Әлішер Рахат: МЕН ҮШІН ШЫҒАРМАДАҒЫ БАСТЫ НӘРСЕ – АДАМНЫҢ ЖАНЫ
01.04.2020
1937
3

 – Сіз «Үздіксіз әуез» деген әңгімеңізде негізгі оқиғаның шиеленісін діни сауатсыздықтың әсерінен туындайтын конфликттен бастап, сол арқылы кейіпкердің жанын сипаттауды көздеген секілдісіз?

–  Біздің қоғамда жеке адамның басына қол сұғушылық өте көп. Соның кесірінен әсіресе, әйел адамның өмірінің жеке шекаралары тапталғаны соңғы кезде маған қатты бататын болды. Себебі адамға берілген ең ғажап сыйлық – еркіндік. Ал оны таптауға ешкімнің қақысы жоқ. Осындай оймен жүріп барлық ситуациялар бір линияға жиналған соң осы әңгімені жазуға шешім қабылдадым. Түптеп келгенде әңгімені алғаш оқыған жандар мұны дін туралы жазылған деп түсінді. Бірақ, бұл олай емес. Әңгімеде дін негізгі роль ойнамайды. Тек бір ғана жанның тағдыры суреттеледі.

Осы әңгімені жазу барысында қандай қиындықтар болды және олардан қалай өттіңіз?

– Жалпы алғанда бұл әңгімені жазу процесінің өзі мен үшін өте ауыр болды. Ондағы атмосфера, оны сезіну және сезінген нәрсеңе дөп түсу үшін жұмыс істеу. Бірнеше рет жазып, қайта өшірген болатынмын. Тоқтаусыз үш айдың көлемінде жұмыс жасалып, әңгімені аяқтадым. Содан кейін, журналист, драматург, прозаик, ақын, басқа мамандық иесі бар, бірнеше адамға жіберем, «фокус группа» деп жатады ғой. Олардың пікірін тыңдаймын, егер нақ айтса, сол тұсын өңдеймін. Мен үшін жазудың тоқсан пайызы – жұмыс сияқты. Қандай кедергі болса да, қайта-қайта жұмыс істеу арқылы ғана жақсы мәтін жаза аласың деп ойлаймын.

–   Шығармашылықтағы басты принципіңіз қандай және шабытты қайдан аласыз?

–  Мен үшін шығармадағы басты нәрсе  – адамның жаны. Ешқандай дәстүрге де, дінге де, қоғамның құрғақ заңдарына да сүйенбей, бәрінен бейтарап тұрып, адамның жанын ғана, оның жалғыздығын ғана арқау ету. Дәл осы тұста мен үшін музыка үлкен маңызға ие. Өйткені оны тыңдау арқылы әуенді сөзге айналдыруға болады. Яғни, шабытты музыкадан алам десем де болады.

–  Өзіңізбен қатар жас жазушылардың шығармашылығы қазақ классиктеріндей биік деңгейге көтерілуі үшін не қажет?

– Біздің жас ақын-жазушыларға бір-ақ нәрсе керек, ол – пікір. Пікірдің жақсы болуы міндетті емес, бүкпесіз, шынайы пікір жастарға үлкен қолдау. Бірақ оның өзін жеткілікті деп ойламау керек. Себебі қазір шығарманы дұрыс сынай алатын, өз деңгейінде талдай алатын кәсібилер өте аз. Көбі тек қана әдебиеттің заңдарымен ғана талдайды. Мықты класиктермен байланыстырып талдау, меніңше, қате. Әдебиет барлық саланы қамтуы тиіс. Неге психологиялық тұрғыдан талдамасқа? Фрейд, Юнг, Франкл, Ницше ілімдерін негіз етіп талданбайды.  Автордың қай пәлсапаның үстінде тұрғаны айтылмайды? Әрине, мен бұлай талданатын шығармалардың аз екенін де ескеріп отырмын.

Ақыры сын жайында сөз қозғаған екенбіз, алғашқы романыңыз «Махаббатым констант» өзіне лайық бағасын ала алды ма?

– Жалпы «Махаббатым – constant» романы – 18-30 жас аралығындағы жастарға арналған young adult жанрындағы махаббат хикаясы. Әрі оның мақсаты – заманауи махаббат кітабы болу, сатылу еді. Ол өз функциясын атқарып жатыр. Кино өнерінде коммерциялық, арт-хаус деп бөлінеді ғой. Ақша үшін, өнер үшін деген секілді. Ал менің әңгімелерім коммерцияны қумайды дегім келеді.

Қазіргі ақын-жазушылардан кімдерді оқисыз?

– Мен өзімді Қазақстандағы XXI ғасырдың бірінші ширегіндегі ақ өлең жазатын ақындардан шықтым деп санаймын. (Бәлкім олар келіспес). Соларды жиі оқимын. Сұлтанқожа Айжарық деген ақын жігіт менің прозама ықпал етті. Берікбол Батан дейтін прозаик жігіттің де үлесі бар. Еділбек Дүйсен, Нұркен Нұрғазы, Тілек Ырысбек, Әсел Кәрібай, Ақжан Аманжол және т.б. ақындарды жиі оқимын. Жас жазушыларды қалдырмай оқуға тырысамын, солардың ішінде атап айтқым келетіндері: Темірлан Қылышбек, Санжар Бекжан, Арман Әділбек,  Досхан Жылқыбай,  Есбол Нұрахмет, Думан Терлікбаев, Жадыра Шамуратова сынды жас жазушылар.

Сұхбаттасқан Арайлым Сағиданова

(Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез» атты әңгімесін мына жерден оқисыздар)

ПІКІРЛЕР3
Аноним 03.04.2020 | 22:21

👍👍👍

Аноним 04.04.2020 | 02:07

Өте керемет сұхбат болған екен!
-тамаша

Аноним 04.04.2020 | 11:08

Керемет сұхбат! 👏👏👏👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір