«Құдай атынан» сөйлеген идеология
Оның неге болса да өзгеше көзімен қарайтыны, ерекше ұстанымы қызықтыратын.
Біз Батырхан Құрмансейітті жапонтанушы ретінде осыдан 7-8 жыл бұрын білетін едік. Оның Қазақстанның Жапониядағы елшілігіндегі қызметте жүргенде Жапониядағы шетелдік дипломаттар арасында өтетін жапон тілі сайысында Қазақстан тарихында алғаш рет бірінші орынды иеленіп, Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің арнайы марапатына ие болғаны, сонымен қатар, ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің «Жапония туралы жазбаларын» күншығыс елінің мұрағатынан қарастырып, ол туралы Жапон жерінде жүріп үлкен мақала жазғаны сол тұста үлкен мәдени оқиға болғаны анық. Әрине, мұны біреу білсе, біреу білмейді.
Жақында елге оралған экс-дипломатпен Алматыда кездесіп, сұхбаттасудың реті келіп еді.
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
жапонтанушы, PhD доктор, аудармашы, дипломат
– Батырхан Құрмансейітұлы, алдымен өзіңізбен етене таныссақ. Кіндік қаныңыз тамған жер, өскен топырақ, азамат болып қалыптасқан ортаңыз туралы біле отырсақ.
– Алдымен жоғары білім алып, арманға толы, қызығы мол студенттік шақты өткізген әлемге аттандырған әдемі шаһарымызда жүздесіп отырғанымызға қуанышты екенімді айтып қояйын. Төрткүл дүниені төрт рет шарлап шықсаң да осында студент болған қазақ баласы үшін Алатаудың өзіне көрік берген ару қала Алматыдан артығы жоқ-ау, сірә!
Қызмет барысында жапондық түрлі аудиториялар алдында талай рет елімізді таныстыруға бағытталған презентациялар жасап жүрмін. Солардың бірінде бір жапон маған «Қазақстанға барсам деймін, сіздің сөзіңізден кейін әсіресе, Алматыны көргім келеді» дегені есіме түсіп отыр. Сонда мен: «Сіз түгіл өзім де сол Алматыға қайтқым келіп жүр», – деп сүйікті қалама деген сағынышымды қалжыңмен жеткізген едім.
Алматының төрінен орын алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маған бес жыл баспана болған «Казгуград» кампусындағы жатақханамен үшін нағыз қара шаңырақ. Дүниеге деген көзқарасымның қалыптасуына да, дос-жаран мен жар табуыма да себеп болған осы білім ордамыз.
Ал енді кіндік қаным тамған жер, ол – атыңнан айналайын – Түлкібас! «Әттең-ай, сыймайды ғой тақымыма, өңгеріп алып кетсем мына атыма» деп ақындар жырлайтын өңірдің бірден-бірі. Таулары мен баулары, жаныңа жағатын ауасы мен балдай тәтті бұлағы, аузыңнан дәмі кетпес алмасы мен алмұрты, өрігі мен алхоры ағыл-тегіл, ағаш түгіл адам ексең адам өсетін жасылы көл-көсір өңірде туып, сонда өстім. Қанат қаққан туған ұя түсімнен кеткен емес, сағынышым басылған емес. Астанада тұрып, ауылға асығам, Токионың төрінде жатып, Түлкібасты аңсап оянам. Бабам сонда жатыр, ағайын-бауырым сонда, барып тұрам. Жаратқан жасар жасымызға жеткізсе, жетер жерім, жамбасым тиер жерім сол туған мекенім.
Жүзімді, руымды сұрамағайсыз, ондайды айтпаймын. Жеті атам түгіл жетпіс жеті атама дейін толық білем, бірақ шежірем тек өзім үшін, жүзге бөлінуді жаным жақтырмайды. Жақсы көретін саным – «300». Діни көзқарасыма келер болсақ, атасынан көргенін жасаған атамнан көргенімді жасап келем. Бабалардың әруағына бағыштап ас береміз, шелпек пісіріп, иіс шығарамыз. Сақалымды ұзартпаймын, балағымды қысқартпаймын, уағыз айтпаймын, зікір салмаймын, тоқал алмаймын. Туған жеріміз, жұтқан ауамыз бен ішкен суымыздың ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан бабадан қалған әдет-ғұрыптан асқан дін жоқ менде. Түрікке барып «түрікше молда», арабқа барып «арапша молда» боп келіп, «аңқау елге арамза молда болған» кейбіреулердің айтқандарына құлақ аспаймын. Құран әліппеден мәнді боп, мешіт мектептен сәнді болғанда, молда төрден орын алып, мұғалім етекте қалғанда қазақ артқа басарын айтып келем, ол ойымнан тайған емеспін. Дамыған мемлекеттердің қатарына қосыламыз десек, зайырлы қауым боп, баламызды заманауи білімге баулып тәрбиелеуіміз қажет. Техникасы мен технологиясы дамыған ел болу үшін үстіндегі кимоно-шапанын шешіп, катана-қылышын тастап, костюм киім, қаламын көбейткен жапон жаман болған жоқ. Одан оның мәдениеті кеміп, деңгейі төмендеп қалған жоқ. Озық ұлт болу үшін артқа үңілу емес, алға ұмтылу қажет.
– Жапон филологиясы мамандығы бойынша филолог-аудармашы болып шығуыңыз сіздің жапонтану саласына деген қызығушылығыңызды арттырды ғой сонда? «Қазақстан жапонтанушылар қоғамын» құрғалы жатыр екенсіздер, ол қазақ пен жапонды қаншалықты жақындастыра алады деп ойлайсыз?
– Сөйлеп жүрген тілім де, ділім де, көріп жүрген күнім де жоғарыда айтқан ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің арқасы. Титтей артық-кемі жоқ бұл сөзде. Масыл болсам өзімді боқтаңыз, асыл бола алсам осы шаңырақты, тек осы орданы мақтаңыз. Есімдерін тізбектеп айтып жатпай-ақ қояйын, ұстаздарым мықты болды. Кеңес Одағының құлап, есігіміз жан-жағымыз айқара ашылған тұста алыс-жақын елдермен алыс-беріс, аралас-құралас болу үшін шет тілдерін оқыту мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс еді. Әлі де солай. Сол кездегі егемен елдің шет тілін оқи бастаған студенттері қазіргі кезде бірі тілмаш, бірі дипломат, енді бірі іскер боп ел мен елді елдестіріп, көпір боп жалғастырып жүр.
Ұстаздық, ғылыми-зерттеу салаларын таңдаған мамандар да аз емес, білім мен ғылымның нағыз ордасы сол кісілер деп білем. «Қазақстан жапонтанушылар қоғамын» құрудағы басты мақсатымыз – сол мамандардың басын қосып, жұмысын жүйелендіріп, осы салада «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару». Дипломат пен тілшінің білім деңгейін оның тек дипломына қарап анықтау мүмкін де емес, дұрыс та емес. Ондайды доғару қажет. Шет мемлекетте дипломат ретінде қызмет жасап, екіжақты немесе көпжақты түрлі деңгейдегі маңызды кездесулер мен келіссөздерге қатысып, тілмаш боп шет тілінен өз тіліңе аударма жасай алатын мамандарды дайындау қашан да болсын қажет дүние болып қала бермек. Сондықтан бұл іспен де біреу арнайы айналыспаса болмайды. Аталмыш қоғамды құрғымыз келгендегі мақсатымыздың бірі сол. Осы бір бастамаға өз тарапымнан Қазақстан-Жапон Іскерлер кеңесінің төрағасы ретінде екі елдің іскер азаматтарының назарын да аударып жүрмін. Іскерлер мен ғалымдардың жұмысын үйлестіріп, өзара ықпалдастыққа жарайтындай қылып бір жүйеге қоя алсақ, сол арқылы қоғамға пайдамыз тиер еді деген ой ғой. Осылай, арманымыз аз емес, алға қойып отырған жоспар одан көп. «Құдайды күлдіргің келсе оған жоспарыңды айт» деген екен бір данышпан. Өз арамызда да,мұнымызға күліп қарап, кежегесі кері тартып тұратын кісілер аз емес. Осы ойымды талай болды қайталап келем, алдағы уақытта ретімен іске асып жатар, келесі кездескенде атқарылған тірлік жайында айтып берейін керек десеңіз.
Жапон жайлы өзіміз көп оқимыз ғой осы, жапон әдебиетіне де қызығып жатамыз. Жапон десе аузының суы құрып, жан-тәнімен жақсы көріп, пір тұтып жататындар да бар. Оған әркімнің өз еркі, кімді жақсы көріп, кімді жек көруді жасанды жолға салған қоғамда тұрып жатсам да, өз басым қазақтың ниеті мен пейілін ешкімнен қызғанып отырғаным жоқ. Бірақ бір айтарым, «анау жапон анандай, керемет, біз неге сондай емеспіз» деп өзін-өзі кемсітіп, өзгені басына көтеруден бастайтындармен әңгімем ұзаққа созылмайды. Дәл біздің қазақ жапонды жақсы көргендей тіпті жапонның өзі өзін солай жақсы көре алмайды. Әсіресе, өзіміздің қазақ тілді интеллигенция өкілдері жапон десе жаны қалмайды. Бұл жығынан жапондар бізге енді біраз қарыздар. Енді оларды бізге тамсанатындай қылу керек. Жапонға қазақты таныстыру да, жапондың оқырман қауымға қазақ авторларының шығармаларын аудару ісі де біздің жапонтанушылардың міндеті.
– Жапонияда оқыдыңыз, біраз жыл еліміздің Жапониядағы елшілігінде қызмет еттіңіз. Күншығыс еліне қалай жолыңыз түсті?
– Өзіңіз есіме түсіргендей, 1998 жылдың көктемінде Алматыда Орта Азия мемлекеттері студенттерінің арасында өткен жапон тілі сайысында бірінші орынды алғаннан кейін, ҚазҰУ-ым енді мені үкілеп сол жылдың күзінде Мәскеуде өткен ТМД елдері студенттерінің жапон тілі жарысына жіберген еді. Үмітті ақтап, бұл жарыста да бірінші орынды алған едім. Мәселе әсте менің бірінші орынды алғанымда емес, ол туралы кезінде айтылды, жазылды, басқа нәрсе жоқтай қайталап жату да ыңғайсыз екен. Бірақ мәселе мынада еді. Сол жылы он бірінші рет өткен жарыс тарихында алғаш рет ресейлік студент емес, біраз ғана жыл бұрын сол Ресейден тәуелсіздігін алған мемлекеттің студенті бірінші орынды жеңіп алғанында еді.
Жаңа ғана тәуелсіздігін алған жас мемлекетпен саяси-дипломатиялық және сауда-экономикалық салаларда ғана емес, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық салада да ынтымақтастық орнатуға мүдделі Жапония үкіметі үшін сол елдерде жапон тілін білетін мамандардың болуы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту жолында маңызды фактор болып табылады. Сондықтан бір жылда екі бірдей жапон тілі жарысында жеңіске жеткен қазақ студентін жапон үкіметі әйгілі Киото университетіне оқуға шақырған еді.
Менің жапон тілі маманы ретіндегі өмірім осы тұста басталған болатын. Оқуымды тәмамдаған бетте жапондармен түрлі жобаларды бастап кеттік. Алуан салада тілмаш боп жүріп, талай тәжірибе жинадым, жапондардың жұмыс жасау ерекшеліктеріне бойымды үйреттім. Ол кезде ондай маман әлі жоқтың қасы еді.
Сөйтіп жүргенде ҚР Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа шақырылып, дипломатиялық қызметттің қайнап жатқан қазанына түсіп кеттім. 2008 жылдың маусымында Елбасының Жапонияға ресми сапары барысында екі елдің Сыртқы істер министрліктері тарапынан жоғары деңгейдегі келіссөздердің барлығын маған аударуға сенім артылды. Бұл да қазақ баласына жоғары деңгейде жапон тілінен аударма жасап, ел туралы ақпарат беру ісінде алғашқы рет жүктелген жұмыс еді.
Сол кезде ғой Президенттің: «Сен мына айтып отырғандарыңды қайдан білесің» деген сұрағанына «мен осында оқып едім» деп, «Болашақ бағдарламасымен ғой?» дегеніне «жоқ, өзім оқығам» деп жауап беріп, «сен бұл кісіге өзім дейтін кім едің, «иә» дей салсаң тілің кесілер ме еді?» деп, кейбіреулердің өздері құсап өтірік айта алмайтын маған налып жүргендері.
Сол сапар аяқтала сала басшылық мені Қазақстанның Жапониядағы елшілігіне ауыстырып, сол кезден бастап бүгінге дейін барлық дерлік деңгейдегі жапон тарапымен өтіп жүрген ресми келіссөздерді екі тілге аудару маған сеніп тапсырылатын міндет болды. Атқарып жүрген қызметім басшылық тарапынан жоғары бағаланып, ҚР Жапония елшіліктің кеңесші-уәкіл, елшінің орынбасары болып отырған тұста өткен жылдың көктемінде мені Президент Әкімшілігі шақырып, ол жерде де қызметте болдым. Ендігі кезекте жапон тілін жетік білетін өзге де мамандарды дайындап шығару уақыт талабы болып отыр. Жаңа айтқанымдай, бұдан кейінгі жұмыс осы бағытта жүргізілетін болады. Оның үстіне екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге екі елдің де мүддесі артып отыр. Бұл бағыттағы жұмысты да жолға қою қажет, сондықтан мемлекеттік қызметтен «сұранып шықтым». ҚР СІМ-і мен Корпус А жүйесінде резервте тұрғандықтан мемлекеттік қызметке қайта шақырылып қалуым әбден мүмкін. Аңсап та, асығып та жүрген жоқпын, жасар жұмыс, жазар іс одан да көп, қызмет қайда болмасын, жапонтану саласындағы жұмыстар өмірлік ісім боп қала бермек.
– Өзіңіз жақсы білесіз, ХХ ғасырда Батыстың экспанциясына төтеп берген бір ғана рухы мықты ел ретінде жапондар ешкімге дес бермеді. Жапондардың ХІХ ғасырдың өзінде атақты Мэйдзи реформасын жасағанын білесіз. Басқаны айтпағанда, кешегі Алаш зиялыларының осы елді үлгі көріп, жақынырақ танысып көргісі, білгісі келді. Әрине, бұл тегіннен-тегін емес. Ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің жас кезінде Жапония жайында мақала жазып жүргені жәй емес шығар. Әңгімені күншығыс еліне бұрсақ. Жапония туралы айта отырыңызшы. Жапония әлемдегі басқа халықтардан несімен озық тұр деп ойлайсыз? Олардың менталитеті қалай?
– Еуропалық азулы мемлекеттер әлем халықтарын еншілеп, өзара бәсекелестіктің нысанына айналдырып, базарға салып, бағасын шығарып, бөліп алып жатқанда жапондар қарап жата алмады. Қоғам самурайлық салтты сақтап қалғысы келгендер мен батыстық ілім мен білім жүйесіне көшуді жөн көргендерге бөліне бастады. Сол тұста императордың құдай баласы екенін әр адамның қанына сіңдіріп, жапонның ерекше жаралған жұрт екеніне сендіру мемлекеттің басты идеологиясына айналды. Ал император халықты батыспен бәсекеге түсу үшін батыстың озық технологиясын ынта қойып, ықыласпен оқуға шақырды. Сөйтіп, құдай атынан сөйлеген мемлекеттік идеология «ерекше жаратылған жұрт» ретінде Азияны еуропалықтардан тазартуды жапонның қасиетті миссиясы қылып бір-ақ шығарды. Орыспен жаға жыртысып, қытайға қыр көрсетуге шамасы жеткен жапондарға азаттықты арман қылған алаштықтардың үлкен қызығушылық танытқаны сол кез.
Бұл жерде тарихты қайталап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ менталитет дегеннен шығады, екінші дүниежүзілік соғыста тұмсығы бұзылып, жеңіске жеткен жауларының алдында бас иіп, тізе бүксе де, жапонның сағы сынбады. Жауларынан императорларына тіл тигізбеуді сұрады. Орыс құсап, қытай құсап, өз императорларын өз қолдарымен өлтірмеді. Мемлекеттік жүйе маған десе мың ауыссын, бірақ «мен» деген, «өзім» деген өзгермесін. Білім мен ғылым, техника мен технология саласында мықтыға еліктегіш халықтың мәдениет пен менталитетінде осындай мекем болғаны расында да таңқаларлық нәрсе.
– Біз олардан нені үйренсек болады? Жапондар генетикалық, мәдениеттік жақтардан бізге қаншалықты жақын?
– Жапондардан көп нәрсе үйренуге де, үйретуге де болады. Техникасы мен технологиясы озық, қызмет көрсету саласы жоғары деңгейдегі, бәсекелікті бірінші орынға қоятын нарықтық жүйеге негізделген постиндустриялық экономикасы дамыған, нағыз демократиялық мемлекет. Батыстық либералдық-демократиялық жүйені ұлттық дәстүрге келең әсерін тигізеді деп жақтырмаудың қаншалықты дұрыс емес екенін сезгіңіз келсе Жапонияға жол тартыңыз. Жапон үкіметі осы күнге дейін еліміздің түрлі салаларында қызмет жасап жүрген бір жарым мыңға жуық маманды өз еліне шақырып, тәжірибе алмасу бағдарламаларына қаржы бөліп келеді. Көрген, білгенімізді істерімізде пайдалана алсақ игі еді.
Генетика жайында сөз қозғасақ, өзіміз осы көзі қараның бәрін қазақ қылып тастауға дайынбыз ғой, біздің мықтылығымыз да осында. Ал енді қалжыңсыз айтар болсақ, бұл тақырып жапондар арасында да жиі көтеріліп тұрады. Қасында тұрған қытаймен де, жанында жатқан басқа жұртпен де тәндерінің ұқсастығы болмаса, қанының жақындығы жоқ екені белгілі боп, өздерінің Алтай асып, аралдарға жеткен жұрт екенін ғалымдар да айтып жүр.
Мәдениетке келсек, аралдық мәдениет пен далалық мәдениеттің ұқсастығынан гөрі өзгешелігі көп екені белгілі. «Олардың мәдениеті жоғары ғой» деп бастайтындармен кездесіп жатам, бірақ өз басым мәдениеттер арасында ерекшеліктер болғанымен, біреулерін «жоғары», ал біреулері «төмен» екен деп деңгейлерін анықтап жататындармен келіспеймін. Таңдай қағып, таңғалып, «шіркін-ай, бізде неге бұлай емес» деп ойлайтын сәттер болса, «әттең-ай, қазақтың баласы болса өйтер еді, бүйтер еді» деп, қарның ашатын кездер де болады.
– Күншығыс еліндегі қазақтар туралы не білесіз? Жапонияда қанша қазақ тұрады? Ондағы қазақтар өздерінің ұлттық болмысын, менталитетін қаншалықты сақтап қала алған? Өздерін қазақ ретінде қаншалықты сезіне алады? Жапонға сіңіп кетпей пе?
– Жапонияда жұмыс істеп немесе білімін жетілдіріп жүргендер мен олардың бала-шағаларын қосқанда шамамен екі жүздей ғана қазақ тұрады. Бірақ онда қазақ диаспорасы жоқ. Тілін біліп, қыз беріп, қыз алысып, құда-жекжат болып жатқандар да бар. Дегенмен, ол жақтағы қазақтарды жапон болып кететін болды деп уайымдамаңыз. Өзінен безіп, өзгеге сіңіп кеткісі келетіндер болған күннің өзінде, жапонның өзі ондайға оңайлықпен жол бере қоймайды. Тілін анық біліп, түрің айнымай қалсын, маған десе балаңның атасы мен әжесі жапон болсын, ең алдымен сол жапонның өзі ешкімді жапон қылуға құлқысы жоқ. «Өзім» дегенді өшпес ұранға айналдырған жұрт, жұмыр жерде жалғыз жапон қалса да өзгені өзім деуге бармақ емес.
Мәселен, қазіргі кезде жапон халқының әлемдегі ең қатты қарқынмен қартайып бара жатқан жұрт екені айтылып жүр. Шашы ағарып, тісі сарғайып, зейнеткер жасына жетіп жатқандарды былай қойыңыз (дәл бүгін бес жапонның бірі сондай), тіпті жасы жүзден асқандардың саны жыл сайын үш жарым мың жанға көбейіп, қазірдің өзінде олардың саны алпыс мыңды құрап отыр. Онсыз да азайып бара жатқан жастардың көбі жалғызбасты, «серілік» ғұмыр кешуге құмар боп, елдегі ең үлкен әлеуметтік-экономикалық проблема болып отыр.
Ал жапондар үшін бұл проблеманы шешудің екі-ақ дерлік жолы бар. Біріншісі, бастары бос бойдақ жүрген жастардың жарыса кеп біріне-бірі қосылып, жаппай туа бастаулары қажет («бэби-бум» деп аталатын құбылысты айтам). Ондайға қарны тоқ, киімі бүтін өскен қазіргі жапон жастары, әй, қайдам, асыға қоятын түрі жоқ. Оған себеп те аз емес, Жапонияда саяси-әлеуметттік проблемалар бастан асып жатыр. Қаласаңыз ол жайлы тағы бірде сөз қылайық. Екінші жол, ол шетелдік иммигранттарға есік ашу. Дәл осы күні дүниежүзінде жапонның тілін оқып жүргендердің саны төрт миллионға жетіп отыр. Солар Жапонияда қоныс теуіп, жапонның қолы жетпей жатқан жұмыстарын жасаса, айлығын алып, салығын төлесе, сол арқылы қарты көп халықтың әлеуметтік мәселесін шешуге болар еді. Бірақ «Азияның ақсүйек» жұрты (мақтап емес, мысқылдап айтып отырмын) дәл осыны өліп қалсын істемек емес. «Азаймақ түгіл тіпті тұқымымыз жоғалсын, тек «өзгемен» «мені» қоса көрме». Өзгемен неке құрып, шалажапон болып туылғандардан «жұлдыз» жасап, мода қылып жүрген теледидар мен газеттерге алданбаңыз. Ол қанының таза еместігінен таяқ жеп жүргендерді аздап болса қорғауға деген талпыныстан туған көрініс қана.
Анау ән айтып, би билеп беретін жапондық робот «ойыншықтарды» теледидардан көргеніңіз бар ғой? Олар әсте ойыншық емес. Олар – жастары кеміп, қарттарға толған елдің адам орнына адам боп, бала орнына бала боп, қажетіңе жарайтын келешектегі көмекшілер. Міне, ұлт болып қалуға тырысып отырған жапондардың ғылыми-технологиялық ұмтылысы осындай. Сондықтан онда жүрген қазақ баласы жапон боп кетер ме екен деп ұйқыңыз қашып жүрмесін. Жапон үшін өзге жұрттың өкілінен өзінің адамтектес гуманоид роботы артық.
– Салыстырмалы айтқанда, менің білуімде, жапондардың бала тәрбиесі өзгешелеу, озықтау секілді сезіледі. Жалпы, жапондардың бала тәрбиесі, әке мен бала, ана мен бала қарым-қатынасы қалай?
– Жапондардың бала тәрбиесі жайлы аңыз әңгіме көп-ақ осы, өзім де жиі естіп жатам. Ал менің бұған қатысты айтарым қысқа болсын. Ерекше болса ерекше шығар, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Бірақ «озық» түгі жоқ. Экономикалық даму деңгейі, соған байланысты білім, ғылым жүйесінің озық болуына (керісінше айтсақ да болады) қатысты әңгіме мүлде бөлек, ол тіпті басқа тақырып, ал бала тәрбиесіне келер болсақ жапондарда мынаны байқадым. Соғыстан кейінгі жапондар тұтастай жұмысқа беріліп, соның арқасында экономикаларын әлемнің алдыңғы қатарына шығара алды. Еркектері таң атқаннан түнге дейін жұмыста жүріп, үй шаруасы мен бала тәрбиесі негізінен әйелдердің ісі болды. Қолы жеткендер көкке шығып, жолы болмағандар шетте қалатын шикізатқа негізделген тіршілік емес, индустрия мен бәсекелестік нарыққа негізделген шаруашылығы дамыған елдердің ішінде де «бай» мен «кедей» арасындағы айырмашылықтың азы осы Жапония. Ал енді тұрмыс-тіршілік деңгейі тең дәрежеде болғаннан кейін әйелдер балаларын біреуге қызыға қараса да, қызғана қарамауды үйретеді. Қазақта «алды болсаң көз тиеді, арты болсаң сөз тиеді» деген сөзі халықтың тегіс дерлігі орташа деңгейлі болып келетін жапондарды бейнелеуге жарайтын сияқты. Әйтеуір, бар болса малына бермейтін, жоқ болса жалына бермейтін жұрт.
Бір өкініштісі, қартайған ата-анаға қарамайтын жапон жастарының көбейіп кеткені. Жиі көріспек түгіл, жылдап сөйлеспейтіндер аз емес. Жапон қоғамында ұлы боп, қызы боп телефон шалып, қарттардың ақшасын алдап алып кетіп жататын құбылыс үлкен әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Телефон шалып, «мен ғой, мен ғой» деп сөйлегенде «әй, сенбісің…» деп баласының атын алдымен өзі атап, алданып, ақшасынан айырылып қалып жатқан келеңсіз жағдайлар жиілеп кетті. Туған балаңның даусын ұмытып, үнін сезінуден қалғаннан артық қасірет бар ма, құдай сондайдан сақтасын. Жапондардың бұл ісі ұят болды енді.
Нанын жеп, суын ішіп отырған жұрттың жағымсыз қылықтары мен ішкі былықтарын паш етуден табар пайдам аз, дегенмен жұртты тану деген таңдай қағып, таңғала беру емес, жазып-сызып жүрген жас мамандарға да айтарым осы.
Жапон мен қытай жерге таласып жатса, дипломат атанып жүрген кейбір қазақ балаларының Жапонияда жүргені жапонды қолдап, Қытайда жүргені қытайды қорғап, казақ тілді бауырлар анау аралдарды жапонның жері десе, орыс тілді қаракөздер орыс олардан айырылып қала ма деп уайымдайтыны содан шығады.
Дипломатияның мақсаты барған еліңді мақтап, қарасын ақтап, я болмаса оның жауын өз жауым деп боқтап келу деп ойлайтындардан құтылу үшін де сол халықтың тілін біліп, жанын ұғатын мамандар дайындау керек. Жартылай көріп, жата қалып жаза беруді кою керек.
– Жапондардың ана тіліне деген көзқарасы қалай?
– Жапондарда «ана тілі» деген мәселе жоқ. Біртұтас моноэтнос жапон халқында тек жапон тілі бар.
Дегенмен, «тілімізде кірме сөз көп, жастар не деп жүр өзі» деп те жиі айтылып жатады. Тілді тірі ағзамен салыстырып жатамыз ғой осы, жаңа сөздер туылып жатады, өсіп-пісіп жатады, мезгілі келгенде келмеске келіп жатады. Жапон тілінде де кірме сөздер өте көп болғанымен әуел бастан оларды «катакана» деген арнайы алфавитпен жазуға дағдыланған жапон халқы бұл жерде де «өзге» мен «өзімді» араластырмаудың жақсы жолын тапқан.
– Сізді дипломатиялық қызмет несімен қызықтырады? Дипломат болудың қызығына қоса шыжығы да жетіп-артылатын шығар. Сіз бір әңгімеңізде дипломатиялық, яғни халықаралық байланыстар жүйесіне сын көзбен қарайтыныңызды айтып қалдыңыз. Сонда дипломат ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Дипломатиялық салаға қалай келгенім жайлы жоғарыда айттым ғой, оған себеп мамандығымның жапонтанушы, тілмаш болғаны. Тілін оқыған елде өз еліңнің дипломаты ретінде қызмет қылудың жөні бөлек.
Ал енді жалпы дипломатиялық саланың бір қызығы, елші болып та, оның оң қолы, сол қолы болып та, қатардағы хатшы болып та, қызмет жасап жүрген еліңнің тілін, мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүріне қатысты арнайы білімнен жұрдай-ақ боп дипломат атанып жүре беруіңе болатынында. Ойпырмай деймін-ау, «елдестірмек елшіденіміз» рас болса, дипломаттың елдер арасындағы алыс-берісті жандандырып, өткен-кеткенімізді жиып-теріп, мемлекет мүддесін қорғау міндетін арқалаған адам екені рас болса, ол міндетті сол елдің тілін білмей қалай орындамақпыз, соған таңмын. Жарайды, елші қып әр елдің басшысы өзінің сенімді өкілін тағайындайды, кейде саясаткердің жұмыссыз қалмауы үшін «сыйлық» қып сыйлайды делік, ондай әр елде бар. Дипломатияның бар міндетін тілге тіреп қоюдан аулақпын. «Ағылшын тілін білсе болды ғой бастысы» дегенге де қарсылығым жоқ, оның өзін біліп жатса.Бірақ ағылшын тілін біліп, ол тілді біле бермейтін жұртқа барасың да, жергілікті халықпен аралас-құралас бола алмай, сол елде өмір сүріп отырғаныңмен, айналаңда не болып жатқанын интернеттегі аудармасынан біліп отыруға мәжбүр боласың. Олай болса, ол интернетті өз ауылыңда отырып та қарай беруге болар еді ғой, соншама қаржыны ысырап қылып шет елге көшіп бармай-ақ. Интернеті жоқ ауыл бар ма бүгінде?! Осылай дегеніме біреулер «интернет бар екен деп ауылымызда отыра берсек, елден барған бастықтарды күтіп алып, шығарып салу сияқты мәселелермен кім айналыспақ» деп шамданады. Онда жүрсін солай, дипломаттарымыз «шопыр бала» боп. Ал сол елде жергілікті тілді жетік меңгеріп, білім алып, кейбірі іскер болып, бизнес жасап, енді бірі доктор болып, дәріс оқып жүрген азаматтар тілсіз жүрген дипломатқа қандай көзбен қарайтынын айтпай-ақ қояйық. Қандастарының көзқарасы суық болса, өзгеден кім оған жылы көзбен қарасын.
Бұл біздің елдің ғана проблемасы емес, бүкіл әлемде талқыланып жатқан мәселе. Канаданың бұрынғы бір Сыртқы істер министрі «біздің дипломаттардың жартысын жұмыстан босату керек, мен «Би-би-си»арнасынан-ақ дүниеде не болып жатқанына қанықпын» десе, АҚШ дипломатиясының майталманы З.Бжезинский «Лондонға келген сайын ойланам, бізге осы елде елшілік керек пе өзі? Одан да бұл ғимаратты біздің студенттерге жатақхана қылып берген жөн болар» дегені бар. Жаһандану күннен-күнге тереңдеп, жылына 300 млн. адам бір елден бір ел асып, дүние араласып, әлем астаң-кестең болып жатқанда дипломатия деген не, дипломат деген кім деген сұрақтар көбірек көтерілуі тиіс. Өзінің тапқан-тергенін төлеп, сол елдің тілін біліп, салтына дағдыланған студенттен кем білетін дипломатқа қазынаның қаржысын қор қылудың қаншалықты қажет екенін ойланатын уақыт келді. Қолымнан келгенше осы саланың қазіргі замандағы жай-күйін зерделеп жүрмін, елшіліктегі қызметімнен қолым босағанда жазған докторлық диссертациямның тақырыбы да осы болатын.
– Әуезов көптеген елдерде болды. Бірақ Үндістан мен Жапон туралы ғана жолжазбалар жазған. 1957 жылы Жапонияға барды. Ол туралы бір сұхбатында (Әлібек Байболмен) жазушының ұлы Мұрат аға бұл кезде Қазақстанда ұлы суреткердің туған жерінде Семейде (Шыңғыстауда) ядролық сынақтар туралы айтуға тыйым салынған, рұқсат етілмеген, мүмкіншілік те жоқ кезде Әуезовтің 40 күн бойы үлкен жиындарға барып, өзінің бар шешендігін салып сөйлегенін айтыпты. Осы сапардан кейін өзіңіз білесіз, ұлы суреткердің «Жапония естеліктерін» жазғанын. Ұлы М.Әуезовтің осы Жапония туралы естеліктері туралы жазбаларын сіз жапон мұрағатынан қарастырып, ол туралы мақала жаздыңыз. Белгілі ғалым, публицист Сауытбек Абдрахманұлы сол кезде «Егемен Қазақстанда» өзіңіз туралы мақала жариялады. Сол мақаланы кездейсоқ кездестіріп, Астанаға телефон соғып, мақаланы Сауытбек ағадан сұрап алғаным есімде. Мұхаңның «Жапония естеліктерін» жапон мұрағатынан қалай іздедіңіз? Жазушының қолжазбалары сақталып па?
– Мұхтар Әуезов жиырма жасында жапондар жайлы мақала жазып, сол кездегі қазақ зиялыларының назарын осы елге аударғаны белгілі.
Оған жапондардың азиялық барлық дерлік мемлекеттер құсап еуропалық алыптардың боданына айналмай, өз тәуелсіздігін сақтап қала алғаны сол кезде азаттықты арман еткен «алаштықтар» үшін өзекті тақырып болғаны себеп болды.
Бірақ уақыт өтіп, заман өзгеріп, Екінші дүниежүзілік соғыста оңбай құлаған жапон еліне Әуезов енді сол соғыста ұлы жеңіске жеткен алып мемлекеттің ірі жазушысы ретінде 1957 жылғы советтік делегацияның бір мүшесі ретінде барады. Бірақ Жапонияға сапары жайында арнайы жазбалар қалдырмағаны, я жазса да оның табылмағаны осы күнге дейін қызық дүние болып қалып отыр.
Жапон тілін оқып жүрген біздер де осы тақырыпты қозғап қоятынымыз бар кейде. Содан болу керек, елшілікте жұмыс істеп жүрген кезімде машақаты бітпейтін мемлекеттік қызметтен аз да болса уақыт тауып (қай бастық өзіне тым таңсық тақырыпты зерделеуге арнайы уақыт бөліп берер дейсіз), жапондық архивтерді аралап көрген едім.
Сөйтсем, Мұхтар Әуезовтің Жапонияға сол жолғы сапары барысында Токиодағы Жастар сарайында сөйлеген сөзінің кішкене үзіндісінің жапон тіліндегі нұсқасы осы мекеменің архивінде сақталып қалған екен. Елу жылдан бері тірі жан қызықпаған қағазға үңіліп қарасам, алдымен Әуезовтің қасқа басы көрініп бір қуанып, қысқа да болса айтқан сөзі табылып, тағы бір қуандым.
Ол кісі атомға қарсы сөйлеген екен. Сондықтан ғой менің Әуезовтің жапондарға не айтқанын жазбағаны «Атом – Отанымыздың қорғанышы» дегенді мақтанышқа айналдырған заманда оған қарсы сөз айтқаны біреу-міреуге ұнамай қалар ма екен тағы деген ойдан шығар деп өзімше пайымдап жүргенім. Әйтпесе, кім біледі, егер арнайы онымен айналысатын адам болса әлі де архивтерден көп дүние табуға болар еді. Сонда өзіңіз айтып отырған Әуезовтің қолжазбалары да табылып қалар. Менің тапқаным мен жазғаным осы саладағы үлкен бір істің алғашқы қадамы ғана деп үміттенейік. Жоғарыда айтылған Жапонтанушылар қоғамын құрып алсақ, жапон тілін жетік білетін мамандардың саны өсіп жатса, ғылыммен айналысам деген адам табылып жатса өз басым қолымнан келген көмекті аямаймын. Әзірге айтарым осы.
Сұхбаттасқан
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ.