Айгүл ІСІМАҚОВА, әдебиеттанушы ғалым: ҚАЗІРГІ ЕРЛЕР – ЕЗ БОЛМАУҒА ТЫРЫСУЫ КЕРЕК
04.04.2020
1013
0

– Адамның басты  қасиеті не деп  ойлайсыз?

– Алла Тағаладан тегіміз  Адам болып, оң мен солды таңдауды тек Адамға бұйырғандықтан, Абай айтқан ақыл, қайрат пен жүрекке ие болып бұл өмірден есті адам болып өту басты қасиет деп ойлаймын.

 – Ер-азаматтың  басты  қасиеті ше?

– Асан Қайғыдан басталған жыраулардың – Бабалар айтқан асыл сөзінде –  Ер мен Ез түсінігі өзгермегенін есте  сақтап, қазіргі Ерлер  –  Ез болмауға тырысуы керек.

– Бақыт деген ұғымды  қалай  түсінесіз?

– «Шын бақтың айнасы» деп Шәкәрім жазғандай: бақытты кез адамның ата-анасының мейірімін сезінген пәк кезі. Осыған қосуға болар еді: одан кейін, өзі ата-ана болғанда, салиқалы, қайырлы ұрпағы бар екеніне көзі жеткен кезі шығар деп ойлаймын.

– Сүйікті  әдеби  кейіпкеріңіз кім?

– Менің сүйікті кейіпкерлерім –  халықтың жері мен келешегін қорғап, әділ Ел басқарушысы бола білген Абылай хан бастаған ұлт қорғаны мен билікке ақыл сөздерін жеткізе білген Бұқар жырау сияқты сақалын сатпаған ақ сақалды абыздар: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер. Берірек келсек, Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Мағжан мен Халелдер – Отанды сүю мен оған АДАЛ қызмет ету үлгісін тар жол тайғақ кешу кезінде көрсетіп кеткен қазақтың нағыз Ерлері. Алаш Арыстары қара бастың қамы емес: «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп өткен. «Осы асылдарымыз туралы жастар қашан тебіреніп жазар екен?» деп күтіп келемін. Қазақтың тұңғыш саяси элитасы «Отанды қорғау – иманнан» екенін әр істерімен көрсетіп кеткендер. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков бастаған Алаш Ерлерінің, қазақ мемлекеттілігі жоққа шығарылған уақытта,  ұлт тарихымызда  тұңғыш рет мемлекет шекарасын бейбітшілік жолмен бекітіп берген тарихи оқиғаға биыл  26 тамызда 100 жыл болады.  Бірақ бұл оқиға да  тасада қалып барады. Отанға тура осылай ақысыз, шенсіз, атақ дәметпей, адал қызмет ету үлгісін насихаттай алмай келе жатқандығымыздан  да бүгінгі жүгенсіз коррупция орын алуда деп ойлаймын. Қазақ Ерлері үшін Отанға,  Елге адал қызмет ету – басты абырой болғанын қазіргі жастардың көбі біле бермейді… Мұндай үлкен мақсаттарға қызмет етпегендер, ұсақ- түйек қуып кетуі де заңдылық.

– Ең  басты  кемшілігіңіз қандай?

– Жас кезімде Анам айтқандай, аңғалмын, елдің бәрін өзіңдей көру басты кемшілігім сияқты.

– Бос  уақытыңызда  немен  айналысасыз?

– Аллаға шүкір, бос уақытты немерелермен өткізгенге не жетсін. Одан қалып жатқан уақытта сүйікті қаламыздың көше, парктерінде жаяу жүруге тырысамын. Алматыға он жеті жасымда келген едім. Мәскеуде оқыған бес жылдан басқа бар өмірім осы жер жәннаты қалада өтіп жатыр. Алматылықтарды жақсы көремін: қай ұлт болсын, алматылық екені ерекше көрініп тұрады. Алматылықтар  – мейірімдіміз ғой.

– Өмірге  екінші  рет  келсеңіз,  кім  болуды  қалар  едіңіз?

– Елге, қасиетті бабалар қорғаған жерге зияны тимейтін, қолдан келсе– аманатқа қиянат жасамайтын, ұрпағын адал еңбегімен асырайтын адам болудан артық не бар?!

– Қандай  елде  өмір  сүргіңіз  келеді?

–Текті бекзаттар қорғап, бізге аманат еткен Жер Жәннаты Қазақ жерінде ғана.

– Қандай  ерекше  қабілетке  ие  болғыңыз  келеді?

– Адамға біреуге қиянат жасатпайтын құрылғы болса, қаншама адам абыройлы болар еді.

– Қандай  сәттерде  осалдық  танытасыз?

– Мұқтаж адамға көмек бере алмағанда.

– «Ғайыпқа  сену» дегенді  қалай  түсінесіз?

– Ыбырай Алтынсарыұлы айтқандай, «Бір Аллаға сиыну керек».

– Егер  өнертапқыш  болсаңыз,  нені  ойлап  табар  едіңіз? 

– Адамзат тарихынан белгілі: біз де керуенбіз ғой. Шәкәрім айтқан шын бақтың айнасы бүгінгілерге істеп жатқан қателерін бір мезгіл көрсететін болса, мүмкін маңайымыздағы немқұрайлық  пен қатігездік азаяр ма еді.

– Неден  жиіркенесіз?

– Қарапайым елге жаны ашымай­тын­­дардан, өздерін халықтан жоғары санай­тындардан, қанағаты жоқ рақымсыз­дардан.

– Сіз  үшін  ең  ұнамсыз  тарихи  тұлға  кім?

– Отаны мен Елін сатқандар:  бұлар туралы сонау Перғауыннан бастап көп мағлұматтар баршылық, бірақ сабақ алғандары шамалы.

– Жиі  айтатын  қанатты  сөзіңіз?

– Аллаға шүкір.

– Көзіңізге  жиі  жас  аласыз  ба?

– Әлбетте.

– Үнемі  есіңізде  жүретін  Абайдың   бір  сөзі?

– «Алланың өзі де рас,  сөзі де рас, рас сөз ешуақытта жалған болмас».

– Қазіргі  адамдардың  бойынан қандай  қасиеттер  жоғалып  барады?

– Адам сол қалпы ғой. Бірақ бүгінгінің көбі тек тәнін күтіп: ішіп, жеуге ғана мұршасы келіп, жанын байытуды ойлауға уақыты болмай өтіп бара жатыр.

– Біздің  заманымыздың  мықты  ақыны  кім?   Мықты жазушысы  ше?

– Бүгінгінің мықтысы кім екенін біз емес, бізден кейінгілер ғана айта алады. Заман дерті мен шерін дер кезінде сезініп,  билік айта алмаған шындықты шырылдап айтып келе жатқандар бар.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар пен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– «Мен Жастарға сенемін», – деп Мағжан айтқандай, жастарға білім қуу­мен қатар, замандас пен бізден кейінгі ұрпақ­тың  жанына қажетті сөз айта алдым ба дегендей  биік деңгейге көтерілу қажет.  Әлем әдебиетінде адамның хайуандық, пенделік істері әшкереленген мәтіндер баршылық.  Бірақ Әл-Фарабиден келе жатқан ұлы далада әдеби сөзге басқа талаптар қойылған. Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында»: «Өнердің адамның мақұлықтық жан сақтау және жан қоштау керегінен шыққандығын» айта келе әдебиетті асыл сөз деп атап, оның басты міндеті – адамның жанына қажетті сөздерді заманына сай айта білу деген. Себебі: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1. ақылға. 2. қиялға. 3.көңілге» делінген. Сондықтан сөз шығарушылар –  адам жанына қажетті сөздерді айтуымен қатар, ол сөздің өнегелі, үлгілі, ұлағатты болуын көздеуді анық ескерткен. Мұндай асыл сөз –  ақыл сөзі –  ұлттық код –  Асан Қайғыдан басталып қасиетті жыраулардың толғаулары мен Абайда тұр. Мұхтар Әуезовтің нұс­қауымен Қайым Мұхамедханұлы көрсетіп берген Абайдың ақындық айналасы: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұма­бай,  Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұр­сын­ұлының өлеңдерінде баршылық. Тәуел­сіз кездің  жастары өздерін  Абай мен Мағжанның алдында тұрғандай сезініп жазса екен деймін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір