Ғалым Жайлыбай. Шалғынның шашасына шық байланып…
13.02.2020
1797
3

Тоғызыншы ақпан. Қысырақтың үйірі

Қыл ішекті шалдырған қобызын да,

Тірлігімнің білмедім жолы ұзын ба?

Сарыарқаның аязын сақылдатып

Мен туған күн ақпанның тоғызында.

 

Қайқаң жолдар әрі асып қайқы белден,

бауырынан жылдардың Ай, күн өрген.

Қайтарыңды білген соң базарыңнан –

айтарыңды жақсы екен айтып өлген.

 

Түс көремін…

Көңілдің көп алаңы,

Балшы қыздың дөп келмей жорамалы.

…Арқа жақта адасып ақ боранда

Жылқы ішінде жүремін көкалалы.

 

Ақ әлемде адасып

ай-хай, айлап,

ашпаса да құшағын айқара аймақ.

Түз тірлігін түйіндеп қысы қатты –

Қысырақты үйірлеп қайтам айдап.

 

Тірлігіме тұрғам жоқ аса налып,

Мен де өзіме бір әлем жасап алып.

…Қысырақтың үйірін қыс ішінен

Көктем жаққа қиқулап қашам алып.

 

Шығармайтын шығанға көрінгенді,

Өрін берді, бұл өмір,

төрін берді.

…қысырақтың үйірі түсімдегі –

Өлең болып өреді өңімде енді.

 

Желпілдете қоймайды жел тұрған күн,

амандығын тіле елім,

ер-тұрманның.

…қобызым да қоңырлау күй шалады

Тоғызында ақпанның мен туған күн.

АЗА КҮЙІ

(28 желтоқсан, 2019 ж.)

 Таң ата жолға шығам тағы да алыс,

бұл сапар әрі кие,

әрі намыс.

көкбөрі көк астынан ұлығанда

зәрленіп жалт қарайды кәрі барыс…

 

Жанарым жарық күнде жасқа тұнып,

Байтақтан іздегенім басқа тұнық.

…Тоңынан дүниені аршып алып –

Жонынан жіберейін таспа тіліп.

 

Алашпыз арман сұрар

Сенен де, Арай!

Жүзеді, қайран жұртым, кемең қалай?

…Айраның айран емес іркіт болар

Байрағың салбыраса төмен қарай…

 

Ай аунап,

жылдар жылжып,

күндер өтер,

пендені іргесі аман ілгері етер.

түндігім түнектерде түрілмесе –

шындығым шыңырауға бірге кетер.

 

ЖАЛҒЫЗ

«Бұл жерде ұбық тілінде сөйлеген

 ең соңғы адам жатыр…»

1992 ж. Тевфик қарияның құлыптасындағы жазу

 

Азынаған желдің арты ақпан,

Замана талай бұрқады.

Ұбап та шұбап жол тартқан –

Ұбықтың соңғы ұрпағы.

 

Жарылыс болды миымда,

талқандап ойдың тар шебін.

…Ұбық боп кету қиын ба

ұлардай шулап қалса елің?!

 

Ұбықша сөйле,

жартастар,

елдің де өлді намысы.

…Қап тауындағы алты асқар –

Хоста өзенінің ағысы.

 

Ежелден бұл ел жаралы,

Батыры өткен жер тіреп…

Бір халық өліп барады

Тевфикпен бірге тентіреп.

 

Қолында еді Құраны,

Жүрекке тұнған иманы.

Мойнында сенім тұмары

Ұбықты неге қинады?..

 

Саясат бұлты көшіп жүр

Сайтандай еріп соңыңа.

… Ноғайым не күй кешіп жүр –

бірге ауған Анадолыға.

 

Сүйеніп тұрдым шыбыққа,

Дұға оқу міндет – тіріге:

–Тевфикке емес

ұбыққа –

Ұбықтың ана тіліне…

 

Қойныңа алып Ана-жер,

Сан асылыңды ұмыттың.

…Бақиға көшіп барады ел –

Қайран да тілі ұбықтың!

 

Жанымды кетпес жаншымай,

Қайғыдан,

Шерден,

Мұңнанбыз.

…Тұнықтан тамған тамшыдай –

Ұбықтан қалған бір жалғыз!

 

ҚАЗАНБАЙДЫҢ ҚАЗДАРЫ

Бабын тауып кім көрген құсты күнім,

Құстай ұшып жатса да құс – ғұмырың.

…Кертіп жейтін қазыны Қазанбай дос

Қаз өсіріп тауыпты істің ығын.

 

– Жаратқанның болған да жарлығы осы,

– Жарық күнде, Құдай-ау,

 танды ма есі.

Қаз қуып жүр Қазанбай зәузәтымен

Осы боп тұр ауылдың әңгімесі.

 

Алпыс асқан кезінде ажалға алаң,

Бақ сынатып қойғаны-ай,

 базар заман.

…Қазанбайдың қаздары қаңқылдаса

Бүкіл ауыл болады азан-қазан.

 

Ертоқымы,

атаның ақ таяғы,

Арқадағы қазаққа бақтай әлі.

…Қаз өсіріп кім көрген бұл ауылда

«Естімеген елде көп» деп қояды.

 

Бүлдіріп те жатқан жоқ ештеңені,

Құс артынан әйтеуір құс келеді.

Мың сан қазын Қазекем суға айдаса –

Жердің жүзі ақ ұлпа түске енеді.

 

Нәсіп тапқан кәсіптің әр түрінен,

Беу Қазанбай,

жампозым,

жарқыным ең.

Оянатын боп алған жаздан бері

Біздің ауыл қаздардың қаңқылымен.

Қаз әнімен қарсы алып ала таңды,

Ысқылап та қояды алақанды.

– Қазан туса, қаздармен қоштасармыз –

– «Күзде сана» демей ме балапанды.

 

Жапырағын ол-дағы жайған ғажап,

Жүретұғын кезі өткен сайранға сап.

…Біздің елге оғаштау көрінеді

Қазанбайдай қаз баққан қайран қазақ.

 

Өмірінің өзені бүтін ағып,

Қанаттылар қосады құтына құт.

Қаздар жайлы бір әнге салады екен –

Оқта-текте Қазекең жұтып алып:

 

«Қаздар қайтып барады мекеніне,

Өмір, шіркін, осылай өтеді ме…»

Айтатұғын сыр еді жетеліге

Берекесі шалқып тұр бекері не?!

 

Жаз күніндей жандары жарқылдаған,

Қайран ауыл,

Ұнайды қалпың маған.

Азанда айдын бетіне құс қондырып,

Қазанбайдың қаздары қаңқылдаған.

 

Отырады ел бәріне қайран қалып,

Ақиқаты бұл істің айдан да анық.

Қазанбайдың қазы боп айналып жүр –

Қайран қазақ ауылын қайран нарық.

Қайран нарық,

Кейде саған қараймыз қайран қалып…

 

ҚАДІР ТҮНІ, ТАҢ АЛДЫ…

  (Элегия)

 (анам қайтқанда)

Қадір түні,

таң алды,

алып кетті Анамды.

Көк қабағы қабарды,

Түнек басты ғаламды,

Қадір түні, таң алды…

 

Анам кетті,

шерлі екем,

көздің жасын көлдетем.

…Қадір түні көктегі

періштелер жерде екен.

 

Құдай, неткен, шебер ең,

періште кеп төбеден.

менің әзиз анамды

қолтығынан демеген.

 

Біздер едік жасылы,

адамзаттың асылы.

…Бірге көшіп барады

Бір әулеттің ғасыры.

 

Шайқалмаған тұнығы,

жанарында жылуы.

…Анам кетіп барады

Қыз біткеннің сұлуы.

 

Жұлдыз жанып көгінде,

Рухы қалды төрімде…

Менің Анам – мәңгілік –

Періштелер елінде!

 

Қадір түні,

таң алды,

сілкіп өтті санамды.

Енді қайтіп көрмеймін

Сондай тұнық жанарды,

Сондай асыл адамды.

Алып кетті Анамды –

Қадір түні,

таң алды…

 

«СІБІР» РАДИОҚАБЫЛДАҒЫШЫ

біз мұнда Кеңес дейтін көшпен келдік,

Өркені жасауға әзір өскенде ерлік.

…төрімде – күй шалқытар мың теңгелік

Радиоқабылдағыш бес теңгелік.

 

Азаннан құйқылжыға құс өлеңі,

Жанарым көктің нұрын ішер еді.

…«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да»

Қамысы «Әупілдектің мүше…» деді.

 

Ауылда болмаған кез бай-бағылан,

Әжемнің ұрттап қойып айранынан.

«Жарқ етпес қара көңілін…»

 ұлы Абайдың

қамысын «Әупілдектің…»

 қайдан ұғам?..

 

Жылдарды алға сүйреп ғасыр әлек,

Жаңалық есту бізге асыл әдет.

білмейтін бәлесі жоқ

радионың –

қалқайып отырамын қасына кеп.

 

«Сібірім» сөз бастаса өздігінен,

О, ғажап,

Мерей тапқан мезгілім ең.

Бетбақтың жонындағы малшы ауылды

Коммунизм елесі кезді білем.

 

Таң қайда,

кім біледі,

іңір қайда?

Жолдары бұл жалғанның бұрылмайды, ә…

Аузына бар ауылды қарататын

Әкеміз алып келген «Сібір» қайда?!

 

Балауса қыз…

ақ бантик…

кезің шығар,

көктеді сол көктемде сезім – шынар.

қосылып радиоға ән салатын

«Сібірден» соңғы өнерпаз өзім шығар.

 

…бұл жерге Кеңес атты көшпен келдік,

Ілгері ілесуді қош көрмедік.

Жаныма жыр сыйлаған мың теңгелік –

Радиоқабылдағыш бес теңгелік.

 

Бөлектеу кешегіден бүгінгі өлең,

дүрмегі дүниенің дүбірлеген,

Арнадан алуан ұлттың түрін көрем.

… ең адал,

ең аяулы досым еді –

Радиоқабылдағыш «Сібір» деген.

 

ГРУЗИННІҢ АҚЫН ҚЫЗЫ МАКВАЛА…

…Жырларымды мақтама!

біз көретін екі түс бар –

 АҚ, ҚАРА.

Нұрсұлтанның шәріне кеп нұр іштік –

Грузиннің ақын қызы, Маквала!

 

Бұл ғұмырдың басы – арман да,

 арты – елес,

ақын болып жарытпайды мәрт емес.

…түсінуге жүрек керек өлеңді –

тіл білу де шарт емес.

 

Керуеніңнің болсын, қарғам,

 көші құт,

кездесуге қалдым ба, әлде, кешігіп?!

…Қара теңіз толқындарын толқыттың –

Есіл ақты есіліп…

 

Қазақия төрі ұсынған сый десін,

Өлеңінің өрнектейін күймесін.

титтей құсқа долы дауыл тимесін

Қара көзің – қара өлеңдей үйлесім.

 

Грузиннің ақын қызы – Маквала,

Жалғыз жырын ауыстырмас таққа да.

Біз көретін екі түс бар –

 АҚ, ҚАРА:

Бақыт сыйла ей, Нұрсұлтан, баққа ора!

Грузиннің ақын қызы, Маквала…

 

СУРЕТШІ КӘРІПБЕК КҮЙІКОВТЫҢ «ЖАРЫЛЫС» КАРТИНАСЫ

Осы өнер туындысын Елбасы Барак Обамаға сыйға тартты

 О, Кәріпбек!

Жанарыңнан жас сауласа жарық боп,

…Қара орманның қасіретін жырлайсың

Балқантауға барып кеп.

 

Үміт барда білтелі,

көкіректі көркем ойлар түртеді.

Балқантау мен Дегелеңнің арасы

Қаз дауысты Қазыбектің жұрты еді.

 

О, Кәріпбек!

ашылмаған ғалам ең,

Сарыарқадан сарнап ескен самал ең.

…Сен әлемді аралайсың бір тынбай,

сені аралап көрді ме екен сол әлем?!

 

Бақайыңда қылқаламың,

 шабыт кеп,

Балқантауға ара-тұра барып кеп.

…Сонау жылғы жарылысқа қойылған

Тірі ескерткіш өзің бе едің, Кәріпбек!

 

Дүрліктіріп қалың елді қырдағы,

Бұл Кәріпбек туа сала жырлады.

…Қолсыз болып келді жарық дүниеге –

жолсыз,

жөнсіз саясаттың құрбаны.

 

Оның жыры – өмір жыры,

Мұң жыры,

Мойнымызда сол қоғамның шынжыры.

Дегелең мен Балқантауды жырлады ол

Сарыжалды,

Сарыапанды,

Шынжыны.

 

«Жарылыста» жаңғырық бар сол күннен,

Өмір іздеп өксіп келген өндір ме ең?

…Бәйтеректің құлағанын көрдім мен

Жусанының жылағанын көрдім мен.

 

«Жарылыстан» танып көпті көрдім мен,

Ай, жұлдызды, жарық көкті көрдім мен.

Қылқаламды тістеп тұрып жырлаған

Күйікұлы Кәріпбекті көрдім мен.

«Жарылыста» тұмарсызсың,

   тұлдырсың,

Дүниә, шіркін, әр пендеге

мың бір сын.

…Обамаға сыйламаса Елбасы

Інім маған берер ме еді,

кім білсін!

 

Бұл жалғанда біз көрмеген

жарық көп,

Сәулелермен сырласамыз

қарық боп.

…Балқантаудың бауырына

барып кеп

Өмір осы, Кәріпбек!

 

ӘКЕМНІҢ ЕСКІ ШАПАНЫ

Шаңырақтың шуақ шапағы,

Әулеттен мұра баталы.

Көнеден қалған көз едің

Әкемнің ескі шапаны.

 

Нарқын да ұқпас бұл нарық,

Жамылып жатам мұңданып.

…тері мен исі әкемнің

көк шапанына сіңді анық.

 

Құшқалы қашан тәні жер,

Көк шапан ғана жәдігер.

Ұрпағы кеттік жан-жаққа

Өзімен-өзі әбігер.

 

Киім біткеннің ұлысы,

бөлектеу және тігісі.

Жас келген кезге жарасқан –

Тәшкеннен еді пүліші…

 

Бақыт боп атқыр, барша таң,

армандап өтті қанша атаң.

…Әкемнің исі,

Анамның –

көзінің нұры бар шапан.

 

Жанының біздер көктемі,

тебіреніп айтар текті елі.

Көк шапан киген әкеден –

көгеріп,

көктеп кеткелі…

 

Балапаным-ай,

не білдің,

періштесіндей көңілдің.

Әкемнің ескі шапаны –

Өңіріндегі Өмірмін!

 

Шаңырақтың шуақ шапағы,

Әулеттен мұра баталы.

Көзайым кездің көзіндей –

Әкемнің ескі шапаны!

 

 * * *

Құба таң құла дүзде құтқа айналып,

Ғұмырдың кей сауалын ұқпай қалып…

тағдырдың тасасына тамыр жайдым –

шалғынның шашасына шық байланып…

Кеңістік!

егіз еткен саған мені,

көңілім алаң да алаң,

алаң да еді.

Жер – бесік құшағында тербетіліп

Сор кешіп келем, аға, содан бері…

 

 Шер қосып,

шемен қосып шеріме түн,

Сан сауал сүйегімді кеміретін.

Әйтеуір ақ-қараның арасында

бір түс бар маған ғана көрінетін.

 

Кеудемде үгітіліп бордай ғалам,

Торғайдай шыр-пыр болып торды айналам.

Белдессем бетегеден биік тұрам

Сор кешсем деп ойлама, сор қайнаған.

 

Тағдырдың тамылжытса таңы бұлбұл,

Сарғайған сарыбелді сағынып жүр!

Батқанда қара түнді құшағыма ап –

Ақ таңға, ұшырайын, тағы бір жыр…

АЙЖАН ҚЫЗ

…Дегенде Айжан қызды,

Айжан қызды,

бұл тағдыр жолықтырды қайдан бізді?!

Иманы – көктемдегі көл суындай

дидары – күннен сұлу,

 Айдан да ізгі.

 

 

Ақынмын жаратылған Арман – айдан,

тамырын өлеңінің таңға жайған.

Айналған айдын көлін аққу құстай

қай маңнан шыға келдің, қарғам Айжан?!

 

Келгенде шексіздіктің шектелгісі,

Қонғаны-ай, көңіл көлге көктем құсы.

…Біздің ғұмыр тұрады сауалдардан

Біздің жырдың азайған Леп белгісі.

 

Біздің ғұмыр тұрады сұрақтардан,

Жеткізе ме пендені мұратқа арман?

…Айжан болып Айару елес берді

Менің жиырма жасымда

жылап қалған.

 

Енді қалған күндерім мұңға айналар,

Мұңға айналар…

кезіксем тіл байланар.

…тұнығыңда тербедің Айжан-ару

ғұмырымда көрмедім мұндай жанар.

 

Күнің күннен жаралған,

 бағың Айдан,

айдыныңды аялап лағыл-айнаң.

…Самалындай алқындым сары

белдің

Жамалындай жалқынның, жаным Айжан!

 

БЕСІН-ӨЛЕҢ

Қоштасып туған жердің аспанымен,

Шашырап кеттік біздер бас қамымен.

Қаныққан бала күннен сурет еді

Қамыттан босамапты қасқа күрең.

 

Сағымдай жеткізбейді қусаң ғұмыр,

дүрмегі дүниенің мың сан дүбір.

Сағынып саратанда саған жетсем –

Қамығып қарсы алады, жусанды қыр!

 

Үмітім өзімменен бірге ескіріп,

көрместі көрді көзім,

білместі ұғып,..

Жетегі жылдарыңның алға сүйреп –

кетеді бесін ауа күн кешкіріп.

 

түссе де талапайға талайлы арман,

Жанарым сан қарыққан арайлардан.

Шындығын шыңырауға батыратын –

бұл ғұмыр солай енді,

 солай, қарғам!..

дүрмек пе,

біздің сапар дүрбелең бе,

сөйлейін түріп тастап іргені елге:

…бесінде бесті мініп жолға шығам –

Қосқалы бір белеңді бір белеңге.

 

МӘҢГІЛІК ЖЫРЫ

Ғасырлар ауса жанатын бағы,

Армандар тірі Алаш ұлында.

қара өлеңімнің қанатындағы

Қара түндердің қарашығында.

 

Тағдырдың тезі тұзаққа алады,

Жүрекке салма, күшті артық.

күндердің легі ұзап барады

қайран ғұмырды қысқартып.

 

Аунаған күнге кім ие дер ем,

Осылай тағы күздер жетеді.

Бес күндік жалған – дүние деген

Сізден де өткен,

 бізден де өтеді…

 

Дауылда қалған,

ауырлап арман,

желдің өтінде қалқайған.

Базарлы шағым ауылда қалған

Қалаға жетіп қартайғам…

 

Толғанда айың,

тоты бағына –

тірліктің әнін шырқап жүр!

Сарғайып түсер топырағына –

Жапырақ екен бұл тағдыр!

 

Қызыл-жасылға көңіл құлады,

шаттықтың шайқап шалабын.

Өмір дегенің –

Өлімнің алды –

Қалайсың өзің, қарағым!!

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 15.02.2020 | 04:54

Ғалым,өлеңдеріңді оқып,қуана қол соқтым.Әкемнің тоқсанға таяған тұсында астан қалып,қорланып жүрген бір күнінде шешемді шақырып алып:-Бүгін бір ет асшы,мол ғылып,жылқының етін сал,қойдың етін сал,сиырдың етін сал!»-деп бұйрық берді.Қылтамақпен ауырып жатқан әкемнің бұл қылығына таңқалса да,айтқанын орындайды.Ас дайын болған кезде:-Көрші Айдарқұлды шақыр!»-дейді.
Бұл кезең 90 жылдардағы елдің қиындыққа(кризиске) ұшыраған кезі болатын.Айдарқұлдың сабаудай жеті ұлы бар,бәрінің өз қолы өз аузына жетпеген қиын кезең болатын.Айдарқұл да келді,үйме табақ ет те келді.Жылы шыраймен қабылдаған әкем:-Ал,Айдарқұл,аса мына еттен,-деді.Айдарқұл асаған сайын:-Әп,бәрекелде,жігіт сияқты аса!Өй,жарайсың!Қане,алдыңдағыны түк қалдырма,жей түс!-деп,асқа қол салған сайын қуаттап отырды.Жыланның бамы қайтқагын байқаған әкем:-Әй,бір рахаттанып қалғаным-ай!-дегені есіме түсіп отыр.
Көптен қалам-қағазға жоламай кеткен басым Ғалымның мына өлеңдерін оқып ,бір рахатьанғаным-ай!

Аноним 02.03.2020 | 00:29

кереиет

Аноним 10.06.2020 | 22:34

ғалым қазақтың күшті ақындарының бірі, керемет,

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір