АСТАРЛЫ, АСҚАҚ ОЙЛЫ ШЫҒАРМАЛАР ҰНАЙДЫ
14.02.2020
1495
0

Бір жазушының «Кітапты ой жүгіртпей оқу – нанды шайнамай жұтқанмен бірдей», – деген сөзі бар еді. Кітапты сүйіп һәм түсініп оқыған оқырман ғана аса маңызды құпияны танып, жасырын сырына бойлай білмек. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жазушы Думан Рамазан жан дүниесіне терең әсер еткен шығармалар жөнінде ой толғайды.

Думан Рамазан

Жастайымнан ұлы Абайдың өлеңдерін жаттап, дана Әуезовтің шығармаларын жата-жастана оқыдым. Әлемде Абайдан асқан ақын, Әуезовтен артық жазушы жоқ шығар деп ойлайтынмын.

Алдымен Абай өлеңдеріндегі нақыл­дар мен суретті ұнаттым, соған ғашық болдым. Үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алдым. Абайды әркезде оқысаң, әрқилы түсіне­сің. Сөйтсем, бет жағын қалқып жүр екен­мін. Абай жырларының құдірет-күші тереңінде екен. Артынан тұңғиығына бойлай бастадым, құпия-сырына үңілдім, тереңінен маржан тердім. Бірте-бірте жұмбағын шешуге ұмтылдым. Әлі толық ұғындым, әлі толық шештім деп айта алмаймын. Бір ғажабы, мен ұлы ақынның тұңғиығына тереңірек бойлаған сайын тылсымы да күрделеніп, жұмбағы да көбейе түседі.

Абайды түсіну үшін Әуезовті оқимын, Әуезовті түсіну үшін Абайды оқимын. Абайды да, Әуезовті де қайта-қайта оқимын. Оқыған сайын өзімше жаңалық ашып отырамын. Қос ұлының кез келген шығармасы ойыңда, санаңда, көңіліңде мәңгі өшпестей жатталып қалады.

Бізге Әуезовтен де үйренер нәрсе өте көп. «Абай жолы», «Қилы заман», «Көк­серек», «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» шығармалары жазылуымен де, көр­кемдік бояуымен де ерекшеленіп тұрады. Жаныңды тебірентеді, жүрегіңді тербейді, ойыңды қозғайды… Түрлі сезім күйлерін басыңнан кешесің. Әсері күшті… Кейіпкерлерінің іс-әрекетін, өмір сүрген ортасын, ойы мен сөзін қалай шебер кестелейді?! Жан дүниелеріндегі құпия-қалтарыстарды қалай ашады?.. Жанды образ жасайды. Сүйінесің, күйінесің, уайым-мұңға батасың, жаның езіледі, жүрегің ауырады, ойланасың… Қалам­ның құдіреті де осында емес пе?! Әуезов шығармаларының тартып тұра­тыны да содан…

Ұлы Мұхтар Әуезов жоғары баға­лаған Лев Толстой мен Федор Достоевс­кий сияқты жазушылар да қатты ұнай­ды. Толстойдың шығармаларын оқып отыр­ғанда да көз алдыңа сол заман­ның кескін-кейпі, тыныс-тіршілігі мен адамдарының бейнесі елес береді. Сан түрлі оқиғалар мен көркем бейнелер көз алдыңнан тізбектеліп көшіп жатады… Тұшынасың, түйсінесің… Сөзбен сурет салады. Ал түбі түркі Достай шалдың баласының туындылары әлемді несімен таң қалдырды? Шығармасының сыртқы пішінімен емес, ішкі өзегімен, кейіпкерлерімен, олардың жан дүниелерін қойма ақтарғандай ашуымен әлем оқырмандарын өзіне табындырып қойды.

Француздың әлемге әйгілі жазушысы Проспер Мериме де мен жиі оқитын қалам­герлердің бірі. Оның «Кармен» новелласын алайықшы. Сыған қызы Кармен мен оны жақсы көріп қалып, соның кесірінен өз еркінен тыс қарақшылық жолға түскен Хосенің көркем бейнесі, болмыс-бітімі, мінез-құлқы қалай шебер суреттелген! Ешқашан ұмытылмайды. Көңіліңде, санаңда, көрмесең де көз алдыңда мәңгі қалып қояды. Не құдірет? Образ жасау мен кейіпкерлерінің жан дүниесін ашудағы жазушының шеберлігі. Шығармадағы жаңа кейіпкер – жаңалық.

Болмаса, адам жанының құпия-қалтарысын қапысыз кейіптеген атақты австриялық жазушы Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хатындағы» әйел мен ол өліп-талып ғашық болған жазушының іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөй­леген сөзі, ішкі жан дүниесі, ойлары мен сезім күйлері қалай ғажап суреттелген! Сол арқылы жазушының да, хатты жазып отырған әйелдің де қандай адам екендіктерін анық білесіз. «Карменде» де, «Бейтаныс әйелдің хатында» да адам тағдыры шынайы кескінделген. Оқып отырып түрлі ойларға батасың, сан алуан сезім күйін кешесің. Карменді де, Бейтаныс әйелді де, тіпті Хосе қарақшы мен Жазушыны да аяйсың. Олардың тағдыр-талайлары адамның аяныш сезімін тудырады. Әрқайсысы өз ғұмыры, өз тағдыры, өмір сүру салты мен ұстанымдары бар қайталанбас кейіпкерлер. Мәселен, Хосе сыған қызы Карменге жолықпағанда қарақшылық жолға түспей, өмірде үл­кен бір жетістіктерге жетер ме еді деп ойлайсың, яғни Кармен оған Қырсық болып кезікті, ал ол оған Ажал болып жолықты. Тіпті, Ажалдан да қаймықпай, бәрінен өз еркіндігін жоғары қойған сы­ған қызына да іштей бүйрегің бұра­ды. Ал Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хатындағы» көңілі ақ, ниеті таза Бейтаныс әйелге де ішің жылып, оның аянышты тағдырына ортақтасқың келеді. Жақсы көргені, өлердей ғашық болғаны үшін Ол да Күнә­ға өз еркімен барды, саналы түрде берілді. Сол Күнәдан перзент сүйді. Бірақ сәби ұзамай шетінеді… Әрине, аянышты тағдырлар. Тіпті әйел өлердей ғашық болған менмен, тәка-ппар Жазушыны да аяйсың… Осындай көркем бейнелерді көркемдікпен кейіптеп кеткен қаламгерлерге қалай риза болмайсың?!

Маған осындай тағдырлы кейіпкерлер мен жанды образдар және астарлы шығармалар ұнайды. Шығарманы күрделі жазамын деп түсініксіз бірдеңелерді ши­майлайтындарды түсіне алмаймын. Меніңше, шығарма қарапайым (қа­радүрсін емес) жазылуы керек. Бірақ астары терең, қатпары қалың, айтпағы ас­қар болуы тиіс. Мықты болсаң, айта­рыңды шығарманың ішінде айтпай, күрделілікті шығарманың сыртына шығар, астарына қалдыр. Мәселен, әлем­ге әйгілі америкалық қаламгер Эрнест Хэмингуейдің «Шал мен теңіз» хикаятын немесе ағылшынның атақты жазушысы Даниэль Дефоның «Робин­зон Крузо» романын алайықшы. Бұлар айтар ойларының асылдығымен, ай­шық­тығымен, ұлылығымен ұтып тұр, соны­сымен әлемді аузына қаратты. Адам­­ның мықтылығын, күштілігін, құ­дірет­тілігін, нақтылап айтар болсақ, Хэ­мингуей америкалықтардың алдарына қойған мақсат-мұраттарына жетпей қоймайтындығын, соған жету жолында қандай қиындық болса да жеңіп шығып, мерейлері үстем болатынын, ал Дефо ағылшындықтардың бәрін билейтінін, қай жерде жүрсе де (тіпті айдаладағы аралда да) өз үстемдіктерін жүргізетінін айдай әлемге паш етті, шығармаларында көрсетті, дәлелдеді.

Ал ұлы орыс жазушысы Антон Чехов­тың кейіпкерлері қандай?!. Бірінен бірі өтеді ғой, шіркін! Сондай-ақ бүгінде есімі сирек аталатын талантты қаламгер Сайын Мұратбековтың әңгімелері, дәлірек айтсақ, кейіпкерлерінің жан дү­ниесін ашудағы шеберлігі қатты ұнайды. Былай қарасаң, шығармалары жайдақ-жадағай сияқты, өте қарапайым. Ал зер­делей қарасаңыз, Сайын ағаның шы­ғар­маларынан тереңдікті, астарды, жаңалықты молынан табасыз. Мәселен, бір ғана «Қылау» әңгімесін ойша таразылап көрелікші. Бас кейіпкері Сатайдың, яғни баланың психологиясын қалай әдемі берген…

Сатай зираттың жанынан өтіп бара жатып алғаш рет өлім туралы ойлайды. Қайтар жолда Рәбиға есімді қызды кездестіріп, шанасына отырғызып алады. Бойында алғаш бір бұла сезім оянды… Қасқырды көріп, қорқады, үрейленеді… Тағы да өлім туралы ойланады.

Әңгіме өте қарапайым жазылған. Күннің қылаулап тұрғанынан басталады. Бірақ шығарманың астарындағы қылау мүлде басқа. Қазақ «Көңіліңе қы­лау түспесін!» деп бекер айтпаса керек. Сатайдың, яғни баланың көңі­ліне қылау түсті… Уақытпен бірге ол қалыңдайды, шаң-тозаң қонады, кір­лейді… Жаңа жауған ақ ұлпа қар бірте-бірте нығыздалады, қатады, ақырында мезгілі жеткенде еріп, топыраққа сіңіп кетеді. Адам тағдыры сияқты әр нәрсенің өз талайы болады. Жұмыр басты пенде де пәк, таза, періште күйінде жарық дүние есігін ашады. «Көресіңді көрмей көрге түспейсің» дегендей, өскен сайын неше түрлі қулық-сұмдықтарды көріп жаны ауырады, кірлейді, жүрегі шымырланып қатады, тәні тозады, ақырында дүние салып, топыраққа сіңеді. Ешкім де анадан жаңа туғанда жақсы немесе жаман адам болып тумайды. Келе-келе жақсы немесе жаман адам болып қалыптасады. Бір кездегі пәк, періште сәби өскенде дүниедегі ең зұлым адам болып шығуы мүмкін. Немесе керісінше. Бұл – өзгермес өмір заңы. Бәрі де ата-текке, тәлім-тәр­бие­ге, жағдайға, ортаға байланысты. Автор, міне, осы асыл ойды көркемдікке ор­ап, көркемдеп жеткізіп отыр… Мені көбіне осындай астарлы шығармалар қызық­тырады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір