Театр әлемінің тарланбозы едің
Әй, Әшірбек-ай! Шынымен сенің о дүниелік болып кеткенің бе? Бұдан былай мен саған, сен маған телефон соғып хабарласпаймыз ба? Елдегі болып жатқан оқиғалар жайлы енді қайтып ешқашан ой бөлісе алмаймыз ба? «Әшірбек қайтыс болды» деген суық сөздің шынымен рас болғаны ма? Әлде, әдеттегідей, жиі-жиі өтіп жататын халықаралық театр фестивальдерінің бірінде қазақ деген халқыңның атынан қазылар алқасына мүше боп, қаз дауысты Қазыбек бабаң сияқты саңқылдаған даусыңмен төрелік айту үшін алыс-алыс сапарларға шығып кешігіп жүрсің бе? Сені арамыздан кетіп қалды дегенге сенейін десем, жарқын күлкің мен жарқын даусың құлағымда әлі жаңғырып тұр. Сенбейін десем, мына жұрт сенің өмірден өткеніңнің бір жылдығын атап өткелі жатыр. «Әшірбек Сығайдың өмірі жайлы естелік кітап!»… Санаңа сыймайтын, бейбіт жаныңды бұлқынтып сым тұзақ салып қинайтын құрғыр өмірдің шұбар жыланның уындай ащы шындығы! «Менің заңым осылай. Көнсең көн, көнбесең өзің біл. Артында қалғандары зар жылайды екен деп заңымды өзгерте алмаймын. Әркімнің жер бетіндегі әр қадамы, әр демі санаулы. Сендер зар қағып, жер сабайды екен деп әу баста санаулы демімен қоса жаралған пендеге бір демді де артық бере алмаймын. Оған көнгілерің келмесе зарлай тұрыңдар. Кезек өздеріңе келгенде тыншығарсыңдар» дегендей өтпелі өмір көші өз заңын бұлжытпай орындап, ілгері жылжып барады. «…Сабыр қылсаң азырақ, тыншығарсың сен-дағы» деген Гете мен Абай жарықтықтардың сөзін үнсіз ұқтырып тұрғаны ғой баяғы. Сол айтқандай, қайтпас керуеннің бір кірекешіне айналып, аяқасты сен де асығыс аттанып кете бардың. Сәл кешіксең керуеннен қалып қоятындай, әйел, бала-шағаңмен қоштасуға да, қимас дос-жаранмен бақұлдасып қалуға да мұршаң болмай, жайбарақат отырған орныңнан атып тұрып асығыс аттанып кете бардың.
Сен туралы өткен шақпен еске алып, өткен шақпен естелік жазуға ой-санаң ырқыңа көнбей, қаламың да көзіне қамшы тиген аттай жүрісінен жаңылып, бір басқан жерін екі басып ілгері жылжымай қалады екен.
Дулат ИСАБЕКОВ
Жақында мен әбден тозығы жеткен блокнотымды жаңасына ауыстырдым. Құданың құдіреті, артта қалған оншақты жылдың ішінде талай ағалар мен інілерден айрылып қаппыз. Қимас адамдарымның телефон нөмірлерін «ескі жұртқа» тастап кетуге қимай, жаңа блокнотыма көшіріп жаздым. Сенің де телефон нөміріңді жазып қойдым. 777-230-1506. Осы телефоннан әйтеуір бір күні қоңырау түсетін сияқты көрінді де тұрды. Өй, тоба-ай, сен аттанып кеткен соң (қайтыс болған соң деп айтуға әлі аузым бармайды) бір айдай уақыт өткенде қалта телефоным шырылдап қоя берді. Экрандағы нөміріне қарасам сенің номерің –777-230-1506! Өз көзіме өзім сенбей анықтап қайта қарадым. Сол – сенің нөмірің. Бұл не? Мистика ма, әлде, галлюцинация ма? Жүрегім тайдай тулап, телефонның кнопкасын бастым. Ешқандай да елес емес, галлюцинация да емес, сенің өмірлік жарың, айналайын Күләш келінім екен. Сен бардағыдай даусында ақ жарқын екпін жоқ, бәсең үнмен баяу сөйледі. Сенің қырқыңның қашан болғалы жатқанын хабарлады. «Айналайын Күләш-ау, мына нөмірді көріп, көңілім әлем-тапырық болды ғой. Оның телефоны»… дей беріп едім, менің таңданысымды түсіне кеткен ол: «Оның номерін жоғалтпаймын ғой», – деді қысқа да сенімді үнмен жауап беріп. Жан-дүниесін ойсыратып кеткен ешқашан орны толмас қайғысына қарапайым ғана телефон нөмірінен жұбаныш іздеген жарқыным-ай! Сыңарынан айрылған аққудай бұдан кейінгі өмірің өзіңнен басқа бір пендеге естілмес іште тұншыққан сыңсумен өтерін сеземіз. Тіпті, үш балаң үш азамат боп, немерелеріңнің ортасында жүрсең де, Құдай қосқан жарыңның орны ешқашан толмайтынын, ақтық демің біткенше сыңарыңды аңсап өтетінің де бәрімізге аян. Қаралы көңіл мен жаралы жүректің ызбайын уақыт қана мысқалдап жеңілдетпесе, басқаша басу айтар ешкім де, ештеңе де жоқ. «…Жаралы болған жүрекке, медет бер сабыр қылайын» деп Абай атаң сияқты бір Алладан медет сұраудан басқа лаж жоқ».
«Сенің де шашыңа ақ кіріп қапты-ау, ұлым!» «Иә, апа, сен сыйлаған өмір осылай екен. Жақында сенің шөберең дүниеге келді. Енді бір 40-50 жылдан кейін оның да шашына ақ кірмек. Не деген қысқа өмір бұл?». «Иә, ұлым, сені осындай қас-қағым сәттік өмірге әкелгенім үшін кешір мені. Амал бар ма, бізде басқаша өмір жоқ».
Иә, Әшірбек, осылай. Өмір деген көшкен бұлттай өтпелі. Қасым ақын айтқандай, адам біткеннің бәрі «Жер сарайын жаңғыртып келеді» екен де, әні-міні дегенше сол Қасым сияқты топырағын «қырда қымтап» жата кетеді екен. Осы екі арада адамдар тырбанып тіршілік етіп, әркім алдына өзіне лайық мақсат қойып, соған жетуге ұмтылады екен. Сол жолда әлдекімдермен түс шайысып, әлдекімдермен жаға жыртысуға шейін барады екен. Біреулер мақсатына жеттім деп ойласа, енді біреулер сол мақсат жолында өмір бойы арпалысып өтеді екен. Сөйте тұра, жер бетіндегі ешбір данышпан «мақсатыма жеттім» деп тоят тауып тоқтап қалмапты. Ал сен секілді бар ғұмырын жазу-сызуға арнаған адамда мақсаттың шегі жоқ көрінеді. Театр өнеріне арнап көптеген мақала жазған өзің жақсы білетін немістің ұлы ойшылы әрі жазушысы Томас Манн інісі Генрих Маннға жазған хатында: «Литература – это смерть» деп түңіліпті. Үзілді-кесілді айтқан бұл ащы ойын ол тарата келіп: «Жазушы бір белеске жетеді, одан соң тағы бір белеске ұмтылады, оған да жетіп алған соң байыз таппай тағы ұмтылады. Сөйтіп жүріп өліп тынғанын өзі де байқамай қалады». Бұл хатты ол жазу-сызудан әбден қажыған кезінде емес, бар болғаны 26 жасында жазыпты. Томас Манның інісіне жазған хатынан үзінді келтіріп отырған себебім, осындағы күпірлікпен үндес мейлінше пессимистік анықтама шындап келгенде өліміз бар, тіріміз бар, бәрімізге тән қасиет екен. Осы жүрген бәріміздің бір нәрседен екінші нәрсеге ұмтыла-ұмтыла жүріп, жер шетіне жетіп қалғанымызды байқамай қалады екенбіз. Томас Манның «Әдебиет– өлім» деген пікірін тура мағынасында қабылдау да терең ойды саяз түсінгендік болар еді. Егер Мұхтар Әуезов «Әдебиет –ардың ісі» деп байлам айтса, екеуі де «жан азабы» деген түпкілікті тұжырымға әкеп тіремей ме? Сөз арасын «жаман сөзбен былғамаудың» Абай анықтап берген сара жолымен жүру үшін шын суреткер азап пен тозақтың талай өткелдерінен өтіп, жан азабына шомылып, Мағжанша айтқанда: «Еркімен өзі-ақ отқа барады да.., күрсініп көзіне жас алады да». «Менің кітаптарым менің өмірімді шексіз сергелдеңе салумен келеді. Жанымды жегідей жеп, жүйкемді әбден тоздырып бітті!». Мұны айтқан кім дейсіз ғой? Мұны айтқан француз әдебиетінің классигі Гюстав Флобер. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын оқып шығуын өтінген И.С.Тургеневке екі жыл бойы есігін күзеттіріп қоятын менмен де асқақ Флобер. Ақыр соңы Тургеневтің өтініші бойынша «Соғыс және бейбітшілікті» оқып шығып, оған өте жоғары баға беріп, «Господин Толстойға Госпожа Баваридің» қатарынан орын беріп, орыс әдебиетіне әлем әдебиетінің төрінен орын алып беруге атсалысқан Флобер. Тізе берсем әлем әдебиеті мен әлем театрында мұндай фактілер толып жатыр. Мұның бәрін айтып отырған себебім– оқыған мен білгенімді көрсетіп қалу үшін емес, сенің шығармашылық қарым-қабілетіңнің табиғатын там төбесінен қарап тануға тырысу – биікті аласарту боп көрінетіндіктен, одан жоғарырақ көтерілейін деген ойым ғой.
Сен де әр кітабыңды әлгі айтқан адамдардан кем қиналып жазған жоқсың. Әр кітаптың авторға «сыйлар» азабы әр түрлі. Мейлі ол сахна тарландары мен бүгінгі орта буын, жас буын актерлар болсын, мейлі ол белгілі бір театр ұжымдарының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін танытуға арналған жекелеген кітап болсын, бәрі де шұқшиып ізденуді, жекелеген тұлғалардың өмірін, олар сомдаған эпизодтық рольдерден бастап, басты рөлдерге шейін «бес саусақтай» білуді, біліп қана қою аз, үлкен біліктілікті, профессионалдық-аналитикалық ақыл ой мен қабілет-қарымдылықты, сын мәдениеті деген принципті ұстана білер айрықша қасиеттерді қажет етеді. «Сахна саңлақтарын» жазу үшін ондағы әрбір тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық жолын, олардың мінез-құлқын, әрбір образды жасау жолындағы ізденіс-толғаныстарын бүге-шігесіне шейін білуге тиіс болдың. Және олар бір ғана театрдың ұжымында емес, әрқайсысы әр жерде – Қазақстанның әр театрында «шашылып» жатты ғой. Сен солардың бәрін өз көзіңмен көрдің. Бәріне де пікір айттың. Кейде ащы, кейде тұщы шығып жатқан ондай өткір пікірлеріңе, құданың құдіреті, ешкім шамданбайтын. Ащы пікіріңе ешкім ашуланбайтын. Өйткені ол пікірді басқа емес, Әшірбек Сығай айтып тұр ғой. Осы күні арамызда жүрген үлкенді-кішілі бірде-бір актер сенің назарыңнан тыс қалмапты. Ең бір таңқаларлығы сол – Қазақстанда қанша театр болса, сол театрлардың барығындағы үлкенді-кішілі актерлардың, режиссерлардың, суретшілердің, ауызға аларлық өнері бар жас талапкерлердің аты-жөндерін жатқа білетін едің. Олардың қай кезде қандай рөл ойнағандарын, жеткен жетістіктері мен «әттеген-айларына» шейін есте ұстаушы ең. Қазақстандағы қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр, неміс театрларының әрқайсысының шығармашылық потенциалдары қай дәрежеде, неге шамасы келіп, неге шамалары жетіспейтіндеріне дейін жақсы білетін едің де, егер олардың кейбіреулері алдағы жылы, «мынадай пьесаны қойғалы жатырмыз» десе, сен олардың көңіліне тиіп қалармын деп тартыншақтамай: «Оларың бекер. Сендер ондай пьесаға дайын емессіңдер» деп кесіп айтатынсың. «Абайды» қойғалы жатырмыз», «Ақан сері – Ақтоқтыны» немесе «Қыз Жібекті» жоспарлап отырмыз деген театр басшыларына: «Сендерде Абай жоқ» немесе «Бекежан рөліне дайын актеріңізді көре алмай тұрмын» деген сияқты үзілді-кесілді пікірін айтып, сол театрға лайықты деген пьесалардың бірнешеуін атап-атап беретін едің. Мәдениет министрлігінде қызмет істеп жүрген кезімізде Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының директоры мен бас режиссерінің екеуінің төрт аяғын бір етікке тыққаның әлі есімде. Олар «Гамлетті» қойғалы жатыр екен. «Гамлетті кім ойнамақшы?» «Пәленшеев» (Мен фамилияларды әдейі атамай отырмын). «Ә-ә, жыл сайын екі-үш рет масханаға түсіп шығатын анау ұзынтұраны айтып отырсыңдар ма? Ақтөбе орыс театрының актері сияқты дәл премьера болатын күні мас боп жұмысқа келмей қалып жүрмей ме?» «Жо-оқ, ол актеріміз қазір арақты қойған». Сол кезде ішек-сілең қата күліп алдың да: «Иә, білемін, білемін! Ақ арақты қойып, қызылға көшіпті ғой. Сол ма айтқалы отырғандарың? Қысқасы былай: Гамлетті ойнайтын сендерде актер жоқ. Алда-жалда Шекспирден бірдеңе қойғыларың кеп бара жатса «Дуалы түнгі думан» («Сонь в летнюю ночь») пьесасына кірісіп көріңдер. Сөз арасында айта кетейін, Солтүстік Қазақстан театры бола тұрып өз жерлес жазушыларың Ғабит Мүсіреповтің бір шығармасын неге қоймайсыңдар? Айталық, «Ұлпан». Орыс тіліне Мұрат Ерғалиев жап-жақсы аударып шығыпты. Міне, оқып көріңдер,» – деп олардың алдына «Ұлпанның» дап-дайын аудармасын тастай салғаның әлі есімде. Олар табан асты нақты жауап айта алмай әрі-бері шатқаяқтап көріп еді, сен оларды бір-екі ауыз өткір әзіліңмен беттерін бері қаратып алдың да: «Смоктуновский тірі тұрғанда сендер ешкімді Гамлетпен таңқалдыра алмайсыңдар. Келесі жылы Омбы қаласына гастрольге барасыңдар. Омбының облыстық театрында да «Гамлет» жүріп жатыр. Олармен қызыл араққа көшкен актерларың арқылы жарысқа түскендей боп қайтпексіңдер, одан да қазақ пьесасын алып барсаңдар, сол өтімдірек болмай ма?», – деп шегелеп айтқан соң, олар бас шұлғып көніп қалғандарын байқамай қалып еді. Сен министрдің орынбасары боп, мен репертуарлық коллегияның бас редакторы боп қызмет істеп жүрген кезімде мұндай оқиғалардың талайына куә болып едім-ау! Алматыдағы М.Ю.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты өздерін өзгелерден бөлекше ұстайтын. Сенің кабинетіңде әлдебір мәселемен екеуміз оңаша отырғанда, әлгі театрдың директоры хатшы қыздың қарсылығына қарамай үстімізге кіріп келді. Келді де, ай-шай жоқ: «Мен Сізге кеше екі рет келіп едім, екеуінде де орныңызда болмай шықтыңыз», – деп өзінше өкпе-назын айта бастағаны сол еді, сен де бірден сыпайы жауап беріп: «Мен жұмыстарыммен бір жаққа кетерде ылғи да Сізге ескертіп кетуші ем, кеше, өкінішке орай, ескерте алмаппын. Ол үшін Сізден кешірім сұраймын», – деп бетіне тіктеп қараған кезіңде ол байғұс мынадай зілді сарказмге не деп жауап қайтарарын білмей, табан асты кішірейіп, екі беті табадан жаңа шыққан нандай қызарып, сасқалақтап қалып еді.
Сен оның қандай мәселемен келгенін сұрамай, көптен ойымызда жүрген күптігей мәселеге бірден көшіп, Лермонтов театрының репертуар саясатын келесі айда өтетін министрліктің коллегиясында арнайы мәселе боп қаралатынын жеткіздің. Ол алдағы коллегияда өздерін арқадан қағу үшін шақырылып отырмағанын бірден сезіп, бір қызарып, бір бозарып отырып қалды.
Арада бір айдай уақыт өткен соң М.Лермонтов атындағы театрдың репертуар мәселесі кеңінен қаралып, ұлттық драматургияға мүлдем көңіл бөлмейтіндіктері, әрі-беріден соң қазақ пьесаларына менсінбеушілік көзқарас қалыптасқаны қатты сынға алынды. Осы коллегиядағы қатаң сыннан кейін театр өздерінше сыннан қорытынды шығарған боп Олжас Сүлейменовтің «Мы высокие, будем стоят» деген поэтикалық спектаклін, онан соң Медеу Сәрсекеевтің өндіріс тақырыбына жазылған «Взрыв» («Жарылыс»), Ғ.Мүсіреповтің «Поэма о любви» («Қозы Көрпеш – Баян сұлу, қоюшы режиссері – Қадыр Жетпісбаев) пьесаларын бірінен соң бірін сахналап еді. Сен министрліктен кеткеннен кейін де театр ісіне араласуыңды бір сәтке де тоқтатпадың. Менің «Тор» деген Булгаков жайлы пьесам республикалық конкурста бас жүлдеге ие болған соң осы театрдың көркемдік жетекшісі Рубен Андреасянмен жеке сөйлесіп: – Конкурста бас бәйге алған пьесаны неге оқымайсыңдар? Бүкіл қазылар алқасы талғамсыз да, тек сендер ғана білгішсіңдер ме? Әлде баяғы өзімшілдіктеріңе қайта бастыңдар ма? Менімше, «Тор» сендердің сахналарыңа сұранып тұр. Қысқасы, пьесаны коллективте оқып көріңдер!». Қадала қарап, қадап айтқан сенің сөзіңнен кейін олар пьесаны театрдың көркемдік кеңесінде оқып шығып, бәрі бір ауыздан қабылдап, көп ұзамай премьерасы ойналып еді. Одан соң бұл пьеса С-Петербургке жол тартты. Пьесаның жарыққа шығуына сол кездегі Мәдениет министрлігінің орынбасары Ермек Аманшаев та белсене атсалысып еді.
Сенің алдыңа талай адам кісімсіп кіріп, кішірейіп шығатын. Өйткені сен қол астыңдағы барлық театрлар мен концерттік ұжымдарды, барлық өнер қайраткерлерінің мінез-құлықтары мен талант деңгейлерін жақсы білетін едің. Соған орай олардың әрқайсысымен әр басқа сөйлесуші едің. Театрларды былай қойғанда, Қазақстанда қаншама концерттік бірлестіктер мен ансамбльдер бар, сен солардың бәрінің репертуарларын, жекелеген әнші-биші-күйшілерінің аты-жөндерін, олардың орындаушылық қабілеттерінің қай жерге жетіп, қай жерде тоқтайтындарына шейін, тіпті, ерсі де болса айтайын, кімнің қанша грамм арақ көтере алатынына шейін хабардар болатынсың. Бәрінің мінез-құлқын алақаныңдағыдай біліп отырған соң да олар сенен аяғын тартатын. Сенің театр мен өнер саласындағы ұшан-теңіз білімің мен біліктілігіңді, ылдиға салса төске озған өр мінезіңді, найзадай өткір тілің мен ұшқыр ойыңды бәрі бағалайтын, бәрі мойындайтын: қазағы да, орысы да, кәрісі де, немісі де, өлісі де, тірісі де.
Қазір өткен-кеткенге ой жіберіп қарап отырсам, өз саласын дәл сендей жетік білген Мәдениет саласындағы қайраткер жоқтың қасы екен. Әр актердің, әр режиссердің қабілет-қарымын тап сендей тап басып айта алатын білгір сыншы да болмапты. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры Сәкен Жүнісовтің «Өліара» пьесасын сахналауға кіріскелі жатқанда, ең алдымен ондағы Ленин рөлін кімге беру керектігі жайлы үлкен талас тудырып еді. Ленин бейнесі қазақ сахнасына екінші рет қана шыққалы отыр. Бірі – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған «Ленин 1918 жылда» деген драма болса, бұл – екінші пьеса. Алғашқы пьесадағы Ленин бейнесін жасау Орталық Партия Комитетінің бекітуімен Мүлік Сүртібаевқа жүктелген еді. Ал Қарағанды театрында Ленин бейнесін кімге тапсыру керек? Осындай аса жауапты да күрделі көсем бейнесін жасай алатын актер облыстық театрдан табыла ма? Әлде, Алматыдан тағы да Сүртібаевты шақыру керек пе? Облыс басшылары мен облыстық Мәдениет басқармасының жауапты қызметкерлері ары тарт та, бері тарт боп, бір шешімге келе алмай жатқан тұста мәселеге бел шешіп өзің араласып кетіп ең. Әуелі сол кездегі министр Ж.Еркімбековпен келісіп алып, облыс басшысының тура өзіне телефон соққаның есімде. «Мүлік Сүртібаев әрине ұлы актер, бірақ ол әр спектакль сайын Қарағандыға барып ойнай алмайды ғой. Әрі-беріден соң ол Мүлік Сүртібаевтың төңірегінде де көп дау туып, ақыр соңында Әзірбайжан Мәмбетовтың бірбеткейлігінің арқасында Орталық Комитет Сүртібаевтың кандидатурасына тоқтаған. Менің ұсынысым – мүмкіндікті театрдың өз ішінен қарастыру керек. Сіздердің театрларыңызда Кеңес Жұмабеков деген талантты актер бар. Мен танысам, сол актер Ленин рөліне бірден-бір лайық талант. Талант көзі сенім артсақ ашылады. Менің ұсынысым осы. Ойланып көріңіздер».
Облыс басшылары ойлана келіп, сенің ұсынысыңды қабылдаған еді. Келесі жылы «Өліара» спектаклі Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, пьеса авторы Сәкен Жүнісов те, Ленин рөлін тамаша ойнап шыққаны үшін актер Кеңес Жұмабеков те Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанған болатын.
Бұл да сенің талантты тани білуіңнің нәтижесі еді.
Мәскеумен байланыс жасау, Қазақ театрларының өнерін мәскеуліктерге танытып отыру, «Театр», «Театральная жизнь», «Советская культура» сияқты одақтық газет-журнал беттерінде қазақ театр өнері жайлы мақала жазып, өзге авторларды да белсенділікке шақыруда көп еңбек сіңіріп едің. Әзірбайжан Мәмбетовтың Прагада, Мәскеуде спектакль қоятын тұсы да сенің басшылығыңның бір көрінісі еді.
Ол кез – қазақ театр өнерінің жұлдызды шағы деп бағаланып жүрсе, оған да сенің қосқан үлесің ұшан-теңіз болатын.
Бар өміріңнің жалындаған шағын туған еліңнің өнерін бүкіл Одаққа, қала берді халықаралық деңгейге көтеруге арнап, туысқан республикалардың бәрімен байланыс орнатып, барыс-келісті тұрақты дәстүрге айналдырып, фестивальдар ұйымдастыруды белсене қолға алып, қазақ авторларының пьесалары өзге республикаларда қойыла қалса сол жаққа ұшып барып, шығармашылық байланысты онан әрі нығайта түсу жолында есің кетіп еңбек етіп жүрген кезіңде, бәрі де ойда жоқта тас-талқан боп шыға келді.
Мәдениет министрі боп репетицияны тренировкамен шатастыратын белгісіз біреу тағайындала салды. Сен бұл тағайындалуға жан-тәніңмен қарсылық білдіріп, сол күні қызметтен кеттің. Сенің бұл шешіміңді әркім әрқалай түсінді. Біреулер: «Сығаев мені министр қоймады» деп өкпелеп кетті» десе, енді біреулер сені іштей қолдап: «Мәдениет министрлігінде мәдениетті білетін адам қалмады» деп өкініш білдіріп жатты. Сенің орныңды басқа біреулер басса жаңа келген бастықпен тіл табысуға тырысып, соның ыңғайына көшіп шыға келер еді. Сен иілмедің. Қанып суарылған кәдімгі болат қанжардай шорт сындың. Мінез таныта білдің. Тұлпар тақылеттің жабымен қосылып бір астаудан су ішіп, бір ақырдан жем жегенді өзіңе ар санадың. Адам мен жылқыда кездесетін тектілік деген болмыстың қызмет жолында ар мен намысты ұмыта бастаған біздің кезімізде де әлі өлмегенін ер мінезіңмен дәлелдеп кеттің. Мәдениет министрлігінен сенің бұл кетуің жай кету емес, Мәдениет саласындағы берекенің кетуінің басы екен. Сенен кейін бұл салаға театрмен мүлдем ісі жоқ, республикада қанша театр бар екенін, тіпті, өзі басқарып отырған саланың елге белгілі тұлғаларын танымайтын басшылардың талайы келіп кетті. Бірақ жас кезіңнен бастап қызмет деген бар болғырдың талайын көріп шыңдалған сен олардың бірде-біріне мойымадың. Үйіңде бес-алты ай тайған тобығыңды (тура мағынасында) орнына түсіріп алып, бәріне қолыңды бір сілтедің де, әу баста таңдаған кәсібің – Театр тану мен Театр сынына бел шешіп кірістің де кеттің. Он шақты жылдың ішінде он шақты кітапты жарыққа шығардың. Ол кітаптарың бүгінгі театр сынымен, театр тану ілімімен айналысатын барша қауымның қолынан түспейтін баға жетпес қазынасына айналды. Ал бір кезде өзің ректор боп қызмет атқарған
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері үшін ол кітаптарың оқулық ретінде пайдаланылатын басты құрал боп отыр.
Адам біткеннің өмірі мен өлімі де оның болмысына байланысты болса керек. Сен ешбір жанмен ақылдаспай биік қызметіңнен оп-оңай кете салсаң, ана жайға аттанарың да ешкіммен бақұлдаспай кете бардың. Бәлкім, бәрі ішіңде қатып жатқан болар. «Періштелер кек сақтамайды» деген сөз бар ғой Інжіл мен Құранда. Кек сақтадың ба, сақтамадың ба, ол жағы бізге белгісіз, әйтсе де, ет пен сүйектен жаралған заты пенде емеспіз бе, жүрегіңнің бір түкпірінде әлдекімдердің «мың бір түн» хикаяларының біріндегідей «Ретсіз қаққан шегесі мен орынсыз бөлген сыбағасына» деген нала сезім бұғып қалған шығар. Жүрек түкпірінде бұғып жатқан сол нала күндер өте келе бұлқынып барып бас көтеріп, жүрегіңнің өзін жараламады ма екен?» деген ойға да жетелейтіні бар. Бәлкім, кезінде бәрін іште тұтқындап ұстамай ақтара-төңкере айтып салғаныңда кеудең кеңіп, жүрек жүгің жеңілдеп қалар ма еді, кім білсін. «Өзін-өзі асып өлтірді деген адамдардың алқымына үңіліп қарасаң қоғам саусағының ізін байауға болады». «Құдай адамды жалғыз жаратып, аларда адамдармен қосылып алады». Әр кәллада бір қиял дегендей, сенің өміріңнің шорт кесілуінің түп-төркініне үңіліп, соған себепші болған нәрсені өзімше тергіштеген түрім ғой. Әйтпесе, «Жаратқанның Жарлығынсыз жапырақ та жерге түспейді» деген қағиданы біле тұра ажалға себеп іздеудің өзі астамшылықпен астасып жатқан пендегершіліктің бір түрі ғой.
«Жоқшылықтың артында тоқшылық бар, жамандықтың артында жақсылық бар» деп атам қазақ айтқандай, сенің лауазымды қызметтерден кеткенің шығармашылық өнеріңнің қайта түлеп, шабытты шағыңның шаңырағын биікке көтеріп, театр тану ғылымында самғап ұшуыңа кең жол ашты. Жасы үлкен болса да өзіңнің замандасың боп есептелетін Г.Бельгер сексен жасында сексен кітап шығарып үлгеріпті. Феномен-феникс! Бой бермей бара жатқан жүрегін «алақанымен сылап-сипап, алдап-сулап отырып» (Бельгердің өз сөзі. Айтпақшы, сенен кейін көп ұзамай ол да сені «қуып» аттанып кетті) он шақты кітап жазыпты. Неткен еңбекқорлық! Бір қазақта да кездеспейтін ішкі қатал тәртіп! Ал кейбіреулер сенің он бес кітап жазғаныңды көпсінетін де сияқты. Сол он бес кітапты алпыс тоғызға бөлсек, 4,6 жылға бір кітаптан келеді екен. Ал Бельгер 80 жылда 80 кітап! Аудармаларын қоспағанда. Көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Бельгердің еңбекқорлығымен салыстырғанда біздердікі колхоздың жұмысын тиіп-қашып жүріп істегенмен бірдей екен. Құрығанда тағы бір жүз жыл жасайтындай арқаны кеңге салып жайбарақат жүреді екенбіз. Юрий Олеша айтатын «Ни дня без строчки» дегенді қанымызға сіңіре алмай-ақ келеміз. Өмірінің бір күнін босқа өткізе қалса «преступная трата времени» деп өзін-өзі өлердей сөгетін Г.Манның өзі сексен кітап жаза қоймапты. Бірақ жазусыз өткен әр күнді өліп тірілген күнге балаған көрінеді. Ұзын арқау, кең тұсау қазақ арасында өсіп ер жетсе де біздің Гер-екең заты неміс екенін ұмытпапты. Қаны ұмыттырмапты. Біздің бойымызға бір шелек неміс қанын құйса да ол екі-үш күннен соң-ақ қазақы қан боп ағатын сияқты.
Сені жас кетті деп күңіреніп отырған жоқпыз, Әш-еке! Сенің алдыңда қыршын кеткен талай-талай дүлдүлдер бар. Бауырың, жерлесің Саттар Ерубаев болса жер бетінде 22 жарым жыл өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдырып кетті. Әрісі Шоқан, берісі Сұлтанмахмұттар отызға да жете алмапты. Тіпті, ұлы Абай да сенен 10 жылды аз жасапты. Соған қарап «шүкір» деп көңіл жұбатсақ та, бойыңда қайрат, жаныңда жалын, қаныңда жігер оты жалындап тұрған шағыңда, В.Высоцкийдің соңғы әйелі Марина Владидің «Прерванный полет» деп аталатын кітабындағыдай, сен де самғап ұшып келе жатқан кезіңде қанатыңның кенет сынғаны өкініш. (Сөз арасында айта кетсем артық болмас, осы кітаптың француз тіліндегі алғашқы басылымын Михаил Шатров басқарған делегациямен Парижге барғанымызда Марина Влади өзінің кітап дүкенінде тұрып маған автографпен сыйлап еді. Әлде үйге тынымсыз келіп-кетіп жататын тележурналистердің бірі ме, әлде кітапқұмарлардың бірі жымқырып кетті ме, сол кітап қазір үшті-күйлі жоғалып кетті).
Бүгінгі күннің тұрғысымен қарағанда сені ұзақ жасады деп те айта алмаймын. Кәрілік дегеннің өзі бірте-бірте шегініп бара жатқан жоқ па? Толстой, Пушкин, Чехов шығармаларын оқып отырсаң 40-45-тегі адамды «шал» деп суреттеуші еді ғой. Есіңде бар ма, Пушкиннің «Дубровский» повесіндегі мынадай жолдар: «Она была уже довольно дряхлая, сорока летняя старушка». Қырықтағы әйел бүгінгі таңда өзін қыздай сезінеді. Айтпақшы, өзің жақсы білетін ресейлік актер әрі С-Петербург өнер институтының мұғалімі Иван Краско деген 84 жастағы шал бар еді ғой, сол жақында өзінен 47 жас кіші әйелімен ажырасып, 60 жас кіші студентіне үйленіп, дүниені дүрліктіріп жатыр. Одан бұрын Олег Табаков деген актерің өзінен елу жас кіші қызға үйленгенде бәріміз жағамызды ұстамап па едік?
Енді, міне, шөбересімен жасты қызға үйлену модаға айналып бара жатыр. Мұны айтып отырғаным, кәрілік деген шекараның қарауыл төбесі сенен әлі тым алыста жатыр еді ғой дегенді өкінішпен білдірмек болған ниетім ғой.
Л.Бетховен И.Гетемен алғаш танысып, біршама сыр бөліскеннен кейін: «Мен ақындардың патшасымен кездесетін болдым деп қуанып едім, сіз патшалардың ақыны екенсіз ғой», – деп ұлы ақынның көңіліне тиер сөз айтыпты. Бұған дейін Бетховеннің «Ұлы адамдар ұлттың қазынасы» деген әйгілі анықтамасына мейлінше разы боп жүрген Гете де қарап қалмай: «Ұлы адамдар ұлттың қайғысы» деп орнынан тұрып жүре беріпті. Қанша дегенмен олар бір-бірімен замандас емес пе? Ал қатар өмір сүріп жатқан замандастар үшін «ұлы» деген ұғым жоқ. Әлде бір кісілермен кездесе қалған кезіңде сен сөз басын: «О-о, ұлы Ас-екем менің!», не болмаса «О-о, ұлы жездем менің!» деп бастаушы едің ғой. Кейде бұл сөзді ешкім білмейтін, аты белгісіз, өзің жыға танымайтын ақын-жазушыларға да айта салатынсың. Ол «жомарттығың» кейде мысқыл, кейде кекесін ретінде қабылданып жататынымен ісің де болмайтын. «Япырмай, Әшеке-ай, мұныңыз енді…» деп түсінбестік білдіре бастаған адамның арғы сөзін тыңдамай, бастырмалатып басқа әңгімені бастап кете беруші ең. Кейде, көрер көзге мысқылдап, кекетіп отырғаныңды білсе де, көп адам саған қарсы келе алмаушы еді. Жан-жақтан айбат шегіп тұрған жабайы аңдарды сиқырлы үнімен жуасыта білетін Орфей сияқты, сенің дауыс ырғағыңда да қарсылықты өз «інінде» өшіре салатын ерекше қасиет бар еді. Және ол саған ғана жарасымды болатын.
Сен билікпен бірге де болған жоқсың, одан іргеңді аулақ та салмадың, екі тізгінді тең ұстай білдің. Айтатын жерде шегелеп айта білдің, қайтатын жерде бипаздап қайта да білдің. Орысша айтқанда, «алтын ортаны» ұстана білдің. Ешкіммен қыл арқанды қия кесіп қас болмадың, ойы тайыз өзімшілдермен дос болмадың. Сөйте тұра, бәрімен ортақ тіл табысып сөйлесе білдің, кезі келгенде сырласа салудан да қашпадың. Тіпті, көшеде кетіп бара жатқан бет-аузы ісіп кеткен қаңғыбастың өзін шақырып алып, ежелгі танысыңдай амандаса келіп: «Өзің көптен көрінбей кеттің ғой. Көкелеріңмен амандасып тұрмайсың ба? – деп қолына бір-екі жүз теңге ақша ұстатып кете барушы ең. Александр Блок Пушкин жайлы мынандай мінездеме берген екен. «Мы знаем Пушкина, друга монархии, мы знаем Пушкина, друга декабристов. Все это бледнеет перед одним: Пушкин – поэт». Сол сияқты, тіршілікте қандай позиция ұстанғаныңа қарамастан, оның бәрі «Әшірбек Сығай – театр сыншысы» деген үлкен ұғымның алдында көмескі тартып қала береді.
Қандай тәжірибенің негізінде қол жеткізгенін қайдам, қазіргі нейрохирургия ғылымының анықтамасы бойынша 70-80 жыл өмір сүрген қарапайым адамның ми талшықтарында бір жарым триллионнан астам ақпарат сақталады екен. Дәл осы ақпараттың бәрі өмірінің соңғы сәтінде адам баласының көз алдынан түп-түгел өтіп шығатын көрінеді. Ал сенің ми қабаттарыңда қанша триллион дерек (информация) жатқаны бір Аллаға ғана аян шығар. Соның бәрін ана дүниеге өзіңмен алдың да кете бардың. «Тырнақтап жиған дүние етектеліп төгілді» деген осы. Сөз басында айтып өткенімдей, ұлы мақсаттарға тынымсыз ұмтылыс жолында жинақталған телегей-теңіз білім мен ақыл-ой бір-ақ сәтте ғайып боп шыға келеді екен. Өкінішті-ақ! Өкін, өкінбе, адам байғұстың бұдан басқа өмір сүру формасы жоқ. Тірілерге жұбаныш пен тыншу сыйлайтын бір-ақ нәрсе бар, ол – әлгі ұшан-теңіз білімің мен ақыл-ойыңның біраз бөлігін келесі ұрпаққа аманат етіп қалдырып үлгердің. Нала көңілге соны ғана медет қыламыз.
Елің еңбегіңді елеусіз қалдырған жоқ. Сен театр тану саласындағы тұңғыш мемле-кеттік сыйлықтың лауреаты атандың. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының платиналы лауреаты атандың, Республикаға еңбегі сіңген қайраткер, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атандың. «Қазақстан» телеканалы бойынша тұрақты жүргізіп келген «Жан сарайы» хабары да көпшіліктің ең қызыға көретін бағдарламасы еді.
Сен сияқты театрдың білгір сыншысы енді қайтып туа ма, тумай ма, ол жағына көріпкелдік айту қиын. Бар білетінім – халықаралық деңгейдегі сенің орның да әзірге бос тұр.