МЕН ӨМІР СҮРУДІ АРМАНДАЙТЫН ЕЛ МЕН ЗАМАН ОРТА ҒАСЫРЛАРДА ҚАЛҒАН
03.03.2020
1261
3

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы –  ақын Ұларбек Дәлейұлы

 – Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

–  Опалылық дер едім. Әрине, оның аясына көп дүние сияды.

– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

– Тыныш заманда туған топырағы үшін тер төгу, ел шетіне жау келсе – тобықтан қан кешу.

 –  Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

 –   Меніңше, аман жүру.

 –  Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

 –  «Қан мен тердегі» Судырахмет пен «Көтерілген тыңдағы» Шукар шал.       Екеуін үнемі сағынамын.

 – Ең басты кемшілігіңіз қандай?

 –  Мал бауыздай алмаймын…

 – Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

 –   Спорт залдары мен бассейнде жүзу. Сосын, бас алмай кітап оқу.

 – Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

 –  Дәрігер болар едім.

 – Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

 –  Мен өмір сүруді армандайтын ел мен заман орта ғасырларда қалған.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

  –  Ол туралы ойланып көрмеппін.

  – Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

  –  Тез шешім қабылдай алмай дағдарып қалатын кездерім көп.

   –  «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

   –  Ғайыпқа сенемін, қатты сенемін. Әлемді жаратушы құдіретті бір күш сөзсіз бар. Сондықтан, айып та бар.

   – Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

   –  Өнертапқыш болсам, бір сәбиге зар болып, ана болуды армандаған барша әйелге сәби сыйлайтын дәрі ойлап табар едім. Өйткені ана мейірінен өткен құдіретті ешқайдан көрмедім.

 – Неден жиіркенесіз?

 –  Атаққұмарлық пен аярлықтан.

 – Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

  –  Сталин. Оның кесірі шарпыған ұлттар мен ұлыстардың қазіргі кеспірін көргенде қатты кектенемін.

 – Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

 –  «Құдай өзі берген жанды өзі алады».

 –  Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

 –  Жоқ. Тым сирек жылаймын. Дегенмен жаным нәзік.

 – Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

– «Домбыраға қол соқпа,

Шымырлатып бір-бірлеп.

Жүрегім, соқпа, кел тоқта,

Жас келер көзге жүр-жүрлеп».

 – Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

 –  Өткен ғасырлардағы құндылық саналған барша ізгі қасиеттер кеміп, суалып барады. Олардың орнын өзге құндылықтар иемденіп алды.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

–  Мен сүйетін ақындардың бәрі өліп қалды… Жазушылардан Мұхтар Мағауин мен Төлен Әбдік кітап сөремнің ең үстінде тұр.

 –  Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылық пен кемшілікті көріп жүрсіз?

– Жас қаламгерлер көп. Ұқсас шығармалары да көп. Қазірше біраз нәрсе белгісіз. Заман буырқанысы белгісіз бір жастардың қаламынан от болып төгілетіндей күтемін.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 08.03.2020 | 17:27

Ұларбек, Сталиннің кім болғанынан бір тиындық хабар-ошарың жоқ екен. Оны жамандау арқылы КСРО-ны, Ресейді жойып, бүкіл әлемді билеуді жоспарлаған халықаралық сионистер ұйымының өсегіне жан-жағыңдағы итаршылардың шатылуы бойынша сеніп, әлден сионистердің қолбаласы болғаның қазақ деген атыңа ұят. Сен интернеттен Г.Феррдің «Антисталинская подлость» деген кітабын оқы, өкінбейсің, жібі түзу адам болуыңа көмектеседі. «Өзім білем!» деп шамданба. Нені, кім туралы әлдене деу үшін оны әбден біліп алу керек қой. Қайталап айтайын, аталған кітапты оқы, сонда заманға көзің ашылады.

Аноним 08.03.2020 | 17:44

Мына ақын қалай болса солай сөйлейді екен. Жауаптарының көбі «болдым, толдым» дегендей жеңілтектігін байқатты. Мысалы, «Өткен ғасырлардағы құндылық саналған барша ізгі қасиеттер кеміп, суалып барады. Олардың орнын өзге құндылықтар иемденіп алды» дегені, сөйлемінің орашолақ құрылғанына қоса, «кеміп, суалып барады» деген, жақсы құндылықтардың сондай жағдайға ұшырағанына өкінген сияқтанып, олардың орнына пайда бола бастаған «құнсызқтарды» ол «өзге құндылық» депті. Яғни бұл ақынның айтуынша, бізде тепе-тең екі құндылық бар болғаны ма?

Аноним 08.03.2020 | 17:47

Мына ақын қалай болса солай сөйлейді екен. Жауаптарының көбі «болдым, толдым» дегендей жеңілтектігін байқатты. Мысалы, «Өткен ғасырлардағы құндылық саналған барша ізгі қасиеттер кеміп, суалып барады. Олардың орнын өзге құндылықтар иемденіп алды» дегені, сөйлемінің орашолақ құрылғанына қоса, «кеміп, суалып барады» деген, жақсы құндылықтардың сондай жағдайға ұшырағанына өкінген сияқтанып, олардың орнына пайда бола бастаған «құнсызқтарды» ол «өзге құндылық» депті. Яғни бұл ақынның айтуынша, бізде тепе-тең екі құндылық бар болғаны ма?

Модератор, это мое другое мнение, повтора нет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір