МУЗАҒА АЙНАЛҒАН ӘЙЕЛДЕР
06.04.2020
1603
0

Әйел – сұлулық. Әйел – өнер. «Бүкіл өнер атаулы сұлулықтан туады» деген тәмсілге сенсек, сұлулықтың бір аты әйел болса керек. Дарабоз таланттардың жүрегіне жол тауып, сезім қылын шерте білген сұлулар жайлы аз-маз әңгіме қозғамақпыз.

Анна Керн – Пушкиннің «ғажайып сәті» болып жолықты. Олар Петербургтегі әлдебір әдеби кеште танысқан еді. Ақылды әрі «Тәңірідей ғазиз көрікті» арудың ақын­ның жан дүниесін қозғамауы мүмкін емес еді. Раушан сипаттымен тіл байлаған арудың тағдыр жолы сәтті бола қоймады. Сүйкімді Анна әрқашан мамыражай, өзі қалаған отбасылық өмірді аңсады. Алайда 16 жасар сұлудың қарсылығына қарамай 52 жасар генералға ұзатады. Қайшылыққа түскен қыз ақыры генералдан қашып құтылуға мәжбүр болады. Ақынның А.Кернге арнаған өлеңі шексіздік пен жұмбақтықтың көркем суретіндей поэзия аспанында мәңгілік қалықтап қала берді.

Жадымда жауһар жалқы сәт:

Жанымды тербеп жолықтың,

Жарқ ете қалып, жалтқа ұсап,

Жан теңеспесі көріктің.

Көңілге түскен қаяу-мұң,

У-шулы күндер көшінде

Әлдилеп жанды аяулы үн,

Үр бейнең қалды есімде. (Б.Айтпайұлы­ның аудармасы)

Алаштың ұлы ақыны Мағжан поэзиясына терең бойласақ, Гүлсім есімді аруға құлай ғашық болғанын аңғару қиын емес. Тәкаппар сезім мен кірпияз көңілдің иесін жаулаған Гүлсім Кемалова татар қызы болатын. 1914 жылы Петербургтегі ақсүйек қыздардың педагогикалық институтын тәмамдаған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа медбике болып қатысып, майданнан орал­ған соң әкесі башқұрттың Мичурин есімді азаматына қосады. Мұғалімдік жолдамамен Қызылжарға келген көрікті келіншекке нәзік ақын «Гүлсім ханымға» атты алғашқы өлеңін арнайды.

Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым,

Әр жерде өткізсек те өмір таңын

Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,

Ойнайды аласұрып неге жаным?!

Бота көз, сиқырлы сөз ханым Гүлсім,

Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін!

Гүлсім – Күн, көкте ақырын жүзе білед,

Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек өлең тарихы мынадай: 1920 жылы Омбыдан Қызылжарға көшіп келген мұғалімдер курсында Мағжан әрі директор, әрі мұ­ға­лім болып қызмет етеді. Сол кезде Баш­құртстаннан Мичурин деген ауқатты кісі жақында ғана үйленген Гүлсім есімді жас әйелімен көшіп келеді. Келе сала бірден Мағжан басқаратын курсқа математикадан сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Гүлсім келген күннен бастап асқан сұлулығымен, оның үстіне, ерекше тәкаппар мінезімен жұрттың көңілін өзіне аударады. Ол ешкімге сәлем де бер­мей, берген сәлемін де алмай, тіп-тік ке­ліп, тіп-тік шығып кетеді екен. Бір күні Мағ­жан оқытушылар бөлмесіне кіріп келсе, Гүлсім үстелдің жанында жалғыз өзі отырады. Сырттан енген ақынға селт етіп қарамайды да. Мағжан Гүлсімге қарама-қарсы отыра қалады. Бірдеңе айтқысы келіп, оңтайлана бергенде, үй сыпырушы татар әйелі кіріп келіп: «Гүлсім ханым, сіз­ді телефонға шақырады!» – дейді. Гүлсім шығып кетеді. Мағжан үстелдің үстінде қалып қойған Гүлсімнің қалың дәптерін көреді. Дәптерді алады да, оның бір бетіне табан астында шығарып «Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым» деп басталатын 8 жол өлеңді жазады. Сәлден соң Гүлсім бөлмеге қайтып кіріп: «Мағжан мырза, мені қожам шақырып жатыр, рұқсат етсеңіз қайтайын?» – деп, келісімін алып үйіне қайтады. Ер­теңін­де Мағжан басқа мұғалімдермен дәлізде келе жатса, үйге Гүлсім кіріп, топқа қарама-қарсы жүреді. Әдетте жан адаммен тілдеспейтін, сәлем бермейтін паң Гүлсім: «Сәлеметсіз бе, құрметті Мағжан мырза!» – деп қастарынан өте шығады. Сол күні сабақ біткеннен кейін Мағжан Гүлсімге келіп: «Гүлсім ханым, Сізді орта жолға дейін шығарып салуға бола ма?» –  деп сұрайды. Сонда сұлу: «Жоқ, мырза, орта жолға дейін емес, жолдың аяғына дейін шығарып салуыңызға болады!» – деп жауап береді…

Кейіннен Гүлсім Мағжанға былай деп хат жазады:

Жүрәклар тәңірісі отлы!

Көзіңнің шағласын меннан.

Көшір бір өзге алгулға,

Сиқырлы йылдызым, тездан!

Әйелінің Мағжанмен қарым-қатынасын сезген Мичурин Қызылжардан көшіп ке­теді. Ол, тіпті Мағжанды өлтірмекші де болады…

Гүлсім ханым кетіп қалған соң:

Білдім: бүгін мені тастап кетесің,

Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.

Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!

Тірі тастап кетіп мені не етесің?!

деп, сезім сергелдеңіне түскен ақын «Кетіп­сің Қызылжардан, ханым Гүлсім», «Айырылғанда», «Гүлсімге», «Г…ге», «Тіріл­дім», «Сүй, жан сәулем» деген сынды бір топ өлеңдер циклын жазады. Арада бірнеше жыл өтеді. Кейін Мәскеуде тұрған кезінде Мағжан жары Зылиха екеуі қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, баяғы өзі сүйген сұлу Гүлсімге ойда жоқта кездесіп қалады. Бірақ бір-біріне ләм деуге шамалары кел­мейді. Дәл осы уақытта трамвай келіп тоқтайды да, ғашықтар жолы екіге айырылады. Осылайша қос жүрек те мәңгілікке екіге айрылады…

Жұматай ақын мен Ләйләні алғаш рет би кешінде көрген. Есіктен аттай берген сұлуға ақынның көзі түседі. Бұйра шашты, көзі шоқтай жігітті алғашында Ләйла өзі биге шақырады. Алайда биге шықпай қойған ақынға Ләйлә орамалын ұсынады.

Ойламай жүріп жан бар деп

жалғанда керім,

Әлемнен мынау көңілім қалғанда менің

Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп,

«Ақын болсам,   деп,  –  атақты»

армандап едім, –

деп басталған ақын жыры. Көкейге толған толағай шабытпен көптеген өлең жолдарын арнайды. Ақын Ләйлә сұлуды екінші рет КазГУ қалашығында, үшінші рет ауылда кездестіреді. Мұнан соң ару білімін жетілдіру мақсатымен Мәскеуге оқуға кетеді.

Қасы да керік, қара алмас көзді ай қабақ,

Мойныңа жұқа алқызыл шарф байлап ап,

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,

Алыстан тұрдың көзқарасыңмен аймалап,

дейді ақын.

«Біз Құдайды көлеңкесіне қарап танимыз» дейді Хакім Абай. Расында, оның жаратқан сұлулығына, кемелдігіне таңдану, Құдайды ұлықтаудың бір жолы, тіпті мінәжат болып табылса керек. Әйел жаны, әйел мүсіні қай заманда да жүрек түкпірін сәулелендіріп, сезім алауын маздата берері сөзсіз.

Б.Бөріханұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір