Балаңызға қандай «Бесік жырын» айтып жүрсіз?
04.02.2020
1214
0

Автобус іші. Жанымда – қолында құндақтаулы сәбиі бар орта жастардағы қазақ әйелі. Кенет балбырап ұйықтап жатқан бала оянып кетіп, іңгәлап жылай бастады. Сол-ақ екен, көршім баяу үнмен «Джони, Джони, йес, папа» деп әндете жөнелді. Күнде естіп жүрген әні болуы керек, балбөбек пысылдап қайта ұйықтап кетті. Ал анасы аңтарыла қарап қалған маған: «Үйде бесік тербетіп отырып та осы әнді айтамын. Тез ұйықтайды», – деп қуана сөйледі…

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін.

Бала кезден құлағымызға сіңісті бол­ған, жадымызда әбден жатталып қалған аяулы жыр. Дүниеде ананың бесік тербетіп, бесік жырын айтып отырған сәтінен асқан сұлу да таза көрініс жоқ. Өйткені бесік жыры – көшпелі тірлік кешкен ақ жаулықты аналарымыздың мың-сан шаруасына асығып, сәбиін ұйықтатып тастау үшін айтқан өлеңі емес. Бесік жыры – ананың баласына деген шексіз махаббаты мен мейіріміне шүпілдеп тұрған әзиз жүрегінің үні.

Көзімнің ағы-қарасы,

Жүрегімнің панасы.

Уайым, қайғы ойлатпас

Көңілімнің санасы.

Айналайын, шырағым,

Көлге біткен құрағым.

Маңдайдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым.

Бесік жыры – баласына дүниенің бар жақсылығын тілейтін абзал ананың ой-арманы, ақ тілеуі.

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Ұста болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөйлегенде сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің?

Тіпті, баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіруді армандайтын әрбір қамқор ана:

Балам жатсын бесікте,

Пәлесі қалсын есікте, – деп, бесік жырын киелі өлеңдей көреді.

Қазақ жеріне жер аударылған поляк революционері А.Янушкевич бір естелігінде: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңданыс білдіріпті. Ал ата-бабамыз бесік жыры – ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы екенін баяғыда білген. Ана бесік жыры арқылы сәбиінің санасына, жан-жүйесіне төл тілі мен ділін дарытады. Бала ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін осылай сіңіреді.

Алайда уақыт өте біз бесік жырын ұмыта бастадық. «Ана баласын құшағына ала отырып баласын ғана емес, бүкіл бір ұлтты тәрбиелейтінін» ұмыта бастадық. Бауыржан Момышұлы бұл жайтқа «…бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын… Өйткені бесік жырын естіп, …дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» – деп, бекер алаңдамаған екен.

Біз енді сәбиімізге бесік жырын өзге тілде айтатын болдық. «Үштілділік» деген ұранның салқыны ұрып, «Джони, джони, йес, папа» деп әндете бастадық. Бұл ән осы жолдарды оқып отырған көбіңізге жақсы таныс екеніне еш күмәнім жоқ. «Ютуб» арнасындағы ата-аналар мен балаларға арналған, қаралымы көп шетелдік бейнероликтегі диалог түрінде және бір емес, бірнеше рет айтылатын ән. Содан ба екен, құрғырдың тез жатталып қалатыны да өтірік емес…

Кезінде Алаш аяулысы Мағжан ақын «Педагогика» атты еңбегінде: «…Үйдің бір босағасында бесік тұр. Ішінде бөлеулі бала жатыр. Жылап-жылап шаршаған. …Бесік жанында баланың анасы жоқ. Әлдеқайда кеткен. Мал жайлап, шаруа қылып жүр ме? Әлде көрші үйдің қатынымен басын шұлғи-шұлғи бір қысыр кеңесте отыр ма?» – деп жазған еді. Сол сөздің жаңғырығы бүгінгі бізге де маза бермейді. Апасы-ау, қайда жүрсіз? Атасының құлыны, әжесінің ботасы, әкесінің қозысы жылап қалды. Ақ бесікті тербетіп, көзіңіздің ағы мен қарасына бесік жырын айтып беріңізші. «Әлди-әлди, ақ бөпем…»

 

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір