Академик Әлкей Марғұланның хаттары
04.02.2020
1433
0

Редакциядан: «Қазақ әдебиеті» газеті кейінгі жылдары мұрағаттар мен мұражайларда жатқан немесе «қағаз-құжатқа» ұқыпты адамдардың қолында сақталған хаттарды жариялай бастады. Оқырман тарапынан қызығушылыққа бөлене бастаған көне хаттарда өткен күндердің тыныс-тіршілігі, елге мәлім тұлғалардың ыстық келбеті көрініс тауып жатады. Сондай хаттың бірін редакциямызға професссор Серік Негимов жіберіпті. Бірге оқып көрейік.

 Ғасыр ғұламасы Әлкей Марғұ­ланның Ташкент және Бұ­ха­ра аймағын мекендеген қазақтардың халық шы­ғар­машылығы үлгілерін ыждаһатпен жинаушы, жариялаушы әрі зерделеуші Қыдырәлі Саттаровқа 1970-1972 жылдарда жазған адамгершілік толғауындай, ізгілік сабақтарындай түпнұсқа хаттары менің архивімде сақтаулы еді. Қыдырәлі ағамен шығармашылық байланыста болғандықтан және Әлекеңнің қасында жүргендіктен, өзіне жазған хаттарын маған сеніп берген шығар деп ойлаймын. Осы орайда филология ғылымдарының докторы, профессор, педагог Қыдырәлі Саттаровтың ғылыми-шығармашылық мұрасы және өмірбаяны жөнінде бір-екі ауыз сөз айтқан дұрыс болар. Қыдырәлі Саттаров – Өзбекстанның Жоғары Шыршық жерінде туып, 1960 жылы Ташкенттегі әскери музыка мектебін тәмамдаған. 1963-1967 жылдарда Ташкенттің Низами атындағы Мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, осы оқу орнында ұстаздық қызметпен шұғылданған, фольклорлық экспедициялар ұйымдастырған, қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларын жинау әдістемесінің ғылыми негіздері бойынша еңбектер жазған ғалым адам.

Профессор Саттаров «Күлдіргі әңгі­мелер» (1987), «Ғажайып бақ. Қазақ балалар фольклоры» (1987), «Ақылдың көзі» (1990), «Рухани мұра. Ташкент қазақтарының мақал-мәтелдері» (2005), «Қазақтың халық жұмбақтары» (1994), «Қазақтың теріс өлеңдері – жылау-жоқтау» (1996) дейтін жинақтардағы материалдарды ел аузынан жинақтап, жүйеге түсіріп, құрастырып, алғы сөзін жазып жариялады. Сондай-ақ «Фархад – Шырын» эпосын Әбдәзім Ахметовтің орындауынан, «Едіге батыр» жырын жырау, Болатбек Ердәулетовтің орындауынан, «Қарасай – Қазы» жырын жырау Атаубай Мәмбетовтың жырлауы негізінде, Бармақ пен Кенжеқожа айтысын халық ақыны Тәжімұрат Жұманұлының орындауы бойынша хатқа түсірген. Интеллектуалдық деңгейі, ғылыми-шығармашылық әлеуеті жоғары академик Әлкей Марғұланның бұл хаттарындағы фольклортану ғылымына, ұлт мәдениетіне, қолжазба мұраға, Қорқыт Ата әңгімелеріне қатысты келелі кеңестері бүгінгі таңда да көкейкесті дүние болып табылады.

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

№ 1

Қыдырәлі жолдас!

«Қазақ әдебиетінде» Сіздің мақалаңызды көріп, Ташкент төңірегіне, Сыр-Дария облысына шыққан экспедицияның жұмысы туралы жазғаныңызға қатты разы болдым. Ондай экспедицияны келешекте де шығарып тұру керек. Одан ғылымға келетін пайда өлшеусіз зор. Бір кезде Диваев те осындай экспедициямен жүріп, артына байтақ мағлұмат қалдырған. Сіздердің жүрген аудандарыңыз ескілікті қолжазба жинау жағынан аса қызықты. Оған ілгеріде де қатты көңіл қою керек. Сіз бізбен Сарыағашта кездестіңіз бе, жоқ па? Сіздің мақалаңызда менің баса көңіл аударғаным үш нәрсе:

1) ауыз әңгімелер туралы

2) Бұдабай ақынның қолжазбалары

3) Ибрахим Жақыпұлының қолжаз­балары.

Менің сізден сұрайын дегенім, Қорқыт туралы аңыз-әңгіме кездестірген жоқсыңдар ма? Қорқыт әңгімесі Бұдабай ақын мен Жақып қарияның жазуларында болуға тиісті еді. Осы екі кісінің қолжазбаларын қадағалап оқып көріңізші, онда Қорқыт туралы бір-ер сөз болуға тиісті.

Жақып қария (Сіргелі қаласында тұратын) тірі ме? Егер тірі болса, ол кісіге әдейі іздеп барып Қорқыт туралы айтқанын жазып маған жібергейсіз. Қорқыт туралы тағы кімдер біледі екен, сұрастырып (ел ішінде) байқағайсың. Студенттерге де тапсырма беріңіз, олар да естігенін жинап маған жіберіп отырсын. Экспедицияға шыққаныңызда қазақ өнерінің ескі өрнектеріне де тесіле көз салып, фотоға түсіртіп отырыңыз. Осылар туралы маған жазып тұрсаңыз тіпті жақсы болады.

Сәлеммен: акад. Әлкей Марғұлан.

16-ноябрь, 1970 ж.

№ 2

Ардақты Қыдырәлі!

Алматыдан көп сәлем. Жіберген кітабыңды (Құтадғу білік) алдым. Зор алғыс айтамын. Ілгеріде де әдебиет пен өнерден осы тәрізді кітап шығатын болса ұмытпағайсың. Осы жақын арада «Шоқан және Манас» деген бір кітап шықпақшы, оны өзіңе жіберемін.

Қыдырәлі, шырақ, саған жіті тапсыратын бір өтінішім бар. Бір профессордың өтініші бойынша Қорқыт туралы бір анықтама жазуым керек еді. Ол үшін түрікмен тіліндегі материалдар жетпей тұр. Олар Алматыда жоқ, Ташкенттің Навои атындағы публик кітапханасында бар. Сен бір күн сонда отырып, маған керек материалды бірер күннің ішінде жазып жіберсең, зор қуанышта болар едім. Қорқыт туралы ол материалдар Ашхабадта түрікмен тілінде шыққан «Совет әдебиеті» деген журналда. Қарайтының бір ғана осы түрікмен тілінде шыққан «Совет әдебиеті», 1945 № 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10; 1946 ж. № 1, 2, 5. Осы айтылған нөмірлерде Қорқытқа байланысты мақалалардың атын, авторын өзінің болған қалпында жазып жіберуіңді сұраймын. Және кешіктірмей, тез қолға алуыңызды өтінемін.

Келінді, өзіңді түсіп келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, әдемі, бақытты, жарқын өмір тілеймін.

Сәлеммен: Әлкей Марғұлан.

20-декабрь, 1971 ж.

№ 3

Сүйікті Қыдырәлі!

Көп ағалық сәлем. Жіберген сәлемдемең келді. Сансыз алғыс айтамын. Бір ескертетін нәрсе Қорқыт туралы деректерді көшіріп әуре болма. Оны тек қай журналда қандай мақала жазылғанын, оның жылын, нөмірін көрсетіп, библиография түрінде (список статей о Коркуте) жібер. Қорқыт туралы библиография өзімде толық. Маған керегі Түрікмен журналында оның ішінде «Совет әдебиеті» журналының 1945-1946 жылдарында Қорқыт туралы жазылған деректер, мақалалар керек болып отыр. Соны ғана жібер, ол деректер «Совет әдебиеті» журналының 1945 ж, № 1-10 нөмірлерінде және 1946 ж. № 1-2, 5 нөмірлерінде болу керек. Бұл деректер сырт байқауымша, «Деде Қорқыт кітабі»-нің түрікменше аудармасы болуға тиіс. Маған осыны анықтап берсең болғаны. Егер аудармадан басқа мақалалар болса, олардың мазмұны жайында қысқа-қыса анықтау (аннотация) берсең жетіп жатыр. Бірақ бүкіл поэманы көшіріп әуре болма. Маған тек мазмұнынан хабар берсең болады. Бұған көп болса бір күннен артық отырып керегі жоқ. Тек тізімін жібер.

Түрікмен тілінен басқа қарақалпақ, өзбек тілінде жоқ па екен. Оны кітапхананың библиография бөлімінен сұрап білерсің.

Бұл мәліметтер маған бір атақты ғалымның сұрағына жауап ретінде керек болып отыр. Сондықтан кешіктірмей бір-екі күн ішінде жібергейсің. Әрқашан жақсылық тілеуші ағаң Әлкей Марғұлан.

12 январь, 1972 ж.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір