Алдан Айымбетовтың «Қазақ шындығы»
13.02.2020
659
0

Үнемі асығыс желе жортып бара жататын сол қарияны Никольск базары маңынан жиі көруші едім. Кейде алдын орай келіп бипаздап қазақша сәлем беремін. Ол сіңірі шыққан тарамыс қолымен қатты қысып, мірдің оғындай өткір көзімен бет-жүзімді бір шолып жөніне кете баратын. Ауырған қолымды уқалап ештеңе айтуға үлгермей қаламын. Әрдайым арқасында бірдеңе жүретін сияқты еді. Фотоаппарат па екен, әлде?..

ҚЫРСЫҚ ШАЛДЫҢ ПОРТРЕТІ

Мен көрген сайын басында күнқағары жоқ, веретка дей ме, сондай бір кепка киіп жүретін. Осы кішкентай кісінің қайсарлығына, батырлығына таң қалатынмын. Оның жалғыз өзі шығаратын «Казахская правда» газетін жібермей оқып тұратынмын. Қандай тауқыметті арқалап жүргенін іштей сезінетінмін. Мұндай жанкештілік өз қолымнан келмейтінін білгендіктен, оның алдында кішірейіп сала беретінім рас. «Ұлтым» деп кеуде қағуға құқығым жоқтай көрінетін. Онымен ашық әңгімелесу бір арман болды.

Бір күні Қарасай батыр мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында кездесе кеттік.

Алдын орап қазақша сәлем бердім. «Әлик салам», – деп кілт тоқтады ол. Қысқашақтай қолы саусақтарымды сығымдап барады.

– Сізбен сұхбаттассам деп едім.

– Қай газет? – деді тесірейе қараған күйі.

– «Заң» газеті, – дедім үркесоқтап. Ойлағанымдай болды.

– Сіздер мені шығара алмайсыздар, – деді де, қолымды жібере салып, бұрылып жөнеле берді.

Алақанымды уқалап сұлқ қалдым. Ыза буғаны да шын. Көпшілік журналистер тілдесуге қорқатын. Биліктің «дұшпаны» аталып кеткен «Дон Кихот» шалдан сұхбат алып, оны жариялаймын деп жүрген менің тірлігім де далбаса сияқты еді.

Сөйтіп жүргенде 2001 жылы, желтоқсан­ның 22-сінде «Жас Алаш» газетінде Алдан Айымбетовпен «Менің жолым – Мұстафаның, Ахметтің жолы» деген сала-құлаш сұхбат жарқ ете қалды. Философия ғылымының док­торы, профессор, «Казахская правда» газетінің редакторы деп лауазымдары тіркеліпті.

Сұхбат алған үшеу: Ержан Әбдіраман, Гүлжанат Шонабай, Руслан Ерболұлы.

Қырсық шалды жетпіс жылдығына орай иліктірген сияқты. Әңгіме қатты ұнады. Жал­ған ділмарсу жоқ. Ақиқат сұхбат. Олай болмаса, Алдекеңнің бұзып-жарып барып, айқай салатыны анық.

СРЫБНЫХҚА
БАРҒАНДА…

Иә, бәрі Масановтан басталған. Оның ана тілімізді қорлаған мақаласы жарық көргенде Алдекең аурухана төсегінде жатқан екен. Бұл қазақтың тірлігі Айымбетовке аурудан бетер батқан. Қарсы мақаланы Масановтың тілінде жанталаса жазып шығып, «Қазахтанская правда» газетіне алып-ұшып жетеді.

Ауыздағы хатшы беттетпейді ішке.

«Есігін бір теуіп ашып, өзім кіріп бардым. Үсті-басы жүн-жүн кісі екен Срыбных деген. Кабинеті көк түтін. Айғайға баса кірдім. «Какого черта, вы отказали меня принять?!» «Вы знаете, кто я?» Ол да қарап қалмады. Қысқасы, келісе алмадық», – дейді ол сұхбатта.

«ШЕШЕМНІҢ АЛТЫНДАРЫН
САТА АЛМАДЫМ»

Бәрінен де «Мен он жас кіші болғанымда, отырған орныңнан жұлып алып, лақтырар едім жетінші қабаттан. Сен шелпек болар едің. Ал мен 10 жыл алып кетер едім де, 5 жылдан кейін амнистиямен шығар едім. Қазір оны істей алмаймын. Бірақ сақтан!» – деп сес көрсеткенінің өзі батырлық емес пе? Сонан соң ол «Қазақтың орыс тілінде шы­ғатын өз газеті болмаса, тілі де, үні де шықпайды екен» деген ой түйеді. Содан ақпарат министрлігіне шабады. Сол жерде бағына Сейдахмет Құттықадамды кездестіреді.

Министрдің орынбасары екен. Жетектеп жүріп газетін екі сағат ішінде тіркетіп берген. Бұрын танымайтын жігіттің ұлтшылдығына Әлекең әбден риза болыпты.

Ол «Енді атын қойыңыз дегенде, «Срыбныхтың «Қазахтанская правдасына» қарсы «Казахская правда» болсын», – депті қасқайып.

Осы орайда, Сейдахметтің батыл қа­да­мына тәнті болмасқа лажың жоқ. Кө­лең­кесінен қорқатын басқа біреу болғанда атақты «Қазақ правдасының» жарық көруі екіталай еді.

Тіркету оңай болғанымен, газет шығару­дың машақатты тірлік екенін бастан кешкен біледі.

«Эврика» деген машинкамен түнімен тарсылдатып мақала жазады. Фотоаппаратымен суретке де өзі түсіреді. Бірінші санын даярлап болған соң, басып шығару тауқыметі азапқа толы әңгіме. «Типографиядағылар әкесінің құнын сұрайды. Үйге келіп апаларыңның (әйелі) қолындағы, құлағында бар алтынын сыпырып алдым да, «мұны сатам», – дедім. «Неге?» – деп ол аң-таң. «Мына газетті шы­ғарам». Екеуміз төбелесуге дейін бардық. Әйел неме өледі ғой, алтын десе», – деп күйінеді ол.

Шынында, сырттай бәрі күлкілі. Түн ішінде жасырынып ваннада машинка басып отырған, әйелімен төбелесіп жатқан қартты көз алдыңа елестетсең, күлкің келеді, әрине. «Бір кезде ауырып жатқан шешем шақырады. Барсам, түйіншекке түйілген алтын жүзік, білезіктерін алып беріп жатыр.

Шешем түсінді мені. Өзінің өлеріне үш ай ғана қалған. Біз қатын екеуміз Срыбныхтан бетер боп айқайласып жатырмыз. Соны естіген шешем «мынаны сат», – дейді. Бірақ оларды сата алмадым», – дейді ағамыз. Бұл оқиға да сырт көзге қожанасырлық сияқты боп көрінер, түсінгенге жүректі езгілейтін көрініс.

«КАРАВАННЫҢ»
АЖАЛЫ

Газет шығару үшін ақша іздеп әбден діңкелесе де, ол мақсатынан тайған жоқ. Сол кезде екі жікке бөлініп съезд өткізіп жатқан «Азат» партиясының бір тобының серкесі Сәбетқазы Ақатайға барып, екі ауыз сөз сұрап, делегаттарға өтініш айтады. «Мен өзім қазақты жүзге, руға бөлгенге қарсымын. Бірақ бір нәрсені айтуға тиістімін. Мына Батыстың жігіттері шетінен патриот болып келеді екен. Атыраулық бауырлар ұшып тұрып жәшікке ақша сала бастады. Екінші «Азатқа» да барып осылай ақша жинап алдым. Сөйтіп, газеттің бірінші нөмірі шықты. Содан кейін басталды айқас», – деп еске алған еді мәрт ақсақал.

Ол: «Менің өмірім, газетімнің бірінші нөмірі шыққан 1993 жылдың 2 қаңтарынан басталады», – дейді. «Казахская правда» оның перзентіндей еді. «Бұдан бұрын алпыс жыл өтірік өмір сүріппін» дегеніне де риясыз сенесің. Оның «Караванның» ажалы менен болды» деген сөзіне бүгінде күле қарасақ та, нанбасқа амал жоқ. Дәлелі мықты.

«Алғашқы егемендік жарияланған жылдары орыстілді газеттердің бәрі қазақты мүйіздеді де отырды. Ең үлкені – «Караван».

Қазіргі емес, бұрынғы Гиллердің «Караваны».

Кейін журналистерінің бәрі тобымен жаңадан ашылған «Времяға» кетті. Бірақ қазір олар тілдерін тістеп отыр. Өйткені мен тірімін», – дейді жампоз ағамыз. Бұл оның мақтанғаны емес, шыны болатын. «Сөзімді орындадым «Караванды» құртқан — мен. Соттастық. Сот жүріп жатқанда Гиллер Мәскеуге қашып кетті. Орнына «Времяның» редакторы (сол кездегі) Мельцерді қойды. Мен сотқа талап қойдым: «Мен бас редактор ретінде келсем, ол да келсін. Әйтпесе, жауап бермеймін», – деп. Кейін Никонов келді. Басын салбыратып отырып жеңілгенін мойындады», – дейді сұхбатында.

Іздерінен қалмай жүріп олардан 200 мың теңге өндіріп алғанының өзі үлкен жеңіс еді.

Оның мақсатына жетуіне қолұшын берген жақсы адамдар да алдынан кездесті. Тығырыққа тіреліп қиналған сәтінде, бағына Салық Зиманов сынды әділ азаматты, заңгер ғалымды жолықтырды. Әскерден келіп, құрылыстың азапқа толы ауыр жұмы­сынан титықтаған ап-арық жігіттің атағынан ат үркетін ғалымның құзырына барып ағынан жарылуы да ерлікке татитын әрекет еді.

Ол өзінің зейнет жасына шыққанын күнделікті газет тірлігімен жүріп ұмытып кетіп, төрт жылдан соң 3 мың теңге зейнетақы алатын зейнеткер болғаны да – кісі күлерлік қылық. Кейін «төбелесіп» жүріп зейнетақысын 7 мыңға өсіріп алғаны да бөлек хикая.

«…ЕНДІ КӨЗІМ АШЫЛДЫ»

«Баяғы «Азия» шыққан кезде Олжас па­триот еді. Екеуміз қатты айқасқан едік. Марқұм Марат Оспановтың, тағы басқа кісілердің алдында оны жерден алып, жерге салып, «Осы бүгінге дейін саған біреу мылтық атып жатса, кеудемді тосуға дайын едім. Енді көзім ашылды», – дегеніне не деуге болады? Қазақ ұлты үшін жанын қиятын жанкештілік емес пе осы?

1999 жылы «Молодая гвардия» журналында Кузьмин деген жазушы желтоқсан көтерілісін айыптап, қазақтың біртуар жазушысы Әнуар Әлімжановты «великий негодяй» деп іреп сойыпты. Ал өзі (Әлекеңді айтамыз) сол журналда «современный титулованный казахский басмач» деген атақ алған. Ол ұлтының мүддесі үшін ешкімнің бедел-абыройына қараған жоқ. «Қөші-қон туралы» заңды «бүлдірген», қазақ қызметкерлерін қудалаған министр Коржова ханыммен де аянбай тайталасты. «Казахская правда» Алдекеңнің «басмашылығы» арқасында елімізде әжептәуір беделді басылымға айналды.

Ол сауатты философ ретінде айналасын­дағы оқиғаларға, тұлғаларға қатысты өз пайы­мын ашық білдіріп отыратын.

«Қонаев – білімі, мәдениеті, іскерлігі, қазақжандылығы, түрі-түсі бөлек біртуар адам. Ол рушылдықтан, жүзшілдіктен биік адам еді.

Баяғыда Жұмабай Шаяхметов деген адал адамды білетін едім», – дейді. Одан соң Михайл Есеналиев туралы да өз ойын осылай түйе­ді: «Ол таза адам еді ғой, шіркін. Қазір ондай адам өте аз, жоқтың қасы. Колбин ұсынған қызметтің көбінен бас тартты. Өз ажалымен өлді ме, жоқ көлденең бірдеңе болды ма, ол жағын білмеймін. Қайтыс болғанда байқадым, жауы жоқ екен».

Бұл пікірлер бүгінгі күнде де өте құн­ды. Бет­ке ұстар тұлғаларымызды түгел мансұқ­тау­ға құмар сыңар езу саясатшылар әлі бар­шы­лық қой.

Бізге әдебиет туралы білікті философтың ой-пікірлерін білу де қызық еді. Ол кітапты көп оқыған.

Чеховты жатқа біліпті. Нобель сыйлығына Буниннен гөрі осы жазушыны лайық санайды. «Толстойда Бальзактың әсері басым», – дейді ол.

Бір әттеген-айы, бізге сыртқа тұйық кө­ріне­тін ғұлама кісімен кең отырып, ашыла сұхбат құратын кез бұйырмапты.

«Казахская правда» сияқты жалғыз адам шығарған газет әлемде сирек шығар. Ал «Қазақ шындығының» қазақ журналистикасындағы орны төрде.

Әділдік жолында күрескен қарияның орны әлі де ойсырап тұр…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір