Балалар әдебиеті бақылаусыз қалмасын
19.02.2020
1143
0

Жуырда Алматыдағы Қазақстан Жазушыларының кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы жанындағы балалар әдебиеті кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.

Оған кеңес мүшелерімен бір­ге Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы Ғалым Қалибек қатысты. Мәжіліске модераторлық жасаған – жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш.

Бауыржан Жақып мәжілісті ашардағы кіріспе сөзін­де Жазушылар одағы басқарма­сы­­ның жаңа форматта жұ­мыс істей бастағанын айта ке­ліп, жазушылардың кезекті құрыл­тайы­нан бергі атқарылып келген жұмыстарға шолу жасап өт­ті. Соның ішінде қазақ бала­лар әдебиетінің жай-күйіне тоқ­та­лып, кеңес жұмысына риза­шылы­ғын білдіріп, ұсыныстар айтты.

«Қордаланып қалған мәселе­лер аз емес, – деді ол сөзінде. – Алдағы атқарылатын міндеттер мен жүзеге асырылуы тиісті іс-шаралар шаш етектен. Солардың ішінде балалар әдебиетіне қа­тыс­ты басқарма пленумын өт­кізу, ақын-жазушылардың мүшел­тойларын атап өту күн тәртібінде алғашқы кезектерде тұр». Сонымен бірге Төраға орынбасары кеңес жұмысын одан әрі жандандырып, ширатуға қатысты ой-пікірлерін түйіндеп жеткізді.

Жиында сөз алған кеңес мү­ше­лері Қанат Қайымов, Байбота Қошым-Ноғай, Шәкен Күмісбаев, Арасанбай Естен, Ділдар Мамырбаева, Сәбит Дүй­сенбиев жә­не осы жиын өтіп отырған Жазу­шылар кітап­хана­сының меңгерушісі Елена Ағайса Бауыржан Жақып сөз еткен мәселелерді одан әрі толықтырып, жекелеген жұмыс­тарды іске асыру қажеттігін атап өтті.

Мысалы, Қанат Қайымов бала­лар әдебиетінің үлгілерін «Жұл­дыз», «Қазақ әдебиеті» тәріз­ді шоқтықты басылымдар бетінде жариялап отыру керектігін, сонымен бірге жыл сайын өткізілетін әдеби жыл қорытындысында балалар әдебиетіне арналған баяндаманы алғашқылардың бірі етіп жіберу қажеттігін алға тартса, Ділдар Мамырбаева кеңес жұмысында талқыланған мәселелерді көп қайталай бермей, қаншалықты тиянақты орындалғанына зер салу керек­тігіне тоқталды.

Арасанбай Естен кітап шы­ғару­­ға байланысты тиісті ми­нис­трлік жариялайтын тендерді балалар әдебиетінің кітаптары үшін бөлек жариялау қажеттігін негіздесе, Шәкен Күмісбаев бүлдіршіндерге арналған кітап­тардың безендірілуі жақсы болғанымен, олардың өздеріне тән ерекшеліктерін тақырыптық, мазмұндық сипаттарын жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды. Кейбір кітаптардың қолжазбаларын осы балалар әдеби кеңесі арқылы тал­қылап барып, баспаға ұсынудың тиімділігін атап көрсетті. Балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлердің мемлекеттік марапатқа іліге бер­мейтінін, назардан тыс қалып қоятынын, осының өзі балалар әдебиетіне жеткілікті көңіл бөлмеудің нышаны екенін нақты мысалдармен дәлелдеп жеткізген – Байбота Қошым-Ноғай өз пікірін жан-жақты дәйектермен келтірді.

Қазақстан Жазушылары кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса өздері ұйым­дас­тыр­ған балалар әдебиеті кітап­та­рының көрмесімен таныс­тырып, әдебиетті насихаттау жұмыстарының кемшін екендігін, сондықтан да жандандыру қажетттілігін атап өтті.

Кеңес мүшелері қазіргі балалар әдебиетіне қатысты әңгімені өрбіте келіп, бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша мынандай мәселелерді енгізуді жөн деп тапты:

Балалар әдебиеті кеңесінің жаңа құрамы сайланып, оның төрағалығына Нұрдәулет Ақыш ұсынылды. Кеңестің биылғы жыл­ғы жұмыс жоспары бекітіліп, кеңес мәжілісін екі айда бір рет өткізу жөнінде ұйғарым жа­салды. Оған қатарынан үш рет қатыспаған мүшені кеңес құра­мынан шыға­ру жөніндегі шешімге келді.

Биылғы жылғы балалар әде­биеті өкілдерінің мерейтойларын тиісті деңгейде атап өтіп, жекелеген көрнекті тұлғалар жөнінде баспасөз беттеріне мақалалар жазу керектігі тиянақталды. Мысалы, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Сапарғали Бегалин­нің туғанына 125 жыл толуына орай мақала жазу Нұрдәулет Ақышқа тапсырылды.

Балалар әдебиетіне қатысты пленум өткізуге байланысты Қа­зақс­­тан Жазушылар одағы Басқармасына ұсыныс енгізу жө­нінде шешім қабылданып, ол пленумда бастауыш сынып оқулықтарына байланысты мәселе де қаралу керектігі айтылды.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы Басқармасы жанындағы одақ­қа мүшелікке қабылдау комис­сиясының құрамына балалар әдебиеті кеңесі атынан Сәбит Дүйсенбиев сайланды.

Жылдың әдеби қорытынды жиналысына балалар әдебиеті бойынша Ділдар Мамырбаева баяндамашы болып бекітілді.

Әртүрлі деңгейде өткізіліп жататын әдеби бәйгелер мен мемлекеттік марапаттауларға балалар қаламгерлерін де қатыстыру туралы ұсыныс енгізіліп, биыл­ғы жылғы Қазақстанның Мемлекет­тік сыйлығына ұсыныс ретінде осы кеңестің атынан Байбота Қошым-Ноғайдың «Достық жоралғы» деген кітабы басқарма секретариатының қарауына жіберілетін болды.

Алматы қаласының әкімдігі­мен бірге өткізілетін «Алматы – өркениет ордасы» атты әде­би-жанрлық байқауға балалар әдебиетінің де өкілдерін қатыс­тырып және оның комиссиясына осы кеңестен мүше енгізілді.

Кеңестің қоғаммен, соның ішін­де білім ордалары және кітап­­ханалармен байланыс жұ­­мыс­­тарын жүргізу Ділдар Мамырбаеваға жүктелді.

Балалар әдебиетіне қатысты пленум дайындауға кеңес атынан жауапты адам ретінде Нұрдәулет Ақыш бекітілді.

Сонымен бірге балалар әде­бие­тіне келген жас қалам­гер­лермен және облыстарда, алыс аудандарда тұратын балалар әдебиетін жазуға үлес қосып жүрген қаламгерлермен де жұмыс істеу керектігі айтылды.

Балалар әдебиеті кеңесінің бұл жолғы отырысын Қазақс­тан Жазушылар одағы Басқармасы­ның хатшысы Ғалым Қалибек қоры­тындылады.

 Елена АҒАЙСА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір