Әбубәкір Қайран.  Менің ҮНІМ – мылқау ойдың ымындай
28.02.2020
1247
3

* * *

О, Жаратқан!

Астым, міне, алпыстан,

Сыбыр, күбір естіледі әр тұстан.

Маздай түсті  миымдағы мұңлы орман −

Жүректегі өртімменен шарпысқан.

 

Тер шықпайды,

Шер шығады маңдайдан,

Шаршап зорға жеткендеймін шалғайдан.

Өзегімнен өзен ағып жатқандай –

Нөсерлердің лай селімен сарғайған.

 

Домбыра емес,

Қобыз үнін тыңдатып,

Әне-міне кетер ме екен Күн батып?!

Ақ шашымнан «Аяулым!» деп сипайды –

Жүз ғашықтан қалған жалғыз бір ғашық.

 

Жапырақпын!

Күтіп тұрмын Қазанды.

Сап-сары ойлар сыздатады санамды.

О, Жаратқан, есіркей гөр есімді,

Мүсіркей гөр мендей бейбас адамды!

* * *

О, Жаратқан!

Қанша бердің – сонша бар.

Қызыл қаным тамырыммен қанша ағар?

Сезімімді ала көрме,
Жалынам,

Төзімімді… тайсақтаса, алсаң ал.

 

Таусып төзім,

Тұз түкіріп,

Тас шайнап,

Талай ерлер түрді жауды бас байлап.

Төзім деген –

Қара нар ғой қажыған

Сезім деген –

Ойнақтаған ақ тайлақ.

 

Көңілім – тау,

Көмпіс болғым келмейді.

Кеудемді бір кереметтер кернейді.

Егер менің өр көңілім басылса,

Ақ тайлағым желмаядай желмейді.

 

О, Жаратқан!

Сиынамын!

Қол жаям!

Пәрменіңмен,

Дәрменіңмен толғанам.

Құла түзде құсаланып қалмайын,

Желмей қалып,

Жүрмей қалып желмаям!

 

* * *

Білегіме қу құрықты іліп ап,

Кетер едім кері атпенен жүріп-ақ –

Оралмайды-ау!

Оралмайды сол шақтар,

Өмір қалай өтіп кеткен зымырап?!

 

Қызды ауылда көп байланған шылбыры –

Аттарым да түске енбейді бұл күні.

Менің үнім –

Мылқау Ойдың ымындай,

Менің күнім –

Сырдаң Сөздің тірлігі.

 

Ұмытсам да ұшқыр атқа мінуді,

Ес-ақылым –

Ер-тұрманым ілулі.

Ет жеген соң,

Майлы ойымды соған сүртем,

Білмесін деп іру менен шіруді.

 

Кейде бір құс кеудеме кеп қонақтап,

Сайрап кетер –

Әні – мөлдір, үні – асқақ.

Тез үркітер сол құсымды бір итбас –

Түсі – түнек,

Беті – бұзық,

Көзі – аппақ…

Күрсінтпейді келмей кеткен кезегім.

Жүнжітпейді аса алмаған кезеңім.

Бір медетім –

Біз шықпаған биікке,

Жастар ертең шығатынын сеземін!

 

ҚАРА ҚЫЗ

Сені ойласам… көз алдым бұлыңғырдай,

Түсімде де көремін түріңді ұдай.

Қайда жүрсің, қара қыз?.. Қандай болдың?

Бір жолықсақ жақсы еді-ау бұрынғыдай!

 

Мен жүруші ем ат мініп, малға қарап,

Сен жүруші ең қалың ну талды аралап.

Өзен бойлап кетуші ең «шомылам» деп,

Қайда кеттің, қара қыз, жар жағалап?

 

Қызық едің, қызы едің басқа ауылдың,

Өзің үшін қанша рет атқа міндім.

Біздің көрген бал дәурен – бір жаз ғана,

Бірі болып кеттің ғой жат бауырдың!

 

Емес едің сен маған өкпелі де,

Жүрегіңде басқа гүл көктеді ме?

Өзің тұрмақ, ізің жоқ ауылыңда,

Іздеп сені барып ем мектебіңе.

 

Қарамастан жөнелдің алды-артыңа,

Өшпестей боп санамда қалды атың да.

Алматыға кетіпсің сол бір жылы,

Мен де көптен тұрамын Алматыда.

 

Көрмесем де өмірдің көлденеңін,

Түсім менен ісім де өзге менің.

Қартаң тартып қалдым мен… Сен қалайсың?..

Мүмкін жақсы шығар-ау көрмегенім.

 

БЕТ

Саған мәлім сұр беттер мен көк беттер.

(Бетті болсаң – беттер жайлы көп тексер).

Қара бетті қашан, қалай жыртарсың,

Қызыл бет те өз дидарын әспеттер.

 

Саз бет саған сазырайса, сызданып,

Тұрасың ғой бір суынып, бір жанып.

Тәкаппарсып ыңыранса табан бет,

Қалмайсың ба құзырында шырмалып?

 

Беттестің бе безірейген без бетпен?

(Сәтің естен шыға қоймас кездескен).

Қол бердің бе тасырайған тас бетке,

Қаны мұздай екендігін сезбестен?

 

Жылтыр беттің жөні бөлек өзгеден,

Сыйлағансып, сипалайды ол көзбенен.

Жылтыр беттің жылтыр көзі – бір сиқыр,

Қарсы алдына тұра көрме көлденең.

 

Сен өмірде көрдің талай күл бетті,

Білем, білем… көңіліңді кірлетті.

Панасыз да, санасыз да – сол байқұс,

Өле-өлгенше өлімтік боп жүрмекші.

 

Ақ бет деген атау жоқ қой – ғажабы.

Бар болса егер, сол ақтығы − азабы.

Аққа Құдай жақ болса да, бәрібір,

Басқа бір бет соған бір ор қазады.

 

«Бедел бетте тұрар» дейді мақалда,

(Мұны жақсы білген, сірә, атаң да).

Беттер жайын тексеремін деп жүріп,

Бір күндері өзің «бетсіз» атанба.

 

ШЕТ АУЫЛ

«Жоқ қой – деп – бұл ауылда кіріптарлық»,

Балбырап, балпаң басып, күліп бардық.

Иен түзге ену деген қандай ғажап,

Мал көріп, жусан иіскеп… рухтандық.

 

Амал не?!.

Кезеріңкі ерін көрдім.

Жанары жаутаң-жаутаң келіндердің.

Сәулесін жүрегімнің жуып кетті –

Көзінен сәбилердің төгілген мұң.

 

Жар кешкен жалаңаяқ жалшылардай,

Қыр кезген қызыл аяқ малшылардай –

Еңкіштеу екі-үш еркек күйбеңдеп жүр,

Қалалық қонақтарын қарсы ала алмай.

 

Үстемдік бұл ауылды басып қапты,

Барлығы бір дөкейден жасып қапты.

Әркімнің сөздері де, істері де,

Сол сырдың шет-жағасын ашып жатты.

 

Кіл қазақ – бәрі туыс, бәрі бауыр,

Кісі жоқ кіді мінез, тағылау бір.

Шыңғырған шындықтарын айта алмастан,

Шығарып салды бізді шағын ауыл.

 

* * *

Жатам үнсіз…

Бір Үмітке буазбын.

Таң атқанда –

Ән айтқанға қуандым.

Жыбырлай ма,

Қыбырлай ма Үмітім,

Серпілетін сияқты ғой жылау, мұң.

 

Анау шың да,

Мынау төскей, беткей де,

Қол бұлғайды…

Өзі маған жетпей ме?!

Буазбын мен!

Бұлқынады Үмітім,

Лапылдайды,

Лаулайды әлі от кеуде!

 

* * *

Жауап таппай жүрген соң сұраққа мың,

Жеткізбейді жел, құйын мұраттарың.

Мұзбалақтай мұзартта тумаған соң,

Жапалақтай ербиер құлақтарың.

 

Күш жетпеске күрмеліп, ерсінбе олай,

Жапалақтай болу да дейсің бе оңай?!

Қанаттассам қыранмен деп жүрсең де,

Алған жемін  бүркіттің жейсің қалай?

 

Әлек болма әліңді білгін, шырақ,

Саулығыңды Құдайдан жүрмін сұрап.

Жапалаққа жар, жартас жарасады,

Мертікпеші сен содан бір күн құлап!

 

* * *

Құлдырап сарқырама құздан ағар,

Тас пен су арасынан нұр да жанар.

Су – сұлу, тас – толағай екендігін,

Әттең-ай, түсінбейді-ау бір балалар!

 

Қайнардан жатса бұлақ атқалақтап,

Тұрамыз досқа мақтап, жатқа мақтап.

Бұлақтай бұлғақтаған жаны мөлдір –

Бозбала бос жүрмесін шатпалақтап!

 

БІЗДІҢ ЖҰРТ

Білгім келер – не ойлайды осы жұрт?

Қалам ылғи қармаланып, тосылып.

Біреу жатыр кең сарайда көсіліп,

Біреу отыр жаққан отын өшіріп.

 

Біреу елді басынғандай желігер.

(Өзге ерлерді ол қайтеді – өзі де ер).

Көп құтырған көк бөріге бір зауал –

Өз сирағын өзі бір күн кемірер.

 

Мына біреу мысықтай боп мияулап,

Деп ойлайды: «Мынау – досым, мынау − жат».

Тоңбаған соң, тоқ болған соң қарыны,

Іші пысып, әр бір жерге жүр аунап.

 

Бұл мысықтар… Тікірейіп мұрттары,

Жаланады, талтаяды бұттары.

Иесінің қойынында жатқан соң,

Иттен артық көреді өзін сырттағы.

 

Қай өкімші мұның бәрін тұр бағып?

Ел байлығы еңсерілді ұрланып.

Бұл тірлікпен қайда барып оңады –

Бас-басына бастық болған бұл халық?

 

Білгім келер – не ойлайды біздің жұрт?

Таң – қарбалас, кеш – жанталас, түн – жым-жырт.

Біреуінен біреу жұлып жеп жатыр,

Бес күн тірлік болды ма, әлде, бір күндік?

 

* * *

Мен – құмыра ішіндегі судаймын.

Буланбақпын…

Буланбай да тұрмаймын.

Күшті арақ боп кетер ме екем осы мен,

Қайнап-қайнап ішімдегі удай мұң?!.

 

Сен – құмыра сыртындағы ауасың,

Жел боп соғып, жаңбыр болып жауасың…

Бәрі-бәрі келеді ғой қолыңнан,

Тапшы менің дерттерімнің дауасын!

 

* * *

Сұрғылт өзен, сұрыңа көп қарадым.

Сүңгісем деп суыңа… тоқталамын.

Сен қай кезде жаралдың, өзен болып,

Сол бір сырды айтуға, жоқ па амалың?

 

Күндіз-түні ағасың, көзіңді ілмей.

Ал мен тұрмын жүрудің жөнін білмей.

«Өмір – өзен» деген сөз – рас сөз-ау,

Аға берер еш жанға сезіндірмей.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 29.02.2020 | 12:15

Күшеншек қырт.

Аноним 11.04.2020 | 20:34

Керемет,өлеңдер! Керемет ақынсвң,Әбіш!

Аноним 25.10.2021 | 10:38

тиіспеңдер оған енді жазып жүрген адам үйреніп кетеді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір