Жабал Ерғалиев. ӘР АДАМ ӨЗІНШЕ БАҚЫТТЫ
«Қазақ әдебиеті» vs «Пруст сауалнамасы»
Сауалнама қонағы – жазушы Жабал Ерғалиев

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Адамның басты қасиеті Адам боп қалуында шығар. Дегенмен кісілік пен кішілікке не жетсін?!
– Ер азаматтың басты қасиеті ше?
– «Құлпытастың көз жасы» атты драмалық шығармамда басты кейіпкерім Жамалдың: «Еркегі сайқалданып кеткен мына заманда не ақыл-ес қалды дейсің?» – деп бір айтатыны бар еді. Ер-азаматтың басты қасиеті – ақыл мен парасат, жігер мен намыс!
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Әр адам өзінше бақытты! Менің бақытым – осы күйім, осы тіршілігім!
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Бала кезімде оқыған «Батырлар жырындағы» Қобыланды, Ертарғын, Алпамыс… Сонымен бірге Абай, Ұлпан, Ақан сері…
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Бәріне сене беретіндігім.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– «Фейсбукте» пікір жазамын, кітап оқимын, немерелеріммен бірге болуға тырысамын, далада серуендеп жүремін.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Бұл өмірге екінші рет келмей-ақ қойған да жақсы шығар!..
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Өз елімде, Қазақ елінде!
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Адамдарды адалдық жолына сала алсам ғой.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Өзіме жалған бір жала жабылған кезде.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Жаратқан иемізге сену бұл. Соның маңдайыңа жазғаны болады.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?
– Барлық әлеуметтік желілер мен өзге де ақпарат құралдарында адам баласының айуандығы мен жамандығын, адамды аздыратын жайларды жария еткізбей, бірден өшіріп тастап отыратын құрал ойлап шығарар едім.
– Неден жиіркенесіз?
– Ер азаматының алдына түсіп, жолынан да, аузынан да қағып отыратын әйелден.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Бекежан… Құлагерді құлатқан қарақшы.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Қазақтың өлген кісінің жаманы жоқ» (Абай).
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Анамды ойласам.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын…»
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Бір-біріне деген жанашырлық пен біріне бірі болсын дейтін ниет жоғалып бара ма деймін.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Осы күнгі ақындар мен жазушылардың бәрі де өздерін мықты санайды емес пе? Қайсыбірін айтарсыз?
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Еркін сезінетіндіктері ұнайды. Алайда бүгінгі әдебиет тек өздерімен басталғандай, әдебиет енді түзелгендей ұшқары ойлайтындарын көрсетіп алады.