«Халық жауының»  қызымен әңгіме
05.04.2020
1790
0

Журналистердің өмірінде мұндай сәттер сирек болса да кездесіп тұратындығын қалам ұстаған қауым жақсы біледі. Әлдебір деректің ізіне түсіп, жазып жүргеніңде өзіңнің кейбір кейіпкеріңмен туысыңдай араласып, етене жақын болып кетеді екенсің. Сондай адамның бірі – менің Роза апайым. Жуықта оның қызы, философия ғылымдарының кандидаты, үлкен лауазымды қызметтегі Балжан қарындасым «Қызыл қырғынның» құрбаны болған, Риддердің «Жұмысшы» газетінің бас редакторы Мақсұт Тайшыбайұлы (1904 – 1938)» деген жазуы бар ескерткіш-құлпытастың суретін жіберіпті. «Мамам папасына жасатқан осы құлпытасты Жаңалық ауылындағы (Алматы облысы. — ред) саяси-қуғын-сүргін құрбандары құрметіне ашылған Мемориал қабырғасына 15 қазан күні орнаттық. Көптен бері ойы күпті болып жүрген әжесінің тілегін немересі Әлен жүзеге асырған соң мамамның көңілі жайланды. Бұған дейін жай барып жүрсек, енді атамның өзінің рухына тағзым етіп, құран бағыштап жүретін болдық», – деп бір ауыз хат та жазып жіберіпті. Міне, осы құлпытас пен Балжанның бір ауыз сөзі менің жадымды жаңғыртып, естеліктер тізбегін жиырма жылға кейін шегеріп, сол кезеңнің оқиғаларына қайтадан алып келгендей болды…

ӘЖЕ БЕЙНЕСІ  КӨЗІМДЕ ЕМЕС, КӨҢІЛІМДЕ

Асылдың сынығы, тектілердің тұяғы, сол кездері жетпісті алқымдап қалғанымен сыры да, сыны да кетпеген Роза апа ақша бетін еркінен тыс айғыздай жөнелген көз жасын жібек орамалымен сүрте отырып:

– Айналайын, осынша жылдардан кейін әкемнің дерегін іздеп ат ізін салған өздеріңе алғысым шексіз, – деп, Роза апай өзінің қазына қобдишасынан әкесінің көзіндей сақтап жүрген фотосуретін, екі кітапшасын, журналистік куәлігін көрсетті. Дауылды күнгі толқындай толқыған көңіл-күйі сәл-сәл саябыр тапқан сәтте әңгімеміз өз арнасына түскен еді.

– Апай, әкеңізден төрт жасқа толар-тол­мас­та айырылыпсыз, есіңізде не қалды?

– Әкем атанған тұлғаның бет-бейнесі, аялы алақанының ыстық табы көзімде емес, көңілімде, айналайын. Екі оқиға ғана өң мен түстің арасындағыдай жадымда. Біріншісі – әкемді үйден алып кеткендегісі. Екіншісі – мамаммен бірге түрмеге барғаным. «Папамды көрсетші, көрсетші» деп бір милиционердің аяғына жабысып, жылағаным. Сол көріністер санама әбден сіңіп кеткендей, осы күнге дейін есімде. Көрсетпеді ғой, көрсетпеді…

«Халық жауларынан» қалған ұрпақ мынау жұмыр жердің қай түкпіріне барса да «Қорқыттың көріне» тіреліп отырды ғой…

Мамам бертінге дейін бізге ештеңе айтпады, тіпті «әкелерің ұсталды» деп те тіс жарған жоқ, мектеп бітіргенде ғана білдірді… Менің естелігім сол кісінің бертінде айтқан әңгімелері ғой, қарағым… Біз бір ұл, екі қыз едік. Бекет бесте, мен үште, Раиса бір жаста болатын. Бір күні түнгі сағат үште папамның НКВД-да істейтін бір жолдасы үйге келіп, мамама: «Үш балаңды ал да бұл жерден жоғал, сені ұстауға ордер жазылып койды», – дейді. Мамам үйдегі барлық суреттерді, әкемнің кейбір қағаздарын отқа жағып, ең қажетті деген бір-екі түйіншегін алып, қашады. Әуелі Семейге келіп, бір-екі ай тұрады. НКВД сезіп қалған соң үш баласын жетелеп Қарағандыны паналайды. Одан Ақмолаға кетеді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып, Ақмоланың бір ауданында интернат меңгерушісі болып жұмыс істеп, бізді сонда оқытады.

Мамам өте әдемі, сұлу кісі еді. Еркек атаулы жанына жакындаса, қатты қызғанып, қызғыштай қорушы едік. Сол интернатта істеп жүргенде соңынан мектеп директоры қатты түсті. Кейін, түйсігіміз жетілген соң ойлаймын ғой, мамам оның айтқанына көнбеген болуы керек, бүкіл ауылдан жалғыз өзін вербовкамен еңбек армиясы есебінде Түркістан – Сібір темір жолының құрылысына жіберді. Сол жақта сүзекпен қатты ауырып, қайтып келді. Содан-ақ, шешеміз жазылмас сырқатқа ұшырап, жұмыс істемеді. Дәулетті де текті тұқымнан шыққан адам ғой, қым-қуыт өмірдің артын ойлаған шешемнің ақырына дейін сақтаған бағалы заттары да там-тұмдап сатылып, азық-түлікке айырбасталып бітті, алыс жамағайынның, көрші-қолаңның мүсәпірге берер садақаларына қарап қалғандай болдық. Құдай ондайды ешкімнің басына бермесін… Ол кезде «халық жауының» бөлтіріктеріне жақындап, қол ұшын созатындар некен-саяқ, өздеріне қауіпті еді. Онжылдықты бітіргенде не бір тиын ақша жоқ, не үстіме киер дені дұрыс көйлектен де жұрдаймын, мектеп бітіру кешіне де бара алмадым…

Бекет ағамды Тайшыбаев деп емес, мамам бауырының атына жаздырған, ол – Әбілқасымов. Сондықтан да соғыстан кейін Бекет Ташкенттегі КГБ жоғарғы мектебін бітіріп, сонда жұмысқа орналасты. Оның жалақысын алдымен Ақмоладан Ташкентке жібереді. Бекет оны жырымдап бізге салады. Ешкім біліп қоймасын деп өте құпия жіберіліп тұрған сол ақша бізді асырады, аштықтан арашалап отырды…


МАҚСҰТ ТАЙШЫБАЙҰЛЫ КІМ?

Әңгіме барысында есім-сойы сөз болатын Мақсұт Тайшыбайұлы кім? Ол – 1931 жылғы қазанда ірі өндіріс орта­лығы Риддер қаласында жарық көрген «Жұмысшы» газетінің бүгінгі мұрагері – Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің алғашқы бас редакторы. Жазушы, журналист. «Тайшыбаев жолдас Риддердегі қазақ газетінің редакторы болып тағайындалсын» деген Ф.И. Голощекиннің бұйрығымен «Жұмысшы» газетіне жетекшілік жасаған Мақсұт Тайшыбайұлы 1938 жылғы 11-наурызда «Халық жауы» ретінде атылып кетеді.

Мақсұт – қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабайұлының туған бажасы. Қызылжар қаласының атақты байы Шоқан Тастеміровтың үлкен қызы Зейнеп – Мағжанның жары болса, кіші қызы Нағимаға Мақсұт үйленген екен.

Риддер қаласындағы бір көше 2004 жылдан бері Мақсұт Тайшы­байұлы есімімен аталады. Шығыс Қазақстан облыс­тық драма театры өзінің биылғы репертуарына Мақсұт Тайшыбай­ұлының өмірінен жазылған Айтмұхамбет Қасымовтың «Нәубет» атты драмалық шығармасын енгізді.


АЯН. ТҮС. 870 СОМ ҰТЫС

– Жоғарғы оқу орнына кейінірек түскен шығарсыз?

– Жоқ, айналайын… Онжылдықты Ақмолада кілең беске, үздік бітірдім. Осы күнге дейін есімде, қалалық оку бөлімінің бастығы Байтуғаев деген болды. Сол әкем жайлы біледі екен. «Сен бәрібір жоғарғы оқу орнына түсе алмайсың, саған алтын медальдың қажеті жоқ, одан да басқа біреуге береміз. Сен ренжіме», – деді. Ес білгелі алғаш рет естіген аса ауыр сөзім, қатты қорландым. Жылап үйге келдім.

Ауру шешем басымды тізесіне қойып: «Қызым, жасыма, барлығы да өзіңнің тала­быңа байланысты. Әлі де талай құқай­ды көресің, шыдамды бол. Таныс емес адам­дарға сырыңды айтпа. Әкең ерен жақсы адам еді, өмірбаяныңды жасырма», – деп басу айтып, әкем жайлы алғаш рет көсіле әңгімеледі… Шілденің соңына таман үйге класстас балалардың соңғы тобы келді, бірі Мәскеуге, бірі Алматыға оқуға аттанып барады. «Сен неге ешқайда бармайсың?» – деп сұрайды, мен іштен тынам, «ақшам жоқ» деуге намыстанамын, «көрерміз» деп шығарып салам да оңашада екі көзіме ерік беремін. Түнде солкылдап жылап: «Құдай, бар болсаң, маған кемектес!» деп көпке дейін ұйықтамаймын. Айналайын, «әруақ қолдайды» дегенге дәл сол түнге дейін сенбеуші едім. Таң ата көзім ілініп кетсе керек, өң мен түстің арасында өне бойыма бір жылылық құйғандай жағымды, ап-анық бір дауыс: «Тұр, балам, төсегіңнің астында бір ескі чемодан бар, соның ішінде ескі газетке ораулы облигациялар жатыр. Соны почтаға апарсаң, саған 870 сом ақша береді», – деді.

Атып тұрдым, үй іші алакөлеңке, бар­лығы ұйқыда, бөтен ешкім жоқ, әлгі дауыс құлағымда. Айтылған жерден облигацияларды тауып алып, почтаға жүгірдім. Ол жаққа бұрын кім барып көрген, ашылғанша бір-екі сағат күтіп, ішке кірдім. Не істерімді білмей, әлден уақытта өңі жылы бір орыстың ақсақалына жөнімді айтып, көмек сұрадым.

– Ағай, мына облигацияларды не істе­рімді білмей тұрмын. Маған «870 сом ұттың» деп еді.

– Кім айтты?

– Білмеймін.

«Осының есі дұрыс па өзі?» дегендей ол маған одырая қарады. Дегенмен облигацияларды алып, қабырғада ілулі тұрған таблицадан ұзақ қарап тұрып, әлден уақытта маған бұрылды:

– Иә, қызым, шынында да, сен 870 сом ұтыпсың… Енді мына облигацияны анау ашық тұрған терезеге апарсаң, саған ақшаңды береді, – деді.

Ол кезде купюралар үлкен еді, бір құшақ ақша алып, жүрегім аузыма тығылғандай болды. Қолымда ақша салатын ешқандай затым жоқ, асып-сасып сыртқы кофтамды шешіп, соған орап алдым. Қалықтап ұшып келгендей үйге қалай жеткенімді білмеймін. Әлі ешкім ояна қоймаған. Жүгіріп дүкенге барып май, сүт, ет, тәттілер сатып әкеліп, дастарханды жайнатып қойдым. Мамам мен сіңлім Рая тұрғанда үстелдің үсті сықап тұр, мен екі езуім екі құлағымда, мәзбін.

– Әй, қайдан алдың ақшаны? – деп абдырап қалды шешем. – Әлде бірдеңені саттың ба?

Таңғы оқиғаны айтсам, сенбейді. Сонымен әкемнің әруағы болар қолдаған, ертең­інде барып билет алып, үйдегілерге біраз ақша қалдырып, мектепте бірге оқыға­ндардың ең соңы болып, Алматыға мен де жеттім.


РОЗА МАҚСҰТҚЫЗЫ ТУРАЛЫ АЗ-КЕМ ДЕРЕК

Роза – Сталин мен Голощекиннің қуғын-сүргін салған заманында «халық жауы» атанған Мақсұт Тайшыбай­ұылының қызы. Кезінде Ақтөбе, Қызыл­орда, Семей облыстық партия комитет­терін басқарған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып, Министрлер Кеңесінде көп жыл басшылық қызметте істеген Мұхамедғали Әленұлының келіні, Қазақ ССР Ғылым Академиясының Философия және құқық институты директорының орынбасары болып қызмет істеген Марат Мұхамедғалиұлы Сужиковтың жұбайы. Алматы қаласында тұрады.


«НЕГЕ ЖЫЛАП ТҰРСЫҢ, ҚЫЗЫМ?»

– Иә, тылсым дүниенің әлі де ашылмай жатқан құпия сырлары көп қой, апай. Өзіңіз қандай мамандықты қалаған едіңіз?

– Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне аттестатымды тапсырғам. Үш емтиханды да «5»-ке тапсырып, қалаған оқуыма түстім ғой деп қуанып жүргенде Тәжібаев деген ректор еді, сол кісі шақырып, қабылдау комиссиясының хатшысы арқы­лы құжаттарымды қайтарып берді. Айтқа­ны жалғыз ауыз сөз: «Сіз өте алмайсыз, әкеңіз «халық жауы» екен». Төбемнен жай түскендей болды. «Өмірбаяндарыңды жасырмаңдар» деп шешемнің айтқаны бар еді, мен «Отец репрессирован в 38-году» деп жазып бергенмін.

Содан істер амалым қайсы, химфакқа өте алмай, есік алдында құжатымды құшақ­тап, қиянатқа шыдай алмай өксіп жылап тұрғанмын. Қасыма бір әйел келіп, «Неге жылап тұрсың, қызым?» – деді. Мен емти­ханның барлығын «5»-ке тапсырсам да «әкең халық жауы» деп оқуға қабылдамай, құжатымды қайтып бергенін өксіп тұрып түсіндірген болдым.

– Сен мені осы арада күт, 15 минутта қайтып ораламын, сосын екеуіміз бір жерге барамыз, – деп әлгі әйел ішке кіріп кетті. Көңілім тағы алабұртып, «мұның не ойы бар екен, кетіп қалсам ба екен?» деп те ойладым. Өйткені шешем «таныс емес адамдарға жолама, сырласпа, ерме» деген… Сөйтіп, екіұдай ойдың ұшығына жете алмай тұрғанда жаңағы әйел шығып, мені машинасына отырғызып ЖенПИ-ге алып келді. Кейін білдім, бұл кісі Тұрсын Мырзабекова деген ЖенПИ-дің сол кездегі ректоры екен. Содан Тұрсын апай өмірбаяндық құжатымды жыртқызып, өзі айтып отырып қайта жаздырды, әкем ертеректе «қайтыс болған» болып шықты.

– Сен қысылма, қалқам. Мен өзім де сондай «халық жауының» әйелімін. Балаларымнын барлығын қазіргі екінші күйеуімнің атына жаздырдым. Өмір сүру үшін күресе білу керек, – деді Тұрсын апай. Сөйтіп, ҚазМУ-ға тапсырған бағалармен қыздар педагогика институтының физика-математика факультетіне қабылдандым. Бұл 1952 жылдың жазы еді.

Мен әкеме ұқсайтын болуым керек, көшеде көріп «Мақсұттың қызымысың?» дегендерден қашатын едім, шынында да, халық жауының баласындай тығылып, өгейсіп, бұйығы жүрдім институтта оқыған кезімде де…

ЖҮРЕГІМНІҢ МҰЗЫ ЕРІП ҚОЯ БЕРДІ

– Марат ағаймен қалай танысып жүрсіз?

Роза апай сәл ғана жымиып, жанында отырған қызы Балжанға қарады. «Сен ЖенПИ-ді бітірдің, өзің «халық жауының» қызысың. Ал папам МГУ-ді бітірді, өзі ЦК-ның әйдік хатшысының баласы, сонда қалай кездесіп жүрсіңдер?» – деп мыналар да үнемі сұрайтын, бұрын айтпайтынмын. Жарайды, заман оңалды, енді айтайын…

– Мен ол кезде екінші курста оқушы едім. Жатақханада үш қыз бірге тұрдық. Институт тамағы мен киімінен басқа 40 сом стипендия төлейді. Қазіргі опера театрының алдында ылғи басшылар тұратын бір үй болды. Соның астында қазы-қарта, шұжық сататын ұлттық дүкен болатын. Анда-санда стипендия алғанда соған соғып, мезі қылатын асхананың тағамын бір мезгіл жаңалап, бөлмеде ет асып жейтін едік. Үшеуіміз сол дүкенге бір барғанда, шеткерірек тұрған бір өзбек пе, ұйғыр ма, бір шал «Айналайын, мұнда келші», – деп мені жанына шақырды. «Иә, ата», – деп қасына бардым. «Сен бақытты боласың, қызым, маңдайыңда жұлдыз жарқырап тұр екен», – деді. Ол кісіге не дейін, «Рақмет, ата, айтқаныңыз келсін!..» деп сыпайы ғана бұрылып, қыздардың жанына келдім.

Сол жайт біраздан кейін ұмытылып кеткен. Соғыс кезінде мамам асырап алған Шоқатаев Кәрібай деген ағайымыз Ішкі істер органында басшы қызметте еді. Сенбі, жексенбі күндері сол үйге барып, ванналарына түсіп, жеңгеме қолғабыс жасап жүретінмін. Бір күні келсем, жеңгем бір әйелмен әңгімелесіп отыр екен. Амандастым да, әдетімше үйдің ұсақ-түйек шаруасына кірістім. Мен көрші әйелге, болашақ енем екендігін кейін білдім ғой, ұнап қалыппын да, ол кісі жеңгеме: «мына қызды Маратпен таныстырайық», – дейді. Сол жолы екеуі «жоспар» құрған болуы керек, келесі келгенде жеңгем мені сол үйге әлдебір шаруаға жұмсады.

– Роза, әнеукүні келген көршіміз – ЦК-ның секретары Сужиковтың әйелі. Сені бақшаларынан қарақат теруге көмектесіп жіберсінші деп шақырып отыр, – деп, қолыма шелек ұстатып, сол үйді нұсқады. Келдім. Әжептәуір үлкен бақша екен, қарақаттың бір уысын шелекке салам, бір уысын аузыма… Өзім көргем жоқ, бет-аузым салтақ-салтақ болған болуы керек. Шелегімді толтырып, үйге ене бергенде, үйден шығып келе жатқан қатып киінген орта бойлы жігіт ұшырасты. Шелегімді қолымнан түсіріп ала жаздадым. Мараттың артында жеңгем тұр, маған көзін кысып, «аузыңды сүрт» дегендей ишара жасайды. Мен түсінбеймін, мүлде абдырап қалдым. Марат «Здравствуйте!» – деп жанымнан жымия күліп, далаға шығып кетті. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз еді. Марат онда Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетінің 4-курсында оқиды, каникулда жүрген кезі екен…

Үстімде көшеге киіп шығатын жөні түзу жалғыз көйлегім бар еді. Модаға байланысты соны қол машинасымен бірде ұзартып, бірде қысқартып кием. Сол көйлегімді тігіп отырғам, Мараттың мамасы келді. Жеңгеме «Розаны маған жібер, әжелеріңе бір үнді шайын берейін», – деген соң, тағы бардым. Ол жолы Маратпен ресми танысып, қайтарда әйдік жолдасы Әзірбайжан Мәмбетов екеуі мені үйге дейін шығарып салды.

Үшінші кездесуіміз Ғылым Академиясында болды. Оқуымды бітірген соң сонда жұмысқа орналасуға келгем. Марат та сонда орналасқан екен. Тегі Астрахань жақтан, одан Мәскеуде оқыған, тек орысша сөйлейді.

– Сіз Алматыны менен гөрі жақсы білесіз ғой, бірге аралайық, – деп екеуіміз бір жұмадай бірге қыдырдық. Әңгімесі өте қызықты. Ұлтаралық қатынастар, елдің, халықтың болашағы жайлы айтады. Көптеген әділетсіздіктерге жаны ауыратынын, өзінің алдағы жоспарларын сөз етеді. Өзім аңғар­майтын көп нәрсеге Мараттың әңгімесі арқылы қанық болдым, өте бір жаксы кездер еді. Кейбір шабыттанған шақтарында Пушкиннің, Гетенің өлендерін жатқа оқитын. Классикалық музыка жайлы, әлемге әйгілі композиторлар туралы әңгімелейтін. Мараттың болашақта ірі тұлға боларын, ақылды, білікті де терең білімді парасат иесі екендігін сол кезде-ақ болжауға болатын еді. «Әлде баяғы дүкендегі шал айтқан бакыт құсым осы жігіт пе екен?» деген де ой елес береді санамда. «Қайдам, менің кімнің қызы екенімді білсе, теріс айналатын шығар?». Қалай дегенмен, оған үйір болып, нәзік бір сезім ойымды шырмай бастады. Бір жұмадан соң маған қызметке алынғаным жөнінде бұйрық шығып, бір айлық демалыс берілді де, Ақмолаға билет алдым. Оны Маратқа айтып едім, «Жоқ, сіз ешқайда бармайсыз, мен сенбеймін», – деді кенет.

Мен билетімді керсеттім. Ол қолына алып тұрып:

– Сіз осы жолы кетіп қалсаңыз, кайта оралмайсыз, – деп билетімді жыртып тастады. – Екеуіміз үйленейік?!.

Ең ғажабы, сол билеттің жыртылғанына ренжігем жок, сірә, жүректің іңкәрлігі. Алайда бірден «екеуіміз үйлене алмаймыз», – дедім.

– Неге?

– Оның үлкен себебі бар.

Сол үйленуімізге кедергі болар «үлкен себепті» айтпай кем дегенде екі-үш күн басын қатырдым-ау деймін. Марат ол жұмбақты түсінбей әлек:

– Ауру боларсың?

– Жоқ.

– Тұрмысқа шыққан шығарсың?

– Жоқ.

– Әлде балаң бар шығар?

– Жоқ.

– Демек, отбасын құруға кедергі болар басқадай ешбір себепті мен білмеймін, – деп жігітім абдырады. Аяп кеттім.

– Сенің әкең ЦК-ның хатшысы болған ірі қызметкер, (ол кезде әкесі Қызылорда обкомының бірінші хатшысы еді) өзің де идеологсың… Ал менің әкем… – «халық жауы» атанып, атылып кеткен…

Бұл сөзді тамағыма тас кептеліп қал­ғандай әзер айттым. Жаңа ғана абдырап, не айтарын білмей тұрған Маратым мені оқыс құшақтап алып, шыркөбелек айналдырды. Беті албырап, көзі шоқтай жарқырап көрінді маған.

– Я, горжусь твоим отцом! И ты должна гордиться!

Сол-ақ екен, менің жүрегімнен өмірі кетпей жүрген мәңгілік мұз сиякты бірдеңе еріп сала берді. Буыным босап, көзімнен жас парлап қоя берді.

– Менің одан басқа ешқандай себебім жоқ, жаным, сүйіктім! – дегенді жылап тұрып айттым. Анығында, бұл жүрегімді кернеген қуаныштың, шексіз ризалықтың, болашақ жарыма деген ыстық махаббаттың еркімнен тыс буырқана шыққан сәті еді…

Сонымен 1956 жылғы 25 маусымда мен Сужиковтардың босағасын келін болып аттадым. Қырық жыл тату-тәтті ғұмыр кештік, үш бала сүйдік. Философия ғылымдарының докторы, оншақты ғылыми кітаптың авторы, еліне танымал болған Мәкеңді қайтпас сапарға аттандырғанымызға да көп жылдың жүзі болды… «Әйел адамның ең үлкен міндеті – бала төрбиесі, сен балаларға көбірек көңіл бөл, менің табысым семьяға жетеді», – деуші еді ол. Қыздарына 4-5 сыныптан бастап «Сендер ағылшын тілін оқыңдар, сол тіл сендердің нандарың болады», – дейтін. Үшеуі де ағылшын тілін оқыды. Біраз жыл бұрын ауыр дерт арамыздан қызымыз Гүлжанды да алып кетті…

БАЛЖАННЫҢ   БАҚЫТТЫ   ӘЖЕСІ

– Ол қайғының орны толмайтыны түсінікті, апай, тағдырдың ісіне шара бар ма? Енді Ақмоладағы өз шешеңіз Нағима әженің тағдырына оралсаңыз…

– Мамам төсек тартып көп ауырса да, өзінің айтуынша, бұл пәниден армансыз өтті. Алланың жазуын айтсаңызшы, 1957 жылғы әкемізді толықтай ақтаған қағазды күтіп жатқандай болды. Сол қағазды қолына алғанда, ол әкеміз ортамызға қайтып келгендей қатты қуанды, жарықтық. Қолынан тастаған жоқ, кеудесіне қысып, көп жылады. Сол кезде тоғыз айлық тұңғышымыз Балжанды жанына алдырып, «майлы табаным менің, мен енді бақытты әже атанып өлем» деп немересінің табанынан иіскеп көз жұмды. Мамам қайтыс болғанда ЦК-ның бұрынғы хатшысы Қаржаубаев арнайы келді, әкемді біледі екен, бірақ ештеңе айтпады. Ақтау қағазы қолға тигенмен, «заман қалай болып кетер екен» деген қауіп әлі де жоғалмаған кез еді…

– Қуғын-сүргін құрбандары ақталған соң, бой тасалауды қойып, әкеңіз жайлы білетіндерден сұрастырып көрдіңіз бе?

– Әкелерімен бірге жасасқандар, бәлкім, түсіне қоймас. Ал әкелері саналарында сағым болып, көңілдерінде сартап сағыныш қалпында қалған біз сияқтыларға олар жайлы жалқы деректің өзі арман ғой, айналайын. Бірде жазушы Сейітжан Омаров ағамыздың үйінде болғанда «мен сенің әкеңмен қызметтес болдым» дегені бар еді. Сол жолы «қашан, қай жерде» деп нақты сұрамаппын, соған өкінем. Трамвайда кездескен бір бейтаныс адам мені өзі танып, «сенің әкеңнің көп жазбалары бар, бірақ ол псевдониммен жазған, соның лақап атын ізде» деп еді. Оны қайдан іздерімді білмедім.

Кейінірек әкемнің прокурор болған бір жамағайын інісі «Сен папаңның еңбектерін ізде. Өйткені, 17 жасымда, 1936 жылы Мақсұт аға өзі мені Риддерден ертіп әкеліп, Алматыға оқуға түсірген. Сол сапарында өзінің шахтерлер туралы екі том қолжазба кітабын ала келген болатын. Екеуіміз Сәкен Сейфуллиннің үйіне бардық. Ол кісі «мен отзыв жазып берер едім, бірақ қолым тимейді» деп біздің көзімізше телефонмен сөйлесіп, «сен Сәбитке бар», – деп, сол кісіге жіберді. Екеуіміз сол қолжазбаны Сәбит Мұқановқа апарып бердік», – деген еді. Ол кезде Сәбең Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қызметінде екен.

Кейінірек Сәбит ағамен саяжайларымыз көршілес болды. Сонда сәлемдесіп жүріп, ол жайлы сұрауға ұялдым, соған да өкінемін. Сәбең қайтыс болып кеткен соң, мұражайынан, архивінен сұрастырып едім, «ондай ештеңе жоқ», – деді.

Сондықтан қолымда, міне, әкемнің өлеңі мен әңгімесі шыққан шығысқазақстандық жазушылардың 1934 жылы жарық көрген шағын екі жинағы, әкемнің аты-жөні жазыл­ған «Қазақ әдебиеті» газетінің бір саны, Мақаш Тәтімовтың «Қазақ әлемі» кітабы мен атылған­дардың дерегі жарияланған «Азалы кітап­тың» бір томы бар. Әкем жайлы ең бағалы да қымбат қазынам – осы ғана. Енді өздерің газеттің мұражайын ашамыз, жинақ шығарамыз деп жатыр екенсіңдер, Алла разы болсын, істерің оңға бассын, шырағым!..

*  *  *

Ақ лағылдан қашап құйғандай мәрмәр мүсін. Бойы тіп-тік, өңді, кербез, паң. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген қоңырқай жанары даналықтың ұясындай мейірімді. Аппақ та нұрлы жүзінен туа біткен тектіліктің тегеуріні аңғарылып тұр. Роза апайдың өзі де Ғылым Академиясының Ядролық физика институтында, Қазақ педагогика иститутында, Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу лабораториясында отыз бес жылдай еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан. Қазір сол еңбегінің зейнетін көруде.

Сол күнгі әңгімеден соң Роза апайым, бүкіл өмірін қайта сүріп шыққандай болған еді. Бірақ оны сыртқа шығарғысы жоқ. «Мен бақытты ғұмыр кештім, бақытты жанмын» дегенмен, бір кезде өзі шыр етіп дүниеге келген, әкесінің табаны тиген сона-а-у Алтайдағы Риддерді бір көргісі келеді, көңілі алабұртып, аңсайды, сірә?!..

Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі, филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір