ТҰЛҒАНЫ ҰЛЫҚТАУ
15.12.2025
35
0

Әлемде барша халық тарихи тұлғаларымен мақтанады. Біз де ешкімнен кем емеспіз. Ұрпақ тәрбиелеп, өткенді өнеге етуде орныққан дәстүріміз бар. Мемлекет басшысының өзі елге айрықша еңбек сіңірген, халық жадынан өшпейтін азаматтарды ұлықтаудың маңызды іс екеніне ерекше назар аударды.

Өкініштісі сол – бізде осы тапсырманы атқарушы биліктің кейбір құрылымдары, қайбір топ пен жекелеген жанашырлар келте түсінеді немесе шала-пұла орындайды. Көп жағдайда бірін-бірі қайталайтын көшірме сценарийлерден, көпірме сөзден, құттықтау қабылдаудан аса алмайды. Кейде кезекті шапан жабу, алғыс хат үлестіру акциясына ұқсап кетеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлгін­дей келеңсіздікке жол берілмегеніне куә болғандар да баршылық. Сонда Қ.Тұрысов, Ә.Кекілбайұлы, С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ш.Мұртаза, басқа да қайраткерлер арғы-бергі тарихымызды түгендеп, елдігіміздің ұсты­нын күн сайын, сәт сайын бекемдеу жөнінде тереңінен ой қозғап, жиі айтатын.
Олар мінберге шыққанда әлеміш-жәлеміш дүние шетке ысырылып, сұрқайланып, түр-түсінен ажырап, босағадан аттай алмай қалатындай еді. Иә, кіл мемлекетшіл шешендер мен көсемдердің қайраты мен жігері сондай-тын! Елдің бүгіні мен ертеңін айтқанда, кешегісін айналып өтпейтін. Не сөйлесе де шындықты алға тартатын. Әсіре­се мемлекеттік деңгейдегі мерейлі оқи­ғаларға, тарихи тұлғаларға байланысты Әбіш Кекілбайұлының әрбір ой-толғамы алтын құймадай, әр сөзі жүрек көзін ашып, сананы сергітетін.
Бүгінде талай замандас соны естімегендей, естісе де естен шығарып алғандай күйге түскені қалай? Өнегелілерді көрген толқын қазір неге күмілжіп сөйлейді, неліктен құ­мыға береді?
Өздерін қоғам қайраткері санайтын және атайтын бәзбіреулер, қарақан басын тым жақсы көретін белсенділер ел мүддесін ұмы­тып, жеке топтардың әуеніне төңкеріле қалатыны қалай?
Жекелеген атқамінерлер әлеуметтік желіге тәуелді болғаны соншалық, солақай жазбагерлердің алдына түсіп жүгіретін халге жетті. Сонымен бірге тығылып жатып тас ататындар көбейді. Мұндай мінез-құлықты, психологияны өзгертпесе болмас.
Қоғамдық ұйымдар мен пікір алаңдарында осындай көкейкесті мәселелер ашық талқыланғаны жөн. Жоғарыда айтқандай, тарихи тұлғаларға арналған жиындардың маңызын арттыру үшін тиісті шешім, мемлекеттік сана қажет. Әйтпесе, қоғамға қозғау салатын пайдалы ойлар тұншығып, кө­мес­кілене бермек. Өйткені тарихи датаны, мерейтойды формальды атап өту, науқаншылық елді тез жалықтырады. Қазір­гі жастардың ондай іс-шараға қатысудан қашқақтап, бойын аулақ салуы жақсы ырым емес.
Жалпы, ұлықтау дегеніміз белгілі тұлғаларға ескерткіш қойып, ауылға, мекемеге, көшеге, аудиторияға атын берумен шектелмесе керек. Қатесі көп, сапасыз, арзанқол кітап, дәнегі аз, дерегі кем фильм шығару да емес. Сондықтан мұндай жиындарды әзірлеу мен өткізуге сын көзбен қарап, қа­­жет болғанда ұйымдастыру (кім болса да) жұмысына бұқаралық коммуникация құ­рал­дарында қоғамдық баға беруді енгізген дұрыс.
Біздіңше, кез келген шараның бірінші тәрбиелік мәніне ықылас қойған жөн. Та­рихи тұлғаның, жеке адамның қайталанбас қасиеттері мен атқарған өнегелі ісін көпшілікке танытып, жеткізу жаңашылдықты, жан-жақты шығармашылық ізденісті талап етеді. Ол кезекті жиын, жи­налыс емес, есте қаларлық тағылымы мол, ұрпақтар сабақтастығын, дәстүрді жал­ғастыратын, қатысушыларды бірлікке үн­дейтін, жастарды рухтандырып, ертеңгі күнге сенімін арттыратын мемлекеттік іс-шара деңгейінде өткені жөн деп санаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір