Президент «жанам деген жүрекке» от берді
14.02.2020
1309
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялай салып, көп өтпей 13 мың адамның ішінен президенттік жастар кадр резервіне іріктеп алған 300 азаматты Ақордаға шақырып, ақ тілегін айтып, оларды мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жіберетінін жеткізді. Резервке өткен елу бес азаматтың жаңа қызметке тағайындап үлгергенін де айтты.

Сөйтіп, Қазақ­станның өрімдей үш жүз қыз-жігіті Президенттің ақ батасын алып, Ақордадан ауыр міндет арқалап шықты.

Өткен ғасыр­дың жетпісінші жылдарында кең­естік билік қазақ жастарын мектеп бітіре салысымен «Комсомолмен ауыл­ға!» деген қы­зыл ұранмен аймақтарға жібере­тіні есімізде. Оны сол кездегі «Азаттық» радиосының тілшісі, Алаштың ардақты ұлы, аса көрнекті қоғам қайраткері, марқұм Хасен Оралтай ағамыз Мюнхенде отырып: «Кеңес одағы қазақ жастарын жоғары біліммен сусындатпай, сауатсыз қалдырып жатыр!» – деп, күн құрғатпай сынайтын еді кеп.

Ал бүгін Тәуелсіз Қазақстанның басшысы қазақ жастарын әлемнің бес құрлығынан оқытып-тоқытып алып, мемлекеттік билікке жіберіп отыр.

Бұл – бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға!

Шынымды айтсам, өз басым осы бірегей бастаманың әсерінен әлі шыға алмай жүрмін. Көз алдыма Ақордадағы кездесу оралады да тұрады…

Әрине, үш жүз жастың бәрімен кездесіп, сөйлесу мүмкін де, шарт та емес. Телеарнадан жаңалықтарды көріп отырып, әлгі жастардың қатарынан «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібекті көзіміз шалып, қатты қуандық.

Дәулет Жұмабайұлы – қазақи ұстанымы берік, сөзге шешен, «Нұр-Отанның» үлкен мектебінде өзін баптап келе жатқан жігіт.

Сосын, Әлібек Ыдырысұлымен кездейсоқ жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. «Іріктеу жұмысы өте қатаң болды!» – дейді, басын шайқап.

Әлібек Қытай Халық Республикасының Күнес ауданының тумасы екен. 2005 жылы Атажұртқа оралыпты. Сол жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дайындық курсына оқуға түсіп, кейін осы университеттің биология мамандығын үздік нәтижемен аяқтапты. Геоботаника мамандығы бойынша оқуын магистратураға, одан ғылыми жұмысын докторантурада жалғастырыпты. Қазір ҚазҰУ-де ғылыми және оқытушылық қызметте.

Кадрлық резервке өткеннен кейін, Әлібек Ыдырысұлына бірқатар ұсыныс түсіпті. Олардың басым көпшілігі аудан әкімінің орынбасары, қалалық басқарма басшысы, тіпті министрліктегі департамент директоры, сынды қызметтер екен. Әлі де шақырулар түсіп жатқан көрінеді.

Осыдан тура бір ғасыр, нақтылап айтсақ, 104 жыл бұрын ««Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз жылып, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы «аһ!» десіп қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астында біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты Алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бері телміргеніміз аз ба? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әртүрлі газет, журнал басылып, қазақ тілінде мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді» – деп, хат жазып, оған Мақсұт тәйжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Құсболат Байболатұлы, Жайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы қол қойып, Алаш көсемдері ашқан «Қазақ» басқармасының «Азамат» серіктігіне 600 сом жібергені бар. («Қазақ» газеті. 1916 жыл,17 март. №222).

Міне, қызық! Әлібек Ыдырысұлы бауырымыз – осында алты адамның ішінде есімі екі жерде аталған Сасан бидің тіке ұрпағы.

Шыны керек, мемлекеттік билікте Тәуелсіздік жылдары шеттен оралған қандастарымыз жоқтың қасы еді.

Демек, 300-дің қатарында қаракөктің тұқымы, тектінің тұяғы аз емес деп ойлаймын. Көп болса екен деп тілейік!

«Қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болуы қажет», – деді Мемлекет басшысы кездесуде.

Бұл – қоғам өкілдері ғана емес, жас кадрлардың да жадында сақтайтын сөз.

Ескі жүйеге еті үйреніп алған аға буын басшылардың өкшесін басып келе жатқан жастарды бірден тыңдай қоюы, қабылдай салуы қиын, әрине.

Тыңдату үшін жас кадрлерде тазалық, біліктілік және мінез болу керек!

Осы жерде көші-қон саясаты мен «Нұр Отан» партиясы туралы аз-кем тоқтала кеткенім артық болмас.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерте жолға қойған Көші-қон саясаты бұл күнде өз жемісін берді. Өкінішке қарай, аталған саясаттың 2011 жылдан бастап, төрт-бес жыл дағдарысқа ұшырағаны белгілі.

Көші-қон – өте күрделі саясат. Оған қарсы ішкі және сыртқы жаулар жетерлік. Екі бүйірімізде отырған Құдай қосқан алып көршілеріміз қазақтың көбейіп, ұлттық мемлекет құруымызды ұнатып отырмағаны жасырын емес. Өзге елде туып, өз Отанына келген ағайындардың жаңа ортаның қыры мен сырын, заңы мен қағидасын бірден біліп, үйлесіп кетуі – тіптен қиын шаруа. Көңіл мен ниет қанша жерден түзу болғанымен, өз басынан өтпеген соң, жергілікті билік өкілдерінің көбі олардың проблемаларын толық түсіне бермейтіні тағы анық.

Әділет үшін айтуымыз керек, Көші-қон саясатын туындаған барлық дағдарыстан Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шығарып алып, оң бағытқа бұрып отырды.

Міне, жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол сабақтастықты жалғап, «Дүние­жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деп, биік мақсат қойды.

Мен бұл саясатқа сол 2010 жылы келіп қосылдым. Ең алдымен өзім байқаған кілтипандарды тізіп, құзырлы мекемелерге хат жазып, жауап алып көрдім. Шынын айтайын, ол жауаптар мені қанағаттандырмады. Бағамдай келе, бар мәселенің «Халықтың көші-қоны туралы» заңында екеніне көз жеткіздім. Сөйтіп, 2012 жылы қаңтар айында Алматыны тастап, бір жола Елордаға қоныс аудардым. Жерлес ағамыз Айдын Оразанбайұлының үйінде тұрып жаттым. Қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы жұмысқа алды.

Түзету былай тұрсын, 2013 жылдың соңында «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сырттан келген қандастарға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін болып, заңға өзгеріс енгізіліп кетті. Енді Елбасының атына ашық хат жазуға тура келді. Жанұшырып, «Нағашыма хатты» жазып, жарияладық. Хат Мемлекет басшысына жетті. Президент кеңсесінің сол кездегі басшысы, үлкен жүректі азамат Махмұт Қасымбеков ағамыз Ақордаға шақырып, жазғанымызды Нұрсұлтан Әбішұлының оқығанын, заңның қайта қалпына келетінін жеткізді. Қуанғанымнан Ақордадан көңілім босап шықтым. Көп өтпей, Президент жарлық шығарып, 2015 жылы аталған Заң Парламентте қайта қаралды. Көші-қон процесін бастан кешкен азамат ретінде, содан бері Мәжілістегі жұмыс тобына қатысып келемін.

Бірақ мәселе мұнымен де толық шешіле қойған жоқ. Енді аталған саланы оң бағытқа бұру, жабылған жала мен жағылған күйеден тазартып, беделін тіктеу үшін мүмкіндік алаңын іздей бастадым. Ол мүмкіндіктің «Нұр Отан» партиясында екенініне көзім анық жетті.

Не керек, өтініш жазып, сол кездегі кеңесші Берік Уәлидің көмегімен партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың өз қолынан партия билетін алдым.

Арада, «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары болып, Мұхтар Құл-Мұхаммед келді.

«Нұр Отан» – Елбасының партиясы. Көші-қон – Елбасы ерте жолға қойған ұлы саясат. Шын мәнінде, екеуі бір ананың егіз баласы секілді екенін Мұхаңа айтып, партияда қызмет еткім келетінін жеткіздім.

Болмысы бөлек азамат қой, екі сөзге келген жоқ, Мұхтар Абрарұлы мені партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне кеңесші етіп, жұмысқа алды. Орталық аппаратта бос орын болмағандықтан, штатты партияның шаруашылық бөлімінен берді.

Бұл бөлім мамандарының міндеті – қар күреу, еден жуу, сөніп қалған шамдарды жағу. Былайша айтқанда, «қара жұмысшы». Оған қарап жатқан мен жоқ, жұмысқа білек түріп, кірісіп кеттім.

Министрлер мен олардың орынбасарлары, Бас прокуратураның жауапты тұлғалары, Мәжіліс депутаттары, партия Төрағасының бірінші орынбасары мен хатшылары Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүйелі түрде келіп, қабылдау өткізеді екен. Көші-қон мәселелерін шешуге бұдан артық қандай орай керек?! Міне, мен іздеген мүмкіндіктің көкесі – дәл осы жер емес пе?!

Сөйтіп, бірінші кезекте Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қабылдауына кірдім. Келесіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға. Көші-қонның ең күйіп тұрған проблемасы осы екі министрлікке қатысты. Ары қарай, депутаттар… Шынын айтайын, партия қызметкерлерінде мұндай «құқық» бұрын болмаған екен. Өзім ғана кіріп қоймай, мәселесі шешілмей жүрген қандастарымды да жаздырып, топырлатып қоса ертіп кірем. Алыс аймақтағылар облыстық, қалалық филиалдарға келіп, бейне-байланыс арқылы арыз-арманын айтады. Онымен де шектелмей екі-үш ай өткен соң, құзырлы орган басшыларын қатыстыра отырып, қандастарымыздың күн тәртібіндегі мәселесін шешуді қолға алдық. Үнімізді билікке жеткізу үшін арнайы «Көш көлікті болсын!» тұжырымдамасын жасап меңгерушім Жұмажан Жүкеновке ұсындым. Жұмажан Қамкенұлы тұжырымдаманы өте жылы қабылдап, партияның республикалық жылдық желілік кестесіне енуіне ықпал етті. Сөйтіп, осы тұжырымдама негізінде манағы министрліктер мен оның департаменттерінің жауапты басшыларын, мемлекеттік емес ұйымдардың жетекшілерін шақырып, «Нұр Отан» партиясының аймақтық, аумақтық филиалдарында төрт мәрте акция өткіздік. Оған орталықтан бастап, өңірлердегі өтініші бар қандастарымыз түгел қатысып отырды.

Соның арқасында, жекелеген тұлғалар­дың мәселесі шешіліп қана қоймай, Қазақ көшінің ең өзекті қиындықтарына атқарушы билік пен заң шығарушы органның көзі әбден жетті. Сөйтіп, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына айтарлықтай өзгертулер мен то­лықтырулар енгізілді. Еніп те жатыр…

Заңға өзгеріс енгізе алу – мемлекеттке ықпал ету деген сөз. Міне, «Нұр Отан» партиясы соған мұрындық болды.

Жұрт билік пен билік партиясын үнемі сынап жатады. Билік және партия дегеніңіз – жалпылама атау. Мәселе онда емес, онда отырған жекелеген жауапты тұлғаларда.

Дау жоқ, «Нұр Отан» партиясы – Отанына, ұлтына қызмет етем деген әрбір саналы азамат үшін теңдесі жоқ мүмкіндік алаңы. Мен партияның бар құзыретін шамам келгенше пайдаланып, өзім кіріскен саланың заңы мен саясатын дұрыстауға мол мүмкіндік алдым.

Жұрт жақсы біледі, күн құрғатпай мақала, ашық хаттар жазып, басылым беттеріне жариялап отырам. Мақсат – көші-қон саясатын күн тәртібінен түсірмеу, туындаған проблемаларды өз уағында айту, билікке жеткізу және оңтайлы шешу.

Кейде ащы айтуға, билік басындағы жекелеген тұлғаларды қатты сынауға тура келеді. Сынадық, сынап та жатырмыз. Соның кесірінен жұмыссыз қалған кездеріміз де аз болған жоқ…

Риза болатыным, Төрағаның бұрынғы орынбасары болған Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Мәулен Әшімбаев та, бүгінгі басшым Бауыржан Байбек те бір рет қабақ шытып көрген емес, қайта бәріне түсіністікпен қарап, іштей қолдап келеді. Кезінде, Мұхтар Абрарұлы мен Мәулен Сағатханұлының кабинетіне шақырып, жеке сөйлескен кездері болды. Бірақ шектеу қоймай, ақыл-кеңесін айтып, арқадан қағып шығарып салып отырды. Бұрынғы меңгерушілерім Жұмажан Жүкенов пен Бақыт Темірова да, қазіргі Сақтаған Садуақасов та, олардың орынбасары болған Арыстанғали Сансызбаев та солай!

Бұл – «Нұр Отан» партиясындағы жауап­ты тұлғалардың Қазақ көшіне, қандастарымыздың Отанына оралуына деген зор қолдауы мен қамқорлығы, еліміздегі сөз еркіндігіне деген биік құрметі, саяси мәдениетінің жоғарылығы деп білемін.

Енді әуелгі сөзімізге оралсақ, «Сіздер­дің әрқайсыңыз жоғары кәсіби білікті­ліктеріңізді көрсетіп, мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге ниетті екендеріңізді дәлел­дедіңіздер. Сондықтан сіздермен кезде­сіп, еліміздегі өзекті мәселелер бойынша пікірлеріңізді тыңдап, кадр резервіне енген азаматтардың алдында тұрған мін­деттер жөнінде өз ойымды білдіру үшін баршаңызды «Ақордаға» арнайы шақырып отырмын», – деп бастапты сөзін Президент.

Ақорда – қасиетті қара шаңырақ!

Онда ұлттың, мемлекеттің тағдырына тікелей қатысты ұлы шешімдер қабыл­данады. Әділеттілік пен тазалық осы үйден бастау алады. Адалдық пен жарқын үлгінің де нұр шашып алаулап тұратын жері – осы Ақорда. Тазалық пен татулық та бірінші болып, осында салтанат құрады. Қысқасы, Ақорданың сырты қандай ақ болса, іші де әу бастан сондай кіршіксіз, кірпияз. Сол үшін, онда кілең ары таза, жүрегі ақ, білімі мен білігі жоғары, мақсаты биік, ең бастысы шетінен мемлекетшіл тұлғалар отыруы шарт.

 Халық үніне құлақ асатын мемлекеттік тұжырымдама жолға қойылған бүгінгі таңда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жас кадрларды Ақордаға шақырып, үлкен кездесу өткізуінің өзгеше мәні бар.

Қасым-Жомарт Кемелұлының аталған кездесудегі сөзінде «Халыққа жақын болу керек», «Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет», «Туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету» деген сөздерге барынша салмақ түсіріп айтқаны көрініп тұр. Әсіресе, Мемлекет басшысының «Біз елдік мүддеге қатысты әрбір ісімізде ұлы ақынның еңбектеріне жүгінуіміз керек», – деп, жастарға Абай әлеміне қарай жол сілтеуі, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін тілге тиек етуі тіптен тегін емес!

Абайды оқу, жаттау және білу өз алдына, «кейіпкерінің» кебін киіп қалудан сақтану – басты мақсат болғаны жөн! Құдай «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?!» дейтіндерден сақтасын. Есесіне, «Паңсымай, жайдақ­сымай, ірі жүрмек» керек.

Қырғыз халқы бүгіннің өзінде «Ұлт­тық лидер» деп бағалаған Өмүрбек Теке­баевтың үш жылдың алдында «Қырғыз­станда мендей таза шенеунік жоқ. Шенеу­нік болсаң осындай бол деп, Алмазбек Атамбаев пен Илим Карыпбеков мені бүкіл елге үлгі ғып көсетуі керек», – дегені бар.

Мұндай сөзді жоғары билікте жүрген екі басшының бірі айта алмайды.

Демек, Әлекеңнің айтып отырғаны – аттан мен айғай емес, осындай ары мен қолы таза тұлғаның мінезі! Бұл жерде тамнан аттасаң да, заңнан аттамауың керек.

Жалпы, айту мен сынау онша қиын шаруа болмаса керек. Ең маңыздысы, өзің қолға алған шаруаны оң бағытқа еркін бұра алатын тұлғалық карьера қалыптастыра білу.

Басшы болу – билік баспалдағына аяқ басқан әркімнің қолынан келуі мүмкін. Ал тұлғалық қасиет – кез-келген адамның маңдайы­на бұйыра бермейді. Мемлекеттік билікте тұлғалар көп болғанда ғана іс оңға басады.

Қорыта келгенде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жанам деген жүректерге» от берді!

Енді, жану мен жандыра білу – жас мамандардың өз қолында.

Мемлекет басшысының сөзімен қорытындыласақ, ХХІ ғасырдағы Қазақ­станды биік белестерге білімі озық, ойы ұшқыр осы жастар бастауы керек!

Ауыт МҰҚИБЕК

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір