Қос тұлғаны туған жері ұлықтады
Қызылорда жұртшылығы қазақтың қос бірдей азаматы Мұстафа Шоқай мен Нартай Бекежановтың туғандарына 125 жыл толған мерейтойларын кең көлемде атап өтті.
Мұстафа Шоқайдың есімін ұлықтап, тәуелсіздік жолындағы ерен еңбегін дәріптеу мақсатында «Мұстафа Шоқай – Алаштың алып тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин, Көшім Есмағамбетов, Амантай Шәріп, Әнес Сарай, Сұлтанәлі Балғабаев сынды зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен саясаткерлер қатысып, тұшымды ойларын ортаға салды.
Зиялы қауымның басын қосқан айтулы шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашты. «Мұстафа Шоқай – кез келген ірі тарихи құбылыс секілді біржақты сипаттауға болмайтын, үйреншікті қалыпқа салуға келмейтін тұлға. Ол сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процестің бел ортасында, эпицентрінде жүріп, сол процестің перифериясындағы өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты. Сондықтан да Мұстафа Шоқай ақ пен қызылға жақтас, я қарсы болды деген қарабайыр түсінікке сыймайды. Шоқайдың большевизм мен фашизмге іші қатар суық болғанын біз жақсы білеміз. Сонымен қатар, өз ұлтының мүддесі, түркі халықтарының азаттығы мен бірлігі, өзінің қандастары мен бауырларының тағдыры үшін кіммен болса да тартысуға даяр, жеке көзқарасы, дара ұстанымы бар тұлға болғаны да аян», – деген Қ.Көшербаев өкінішке орай, кешегі қоғамда оның атын айтуға тыйым салынған кезең болғанын еске салып өтті.
Тәуелсіздік орнағаннан кейін Елбасы тарихи тұлғаларымыз туралы деректерді жинауға тапсырма берді. Осы ретте
М.Шоқайдың да шетелдегі мұрағаты елге оралды. Жарының, саяси серіктерінің естеліктері жарық көрді. Мұстафа Шоқай есімі тарихи оқулықтарға енгізілді, фильмдер түсірілді. Астана, Алматы қалаларында көшелерге аты берілді. Облыс әкімі осы ретте Шоқайдың туған жерінде осындай игі шаралар іске асырылғанын атап өтті.
Жалпы, конференцияға қатысушылар Шоқай туралы көптеген тың деректерге қанықты. Мысалы, Шоқайдың «Яш Түркістан» журналын шығарғаны белгілі болғанымен, «Түркістан» атты журналдың алты нөмірін шығарғаны бұрын белгісіз болып келген еді. Сондай-ақ, неміс тұтқынынан ортаазиялық ұлттар өкілдерін босату жұмыстарымен қатар, өлімге кесілген 80 грузинді ажалдан арашалап қалған. Бұл деректерді естіген грузин халқының зиялы қауымы Шоқай тұрған үйге естелік тақта орнатыпты. Конференцияда сөз сөйлеушілер тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Солардың қатарында Қызылорда қаласында ескерткіш орнату, Шоқай орталығын құру туралы ойлар бар.
Сондай-ақ, осы шара аясында қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың туып-өскен жері Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында жаңадан 240 орындық мәдениет үйі ашылып, алдына қайраткердің бюсті қойылды.
Қызылордада, сондай-ақ, Нартай Бекежановтың 125 жылдығына арналған «Өздерің білер Нартаймын» атты Нартай әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы өтті. Бұл байқау республика көлеміндегі дәстүрлі әншілердің тәжірибе алмасуына, Қазақстандағы дәстүрлі ән мектептерін бір арнада тоғысуына себеп болды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев байқау алдында қазақ ән өнерінде сырнай дәстүрін қалыптастырушы, әнші-композитор, замана бұлбұлы Нартай Бекежановтың
125 жылдығымен құттықтап, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. «Халқы қадірлеген Нартайдың өнері сан ұрпақ сусындап, жас өнерпаздар табына бас иетін кәусар бұлақ тәрізді. Биыл сол құдіретті өнердің иесі Нартай Бекежановтың 125 жылдық мерейтойы. Тәуелсіз елдің жаңа ұрпағы Нартай мұрасына мүлде тың тұрғыдан келіп, оның келешек өрісіне соны серпін беретініне біз кәміл сенеміз», – деді облыс әкімі.
Өнер додасына еліміздің әр өңірінен 22 үміткер қатысты. Олар байқау барысында Н.Бекежановтың шығармашылығынан бір ән және өз өңірінің дәстүрлі ән мектебінің бір әнін орындады. Байқауға Рамазан Тайманов, Шахмардан Әбілов, Алмас Алматов, Қажыбек Бекбосынов сынды дәстүрлі ән-жыр майталмандары қазылық етті. Конкурс қорытындысы бойынша Нартай жыр мектебінің ізін жалғастырушы қызылордалық Мұхамедәлі Бекпейісов Бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал атыраулық Ақмарал Ноғайбаева бірінші орынды, астаналық Зульфия Баймырзаева екінші орынды, қарағандылық Дәуренбек Аркенов үшінші орынды иемденді.