Қайран, Қал-ағам-ай!
04.04.2020
1073
0

(Қалихан Ысқақтың рухына бағыштау)

Өмірімде жүзбе-жүз кездесіп, ауызекі сөйлесіп көрмеген кісім еді. Жазушылар одағының бір жиналысында, әлде әдеби жыл қорытындысында болса керек, сөйлеген сөзін естігем. Екі қолын артына қайырып ұстап, маң-маң басып, сахнаға асықпай көтерілген. Микрофонды қайырып әкеп аузына тақап, мінбеге шынтағын тіреп, бірқырындай тұрып, қоңыр үнмен сөзін сабақтаған. Бойы мінбеден сәл асып тұрған. Сөзінің түйіні: «Бізде көркем проза жоқ, кәзіргінің жазғандарының көбі – боқ!». Зәрені ұшыратын сөзді тігісін жатқызып, уәжімен айтқан. Сырттай сыйлап, шығармасына тәнті боп жүрген жазушымды залдың артқы бұрышында отырып алғаш рет көргенмін.

Компьютерге қол жетпей жүрген кез, біреуге жалынып-жалпайып әңгіме, хикаяттарымды тергізіп алғанмын. Көлемі шағын. «Қалихан ағаға бір көрсетейін, не дер екен, ұнатпаса, өртей салармын» деген ой келді басыма. Әуезов театрында әдеби кеңесші болып жұмыс істейді дегенді естігем. Бардым. Бір қора әртіс әйелдермен даңғарадай бөлмеде отыр екен. Имене басып, сәлем беріп қолын алдым. Ала көзімен басымнан аяғыма дейін тінте қарап шықты да, «отыр!» –  деді, отырдым. Мұрнымның астынан міңгірлеп бұйымтайымды айттым. «Тастап кет. Он күннен кейін хабарлас!» – деді. Жазықты кісідей басымды төмен салып табалдырықтан кері аттағам.

Сол он күн өмірімдегі ең ұзақ он күн болды. «Бекер-ақ бардым-ау» деп өкіндім. «Балшығыңды әкет!» десе қарабет болғаным емей, не!? Таңы әзер атып, күні әрең көтерілген оныншы тәулікте театрдағы таныс есікті қақтым. Тағы сол бір топ әртіс әйелдер ошарылып тұр. «Кел!» – деді, келдім. «Отыр!» – деді, отырдым. «Әй, қатындар, шығыңдар!» – деді бұйырып, шығып кетті. Тартпасынан қолжазбаммен қоса қойын дәптердің екі бетіне маржандай ғып жазған жазуын алып шықты. «Тыңда!» – деді, тыңдадым. Оқыған екен, талдаған екен, ақыр соңында: «Проза дейтін сапқа бір сарбаз келді. Оның қаламы мен талабын алдан күте жатармыз» деп аяқтапты. Арқамнан ауыр жүк түскендей «үһ!» дедім. «Кітап қып шығарсаң «Өмір-ай!..» деген хикаятыңның атын қой», –  деді. «Қоямын», –  дедім. «Енді өзіңнің кім екеніңді айт!» деді, айттым. Анық есімде жоқ, «Сіз аға болуға жарасаңыз, мен іні болуға жараймын» дегендей бірдемелер айтқан сияқтымын.

Сөйтіп Қал-ағамның ықылас-батасын алып, іштей болса да жұмыр жерге аса бір талантты жазушы келді деп төбем көкке бір елі жетпей «Әкемтеатрдан» алшаңдай басып шығып едім. Бұл – 2002 жылдың қара күзі болатын.

14 наурыз туған күні. Жылда сол күні жазушы ағаларының артында қалған жеңгелерінің бір тобын үйіне шақыратын. Қал-ағам үстелді айналып жүріп, әркімнің тұсына бір тоқтап, сол кісі туралы жылы лебізін білдіріп: «осы кісі үшін тост көтеріп қойыңдаршы», – дейтұғын. Дәмеш жеңгем ағамыздың шашын саусағымен тарап, «Біздің Қалихан үйтті, біздің Қалихан бүй деді» деп баласындай өбектеп отыратын… Үш-төрт күн хабарласпай кетсем, ағамыз кәдімгідей өкпелеп қалатын. Телефон тұтқасын жеңгем көтеретін де: «Әй, Қалихан, біздің Ғалым!» деп шақырып жатады, ар жақтан «Туалетке де дұрыстап отырғызбайсыңдар ғой», – деп қомпылдап ағам келе жатады. Келе:  «Ошағанның арасынан бие қайырған айғыр құсап қайда жүрсің, енеңді ұрайын?!» – деп дүрсе қоя беретін. Менің жалбыраған, білтеленген, ұзын шашыма қарап айтатын теңеуі. «Не істеп отырсыз?» деймін әдейі. «Көтім ойылғанша отырдым, қарап отырған жоқпын…» арғы жағы боқауыз сөзбен тынады. Ағамды бильярдқа апарамын не шәйхананың бірінде отырып әңгімесін тыңдаймын. Таңды таңға ұрып әңгіме айтуға бар. Тарихи тақырыпқа келгенде «пәлен хан пәленшекеңе соғыс ашқанда сағат түскі бірдің кезі…» дейді, «Қойыңызшы, сағаты несі» десең, «Сенбесең, Бичуриннің кітабының пәлен тарауын қара, түгенбайдың кітабының түген тарауын қара, салыстырып көрсең біздің уақытпен сағат бірді көрсетеді», – деп аузыңа құм құяды. Таласпаймын. Таласатын да білімім жоқ, құлақ молдасымын.

Жетпіс жылдығын елінде тойлады. «Қатынқарағайды көрсетем, бірге барасың», – деді. Өзі, жеңгей, Сейфулла Оспанов ағам бар менің көлігіммен жолға шықтық. Машина орнынан қозғала бере Қал-ағам жанқалтасынан темекісін алып тұтатты. Қалған үшеуіміз шылым шекпейміз, шекпейтін кісілердің темекі түтінін иттің етінен жек көретіні бар.

Әңгіменің майын тамызып айтып келеді, шылымның да шоғын өшірмей, үсті-үстіне жалғап тартып келеді. Екі жақтаудағы терезені кезек-кезек ашып, желдетіп мен келемін, оны елейтін ағам жоқ. Жеңгем жақтырмай, тырысып отыр. Төртінші ме, бесіншісі… шылымнан кейін машинаны жолдан бұрып, кілт тоқтаттым.

«Әй, не болды, неге тоқтаттың?! – деп сасып қалды. «Темекіңізді құшырыңыз қанғанша шегіп алыңыз!». Ала көзімен атып, бүй деді: «Өй, сен де бір!..» Шайқайнатым уақыт жүргеннен кейін: «Бір тал шегейін», деді. «Шегіңіз» деп машинаны қайта тоқтаттым. Жеңгем шарт кетті: «Мына түрімізбен Аягөзге бүгін жетпеспіз». Қалағамның тілі байланды. «Өй, сен де бір!..» – деп танауының астынан күңк етті.

Біз ақыры жеңіп тындық. Сол жолы сөздің бір реті келгенде: «Осы темекі деген бәлені тастамайсыз ба!» дегенімде, «Бұл – менің елу төрт жылғы кәрі жолдасым, жеңгеңді тастасам тастап кетермін, бірақ мұны тастау қиындау», – дегені бар.

Аягөздің іргесіндегі «Шыңғожа батыр» ауылында аудан әкімі қарсы алған. Нұртай Сабильяновтың ауылы екен. Атымтай жомарт, үлкен жүректі азамат өзінің қонағын күте алмағанына ғафу өтініп, Қал-ағама арнап көл-көсір дастарқан жайдыртыпты. Той сол арадан басталған. Аягөзге екі түнеп, Қара Ертістен өтіп, Қатынқарағайға, ағаның ауылы Топқайыңға да жеткенбіз. Асанқайғы желмаясымен желіп жүріп, қимай аттанған жер жәннатының бірі осы өңір болса керек. Ертеректе Қал-ағам өз тілімен айтқанда «Самауыр» досы Әкім Таразиды Топқайыңға ертіп келіп, елімен, жерімен таныстырған көрінеді. Таразиды қарлы шың, етекке жамырай құлаған қарағай, күркіреген өзен… төрт тараптағы тұмса табиғат қатты қызықтырады. Ағаш бесікке ұқсатып, қарағай тақтайдан қалқитқан зираттарды көріп: «Мынау не?» десе керек. «Мола», – депті Қал-ағаң. Сонда Әкім тұрып: «Ой, Алла, осындай жұмақта да адам өледі екен-ау!» деп қайран қалыпты. Құданың құдіреті, толған ай «Бүркіт» деген шыңның дәл төбесінде ілініп тұрады екен. Жұлдыздар баданадай болып көзге анық көрінеді. Сайлаухан деген інісінің үйінде түнеп, түнгі аспанды тамашалағанбыз. Қал-ағам Дәмеш жеңгемді алғаш ауылына әкелгенде «Бүркіттің» басындағы алтын табақтай айды көріп, таңданысын жасыра алмай бүй деп сұраған екен: «Қалихан, осы Алматыда ай бар ма?!»…

Өзінің «Келмес күндер елесі» кітабында атын атаған туғандарымен таныстырған. Інілері ағаштан өріп, сәндеп салып берген үйін көрсеткен. Іргесінде мөлдіреп бұлақ ағып жатқан. «Мыналар мен өлгенде осы үйді Қалиханның музейіне айналдырмақшы», – деп жымиған. Той жақсы өтіп жатқан. Күтпеген шу бәйгеден шыққан. Екі ат құйрық тістесіп қатар келді аламанда. Мәреге жеткенде, бір бас кейін келген аттың шабандозы: «Ана бала менің атымды қамшымен жасқап жіберді» деп дау тудырды. Бәйгеге қатысы барлар да, қатысы жоқтар да, төрешілер де жарты сағат бойы шешім шығара алмай дал болды. Қай қудың басы істеп кеткенін білмеймін, біреу тұрып: «Осы істің төрелігін той иесінің өзі айтсын», – деп салды. Қал-ағаң: «Маған салсаңдар, екі ат бір айналым шауып келсін, қайсысы бұрын келсе, бәйге соныкі», – деді. Бұйрықша басы озып келген ат тағы да бірінші келді. «Қалекең әулие екен» деп жалпақ жұрт бас изесіп, таңдай қағысып жатты.

Қал-ағам оқыған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектепті Қаратай елінің болысы, Алашорда қайраткері Әбдікәрім Ережепұлы 1907 жылы ашқан екен, іргетасы әлі орнында тұр. Тайгадан өгізбен қарағай сүйретіп әкеліп, қарағайды бір-екі жыл суға тоғытып, шайырын ағызып барып үйді салдырған көрінеді.

Кейін өртеген бе, қиратқан ба, жермен жексен етіпті. Ал болыстың өзі басына күн туып Қамбар, Шабдан атты екі ұлын алып 1929 жылы Қытай асыпты. Қал-ағамның жазуынша, Әбдікәрім болысты Кеңес одағының консулдығы у беріп өлтіріпті. Әбдікәрім болыстың табаны тиіп, өмірінің бірнеше жылын өткізген Өр Алтайды, Ертістің басын Қал-ағама бір көрсетуді армандап едім, әттең, сол арман орындалмады.

Қал-ағам сол тойдан бір ақ жигули мініп қайтты. «Ниваңыз» бар, мынаны мініп жатқан жоқсыз, ақшасын алмадыңыз ба?» – десем, «інілерімнің елге көз қылып сыйлағаны ғой, көңілдерін жықпадым», – дейді. Сөйтіп, ағамыз бен жеңгеміз бір машинада, Сейфолла аға екеуіміз бір машинада Ертіске жетіп, пароммен өткен соң Қал-ағам: «Мына сұр есектің доңғалағынан бір «тық-тық» еткен дыбыс шығады, түсінсем бұйырмасын» деп тұр. «Тежегіштің калоткасы шығар», – деймін мен, менің сөзімді жәй-әншейін тұрғандар да құптады. Зауыттан енді ғана шыққан машинада не ақау болсын, сонда да жыраға талтайтып қойып бауырына үңіліп, түк таппадық. Жеңгей екеуіміз көр-мәзір бірдемені сөз етіп тұрғанбыз, Қал-ағам машинасын орнынан қозғап, күрежолға түсіп, жын қуғандай безді де кетті. «Әй, Қалихан!» – деп жеңгей дауыстап жатыр, естір құлақ жоқ, соңынан қою шаңын шұбыртып «сұр есек» белден асып кетті. «Тойын өткізіп алған соң, сізді не қылсын» деймін әзілдеп. Жиырма минөттен кейін сұр есекті борбайлап Қал-ағам жетті. «Бір ойға беріліп кетіппін де, келе жатып Дымишаға (жеңгейді солай атайтын) бірдемелерді айтам, бұл үн қатпайды, бұған не жетті деп артыма қайырылып қарасам, бәйбішем жоқ. Содан кері қайтқан бетім ғой» деп тұр. Ал кеп күлейік. «Ойбай, мынаны біреулер естіп қойып жүрмесін» деп жеңгем шыр-пыр етеді…

Азаматтығы да, адамгершілігі де, жазушылығы да көп айтылып, көп жазылды.

Оншақты жылдың жүзінде қасында жүріп байқаға­ным: әдебиетке шексіз адал болатын. Жақтырмағанын бетке айтып, ұнатпаған шығармасын «балшық» дейтін. «Жұлдыз» журналының проза бөлімінде сырттай жұмыс істеп жүрген кезінде «Қал-аға, сіздерде мықты проза бар ма?»  – дегенімде, «редакцияда бір қап балшық жатыр», –  дегені есімде. «Жақсы жазушы» деп Әлібек Асқарды, Дидахмет Әшімханды, Мархабат Байғұтты, «жақсы ақын» деп Ұлықбек Есдәулетті, Жәркен Бөдешті, Несіпбек Айтұлын жиі айтатын. Қазақ тілін жетік білетіндер деп қатарға қосатындары тым сирек болатын.

2014 жылдың 13 тамызында Қал-ағам дүниеден өтті. Жазушылар одағы ғимаратының екінші қабатында қоштастық. Ел жиналар алдында орыстың екі жігіті ақ жаймаға орап сүйекті алып келді де, табытқа жатқызды. Топаны тоқтыдай-ақ мүрдені көргенде төбе құйқам шымырлап, денем түршігіп кетті. Моргтан әкелген беті болса керек. Тағдырдың ісі, Қал-ағамды ауылына аттандырып салып, амалсыз қоштасып қала бергенбіз.

Қырқын өткізген соң, жеңгеме телефон шалып, хабарластым. «Қалихан кетті, енді мен кімге керекпін, соңынан кетуім керек еді!» –  деп зар еңіреді. Жұбатқан боп жатырмын. Екеуінің махаббаты шексіз болатын, Қал-ағам үйге оралғанша телефонымызға маза бермейтін. Үйіне жетелеп апарып, қолына тапсырып, біздің де көңіліміз қош болатын. Ағамыз сусамыр дертімен көп жыл ауырды. Соңғы жылы бір топ жігітпен Қал-ағамды ортаға алып, тойлатқанымыз бар. Қайтарға жақын Қал-ағам дастарқан басынан тұра алмай қалды. Екі аяғында күш жоқ, кирелеңдеп жерге отыра кетті. «Есім сап-сау, мына екі таяққа не жетті?!» деп өзі де айран-асыр. Жігіттер үйіне жеткізіп салып, жеңгемнен сыбағаларын алып қайтыпты. Бірнеше күн хабарласа алмадым, хабарласуға жүрек дауаламады, жеңгей өлтіреді деп жүргем. Кейін өзі біреудің телефонымен: «Қайдасың,әй, енеңді ұрайын!» – деп тұр, «ойбай-ау, аға, тірісіз бе?!» деппін ғой сасқанымнан. Арадағы бір күні Ғалым Жайлыбай Қал-ағамның үйіне телефон шалса керек, жеңгей Ғалекеңді мен екен деп «Қалиханды мас болғанша неге ішкізесің» деп жерден алып, жерге салыпты. «Жайлыбаймын» деп әзер құтылыпты ол. «Қалекеңе не істеп қойып едің» деп Ғалекең келесі күні маған қоңыраулатты. Сол жалалы отырысымыздан кейін Қал-ағамның денсаулығы күрт төмендеген. Аяқ басылмай, арбаға отырып қалды соңында… Қос алақанына салып, пір тұтып, мәпелеп келген жарының артында құлазып қалғанына асыл жеңгем қалай құсаланбасын. «Соңынан кету керек еді » деген тілегін Алла қабыл көрді де, көп ұзамай жеңгей де өмірден өтті… Қал-ағамның үйінің жанынан өткен сайын менің де көңілім алабұртып қалады. Үйдің артындағы шағын саябақта басына қызылкүрең фескасын(тақиясын) киіп, екі қолын артына қайыра ұстап, мамырлай басып келе жатқан Қал-ағамның сұлбасын көргендей болам. «Ошағанның арасынан бие қайырған айғыр құсап қайдан жүрсің…» дейтін секілді мені көрсе…

Естуімше Топқайыңдағы мектепке Қал-ағамның атын беріпті. Алдына кеуде мүсінін орнатыпты. Басына мрамордан құлпытас қойыпты. Тасқа: « Қазақстанның Халық жазушысы…» деп жазған екен. Қал-ағамның қолы ол атаққа тірісінде жетпей кеткен. Ал халқы мойындап, «Халықтың жазушысы» деп жатса, онда тұрған не әбестік бар?!. Не десек те, қазақ тілінің мәйегіне қанып, қарасөзіне қан жүгірткен ұлы суреткер екеніне бәс айтатын пенде болса, тілегенін тауып берер ек, жоқ қой, шіркін! Әттең, шолақ дүние-ай, тірі болғанында сексен бесін тойлап, қолды-аяққа тұрмай қызмет етіп жүретін едік, жаны жәннатта болсын жақсы ағамның!

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір