертеңгі күңгірт күніңді
ескеріп бүгін, ерте түсінбей,
естірте алмассың үніңді

елесі бұлдыр жаңа ғасырда,
енерсің жат боп есіктен…
Есіркер жақын таба аласың ба
екі дүниеден, несіп кем

еткенде Құдай?! Бодан да болып,
егеге бөтен құл болып,
еркіңнен ада оған да көніп,
езілермісің, күнде өліп?!

Ей, арда туған Алты Алаш – Арым,
егіз шер шектім, тебірендім,
еттім де тәубе қалқаласа күн,
ес жидым сен деп, емірендім.

Ерлерді еске алып, жанталасамын,
ет жүрек еріп, елжірер.
Елі үшін азап арқаласа кім,
есепсіз, Алла, бер жігер!

«Қазақ әдебиеті»
басылымының жаңалығы!
Сканерлеу арқылы туындының
авторлық оқылымын
тыңдауға болады».

 

 

 

 

 

 

МҮШӘЙРА

Қабылиса Асанұлының (ҚАБАН ЖЫРАУ) өнегелі өмір жолы мен ұлағатты шығармашылығын насихаттау мақсатында дайындалған «ҚАБЫЛИСА. ҚАБАН ЖЫРАУ. ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН» атты танымдық кітаптың жарық көруіне орай «ASPAN» баспасы Қабылиса Асанұлы ұрпақтарының (Аманбай Нұрғалиұлы Бейсенов әулеті) қолдауымен ұйымдастырылған «ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН» атты Халықаралық жыр мүшәйрасын жариялайды.

МҮШӘЙРАНЫҢ МАҚСАТЫ:
Жампоз жыраудың ғұмыры мен шығармашылығын таныту мен тарату, ұлы тұлғаның баһадүр болмысы мен терең тағылымдарына тағзым ету, Қазақ Елінің тәуелсіздігі мен тұтастығын дәріптеу, Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру мен рухани құндылықтарды ұлықтау, Елдік пен Ерлікті, Рух пен Руханиятты жыр арқауына айналдыру, қазіргі қазақ әдебиетіне қолдау көрсетіп, заманауи қазақ поэзиясының насихатын арттыру.

МҮШӘЙРАНЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫ:

Мүшәйраға қатысатын ақындар төмендегі екі тақырып бойынша бұрын жарияланбаған шығармаларын ұсынуы тиіс –
Қабан жырауға арналған көлемді туынды (жыр-дастан);
Туған жер туралы өлең;

Мүшәйраға Қазақстан Республикасының он төрт облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында, алыс һәм жақын шет мемлекеттерде тұратын барша ақындар қатыса алады.
Ақындардың жасына қатысты ешқандай шектеу жоқ.
Мүшәйраға ұсынылатын шығармалар 2022 жылдың мамыр айының 20-нан мау­сым айының 30 -на дейін қабылданады.

МҮШӘЙРА ЖҮЛДЕЛЕРІ:
~ Бас жүлде (Қабан жырау атындағы сыйлық, бір жеңімпаз) — 1 500 000 т.

~ Бірінші орын (Қадырғали бек Қосымұлы атындағы сыйлық, бір жүлдегер) — 1 000 000 т.

~ Екінші орын (Мұқылай баһадүр мен Уәйіс Сұлтан атындағы сыйлықтар, екі жүлдегер) — 500 000 т.

~ Үшінші орын (Жолбарыс, Ескелді, Балпық билер атындағы сыйлықтар, үш жүлдегер) — 300 000 т.

~ Атаулы сыйлықтар (Бекбауыл датқа, Орақты батыр, Керімқұл шешен, Таутан ақын, Тезек төре, Бақтыбай Жолбарысұлы, Сүйінбай Аронұлы, Мәулімбай Саяқбаев, Қалқа Жапсарбаев, Жұматай Жақыпбаев, Бек Тоғысбаев, Тұрсынзада Есімжанов атындағы сыйлықтар, он екі сыйлық) — 150 000 т.

* Мүшәйраға ұсынылған шығармалар Times New Roman қаріптерімен терілген WORD нұсқасында қабылданады.
* Мүшәйраның таңдаулы туындылары топтастырылып, жеке жинақ ретінде жарық көреді.

Барша сұрақтар бойынша:
Алматы қ., Абылай хан даңғылы, 105, Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты.
+7(778) 9000900
+7(707) 7277799
email: aspanmedia@nail.ru
alashtugan_e@mail.ru

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір