САҚТАН, АЛАШ!
03.04.2020
2110
0

Қазақ халқы кез келген індет, оба сынды елді дүрліктірген аурудың атын тіке атамай «жаман ауру» деген. Бізді ғана емес, күллі адамзатты алаңдатқан сондай «жаман ауру» 3-4 айдан бері еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әбігерге салып қойды. Азуын айға білеген, ғылымы, технологиясы дамыған айтулы елдердің өзі төтеннен келген дертке шипа таба алмай дәрменсіз күй кешуде. Осындайда етек-жеңі жиналмай, жағасы жайлауда жүрген қазақтың қаперсіздігі ойыңды он саққа жүгіртеді. Президент шекараны ғана емес, екі дәу қаланы да жапты. Тәртіптің, тазалықтың қатаң сақталуын әр елдің тиісті мамандары күн құрғатпай айтып жатыр. Дегенмен біздің жұрт әлі бейқам. Ел басына күн туғанда ағайынға қадірі бар ақсақалдар, соңына кісі ерте алатын ел серкелері көп алдына шығушы еді. Бүгін де осындай зиялы қауым, танымал тұлғалар БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру шараларын өткізсе, тәртіпке бағынуға, тазалық сақтауға, сабыр етуге шақырса –  жөн еді. «Ханның сөзін қара да айтады, тек аузының дуасы жоқ» деген, сіздер айтсаңыздар көп көңіліне қонар деген үміт мол! Ел аман, жұрт тыныш болғай!

 

Смағұл  ЕЛУБАЕВ, жазушы:

ЖАҢА ФАШИСТЕР… ЖАҢА ТЕОРИЯ ОЙЛАП ТАПТЫ

Адамзат басына ақырзаман төндірген бұл  зауал нені көрсетті?

Бұл зауал дұшпаныңа бір оқ шығармай-ақ немесе оның төбесінен  бір бомба тастамай-ақ туы желбіреген тұтас бір ұлттың тұқымын тұздай құртуға  болатынын   көрсетті. Бұл зауал іс жүзінде үшінші дүниежүзілік соғыстың, ендігі жерде, қалай басталып қалай аяқталатынын көрсетті. Расын айтсақ,  адамзат бүгінде үшінші дүниежүзілік соғысты бастан кешіп жатыр. Өйткені адамзат жаппай  қыру қаруын жетпіс жылдан бері жасауға кірісіп кеткен болатын. Ол қаруды жасап шығаруға Гитлер үлгере алмай қалған еді. Үлгергенде талай елдер мен мемлекеттерді жер жастандырар еді. Бірақ Гитлердің өзі өлсе де, оның ісі өлмепті. Гитлер қанша фашист болса да 6 миллиард адамзатты қыру керек деп айқай салмап еді. Бүгінгі оның ізбасарлары 6 миллиард адамзатты қыру керек деп айқайлай бастады.  Сенбесеңіз «Рим клубының» 70-жылдардағы хаттамасына көз салыңыз. Жаңа фашистер адамзатты жаппай қыру үшін жаңа теория ойлап тапты. Ол мынаған саяды: «Жер шары осыншама адамзат баласын асырай алмайтын болды. Ендеше,  негізі ақ нәсілділерден ғана тұратын 2 млрд-ты аман алып қалу үшін қалған 6 млрд-ты қыру керек» деген идея. Және бұл идеяны беттері бүлк етпей Батыс және Америка ғалымдары айдай әлем алдында жария етті.  Ең масқарасы сол, фашизмді он орап алатын бұл идеяға адамзат өре түрегеп қарсы шықпады. Нәтижесінде, адамзатты соғыссыз қыру жолдары іздестіріле бастады. Іздегендер табады. Бүгінде, жер бетінде тайраңдап жүрген тажал сол жаппай ізденістің нәтижесі. Ең өкініштісі, осы қарумен өзгеге көр қазбақ болғандар бүгінде осы көрге томпылдап өздері түсе бастады. Өкінішке қарай, қазақ тәрізді қақ-соқпен ісі жоқ қойдай қоңыр елдер  қосақ арасында кетіп жатыр. Не істеу керек? Ғылымды дамытып осынау жойқын қарумен күресе алатын деңгейге жету керек! Ұлттық қауіпсіздік бірінші орынға шығуы керек! Халқың жаппай бұл жойқын қару құрбаны болып кетпес үшін, қатер бұлты қай жақтан төнетінін алдын-ала білу парыз. Қатер бұлты қай жақтан төнетінін  қалт жібермей күні-түні қадағалау парыз! Ұлттық қауіпсіздік рөлін күшейту парыз! Өйткені  мәңгілік дос та жоқ, мәнгілік дұшпан да жоқ. Тек, ұлт мүддесі ғана мәңгілік.

 

Ахметжан АШИРИ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

ТӘРТІП ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУДІҢ КЕПІЛІ

Тұңғыш Президентіміз, Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы шұғыл жолдауында: «Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шараларды қолдауға шақырамын», – деді. Міне, осылайша Елбасымыз ел халқына үндеу тастап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына тығыз топтасып, мемлекет бойынша жарияланған төтенше жағдайдың барлық талаптарына бойсұнуды талап етіп отыр.  Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында карантиндық режим  қабылданды. Ендеше жолға қойылған ережелерді берік сақтап «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлікте қимылдап, бірлесіп күш топтап осынау қиын жағдайдан шығынсыз, шытырмансыз шығу бәрімізге ортақ міндет, ортақ талап болсын! Қытай елінен оқыста басталып кеткен  «коронавирус» деген жұғымтал індет әлемге тез жайылып, 155 елге жетіп, жер жүзін әбігерге салды. «Апат айтып келмейді» деп, адамзатты аяғынан тік тұрғызды. Қытай елінен басталған бұл дерт Корея, Иран, Италия секілді елдерге жетіп, олардың салғырттығынан әлде немқұрайлығынан жаңа ошақ көздеріне айналып, онан сайын өрши түсті. Баяғы замандардай емес, бүгінгі таңда жержүзі мемлекеттерінің қарым-қатынасы, байланысы өте тығыз. Арлы-берлі сапырылысқан адам, қым-қуыт қозғалыс. Осындай себептердің әсерінен бұл ауру тез таралып, адам өміріне барынша қауіп төндіре түсті. Дүние дүрлігіп, әр көңілге алаңдаушылық ұялатып, мазасыздықты алып келді. Осы бір аты жаман аурудың салдарынан әлемдегі мұнайдың бағасы кенеттен құлдырап, ол сауда айналысына кері әсерін тигізіп, қаржы дағдарысының сұрапыл толқынын тудырды. Біздің ел осынау жер шарының ажырамас бір бөлшегі болған соң, халықаралық деңгейде пайда болған экономикалық тербелістер бізге де ықпалын тигізбей қалмасы анық. Әсіресе, дауасы табылмай отырған «тұмаудың» асқынуы эпидемиялық сипат алып кетті. Міне, осындай қиын кезде біз не істеуіміз керек? Бүкіл дүние жүзі апатты жеңу жолында жан аямай күресуде, сондықтан да біз де сақтықты күшейтіп, ауруды ұлғайтып алмауымыз керек. Осындай ауыр сынға тап болған тап бермеде, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы мен басқаруына толық құлақ асып, үкіметтің жолға қойған іс-шараларына қолдау білдіруге тиіспіз.   Халқымыздың өткен ғасырлардағы өміріне назар салып, көз жүгіртетін болсақ, бұдан да қиын, бұдан да үрейлі сәттерді бастарынан өткізгеніне куә боламыз. Алайда батыр да байсалды, парасатты да ержүрек халқымыз жұдырықтай жұмылып, бір мақсатпен, барлық төніп келген төтенше жағдайды жеңіп шыққан екен. Ендеше, бұл жолғы жайсыздық пен жайылған дерттің қыспағынан тез арада құтылып шығарымыз анық. Өйткені сыйынған Алламыз бар, сенген көшбасшымыз бар, рухы биік, жігері үстем жұртымыз бар, дамыған ғылым-техникамыз бар. Билік батыл қадамдарға барып ең тиімді жобаларды іске қосуда. Бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып сақтық шараларына өтті. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, қаржы-қаражат, тәжірибелі маман күші жеткілікті. Ендігі жерде біз қатаң атқаруға тиісті бірнеше міндет бар. Оның ең біріншісі, тәртіп. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп, сұрапыл соғыс жылдарында жаудың бетін қайтарып, жеңіске жеткен екен. Біздің де душар болған жағдайымыз сол кездегіден бірде-бір кем емес. Бұдан аман шығудың кепілі – тәртіп дер едім. Екіншіден, ешқашан үрейге бой алдырмай, жігерімізді жасытпай өскелең рухпен қарсы тұра білуіміз керек. Үшіншіден, тұтас Қазақстан халқы ынтымақтаса отырып, бірауыздылықты сақтап белгіленген ережелер мен борышымыздан жаңылмауға тиіспіз. Мемлекет бар күшті іске қосты, біздің міндет – қолдау, орнықтылық таныту, орнымыздан табылу!.. Мұндайда албаты даурығуға, қоғам өмірінен саяси астар іздеуге, бір-бірімізді кінәлауға жол жоқ. Күнді түнге жалғап қызмет етіп жатқан азаматтарға, құқық қорғау органдарының жанкештілеріне, ажалмен бетпе-бет келіп отырған медицина саласындағы қызметкерлерге амандық тілейміз! Болаттай тәртіп астында болашағымыз нұрлы болады.

 

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ,
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

СЕНГЕНІМІЗ АБЗАЛ

Бүгінгі  әлем жұртын дүрбелең жайлаған. Өмір мен өлім, бар болу мен жоқ болу тайталасы дүниені тітіркендіріп, қоғам белгісіз бір аждаһаның көмейіне жұтылып кетпеуге барын сала жанталасу үстінде. Дүниені үміт пен күдік басқан осынау кезең барысында біздер, адамзат өкілдері, неге арқа сүйеп, кімге сенгендейміз? Әрине, жылдар желмаясымен жасанған тірлік тәжірибесі мен мың тарау жолдан өткен адам санасының мына арпалыстан да аман-есен алып шығатынына үміт артқанымыз жөн сияқты.

Иә, дәл бүгінгі күнде «бұған кім кінәлі?» деген мәселені айналшықтамай, керісінше «не істесек жемісті, қандай қарекет жасасақ оңтайлы» дегенді қаперге түйсек, соның нәтижесі басым болмақ. Олай болса, мемлекет тарапынан жасалып жатқан істерге түсіністікпен қарап, оны қуаттайтынымызды алға тартпақпыз.

Ең алдымен ел Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаның республикадағы басты екі қалаға, яғни Нұр-Сұлтан мен Алматыға карантин жариялауын, оны жүзеге асыруға күш салған үкіметтегі лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері өте орынды амал-шарғы деп түйеміз. Өйткені Қазақстанның сыртпен байланысы осы екі мегаполис арқылы жүзеге асатыны белгілі. Олай болса, барыс-келіс толқынын қадағаламай сырқат амалын бағамыз деу қисынға келмейтін шаруа. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жұмыстан босату, оқушыларды ертерек демалысқа шығару арқылы аралас-құраластықты азайту да өз жемісін беретіні сөзсіз.

Осы арада кейбір адамдардың санасыздығына налитынымызды айтпай өте алмаймыз. Коронавирустың әлемге тез тарағанын біле тұра шетелге шығу арқылы вирус тасымалына арқау болған  жандар жаудан жаман қадамға барды. Олар, олардың айналасы алдағы уақытта да қатаң бақылауда болуы керек.

Иә, «ауырдың – аунап тұрдың» дейді қазақ. Бар ауыртпалық артта қалып, еліміз мерей биігінен көріне берсін!

 

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:

САБЫРДЫҢ САРАЙЫ АЛТЫНҒА ТОЛЫ…

«Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынды. Мен мұны толық қолдаймын!» – деп атап көрсетті Қазақстан  Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде. –Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер. Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс…»

Өткен замандарда небір қиын-қыстау зобалаңды бастан өткердік. ХХ ғасыр басындағы ақ пен қызыл қырғыны, Қазан революциясы, қолдан жасалған ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы т.б. нәубеттен де, береке-бірліктің, ырыс пен ынтымақтың арқасында  аман-есен өттік, осы заманға жеттік.

Коронавирустың әлемдік пандемияға айналғанын да көріп отырмыз. Обыр вирус қазірдің өзінде 160-қа жуық мемлекеттің аумағына таралуда.

Төтенше ахуалға байланысты талап етілген нұсқауды орындау үшін бірінші кезекте халық тарапынан тәртіп, байсалдылық, сергектік және патриоттық сезім талап етілуі қажет деп есептеймін.

Жұбайым екеуміз әлгінде ғана қалаға шығып, жапсарлас орналасқан «Әсем», «Артем» сауда үйлерінен  азық-түлік тағамдарын алып келдік. Сауда үйлерінде санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтіліпті. Сатушылар мен тұтынушылардың барлығы медициналық маска тағып жүр. Абыржып-абдыраған, қабағы салыңқы, көңілсіздік жайлаған, кезекке таласқан қала тұрғындарын көргеміз жоқ. Көшедегі автомашиналар легінен де  кептеліс көрінбейді.

«Сабырдың сарайы алтынға толы» деген дана бабаларымыз.

Осындай нәубет, қиын-қыстау кезде эмоцияға берілмей, шыдамдылық таныту, қамшының сабындай фәни жалғанның шолақтығы сияқты, қиындықтың да қысқалығын, Алланың сынағы екендігін ойлау – үлкен адамгершілік.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы:

КІТАП ОҚЫҢЫЗ!

Қазақтың жер бетінде ешкімге ұқсамайтын халық екенін әуелі Абай айтып кеткен. Біреуге бекер жамандық ойлай бермейтін игі жаратылысымыз, сонымен қатар салғырттау, бейқам  мінезіміз бар екені де рас. Қазіргі жаһандану заманы адамзаттың тағдыры ортақ екенін жиі-жиі сездіріп жатыр. Коронавирус қаупі үйреншікті тіршілікті өзгертіп жіберді. Ел басшылары халыққа үндеу жолдап, үкімет жарты әлемге төніп келген тілсіз қатерден сақтандырудың барша амалын жасауда.

Бұл эпидемиядан қорғанудың жолдары баршасына белгілі, бірақ оның жүзеге асуы асқан тәртіпке негізделетінін ұғар кез жетті. Қазір ел жаппай үйінде отыруға мәжбүр. «Құдай сақтасын!» деп жүре беруге уақыт көнбей тұр. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытуға болмайтын сын кезең туды.

Абайдың «Осы қымыз қазаққа» деп басталатын өлеңінде: «Ой көзімен қарасаң» деген бір жол бар.  Өз үйіне сыймайтын,  жұртпен араласпаса отыра алмайтын көпшіл адамдарға қиын тиеді бұл кезең. Бірақ бір ай тыныш, өзіңмен-өзің оңаша өмір сүрудің несі қиын?! Бір жамандықтың бір жақсылығы болары анық. Ой көзімен қарап, терісті оңға айналдырудың бір күшті тәсілі бар. Кітап оқыңыз! Дүниеде классик жазушылар жазған, ғасырлардан ғасырға кете беретін керемет кітаптар бар! Бір ай уақытты сол үшін берілді деп қабылдаңыз. Немерелеріңізге оқып беріңіз, өсер ұрпақты кітапқа баулыңыз. Ақыл-ойдың кеніші кітапта. Кітапты қастер тұтқан мемлекет атаулы озды. Кітаптың құдіреті оның жанға қорек боларында. Рухани мұқтажын дер кезінде алмаған адам Абай айтқан кеселге ұрынбай қалмайды. «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», (4-ші сөз).

Үйге үйіп-төгіп азық-түлік те алмадық. Бұйырса, бәрі қалпына келеді деп сенемін. Алайда елдің аузынан үнемі зар шыға берсе, әлеуметтік желілерде жазғыштар қара аспанды  төндіре берсе, оның үлкен ауыртпалығы болады.  Ниетті түзеп, қиындыққа тап келген адамдарға жақсылық тілейік. Еліміз аман болсын. Осы тығырықтан рухани тазарып, жүректі ағартып, Аллаға құлшылық жасап барып өтуге болар.

 

Асқар АЛТАЙ, жазушы:

МЕЙІРІМ МЕН ҚАЙЫРЫМ БӘРІНЕН ДЕ БИІК ТҰРАДЫ

Дәл бүгінгідей ел-жұртымыздың көңілі алаң, жүрегі күпті болып тұрған заманда бәрімізге де сабыр мен тәртіп сақтай білген абзал. Жер қозғалса қозғалмайтын қазақ қоғамы үрейге бой алдырмауға тиіс! Әр шаңырақтың әйелі мен ері отбасы мен әулетінің алдындағы жауапкершілігімен қоса, қоршаған қоғам алдындағы азаматтық борышын да сезіне білгені жөн. Бір-бірімізге деген мейірім мен қайырым бәрінен де биік. Адамдық атқа лайық болған жерде ғана Азаматтық өріс күш алатыны ақиқат. Ізерлеп келген індетке де ізгілікпен, шыдамдылықпен, ауызбіршілікпен, адамгершілік іс-әрекетпен қасқая қарсы тұра білейік. Төтеннен жарияланған нақты нұсқауларды орындап, болып жатқан жайларды үрейге бой алдырмай, Ұлт болып, жалпы Жұрт болып жұмыла көтерейік!

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, ақын, аудармашы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

НЕМКЕТТІЛІКПЕН ЖҮРГЕНДЕРДІКІ – САНАСЫЗДЫҚ

Қытайдан бастау алған «COVID-19» вирусы жаңа жылдан бері, әсіресе соңғы екі айдың жүзінде  әлемнің көптеген еліне таралып, бүгінге дейін 6 мыңға жуық адамның жанын жалмап кетті. Аталған оба жағалай-жағалай біздің елімізге жеткеніне де он күннен асып барады. Осы он күннің ішінде елімізде ол дертті Нұр-Cұлтан, Алматы, Қарағанды қалалары бойынша 50-ден астам адамның жұқтырғаны анықталып, ел ішін үрей билей бастады.

Дегенмен дәтке қуат етерлігі сол, аты жаман дерттің көрші елдерде дыңғыры шыға бастаған күннен бері Президент Қ.Тоқаев сақтық шараларын күшейту жұмыстарына баса мән беріп, билік бұтақтары мен ел тұрғындарына дабыл қағып, қатерлі дертпен күресудің дайындық жұмысына ерте бастан кірісті. Атап айтқанда, вирус ошағы болған ҚХР-мен шекара ақпан айының басында-ақ жабылды. Сақтану, алдын алу, емдеу істерінің дайындығы күн ілгері жасалды. Азық-түліктің, дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасақталумен бірге, емханаларымыздан неше мыңдаған орындар   әзірленді. Медицина, денсаулық сақтау саласы  мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері алдын-ала әзірлік жұмыстарына кірісіп кетті.  Осының арқасында наурыз айының ортасына дейін біздің еліміз жер бетіндегі «жасыл аймақ – жұмақ мекен» болып келді. Алайда біз де Жер планетасын  мекендеп отырғандықтан, қалай сақтанса да маңайында қаулап өріп, саулап төгіліп жатқан,  тез таралатын, жылдам жұғатын дерттен  аулақ бола алмадық. Аты жаман дерт ақыры қазақ жеріне де келді. Президент жарлығымен елде карантин жарияланды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары оқшауланды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев телеканал арқылы тұтас ел халқына  үндеу жариялап, жалпы халықтан  сақтық шараларын сақтауды  талап етті. Көп өтпей Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та теледидар арқылы  өз үндеуін жариялап, тұтас ел халқын жұдырықтай жұмылып, бұл індетті аман-сау еңсеріп шығуға үндеді.

Өкінішке қарай, бұл мәселеге біздің ел ішінің  әлі  де болса жеткілікті мән бермей отырғаны өкінішті. Адам шығыны көп болған Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Иран т.б.  елдердің жағдайына назар аударсақ,  бұл елдердің о баста аталған дертке баса мән бермегенін, керісінше тым жүрдім-бардым, өте бейжай қарағанын аңғару қиын емес. Сондықтан, қадірлі ағайындар, еліміз бен жеріміздің тағдыры үшін, сіз бен біздің, ұрпағымыздың  амандық-саулығы үшін ел басшылары жан ұшырып, шыр-пыр болып жатқанда, немкеттілікпен жүргендердікі сыпайылап айтқанда, санасыздық! Ал көптеген елдерде  ондай  адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Сондықтан ұлт басына осындай қиын сынақ түсіп тұрғанда  өкіметіміздің, билік бұтақтарының уәжі  мен талабына құлақ асып, тәртіпке саналы түрде бойұсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дерт-дербезді аман-есен еңсеруді ойлайық, ағайын!

 

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

ЖАЛҒЫЗ ҚУРАЙ – ЖЕЛ ЖАРАР!

Әлем елдері бұл күнде шыбын жанның есендігі үшін барын салып арпалысып жатыр. Қытайдан бас алған «аты жаман» індеттің әлемнің әр тұрғынын ұйқы-күлкіден айырып, алаңдаулы күйге түсірер деп екі-үш ай бұрын ешкім де ойлаған жоқ. Қазақ баласы «көппен көрген ұлы той» дегенді көбінде жақсылыққа жори айтатын. Өкінішке қарай, көппен бірге көрер қиыншылық біздің де елдің басына түскен сын сағатта Ел Президенті мен Үкімет мүшелерінің ұйқы-күлкі көрмей, жұртымыздың бас амандығына жасап жатқан қимыл-әрекеттері жүрегіміздегі үміт шоғын үрлей түскеніне қуандық! Әрине, ел басшылары мен қайраткер тұлғалардың тынымсыз әрекетімен қоса жалпы халықтың ынтымаққа ымыраласып, жұдырықтай жұмылғаны қажет! Ақпараттық кеңістіктің тым еркіндігі де «қорыққанға қос көрінетін»  уақытта халықтың үрейін ұшыруға бейіл-ақ. Тәртіптің темірдей қаттылыққа көшкеніне мойынұсынып, қазақстандық әр азамат өз денсаулығымен қатар Ұлт қауіпсіздігінің кепілі боларын білгені жөн. Тағдырдың талай ащы дәмін татқан, басынан өткерген аты жаман оба мен тырысқақты да жеңіп, аштық пен қастықты да көрген Алаш баласы бұл бұлағай күндерді де артқа тастайтынына көңіл сенер. Тұңғыш Президент – Елбасы да ел-жұртты берекеге шақырып, ұлтым дейтін Азаматтарға тастап жатқан жауапты да сауапты үндеуі – көшелі Ұлт көсемінің көргенді де көреген саясаткерлігі! Осы ретте бір адамның жауапкершілігін атам қазақ «жалғыз қурай – жел жарар» деп бейнелеп айтқан екен. Саналы халық өкілі ретінде әр отандастың азаматтығы мен ары сынға түскен шақта тағы да «малың менен жаныңды садаға деп, ардың туын көтерген» Алаш баласының берекеге ұйып, тәртіпке бағынып, кесапаттың  қақпан тілін баспайтындығына сеніп, жамандықты амандық жеңетін жарқын күндерге бірге жетейік!

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА…

Әлемнің басына түскен сынақ Қазақстанды да айналып өтпеді. Күдік пен үміт таразыға түсіп тұр. Біз қазір коронавирусқа қарсы күрестің жалпыұлттық сипатқа ие болғанына куә болып отырмыз.  Қуанып отырмыз деген артық шығар, билік пен бұқараның бірігіп, төтеннен төнген қауіпке қарсы тұрғанына сүйінбеске болмас.

Төтенше жағдай жарияланғалы бері қызмет барысымен Алматы мен Алматы облысының аумағын аралаумен жүрміз. Бастапқыда байқағанымыз: жұрт көңілінде алаң мен дүрлігу басым еді. Қазір ел біртоға сабырлы.  Қаланы карантинге жапқан алғашқы күні абдыраған адамдар Алматы әкімі мен облыс әкімінің бақылау бекеттеріне барғанын көріп, бір-бірін сабырға шақырып жатты. Демек, тұрғындар ең алдымен билікке сенім артады деген сөз. Ертесі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қаласының шекарсына қойылған блокпостқа барғаны жайлы ақпарат алаңдаулы көңілді басып, сенімді ұлғайтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінен кейін бұқара халық қана емес, саяси элита, оның ішінде қалталы азаматтар індетпен күресуге бірігіп, қаржы бөліп жатыр. Мұның бәрі – ел басына күн туғанда ортақ мақсатқа жұмылудың үлгісі.

Індет іргеден алыстар. Ұлы дала мен нұрлы қалада қалыпты тіршілік ырғаққа түсер. Сол күндерде қазақтың, Қазақстанның  бірлігіне бәріміз сүйсініп, болашаққа айтып жеткізер үлкен іс атқарғанымызды ұғармыз. Сол мезетке төрт көзіміз түгел жетейік!

 

 

Қайсар ҚАУЫМБЕК, ақын:

ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ ҒАНА ҚҰТҚАРАМЫЗ

Вирусқа шалдыққандар саны дүниежүзі бойынша алғашқы төрт айға жуық уақытта 200 мыңнан асқан болатын. Ал соңғы 100 мыңнан астам адамды небәрі төрт тәулікте ғана «бағындырыпты». Бүкіл әлемді жайлап бара жатқан індеттің таралу жылдамдығы адам шошырлық.

Бір тәулікте мыңға жуық адамын жоғалтқан Италия құрдымға кетіп бара жатыр. Олар енді кейбір науқастарды емдеуді тоқтатты. Ауруға шалдыққандардың Құдайдан дәрігердің көзі оң болсын деп тілеуден өзге шарасы жоқ.

Ал Жапон мен Қытайдың қаупі негізінен сейілді деп айтуға болады.

Қытай бұған темірдей тәртібінің арқасында қол жеткізді. Тәж вирусы басталып аз уақыттан кейін қытай бүкіл қаланы жапты. Тіпті, қалаға кіретін жолдарды үкімет тарапынан әдейі бүлдірді. Көптеген ғимараттардың шығар есігін темір тормен дәнекерлеп тастады. Жалғыздыққа, қамауға төзбеген кейбір адамдар өз-өзіне қол жұмсауға дейін барды. Бала-шағасынан, отбасынан алыста қамалып қалғандар мың-миллиондап саналды. Биік ғимараттан өз-өзін лақтырғандар да табылды. Бірақ  коммунистік жүйенің тәртібі бәрібір де темірдей суық, қатал болды.

Қауіпті вирусқа шалдыққандардың санының көптігі жағынан екінші ел әуел баста Жапония болатын. Дәл қазір осы обаны жеңуде оң көрсеткішке жеткен елдердің ішінде ең табыстысы да – жапондар. Олар не істеді? Алғаш Қытайдың Ухан қаласынан барлық мемлекеттер өз адамдарын құтқарып, алып кетіп жатқанда, Отанына қайтудан бас тартып, бүкіл әлемді таң қалдырған да жапондар болатын. Вирус арқалап, өз еліне қайтуды намыс санаған самурайлардың рухы ата жауы қытайдың өзін тебірентті, сүйіндірді. Елге ауру тарап жатқан мезгілде әр елге саяхаттап кетіп оралған жапондар карантин мерзімі біткенше лайнерден, арнайы қонақүйлерден шығудан да бас тартты. Әрбір адам ешқандай қысымсыз, бұйрықсыз-ақ барлық талаптарды бұлжытпай орындады. Үкіметтің қаулысын ұлт намысы, жанашырлық, әр адамға деген өтініш деп түсінетін ел екенін тағы бір дәлелдеді.

Ал кестеде Америка, Франция, тіпті ең алғаш және ең көп ауру таралған Оңтүстік Кореяны «басып озған» Немістердің бейғамдығы кімді де болсын таң қалдырады. Медицинасы әлем бойынша маңдайалды мемлекеттің аса мықты экономикалық қуаты бұл ауруға не үшін дәрменсіздік танытып отыр?

Осы ауыр жағдайды қайыспай еңсеріп келе жатқан елдердің қатарына Оңтүстік Кореяны да жатқызуға болады. Қазіргі ең ауыр жағдай Еуропа елдерінде. Жалпылай алғанда дертке  шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны күрт артып, емделгендер салыстырмалы түрде азайып келеді. Бұл еселену бізге «Шахмат тақтасындағы математика» дейтін үндінің аңызын еске салады. Біраз күн бұрын халықаралық сарапшылар мен ғалымдардың «Әлемде бұл ауруға 60 милллион адам шалдығуы мүмкін» дейтін үрейлі болжамына қарай графиктегі диаграмма сызығы тікұшақ секілді көтеріліп, жақындап бара жатыр.

Бейресми деректерде «Қытайдағы әр науқасты емдеп жазу үшін 100 мың доллардан артық ақша жұмсалды», – дейді. Алда-жалда ауыр күн туа қалса, экономикалық дағдарыс кезеңінде жағдайымыз не болмақ?! Оған осы індет туралы үрейлі санды мәліметтерді қосыңыз. Бұдан өткен қауіпті, бұдан өткен апатты жағдайды елестету мүмкін бе?!

Өзімізді өзіміз ғана құтқарамыз. Қазақы бейғамдық, немқұрайлылық өміріңізді жарға бастауы мүмкін!

«Сақтансаң сақтаймын» деген. Тәңір-Тағала бәріміздің саулығымыз бен сабырымызды бекем етсін!

 

Аслан БІРЖАНҰЛЫ, жас ақын:

ҚАЗІР КҮЛЕТІН ХАЛДЕ ЕМЕСПІЗ

«Шықпа, жаным, шықпа» дейтін сөзіміздің нақ қолданар тұсы осы кез шығар. Дертпен күресіп жатқан мамандардың да, зардабын көп тартып жатқан шетелдіктердің де айтып жатқаны осы – «Үйден шықпа!». Ауруды жолатпаудың, тіпті жойып жіберудің қарапайым тәсілі де (әзірге деп сенейікші) осы боп тұр. Елдің елеңдеп отырғаны да осы екі қала болғасын, мұндағы жұрт ептеп түсіне бастағандай. Бірақ сақтық әлі де жетіспейтін сыңайлы. Дүкеншінің өзі бейғам отырғасын, оған келіп-кетер қанша адамның барын ойлап алаңдайсың.

Ал аймақтағы тұрғындар тіпті бейғам сияқты. Әлгінде оралдық бауырыммен сөйлескем. «Жұрт қамсыз. Маска тағып жүрген жан жоқ. Көшеге маска тағып шықсаң, жұрт үрке қарап, жаныңа жоламауға тырысады», – дейді. Мұнысы несі енді?!

Біз көп дүниені өзімізден бастай алмаймыз да, жүйеден оң нәрсе күтеміз. Жұрт дабыл қағып жатқан нәрсені өзіміз орындамасақ, онда қоғамнан, биліктен не сұраймыз?! Үйде отыруға не кедергі?! Жұмыстың көбі онлайн форматқа көшті, базарлар, сауда орталықтары жұмысын тоқтатты. Соның бәрі сақтық үшін, сіз бен біздің үйде отыруымыз үшін тоқтатты емес пе?! Бізге берілген бұйрық та, талап та біздің, елдің денсаулығы үшін емес пе еді?!

Қотырымыз көп қой. Өкінішке қарай, оған әдейі тұз себетіндер де көп. Соның бірі – әлеуметтік желілерде тарап жатқан бүгінгі жағдай, «намазшы» бауырларымыздың ылаңы. Бұларға қарап қарапайым халықтың исламға, дінімізге деген түсінігі теріс болып кетпесе екен деймін. Әлеуметтік желіде онсыз да тиісерге қара таппай отырғандарға дін тақырыбы ермек боп кетпесе екен.

Кез келген нәрсені күлкіге айналдыруға құмармыз-ау. «Мен сен үшін жұмыста қалдым, сен мен үшін үйде отыр» деген дәрігерлердің үндеу-жазбасын да күлкіге айналдырып жібердік, ақыры. Ал Италияда бір күнде 800-ге жуық адам өлім құшып, маман жетіспегендіктен зейнеттегі дәрігерлерді жұмысқа алдырып жатқанда… біз әлі күлкіге айналдырып отырмыз. Италияның қазіргі қасіреті бейғамдығынан деп отыр сарапшылар. Соны түсіну үшін қандай ми керек енді бізге?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір