ҚАЗАҚТЫҢ ШЕРІН ҚАЛАМ ҰШЫНДА СОРҒАЛАТҚАН ҚАЛАМГЕР
06.02.2020
2068
4

Психолог мамандар кітаптың әр парағын сау­сақ­пен ашудың өзі адам жанына керемет ләззат сыйлайтынын, теңдессіз толғанысқа түсіретінін дәлелдеген. Бірінші бетін аяқтап, келесі бетіне көш­удің өзі ми жасушаларының жұмысын жандандыра түседі екен... «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жас жазушы Айзат Рақыш сүйікті қаламгерінің шығармалары жөнінде: «…оқырманын «ә» деп оқығаннан бастап, бас алмай шұқшиятын халге дейін жеткізетін айрықша «сиқыр» бар», – дейді.

Айзат РАҚЫШ, жас жазушы


Менің сүйікті жазушым – әсіресе, соңғы он жылда шығармаларын қайталап, тамсанып, тұшынып оқитын сүйікті жазушыма айналған абыз қаламгер, есімі алты Алашқа етене таныс әдебиеттанушы Шерияздан Елеукенов. Ол – кешегі Мұхаңдар мен Ғабеңдердің көзін көрген, Тәуелсіздіктен кейінгі арайлы таңда соны соқпаққа түскен ұлт әдебиетіне жаңа леп, кең тыныс берген ардагер жазушы. Ол – қазақтың шерін қалам ұшында сорғалатқан айтулы ері, шығармашылығы қартаюды білмейтін қаламгері. Бұлай деуімнің басты себебі – биыл тоқсанын тосырқамай қарсы алған жазушы ағамыздың әлі күнге дейін қаламымен еш қоштаспауы, жүрдек қалпынан бір айнымауы. Тоқсанында да тоқырауды білмеген біртуар жазушының рухы өзі жанындай сүйетін өр Алтайдың шыңдарындай асқақ, ал туындылары оқырмандарын қасиетті Қара Ертістің толқындарындай тербетеді.

      Шер-ағаның шығармаларында оқырманын «ә» деп оқығаннан бастап, бас алмай шұқшиятын халге дейін жеткізетін айрықша «сиқыр» бар. Қаламгердің қаламынан туған том-том дүниелерді оқып болған соң, керенау қалыпта самарқау жаба салу мүмкін емес. Керісінше, шөлдеп келіп, мөлдір бұлаққа бас қойғызардай немесе көк теңізде дара жүзген алып кеменің бір жолаушысы болудан аянбауға күш салдыратын бір қасиетке ие. Өйткені жазушы зерттеп жазады, тарихи шындықты қазып жазады, ақты қарадан ажыратып жазады.

   Қара сөздің майын тамызған Шер-аға драматургия саласында да төл қолтаңбасын қалдырды. Әдебиеттанушы-ғалым ретіндегі еңбектері өз алдына бір төбе. Кезінде әдебиетке шағын көлемді фельетонмен келіп, шығармашылығы повесть, роман, монографияға ұласқан, «қазағым» деп қалтқысыз қызмет етіп, «елім» деп еміренген қаламгердің рухани бастауы бүгінде еш ортайған жоқ, сол баяғы мөлдір, тұнық, саф, таза күйінде, уақыт көші ілгерілеген сайын жақұттай жарқырап, қадірі арта түсуде. Бүгінгі ұрпаққа жазушы шынайылықтың шыңындай болып көрінеді. Себебі, деректі хикаят, деректі роман жазудың қас шебері бола білген Шер-аға тарихи шындық пен көркем шындықты бабын келтіре орайластырды. Тарихи деректерге өзіне ғана тән бай тілімен жан бітіріп, әсіре ұраншылдықтан, бояма, көпірме әсірелеуден аулақ күйде тұлғалар тағдырын сырбаз, шынайы, көркем күйде оқырмандарына ұсынды. Бұл деректі туындылардың кереметі сонда – олар уақыт күшінен тайсалмайтын жасампаздыққа, жаңғырып отыратын көркем болмысқа ие. Қаламгер шығармашылығы осы қасиетімен де өміршең, дәл осы болмысымен де бай. Содан да болар, ұзақ жылғы толғаныстан соң, 2015 жылы абыз жазушы «Қайдасың, сол күндер» атты роман-эссені ұлт әдебиетінің қоржынына қосты. Бұл романның аңдатпасында автор ағамыз былай деп сырын һәм шынын ақтарады: «Мемуар жазу үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе еді. Уақыт ырқына көніп, оған да кірісуге тура келді. …Қайсыбіреу көзіңді бақырайтып қойып, қисынсыз ертегі соғады… Бұл естелік-эссе әуелде сол өтірікті әшкерелеу, бұрмаланған шындықты қалпына келтіру ниетінен туды». Міне, ақиқатпен ғана ауылдас, жаны таза, қарымды қаламгер ағамыз естелік-мемуар роман жазудағы мәйекті мақсатын оқырмандарына осылайша аңдатып өтеді. Аталған осы қасиеттерімен де жазушы шығармашылығы мәңгілік ғұмырды еншілеп алғандай.

    Сүйікті жазушымның жаныма аса жақын шығармасын атар сәтте ұзақ толғандым. Себебі, қай туындысының да алар орны ерекше. Ойлана келе «Әттең, дүние» романына тоқталдым. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, аталған романда деректілік сипат бар. Басты әрі жағымды кейіпкер Можан өз сөзінде тарихи деректермен тіл қатады. Кейіпкерлердің

дәлелді де дәйекті сөз саптасы романның деректілік ажарын асырып тұр. Екіншіден, бұл – махаббат хикаясы. Қосылмасын біле тұра бірін-бірі құлай сүйген, жаны мен тәні егіздей болған нағыз ғашықтардың қара сөзбен әдіптелген, төкпе жыр секілді хикаясы десе болар. Романның негізгі кейіпкерлері – неміс қызы Инга мен қазақ жауынгері, Германия жеріндегі Кеңес өкілі, капитан Можан. Соғыстан кейінгі жылдардағы неміс елін барынша суреттей отырып, жазушы Инга мен Можанның махаббатын алғаш бүр жарған нәзік кезінен жалын атқан, сөнуді білмейтін отты шағына дейін нанымды әрі көркем сипаттайды. Жалпы, романда қасіретті махаббат иелері молынан сөз етіледі. Орыс офицері Петр мен неміс қызы Эмманың қайғылы аяқталған ғашықтық оқиғасы оқырманды салмақты ойға қалдырады. Кеңес азаматтарына шетелдіктермен араласуға қатаң тыйым салған кеңестік қанқұйлы заң жекелеген тағдырлардың күл-талқанын шығарады. Петрді еліне аттандыру жайлы бұйрық орындалған сәттегі Эмманың жан айғайын шебер суреткер «Сталинге айт! Бізді айырмасын!» деген бір ғана сөзімен жеткізеді. Эмманың суға кетіп о дүниелік болуымен ғашықтық оқиғасы аяқталғандай көрінеді. Алайда туындының басынан соңына дейін Инга мен Можанның махаббаты қаншама өткелдерден өтіп, сезімдері сынала, шыңдала түседі. Үшіншіден, қазақ капитаны Можанның сүйіктісі Ингаға қазақ елі жайлы, оның арғы-бергі тарихы жайлы айтқан түстарында қалың қазақ оқырманының көңіліне шоқ, жүрегіне рухты от тастары сөзсіз. Ингамен бір сырласқан сәтінде Можан былай деп тарихи шындықты сөйлетеді: «Қазақ деген халықты сіздер білмегенмен, кешегі фюрерлеріңіз білген. Нюрнберг процесінің материалдарымен осы Германияда күнделікті танысып отырдым. Мені қайран қалдырған нәрсе – Гитлердің еврей, славянды былай қойып, сонау Кіндік Азияны мекендейтін қазақпен ұстасуы…»  Қазақпен ұстасып, қапыда қалған Гитлердің жайын Можан капитан  фюрердің 1941 жылы 16 шілдеде сөйлеген сөзімен айғақтайды. Ғашық жұптар арасындағы қара бастың әңгімесі емес, ел тарихына қатысты тарихи фактімен нақтыланған айғақты ойлар романның шынайылығын бедерлей түседі.

 Төртіншіден, романда кешегі кеңестік салқын саясат анық баяндалған. Ұжым ішіндегі Қизат есімді кейіпкер – сол «салпаңқұлақтардың» жиынтық бейнесі. Оның айтаққа ерген ит бейнесін жазушы Можан арқылы былайша шенейді:

Шікірейген шегір көз,

Мысық табан, мияу сөз.

    Қизаттың бейнесіндегі бар жаманшылықты, кеңестік шолақ белсенділердің жымысқы әрекеттерін автор осылайша әжуа етеді. Яғни, бұл роман –тек қана махаббат хикаясы емес, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кеңестік саяси ахуал туралы тарихи деректермен байытылған тың туынды. Бесіншіден, шығарманың өн бойында әдеби толғамдар, әдеби ойлар кең көрініс тапқан. Әйгілі неміс ақыны Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып…» өлеңі дүниеге келген өлкеге ғашығымен сапар шегіп, Лермонтов пен Абай аудармалары хақында тым терең толғанады. Бұл орайда романның көркемдік әрі танымдық қасиеті еселене түскендей.

    Мөлтек сыр аясында Шер-ағаның тарихи роман деп атауға жілігі татымды дүниесін екі ауыз сөзбен саралау әсте мүмкін емес. Сөз соңында айтарым – жүрегімнің түкпірінде кейіпкерлерінің тағдырымен бірге шөгіп қалып қойған бұл туындының оқиғалары көз алдымнан кино кадрларындай сырғиды да отырады. Инга Можаннан аяғы ауырлап, сәбиін жеті айлық шамасында дүниеге әкеліп, өзі өмірден озады. Ал аты қазақ шақалақты бауырына басқан Инганың анасы елінен ғайып болады. Можанға аһ ұрғызған да – осы жайт. Өзіне мүлдем беймәлім туған қызының тағдыры Можанға жетпіске келген шағында да маза бермейді. Қарт полковник ойдан жүдеп, ақыры қалам ұстаған інісі Омарбекке естелігін айтып, шер тарқатады. Можанның өз аузымен баяндалған роман берілу түрін дәл тапқан. Бұл қасиетіне қарай «Әттең, дүниені» роман-диалог деп атаса да келісер еді.

    Жалпы, «Әттең, дүние» романы – сүйікті жазушым Шерияздан Рүстемұлының қазақ әдебиетіне қосылған сыбағалы да сүбелі туындысы.

ПІКІРЛЕР4
Аноним 06.02.2020 | 16:40

Тамаша туынды

Аноним 06.02.2020 | 17:04

Бұл романды оқыдым.Бұл кісі.менің де сүйікті жазушым.Өте шебер суреткер.Айзаттың әдеби сыншы болуға толық қабылеті жетеді.Алдыңғы «әдебиетті жалаңаштау» деген мағынадағы жазған мақаласы да қатты ұнады.

Аноним 06.02.2020 | 21:50

Қайран қалам Неге екенін білмеймін Жас кезімде Махаббат қызық мол жылдар -деген романды жастанып тұрып оқушы едім Енді мынау жап -жас ақын қарындасымның əр бір əңгімелеріне көзім түсе беретінді шығарды Жастығына қарамай қаламының қарымдылығы мен шығармаларының көңілге қонымды маңыздылығы қатты əскр етті Бір кітабын іздеп таппадым Қарағанды көлеміндегі кітап түкендерінен Мына темірге телміргенше ,кітап бетін парақтаға не жетсін шіркін Жазарың көп болып ,қаламың ұшты болсын демекпін қарындасыма

Аноним 07.02.2020 | 17:00

бұл жерде жас жазушы Айзат Рақыш туралы пікір білдіріліп жатқаннан кейін мен де өз ойымды жазып отырмын. оның шығармашылығымен алғаш өткен жылы қыста фейсбук әлеуметтік желісінде «Қара түннің құпиясы» атты шытырман оқиғалы хикаятын оқу барысында таныстым. кейін жазушының өзімен танысып, хикаятын аттай қалап, өзімнің аудандық газетке бастырдым. ойлағанымдай, жаңа дүние ойлы оқырманның олжасына айналды. рақмет, қарындасым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір