Әл-Фарабидің он бес томдығы жарық көрді
26.02.2020
965
0

Әл-Фараби ілімі – неше ғасырлардан бүгінге дейін ескірмей, маңызын жоғалтпай жетіп отырған құнды дүние. Ұлттың ұстазына айналған бабамыздың мерейтойы қазақ даласына жаңаша көзқарас, жаңаша леп беріп отыр.

14 ақпан күні ҚР Ұлттық кітап­ханасының «әл-Фараби» ғылыми орта­лығында белгілі жазушы, драматург Роллан Сейсенбаевтың тікелей қолдауымен ғұлама, ойшыл әл-Фарабидың он бес томдық жинағының таныстырылымы өтті.

 «ФАРАБИ» көп томдығының қазақ тілінде жарық көрген І томы –«Қайырымды қала», ІІ томы – «Философиялық трактаттар», ІІІ томы – «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», ІV томы – «Музыка туралы үлкен кітап», V томы «Ғылым туралы кітап», VI томы – «Ой-сана туралы кітап», VІІ томы – «Ұстаздың оралуы» еңбектеріне арналады. Алайда, осы бір кітаптардың таралымы көңіл көншітерлік емес. Белгілі кітапханаларға ғана жетіп отырған томдықтар қолға алып, бауырға басып оқуға қолжетімсіз болып тұр. Өзге елдердің тәжірбиесіне сүйенсек, ұлттың төл перзенті саналатын әр ойшылдың кітабын кез-келген үйдің сөресінен табуға болады. Екінші ұстаз, әлемге мәшһүр әл-Фарабидың бұл томдықтары бұдан әрі қолдау тауып, көп таралымға ие болуға тиіс деп білеміз.  

Жазушы Роллан Сейсенбаев өз пікірінде: «әл-Фараби – әулие тұлға. Туындыларын бірден түйсініп оқып кету мүмкін емес. Десек те, жас буынға лайықталып жарыққа шыққан еңбектер оқуға ыңғайлы, түсінікті етіп жинақталған.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мамандарының атсалысуымен жарыққа шыққан кітаптар – ұзақ жылғы жұмыстың жемісі. Алғысөзін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазған бұл жинақтарға көптеген шетел ғалымдарының еңбектері топтастырылды», – деді.

Шараға белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Осындайда ойға оралатын мына бір мәселе бар. 15 томдық еліміздегі кітап­ханаларға таратылады екен. Әдет­те әл-Фарабидың кітабын табу өте қиын. Оның том-том еңбектерін айтып тамсанғанымызбен, оқығанымыз шамалы. Себебі, философтың, әлемнің екінші ұстазының трактаттарын кітап дүкендерінен көре алмайсыз! 1150 жылдығын атап өтіп жатқанымызбен, халыққа оқуға мүмкіндік сыйламасақ, Фарабиды бабамыз, жерлесіміз деп мақтанғанымыздан не қайыр?! Оның бірер ой үзінділерін оқып қашанғы жүреміз? Біздіңше, биліктегілер әл-Фараби кітаптарын әртүрлі форматта көптеп шығарып, кеңірек насихаттауға мүмкіндік туғызуы керек. Фараби еңбек­терін академиялық кітапханаларға тығып қойғаннан гөрі, қарапайым халық­қа жетімді болса дер едік. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір