Қуат ҚАЙРАНБАЕВ. ӨЛУДЕН ЕМЕС, КӨМУДЕН ҚОРҚАМ!..
05.04.2020
1596
0

ҒАЗАЛ-ҒҰМЫР

Көз жүгіртсем өткенге,

көтермеппін жүкті аса.

Тәтті сөзден құраппын сұлу өлең, мықтаса.

Жанартау боп жүректің жарылғанын қайтейін,

Жанайқайын жанымның жанашырым ұқпаса?!

 

Төрт құбылам тең сынды,

жаным неден тарықты?

Құлын даусын көңілімнің дей алмаймын бәрі ұқты.

Жан болармын, бәлкім, мен жарық күнде адасып,

Тектен-текке түңілген түннен іздеп жарықты?!

 

Жалғыз қалған жандаймын,

жабырқаулы, жырақта.

Ғұмыр кешу – баянсыз, саналыға мұрат па?

Сел-сел болып жөңкілген сезімімді қайтейін,

Қайнарлардан нәр алып, айналмаса бұлаққа?!

 

Қуануды қойғанмын,

тойғаным мен барға аса,

Ұлы мақсат болмаса – құр өмірің далбаса.

Жанғанымды қайтейін,

жалынымнан тұтанып,

Жанымдағы мың жүрек алаулап бір жанбаса?!

 

Тоқырадым,

тосылдым,

таба алмадым жыр шерін,

Алданыппын арзанға,

қолын соғып күлсе кім…

Жылдар бойы жазғаным оятты ма бір жүрек,

Үкілеген үмітім тұтатты ма бір сезім?!

 

Күндер өтіп барады,

ала-құла күй кеше,

Өмір сүргім келеді көңіліммен үйлесе.

Махаббатты маздатып жазғанымды қайтейін,

Мен сияқты ғашық боп,

мен секілді сүймесе?!

 

Ұмтыламын несіне,

кімдер үшін самғаймын?

Жібітер ме тасбауыр бұл қоғамды жан қайғым.

Ашылар ма бір гүлі соры қалың жұртымның,

Тамырына тамызсам терін сығып маңдайдың?!

 

Өмір сүргім келеді өлеңменен жұптаса,

Жүрек сөзін айтайын,

ардақты елім құптаса.

Ғазал-Ғұмыр,

ғашықпын сағымыңа мен сенің,

жанайқайын жанымның

ұқса-дағы…

ұқпаса…

 

ҚОРҚАМ…

Абыржып көңіл,

ашиды қолқам.

Байбалам тірлік,

айналам сортаң.

Бәрін де тастап кетейін десем,

Өлуден емес,

көмуден қорқам!

 

Таусылып демім,

ет жүрек те өліп,

Тірісін менен тектірек көріп.

Теріс айналып кетер деп қорқам,

тереңдеп қазып,

тепкілеп көміп!

 

Болмадым, білем,

даралау көсем.

Кетті ғой талай «қара дәуде» есем…

Жүрегім мұздап сала береді,

Үңгірге суық салады-ау десем.

 

Көңілім бар-ды жақтырған бәрін,

Өзім де көмгем жат құрбандарын,

Көруді қойшы,

ойлаудан қорқам,

Қабіріме топырақ лақтырғандарын…

 

Таусылса демі – сойыңыз ғаріп,

Сондайда тартар ойың ызғарық.

Қайғырғансынып тұрғаннан қорқам,

Көмгенде мені айызы қанып…

 

Бәйгесін бәстің кім ұтар бөлек?!

Талайға біз де үміт-арман ек…

Қаралы топтың сұрқынан қорқам,

Қайрыла бере ұмытар ма деп!

 

Мен тектес кетсе бала шығынға,

Бөленбес, бәлкім, даласы мұңға

Төмпешік болып қалудан қорқам,

Қимас көздердің қарашығында!

 

Көргем жоқ жанды батыр ап қалар…

Күз келген кезде жапырақ солар.

Жанымды қойшы, тозақта жансын.

Тәнімнен қорқам топырақ болар!

 

Сабырым да осы,

төзімім де осы…

Ақынның әркез сөзі – мұңдасы

Жиылып келіп тірілте алмайды-ау,

Ағайын-достың көзінің жасы!

 

Жабығар туыс,

Сағынар ортам,

Тірлікте мынау қашанғы жортам?!

Қолды бір сілтеп кетейін десем,

Өлуден емес,

көмуден қорқам!!!

 

ОТ  ТУРАЛЫ ОДА

Шүкір,

бүгін емхана емес,

үйдемін!

Тәңір қолдап ақ кебінді кимедім.

От-жалынға ораушы едім жүректі,

Отқа оранып, осы болды күйгенім…

 

Тілсіз  жауы деуші еді отты ғаламның,

Ойда жоқта жалын-отқа орандым.

Опырылып түспесе де қабырғам,

Таңылулы төсекте өтті тәмам күн.

 

Отты құштым,

аймалады ол мені,

Сабаласам,

су құйсам да сөнбеді.

Қайтарымы солай болды тағдырдың,

Бұл пенденің көп екен ғой көрмегі.

 

Жанып жатты,

шулап жатты айналам,

Көрші-көлең салып жатты байбалам.

Жанып жатты үстімдегі көйлегім,

Санам сергек,

Тілім аман сайраған.

 

Өзім,

Өзім,

кінәлі емес әлдекім,

Лап етті де сезімімдей дәл менің.

Шарпып өтті түк қалдырмай тәнімді,

Содан бері дәл осындай халдемін.

 

Жарым,

Қызым,

немерем де үйдегі,

Тәубе,

Тәубе,

Мен сияқты күймеді.

Бірақ менің әр қиналған сәттерім,

Олардың да жүректерін түйреді.

 

Кім біледі,

Сол кез нені аңсадым,

Көретұғын бар екен-ау таң-сағым.

Ақ желеңді жандар жүрді жанымда,

Аман алып қаламыз деп қанша күн.

 

Жазым ба әлде,

келген маған төтелеп,

Жауабы жоқ сан сауалдар өте көп.

Анығы бір – мен сүйетін жандардың,

Ақ тілегі алып шықты жетелеп.

 

Жауыма да жалпақтап ем, досыма,

Тағдырымның сын сағаты осы ма?!

Мың ләззатты шақтарымды қияр ем,

Жақынымның бір-ақ тамшы жасына.

 

Бақыт деген басқа қонған құс па еді?

Ұйқыдағы таң-тамаша түс пе еді?

Сыртқа шығып кетті ме әлде от-жалын,

Жарылуға жақын қалған іштегі?!

 

Өтті-кетті,

неге керек күрсініп…

Тәтті де екен,

ащы да екен тіршілік.

От туралы ода жазып отырмын,

Бір тал күйсе,

шығады екен бір шыбық…

 

Өзіме аян,

тау-тасқа сан ұрындым…

Өлеңдерім куәсі жан сырымның.

От ішінен алып шықты, білемін,

Жан дауысы қыздарым мен ұлымның.

 

Ессіз күнім,

есер күнім бір кезгі,

Мерген болып жолықты ма сұр көзді?!

Оттың өзін жақсылыққа жобалап,

Жойсын деймін  бәле-жала, тіл-көзді.

 

Шүкір,

бар-ау атар таңым,

татар дәм.

Қайтқаным жоқ өмір атты сапардан…

Үмітімді алғы күнге жетелеп,

Қалмай келем қаумалаған қатардан!!!

 

*    *    *

Қай шақта жүрмін,

Қай жерді жүрмін мекендеп…

Көңілде алаң,

Сенімде селдір секем көп.

Күтумен жүрмін беймәлім, жұмбақ дүниені,

Қай тұстан келіп қауыша кетер екен деп.

 

Көңілім алаң,

Жүрегім неге жаралы?!

Атпаған сынды арайлап маған таң әлі…

Бір сәтті күтіп,

Нұр шақты күтіп ғайыптан,

Сусыған құмдай күндерім өтіп барады.

 

Соғардай алдан арманның асқақ самалы,

Сол бір сәт маған өзге күндерден бағалы.

Бір ойды күтіп оңаша кейде отырам,

Серпіп жіберер сарсаңға түскен сананы…

 

Көрген соң жиі көкірегін керген би-бекті,

Өмірдің өзі қалай сөйлеуді үйретті.

Сонда да, бар ғой,

Бір сөзді күтем ғайыптан,

Бүлк еткізетін безге айналмаған бүйректі.

 

Аңсайтын болар осындай ерек шақты адам,

Жылдардан емес,

Жұлдызды сәттен бақ табам.

Бір ұйқас келіп ұйқымды бұзса, шіркін-ай,

Әлемнің барлық шайыры ойлап таппаған!

 

Өтермін бәлкім өмірдің мәнін мол ұқпай,

Күн шықса күліп,

Қуанып кейде толықса Ай…

Қорқамын бірақ қызықты қуып жүргенде,

Қалдым ба екен деп көп күткен сәтке жолықпай…

 

Тағдырдың тұмса қиын ғой қия жолдары,

Бір ғана мезет…

Өмірдің маған сол мәні.

Жадында қалар қамкөңіл мынау жұртымның,

Жұлдыздай жарық бір өлең жазсам болғаны!

 

*      *       *

Керек кезде,

керек жерде тумадым,

Арпалысып атақ-мансап қумадым.

Айды алам деп қол созбадым аспанға,

Жырдан таптың бұл дүниенің думанын.

 

Көппен бірге, жаймен өтіп жас шағым

Бөлектеніп, шығармадым  асқақ үн.

Санаулының қатарында жүргем жоқ,

Сәйгүлікті тақымыма баспадым.

 

Жылпостармен жалғастырып жең ұшын,

Айла іздемей,  жырмен болды көп ісім.

Кесірлінің су құймадым қолына,

Керенаудың кигізбедім кебісін.

 

Тәубеменен қарсы ап әрбір ақ таңын,

Тағдырыма зар-мұңымды шақпадым.

Бірде озып, бір қалса да жүйрігім,

Шын тұлпардың шаужайынан қақпадым.

 

Терең бе еді, таяз ба еді талғамым,

Көп болды ма бергенімнен алғаным?!

Жақсыларға жұлып бердім жүректі,

Ардың ісін саудаға әкеп салмадым.

 

Болсам деумен тау тұлғалы, өр үнді

Шығармадым шымбайдағы шерімді.

Биліктінің билемедім алдында,

Білектіге бүккенім жоқ белімді.

 

Бақ-талайдың сүрлеуі көп, жолы мың…

Сан сүрініп,

тайды талай тобығым.

Тайталаспен өтіп жатыр тірлігім,

Қоңыр тірлік,

қоңыр әуен,

қоңыр үн.

 

Өміріме өзек болып өлеңім,

Өз халімше жырдан маржан теремін…

… Керек кезде, керек жерде туғанның,

Айтқандарын орындаумен келемін!!!

 

 

ҰШАҚТАР

Көк аспан тілінгендей көбесінен,

Ақ бұлтты шайқап өтіп жебесімен.

Сәт сайын, сағат сайын көп ұшақтар,

Үйімнің ұшып жатыр төбесінен.

 

Сұп-суық болмаса да сұрқы мейлі,

Бір күні құлай ма деп жұрт үрейлі.

Біреуі сызылтып ән салып өтсе,

Біреуі найзағайдай күркірейді.

 

Аспаннан тарататын тарапқа әнін,

Ұшақты құлатпағай, Жаратқаным!

Осы бір тілегімді құп көре ме,

Бір қағып өтетіндей қанаттарын.

 

Тоқтаусыз сырғығанда ғұмыр-ғалам,

Адамдар ғарышты да тұғырлаған.

Қиялда қол жетпейтін аспан-әлем.

Жердегі мен құмырсқа жыбырлаған.

 

Сияқты ұшатұғын келісіп ап,

Сіңеді көкжиекке тегіс ұзап.

Төбемде төңкерілген дүниеде,

Бір әлем өтіп жатыр менісіз-ақ!

 

Көк аспан ойларымды құп көрер ме?!

Жеткізгей бір жан барын күткен елде.

Ұл-келін, немереммен бар ма екен деп,

Үңілемін терезе-нүктелерге…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір