ҚАЛАМГЕР — ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІҢ ҚОЗҒАУШЫСЫ
05.04.2020
919
0

Құрметті филиал басшылары және Одақ мүшелері!

Жазушылар одағының Фейсбук пен Инстаграмдағы ресми парақшасына «Карантиндегі қаламгер» деген атаумен шығармашы әріптестердің күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар ететін материалдар салып отырсақ деген ниеттеміз.

Сол үшін видео және электронды форматта төмендегі сауалдарға жауаптарыңызды күтеміз:

1. Карантиндегі күндеріңіз қалай өтіп жатыр? Немен айналысып, қандай шығарма жазуға кірістіңіз?

2. Қаламнан қолыңыз қалт еткенде қандай кітап оқып жүрсіз? Жастарға қандай кітап оқуға кеңес бересіз?

3. Мемлекет басшысының коронавирусқа қатысты мәлімдемесінде қозғалған маңызды мәселелер жөнінде қандай пікір айтар едіңіз?

Осы сұрақтарға жауап беріп, бізге салып жіберулеріңізді сұраймыз! Және өз филиалдарыңыздың құрамындағы барша қаламдастарға осы сауалнама жөнінде құлаққағыс етсеңіздер екен.

Барлықтарыңыздың бұл әлемдік қиындық-сынақтан аман-есен өтулеріңізге тілектеспін. Тезірек қауышуға жазсын!

Құрметпен, ҚЖО басқарма төрағасы Ұ.Есдәулет

Осы сауалдарға ақын, ҚЖО мүшесі Нұрлан Қалқаның жауабын және тақырыпқа сай өлеңін ұсынамыз.

 

ҚАЛАМГЕР — ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІҢ ҚОЗҒАУШЫСЫ

1. Карантинде қашықтықтан жұмыс істеудеміз. Осындай кезде республика соттарының жұмысы қарқынды жүруде. Қазіргі уақытта арыз-шағымдардың электронды түрде түсуі маңызды. Осы орайда, соттар атқарып жатқан жұмыстар туралы Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың тапсырмасымен әлеуметтік желідегі парақшамда материалдар жаздым. Марат Тоқашбаев, Жабал Ерғалиев, Толымбек Ыбырайым, Кәдірбек Құныпияұлы, т.б. қаламгерлер парақшамдағы жазбаларыма қатысты пікірлерін білдіріп, ой бөліскендеріне рахмет айтамын.

Карантинді шығармашылықпен өткізудемін. Бір жағынан, қызметтік міндетімді атқарсам, екіншіден, жаңа жырлар жаздым. Біразы ФК-тегі парақшамда жарияланды. Қазіргі жағдайда көпшілікті эпидемияға қарсы күреске жұмылдыруда салиқалы пікірімізбен, салмақты сөзімізбен, қарымды қаламымызбен атсалысуымыз қажет.

Бұған қоса, достарымыз арасында да ақындарымыздың өлеңдерін жатқа оқуды қолға алдық. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов Мұқағалидың, ақын Қуат Бораш Мұхтар Шахановтың жырларын оқығанда өзіміз де шабыттанып, рухтанып қалған жайымыз бар.

2. Оқимын деп жиып жүрген газет-журналдарды, Шәкәрімнің кітабын, Абай, Жамбыл шығармаларын оқыдым.

Жастарға айтарым: осы карантиндік демалысты өз пайдамызға жаратсақ. Кітап оқиық, тағылымы мол кино көрейік, шығармашылықпен шұғылданайық, ең бастысы, әрбіріміз өзіміз жақсы көретін іспен айналысайық. Жақсы ниетте болып, жақсыны ойлап, жақсы сөз сөйлеп, жақсы жүрейік.

3. Қазір, өкінішке қарай, «ауызбен орақ оратындар» көбейіп барады. Соған қынжыламын. Меніңше, біреуді сөгу үшін «өзіміз не жасап жатырмыз, қандай пайдамыз тиді?» десек керек.

Мемлекет басшысы індет пайда болған алғашқы кезден жағдайды бақылауында ұстап келеді. Барлық шараны қабылдады. Қаражат бөлгізіп, Үкіметті жұмылдырып, халқымызды індет шырмауына түсірмеудің нақты іс-шараларын жасауда.

Бәрін біліп, оқып, көзімізбен көріп отырмыз. Тіпті, қашықтықтан жұмыс істеуге рұқсат берді. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде, ипотека, банктік қарыздар үстемесіз үш айға шегерілді, жұмыссыз отырғандарға жәрдемақы төленеді.

Карантин жағдайында жұртшылықтан тек үйде отыруды сұрап отыр! Ол басқа емес, әуелі өзіміздің, жақындарымыздың, балаларымыздың амандығы, қауіпсіздігі, ел болашағы үшін аса қажетті амал! Сол талапты орындамағандар эпидемияны жұқтыруда, таратуда. Бұған не деуге болады?! Мұндай бейғамдыққа, немқұрайлыққа, жауапсыздыққа не дейміз!! Былай қарасаңыз, қазір әрбір қазақстандық сауатты, оқыған, көзі ашық. Бірақ, өз денсаулығына келгенде неге жауапсыз?! Міне, қадірлі қаламгерлер, осындай немқұрайлықтан жастарымызды, туыстарымызды, жалпы жұртшылықты сақ болуға үндейік!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттілігіміз ғұмырлы болсын!

 

ҚАМДАН, ҚАЗАҚ!

Дүр сілкінтіп әлемді індет келді,

Сақ болу да біздерге міндет енді.

Той-думанды, азайтып Ас беруді,

Кіріс іске, байлап ап күрмеп белді.

 

Бәлкім іштей бар шығар өкпеңіз көп,

Білмей жатып ешкімді сөкпеңіз көп.

Жатып алып сынаған ерлік емес,

Абыройын өзгенің төкпеңіз тек!

 

Алаңдаймыз ел үшін барлығымыз,

Сол мақсатты көздейді Жарлығыңыз!*

Шақыралық жұртымды ізгі іске,

Жар салайық шыққанша бар үніміз.

 

Бастан кешкен халқымыз аштықты да,

Соғысты да, кеңестік қастықты да.

Оның бәрін қалайша ұмытайық,

Содан талай таяқ жеп, жасыдық та!

 

Ес жиялық, ағайын,

қапы қалма,

Беті жаман індеттің,

жақын барма!

Ел басшысы бастаса –

біз қошталық,

Бірге жеңіп шығамыз ақырында!

 

Індет-тажал алуда тосыннан кеп,

Мән берелік сақтыққа, осыған көп.

…Елді салар азапқа, өзін емес,

Ары-бері киіктей жосылған көп.

 

Қамсыз қалма,

қайраттан,

қамдан, қазақ!

Құламайын десеңіз жардан, қазақ!

Індеп кеткен індеттен сақтанайық,

Қалсын десек ұлт болып тарлан-қазақ!

* Президенттің елде төтенше жағдай жариялаған Жарлығы

​​Нұрлан ҚАЛҚА.
​2020 жылғы 16 наурыз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір