Қазақ сөз өнерінің жаңа өрісі
Қазақ халқының тәуелсіз кезеңдегі әдебиеті – ол қаһарман халықтың ұзақ ғасырлар бойы қалаған тәуелсіздік жолындағы арман-аңсары. Қазіргі қазақ әдебиеті ұлттық мәдениеттің алып тірегі мен қадір-қасиетінің, әлемдік әдебиеттегі орнының, өркениетті дамудағы көркемдік санасының көрсеткіші. Қазақ халқының мәдени мұрасының ұлттық ерекшелігін түсінуде өзге халықтар үшін табылмас алтын кілт болып есептеледі. Осындай ойға келудің негізгі себебі – жуырда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан шыққан «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жалпыадамдық құндылықтар» атты зерттеуге тікелей байланысты. Оқырман осы кітапты қолға алған заматта Кеңестік кезеңде объективтік және субъективтік себептерге орай ашылмай қалған қазақ халқының шынайы еркіндік рухы, ұлт-азаттық идеясы мен елдің тәуелсіздік жолындағы күресінің тарихи шындық тұрғысынан сараланып жатқанын байқайды. Сонымен бірге, көркем әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың өзара сабақтастығы мен олардың ішкі диффузиялық мағынасын тұңғыш рет ғылыми түрде жаңа көзқарас тұрғысынан реттеліп бағаланып отырғанын назардан өткізіп отырады.
Алимжан Тиливалди-Хамраев,
филология ғылымдарының докторы
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеті даму үстінде болғандықтан оның әрбір аяқталған онжылдығы жеке зерттеле бастады. Алғашқы онжылдығы 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбектің 10 томында зерттелсе, екінші онжылдығы «ХХІ ғасыр әдебиеті» деп аталатын зерттеуде қарастырылған болатын. Ол зерттеулерде тәуелсіздік кезең әдебиетіндегі ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар қарастырылмаған еді. Авторлар қауымы аталған мәселені арнайы зерттеу көзіне алған. Ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар жөнінде академик С.Қирабаев: «Бұл идея жалпы адамды туыстыруға, бір-біріне бауыр етуге қызмет жасайды. Әлемдік әдебиеттің ұлы шығармаларын оқып, бірін-бірі білген оның қаһармандарының өзара жақындығы да, әдебиеттің өмір танушылық және тәрбиелік қызметінің ұлғаюы да осыдан көрінеді», – дейді.
Бүгінгі таңда әдебиет құндылықтарын және шығармашылық феномен-қасиеттерді зерттеу эвристикалық бағытқа тәуелді екені белгілі. Бұл бағыт бүгінгі қазақ әдебиетінің жасырын көркем сырларын ашып беруге ықпал жасайды. Шынын айтқанда, бұл бүгінгі қоғамдық талапқа да сай. Көптеген оқырмандар қазіргі қазақ әдебиетінде көркемдік-эстетикалық құндылықтар қалай жүзеге асады және оның образдық бейнесінің қалыптасу кезеңдерінің, шығармашылық процестерінің құпиясын білгісі келеді. Оқырмандар тұрмыстың көркемдік табиғатын жан-жақты түсінуге талпынып, көркем сөз өнерінің ғасырлар бойы дәстүрлі дамуындағы әлемдік әдеби үрдістердің ең үздік үлгілері арқылы өздерінің эстетикалық танымын жетілдіреді. Қолымыздағы еңбек осы мәселелердің бәрін талдау нысанына айналдырған.
Авторлар қауымы тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің барлық жанрларын қамтуды мақсат етіп, оларды қазақ көркем сөз өнеріне тән жалпы заңдылықтар негізінде жүйелеген. Ғалымдар қоғамды және бүгінгі адамды тану негізінде субъективтік және объективтік диалектикалық даму жолын әдебиеттің негізінде көрсетуге ден қойған. Бұл, әрине,жаңа методологиялық ғылыми принципте және поэтикалық жүйеде қарастырылған, дәлірек айтқанда, қазіргі ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар жан-жақтан анықталу /детерминизм/ тәсілімен зерттеліп, бүгінгі қазақ әдебиетінің жанрлық сипатына айрықша көркем мән беріліп отырған. Мысалы, ғылыми еңбекте қазақ поэзиясы (С.Қирабаев); сатирасы (Б.Мұқатай), жастар поэзиясы, жас қаламгерлер шығармашылығы (Н.Құдайбергенов), қазақ поэмасы, қазақстандық этностар поэзиясы және повесі (Г.Орда), қазақ прозасы, қазақ және өзге халықтардың тәуелсіздік дәуірдегі романы (Ш.Елеукенов), қазақ повесі (Е.Қаныкейұлы), қазақ және өзге халықтар әңгімесі (У.Қалижанов), жаңа қазақстандық романдар, қазақ және өзге халықтар драматургиясы (А.Қалиева), қазақ көркем публицистикасы, қазақстандық этностардың көсемсөзі (Н.Ақыш) біртұтас көркем методологиялық амал-тәсіл арқылы зерттелген. Сол себептен оқырман тұрмыстың, жаратылыстың сұлулығын қазақы мінез-құлықты танудың түрлі сырларын байқай алады. Яғни зерттеуде қалыптасқан дәстүрдің бүгінгі жалғастығы жатқанына көз жеткізеді. Авторлар қауымы ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар көрсеткіші ретінде әр түрлі көркем формалардың (драмалық, сахналық үлгіде жазылған поэмалар, элегиялық лирика, әңгімелердің көркемдік әлемі, көркем публицистиканың тақырыптық кеңістігі, тағы басқалар), фольклорлық элементтердің (мифтік концептердің, фольклорлық мотивтердің, полифониялық қабаттарын), ғашықтық дастандардың қызметтерін, сатиралық әңгімелердің экспрессивтік салмағын ашып көрсеткен. Еңбекте бүгінгі қазақ сөз өнері модернизм, реализм секілді әдеби бағыттардың контексінде зерттелгенін, шығармалардың көркемдік-эстетикалық қырлары жан-жақты қарастырылғанын көреміз. Ғалымдардың ғылыми потенциалын көрсететін зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттануының ғылыми жаңалығы болып табылады.
Сонымен бірге, авторлар қауымы ұлттық және жалпыадамдық құндылықтарды әдебиеттегі тақырыптардың көбейуімен, олардың салалық деңгейінің артуымен байланыстыра дәлелдеген. Солардың ішінде тарихи тақырыптың орны ерекше ашылған. Оқырман қазақ ақын-жазушыларының шығармалары негізінде тарихи тұлғалардың образдық және типологиялық галереясын жасау заман талабынан туғандығын жақсы түсінеді. Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ әдебиетінің тарихи тақырыпқа бет бұруы – объективті саяси-қоғамдық процесс. Себебі, қазақ тарихы – мәңгі ел идеясының негізгі тамыры. Тарихымызды түгендеу – қаламгерлеріміздің ғана емес, баршамыздың негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл тақырып тұтастай алғанда қазақ халқының қаһармандық бейнесін суреттейді. Бұл тұрғыда белгілі әдебиеттанушы-ғалым Шериаздан Елеукенов қазіргі роман жөнінде: «Тәуелсіздік дәуір романдары рухани өмірімізді байытқан үстіне байыта түсуде. Ұлттық тарихымыздың арғы қайнарларын ашып қалпына келтіруде. Тұлғалық, ұлттық, адамзаттық мүдделердің қыр-сырына қанықтыруда. Не тақырыпқа қалам тербетсе де, бәріне «тәуелсіздік көзімен» (Н.Назарбаев) қарауда», – екендігін атап көрсеткен.
Оқырман тарихи тақырыптың ең күрделі мағынасы – ол қазақ халқының батыры Кенесары ханның өмірімен және Арал теңізінің тағдырымен байланысты екенін сезеді. Батырдың қазасы және Аралдың тағдыры – бұл ұлттық травма-жарақат және болашақ мәселесі.
Қазақ әдебиетіндегі тақырып ауқымының кеңейе түскендігі соңғы жылдардағы шығармалар арқылы пайымдалған. Бұл тұста оқырман қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа әдеби персонаж-кейіпкерлердің образымен танысады. Қазақ әдебиетінде қазіргі заман қаһармандарына, ғарышкерлерге, басқа ұлттардың өмір-тағдырына, шығыстың ұлы зиялыларына (Омар Хайям, Яссауи, тағы басқалар) арналған эпикалық шығармалар, діни хикаяттар көбейе бастады. Олардың ішінде Елбасы туралы тақырыптың орны ерекше. Мұны тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетінің тақырыптық сілкінісінің көрінісі, жарылыстың белгісі деп түсіну қажет. Елбасы туралы шығармаларда жаңаша көзқарас орын алған. Замандас бейнесін сомдауда қаламгерлер кеңестік дәуірде қалыптасқан мақтау жанрынан қаша бастағандығын байқатқан. Бұл шығармалардан әлем әдебиетінен үлкен орын алған гимн, ода, мадхия-мадақ сияқты жанрлардың бүгінгі әдебиетте жоққа тән екенін байқайды. Тілге тиек етіп отырған бұл тақырыпта өтіну, сенім білдіру мотивтері көбірек орын алған. Айтпақшы, оқырман Елбасы тақырыбы – тәуелсіздік, сәяси тағдыр мәселесі екенін мойындайды. Бұл жерде Астана – қазақтың жаңа ордасы ретінде біртұтастыққа үндейді.
Қазіргі қазақ әңгімесін терең зерттеген ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі У.Қалижанов: «Ұлттық және жалпыадамзаттық мәселелерді көтеретін көркем жанрлардың бірі – әңгімелер де тәуелсіздік жылдары дамып-жетілді. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасының, оның ішінде қазақ әңгімелерінің дамуына, көркемдік, профессионалдық деңгейінің көтерілуіне Бексұлтан Нұржекеұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мұхтар Мағауин, Роза Мұқанова, Талаптан Ахметжан, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Думан Рамазан, Айгүл Кемелбаева, т.б. сынды жазушылар айтарлықтай үлес қосты», – дей келіп, қазіргі қазақ әңгімелерінің көркемдік көкжиегін саралайды. Осы жылдары жарық көрген қазақ прозасының тарихи-әлеуметтік және мәдени салмағын З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», Қ.Исабайдың «Шоң би», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», С.Сматаевтың «Біз құлмыз ба, кімбіз?», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Б.Жандарбековтің «Саки», С.Елубайдың «Ақ боз үй», Б.Мұқайдың «Өмірзая», Ж.Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы», Қ.Мұханбетқалиұлының «Тар кезең»,
Қ.Түменбайдың «Бекеттегі бейкүнәлар», Қ.Жиенбайдың «Жер үстінде жұмбақ бар», Ж.Шаштайұлының «Жаңғырық» атты аса құнды шығармалары жоғары биікке көтерді. Бостандық, тәуелсіздік, азаттық және мемлекетшілдік тақырыптар мен көзқарастардың идеологиялық, теориялық негізі аса күшейді, оның бұзылмас іргетас-фундаменті құйылды. Оқырман осы назарға алынып отырған жылдары жария етілген қазақ лирикасының орны да ерекше екенін және оның жалпы ұлттық деңгейден шығып кеткенін анық көреді. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы қалаған тәуелсіздік арман-нұры қазақ топырағына сіңіп, уақыт өте олардың күлімсіреп-қуанып отырған рухы Н.Оразалин («Жауапкершілік туы»), М.Рәш («Құрғақ патриоттыққа қарсылық»), Ғ. Жайлыбай («Аппақ түс»), Қадыр Мырза-Әлі (Халықтық медет»), Т.Медетбек («Жіліншіктік сарын»), Иран-Ғайып («Тұлпарлық»),
Ш.Сариев («Көгілдір әлем»), Е.Дүйсенбайұлы («Тұман тақырыбы») сияқты қазақ жазушылары мен ақындарының шығармаларында анық өз бейнесін табады. Ж.Нәжімеденов, Ә.Тәжібаев, С.Сейітов, Х.Ерғалиев, К.Салықов, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Ж.Бөдеш, И.Сапарбай, А.Егеубаев, К.Ахметова, Р.Ниязбек, Н.Айтұлы, М.Айтхожина, Ғ.Жайлыбай, Б.Жақып, Қ.Аманжол сияқты қазақ лирикасының алыптары артынан жас ақындардың поэзиясы жаңа эстетикалық идеямен жарық көруде. Қ.Мұхаметқали («Ар туы»), Ж.Кемал («Естеліктер»), И.Кереева («Көңіл қоңырауы»), Т.Абаилдаев («Күйік»), Б.Әліқожа («Жылыну»), С.Баян («Жану»), т.б. көптеген жас ақындар бүгінгі реал заманды сырлы-құпия сұлулыққа, өте көркем маңыздылыққа айналдырып, оқырманды өзіменен жетектейді. Қазақ көркем сөз өнерінің бұл талпыныс-қуанышының құны мен беделі басқа, әрине. Оның тарихи маңыздылығын уақыт өте ғана түсіне бастаймыз. Біздің пайымдауымызша, болашақта тәуелсіздік кезеңдегі ақын-жазушылардың қазақ мемлекеттік идеясы жолын биікке көтерудегі қосқан үлесі жоғары баға алатыны даусыз.
Бүгінгі қазақ драматургиясының жетістіктері мемлекетті мекендейтін барлық халықтар үшін мәдениетті бастау бұлағы болып есептелінеді. Осы жылдары сахнада қойылып отырған Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Ш.Мұртазаның «Домалақ ана», С.Жүнісовтің «Сабалақ Абылай – хан Абылай», «Қылмыскер» М.Байсеркеновтің «Абылайдың аманаты», Қ.Ысқақтың «Қазақтар» , Ш.Құсайыновтың «Томирис», Д.Исабековтің «Шың басындағы шындық», Р. Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан», «Сырым батыр», Иран-Ғайыптың «Шыңғысхан», «Махамбет», Ә.Таразидың «Муза», Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», Б.Мұқайдың «Тәлкек тағдыр», Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік» шығармалары кеңестік кезеңде қалыптасқан әкімшілдік-әміршілдік сана-сезімді жоюға, құлдық психологияны ыдыратуға үлкен үлес қосты. Мәдениетіміздегі осындай жетістіктеріміз, сөзсіз, елімізде өмір сүріп жатқан барлық халықтарды алға жетектейді, рухани байлығын арттырады.
Әдеби жанрлардың жаңа сипат алуы қазіргі қазақ көсемсөзіне де байланысты. Ол жөнінде филология ғылымдарының докторы Н.Ақыш: «Еліміз өз алдына отау тіккен кезеңнің бастапқы жылдарында өмірге келген көсемсөз үлгілерінің талайы жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығы төрге озып жатқан кезде де тарихи құндылығын жоғалта қойған жоқ. Қазақ көсемсөзінің шеберлерін танытқан да – осы жылдары өмірге келген жекелеген шоқтықты туындылар. Ондай туындыларды өмірге әкелген авторлардың алдыңғы легінде С.Әсіпов, С.Тәнекеев, Ж.Ысмағұлов, К.Смайылов, Ә.Ыдырысов, С.Ақтаев, С.Ақатай, А.Сейдімбек, Н.Муфтах, М.Мәжитов, С.Шүкіров, У.Қалижанов, М.Тоқашбаев, Ж.Аупбаев, Б.Айнабеков, Н.Жүсіп, Е.Жүсіпов, Ж.Елшібек, Қ.Боқаев, М.Кенжебай, С.Әбдірахманов, С.Байхонов, О.Жолдыбай, К.Адырбекұлы, Е.Ералиев, С.Парманқұлов, Ж.Кенжалин, Е.Айғалиұлы, К.Тәбей, О.Қауғабай, С.Ибраим, С.Хасан, Б.Омарұлы, Т.Тәшенов және т.б. көптеген қаламгерлер көрініп.., қазақ көсемсөзінің жаңа бағытын анықтап берді», – дейді. Көріп отырғанымыздай, қазіргі қазақ көркем сөз өнері ерекше диалектикалық дүниетанымдық тарихи сипатымен, ақыл-ой парасатымен тәуелсіздік шыңынан көрініп, қайталанбас құбылыс ретінде ұрпақтарды ұлы мақсаттарға жетектейді, дүниежүзілік өркениетті құдіретімен алыс көкжиекке тартып тұрады.
«Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жалпыадамдық құндылықтар» атты монографияны оқу барысында арнайы имперсональды нарративтік танымның қалыптасу ерекшеліктерінің сараланып жатқанына да көз жеткізуге болады. Бұл мәселе шетел ғалымдарының да назарын аударатыны даусыз. Әдебиеттанушылар қазіргі қазақ әдебиетінде жаңа мәдениеттік кейіпкер образының /архетип культурного героя/ қалыптасып жатқанын, сонымен бірге, жаңа қазақ адамы бейнесінің жаратылып тұрғанын сезеді. Ол мәселе оның көркемдік қызметіне және архетипіне байланысты екенін байқауға болады. Оқырмандар романдардағы тарихи батырлар, қайраткерлер орнына жаңа қазақ зиялысы, ұлттық тұлғалар образдарын сипаттау орын алғандығын анық көріп, бағалап отырады. Бұл орайда оқырман Мұхтар Мағауинның «Жармақ», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», А.Әлменбеттің «Мимырт», Аслан Жақсылықовтың «Сны окаянных» тәрізді романдарындағы біртұтас зиялылар образдарымен және жаңа кейіпкерлермен кездеседі. Мысалы, М.Мағауинның «Жармақ» романында бас кейіпкер Мұрат Қазыбеков – қазақтың түп тарихын зерттеуге барша өмірін арнаған тарихшы-ағартушы ғалым. Бұл образ қазақ әдебиетінде жеке бастың қажеттіліктеріне айырбастап жіберген қоғам өкілдеріне қарсы тұратын адамның бейнесі. Абай атамыздан келе жатқан кемел адам мүддесі. Бұл жазушы қалаған және арман реализмі. Т.Әсемқұловтың «Талтүс» романы да солай. Бас кейіпкер Сабыт – ұлттық мәдениетті қорғаушы, зиялы. Оның жалпы қазақ халқына ортақ жоғары фольклорлық сана сезім және этно-мәдениет иесі ретіндегі символдық талпынысы бүгінгі қазақ зиялыларына тән азаматтық жауапкершілігінің жарқын бір көрінісі деп ойлау қажет. Басқаша айтқанда, бұл тұлғалық зияткерліктің өзекті мәселеге айналғанының белгісі. Біз осындай идеяның А.Кемелбаеваның «Мұнара» романында орын алғанын байқаймыз. Ол да мәдениетті кейіпкерді суреттейді. Бас кейіпкер студент Айжан да жаңа дәуірдің, жаңа өмірдің сипатын және оның мазмұнын іздейді, сол себептен ол қоғамда болып жатқан өзгерістердің ұлттық мінезге, діл мен дүниетанымға әсер-ықпалын көңіл елегінен өткізіп, ұзақ ғасырлар бойы сіңіп қалған құлдық сана-сезімдерден құтылу жолдарын анықтайды. Белгілі жазушы Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романының бас кейіпкері Әлішер Таймасұлы да – мәдениетті кейіпкер. Оның есімінің мағыналық тарихы да баршылық. Кейіпкердің бар қазынасы – оның гүлдері және кітаптары. Жазушы үшін олар жеке символдық мағынаға ие. Жазушының пікірінше гүл мен кітап – қоғамдық дамудың тәңірі қалаған негізгі құдіреті. Бірақ Әлішер оған басқаша қарайды. Кітап жазу арқылы «шын бақыт, қалың дәулет, жақсы атақ, үлкен абырой» табу қиын, «одан өмір табиғаты өзгеріп кетпейді, оның бәрі сізбен бірге қала береді» деп ойлайды. Д.Амантай Тәңірі жолынан адаспау үшін түркі жұрты өзара бірлесуге атсалыспасақ болмайтынын назарымызға салып өтеді. Ол Жаратқан Иенің барлығына күмән келтірмейді. Адам көңілін Тәңірге бермесе, ол бейнет пен нәпсінің қойнынан шыға алмайды деп жауап береді. Д.Амантайдың бұл романы жанрлық жағынан көпқырлық сипатқа ие. Оқырман құбылыс ретінде романның ішінде романды байқайды. Олардың қабат-қабат тоғысы көркемдік бір мақсатқа бой ұсынады. Бұл арада М.Омарованың «Ана ғұмыр», А.Әлменбеттің «Мимырт», Х.Адибаевтың «Созвездие близнецов» және А.Жақсылықовтың «Сны окаянных» романдары да қазіргі қазақ әдебиетінде жаңа мәдениеттік кейіпкерлердің галереясына қосқан үлесінің зор екенін атап өткен жөн. Олар ұлттық тағдыр мәселесіне ерекше мағына беріп отырады, бұл мәселеде жаңаша ойлану керек екенін жариялайды. Авторлар өздері мәдениеттік кейіпкерге айналып жеке нарратор сипатында суреттеледі. Бұл – қазақ көркем әдебиетінің негізгі мәселесіне айналатын тақырып.
Осы шығармалар жөнінде филология ғылымдарының кандидаты А.Қалиева: «Қазіргі отандық әдеби үдерісте идеялық ұстаным, формалық ізденіс жағынан ерекшеленетін жаңашыл көркемдік арналар қалыптасып келеді. Белгілі бір әдеби ағымға қатыстылығы тұрғысынан әрқилы болғанымен, оларға тән ортақ белгі – бұрынғыны қайталамауға, сара жол таңдауға деген талпыныс. Нақты романистика жанры аясындағы көркемдік ізденістерімен ерекшеленетін көптеген қазақ романдарын атауға болады. Бұл романдардың 2000 жылдары жазылуы ұлттық көркем сөзде жаңашыл әдеби-көркем үрдістердің қалыптаса бастағандығын айқындайды», – деген тұжырым жасайды. Зерттеушінің қазақстандық қаламгерлердің көркемдік ізденістерін саралаудан туған тұжырымы орынды.
Ғылыми еңбектің және бір жаңалығы – Қазақстанда дамып келе жатқан өзге этностардың әдебиетінің зерттеу нысанына айналуы. Онда қазақ әдебиеті керуен басы ретінде қарастырылып, оның артынан ұйғыр, неміс, орыс, кәріс әдебиеттері еріп келе жатқаны жан-жақты салыстырмалы түрде көрсетіліп, ұлт жазушыларының шығармалары, олардың Қазақстан әдебиетіндегі орны белгіленген. Монографияның алғы сөзінде филология ғылымдарының докторы Г.Орда: «Бүгінгі таңда арамызда жүрген замандастарымыздың жарқын бейнесінің көркем әдебиеттен орын алуы да бүгінгі әдебиеттің жетістігі екенін айту орынды», – дей келіп, ұйғыр ақын-жазушылары Алмасбекке, А.Ашириге, И. Жалиловқа, неміс жазушысы Г. Бельгерге, орыс өкілдері М.Земсковтың «Перигей», «Сектант», Н.Веревочкинның «Зуб мамонта (Летопись мертвого города)», М.Симашконың «Колокол» («Қоңырау»), «Комиссар Джангильдин», Г.Толмачевтің «Ұмытылмас бейне» атты роман-эсселері мен В.Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі» повестерін жоғары бағалайды. Ғалымның пікірінше басынан талай ауыр күндерді өткізген халықтардың ұлттық арман-мақсаттары адамзатқа ортақ мүдделер аясында тоғысып жатуы заңдылық. Қазақстандық бостандықты, азаттықты, тәуелсіздікті аңсаған барша бұқараның негізгі көздегені – бейбіт өмір сүру болса, оның жолында жанкештілікпен тер төгу әр адамның міндеті саналды. Ендігі абзал міндеттің бірі – өзіміз өмір сүріп отырған қоғамымыздағы заманауи проблемаларды шешуге атсалысу болмақ.
Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстан әдебиеті жөнінде филология ғылымдарының докторы Г.Орданың: «Бұл кезең әдебиетінің негізгі жетістіктерінің бірі – ұлттық құндылықтарға қарай бет бұру. Қаламгерлер бұл жылдары өз халқының ұлттық ерекшеліктері мен әдет-ғұрпына, салт-дәстүрлеріне, ана тіліне көңіл бөле бастады. Соңғы жиырма жылдан астам уақыттың туындыларын саралап шыққанда қаламгерлердің барлығы дерлік ұлттық құндылықтарға баса назар аударғанына көзіміз жетті. Әдебиет ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы адамзат баласына ортақ өзекті мәселелерді көтере алатынын көрсетті», – деген пікірі қазіргі таңдағы Қазақстан халықтарының әдебиетін тыңғылықты саралаудан туындап отыр.
Жас ақындар поэзиясын зерттеген Н.Құдайбергенов қазақ жастарының өлең әлемі жөнінде: «Жүрек түкпіріндегі сезім сиқырын лирикалық шеберлікпен жеткізу, замана алға шығарған ұғымдар арқылы ғашықтық өлшемінің тым биік екенін білдіру, ұтымды тіркес, ойнақы диалогтар арқылы махаббаттың нәзік иірімдерін таныту – қазіргі жас ақындар шығармашылығына тән ізденістер», – деген тұжырымды ұсынады. Ол жас ақындардың өлеңдеріне шолу жасау арқылы қазіргі поэзияның талап-талпыныстарын жан-жақты сипаттайды.
Ұжымдық монографияның мақсаты – Қазақстанды мекен еткен қазақ және өзге этностар әдебиетіндегі ұлттық және жалпыадамдық тәрізді ортақ көзқарасты, ортақ мүдделерді көрсету болса, авторлар қауымының осы мақсатқа жеткендігі қуантады. Зерттеушілер тәуелсіздік тұсындағы әдебиеттің генсеологиялық, онтологиялық табиғаты ерекше күрделі екендігін оның қарқынды дамуымен ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Сондықтан қазақ әдебиетінің саяси-қоғамдық мүддесін арттыратын еңбек авторларына шығармашылық табыс тілейміз.