Сәтжан Дәрібай. Әлгі көктем… кеш болса да жетеді
04.02.2020
1465
3

Жиырма жетінші желтоқсан

Ақтөбенің табиғаты баяғы,

Кері қарай өзгергенге саяды.

Жаңбыр жауды таң алдында себелеп,

Қыс ішінде, желтоқсанның аяғы.

 

Қарға сіңіп қатып жатты тамшылар,

Аппақ әлем қара етікпен жаншылар.

Көктің жасы жаман ырым болмағай,

Көк тайғаққа тән үйреніп, жан шыдар.

 

Асыққан жұрт күтіп жаңа қаңтарды,

Демін ішке алып бір сәт аңтарды.

Алматыдан жетті хабар алапат

Таң алдында аппақ қарға қан тамды.

 

Таң алдында аспан жерге құлады,

Талай жанның көктен болды тұрағы.

Періштелер демегенде тәніңді,

Жердегілер қадіріңді ұғады.

 

Қыршындардың «құнын» төлеп жерлейді,

Өксігеннің жанын сөзбен емдейді.

Көкте ұшқан рухың жерге келмейді,

Тозған темір енді аспан көрмейді.

 

Жер бауырлап жатқан ұшақ ұшпайды,

Әзірейіл қос бүйірден қыспайды.

Көк аспанда қалып қойған қыршынды,

Енді ешкім құшағына қыспайды.

 

Өсетін ел тірі жанды ойлайды,

Пенде көзі дүниеге тоймайды.

Болса ғана адам қымбат ақшадан,

Көк аспанда ешкім қалып қоймайды.

 

Ана

(Досым Айбар Уәлиге)

(Боқ жиғанға өмір деген күресін),

Құлпытасқа жазылғанда бір есім.

Көңіл айттық. Түсінген боп дос жанын

«Өз басыңа түскен кезде білесің».

 

Деді досым. Қоштасарда қол қысып,

Кірпіктерде содан қанша тоңды шық?!

Күресінде жүрміз әлі бұйырған –

ризық теріп,

боқ кеміріп,

сорды ішіп.

 

Бала-шаға шулауынан ұлардай,

Осы күзде сақтап қалды бір Алла.

Өкпесі өшкен қырық төртті шұбатпен

Жетпіс жеті бағып кетті бір айдай.

 

Сонда ұқтым дос сөзінің жұмбағын,

(Өмір қанша игенменен сынбадың).

Ізгілікті жүрегіңнен алдым да –

Мейірімді жанарыңнан ұрладым.

 

Күні кеше. Ұзатып сап анасын

Тұрған досқа көңіл айттық. Жарасын

жазбағанмен қасіретін түсіндік,

Жасырады бізден көздің қарасын.

 

Қатал өмір алып қойған есеңді,

Қайтаруың мүмкін емес, кеш енді.

Бейуақта құлыныңды құшақтап,

Үнсіз ғана сағынарсың шешеңді.

 

БАУЫР

Бір әке мен бір шешеден туғасын,

Сынамайсың мінезі мен тұлғасын.

Саған жақсы болсыншы деп жаныңды

жүдетсе де айтатын сол турасын.

 

Қисық тағдыр қарағанда қырындап,

Ит өмірің балақ қапса ырылдап.

Арашаға салып барын қолдағы,

Сол бауырың жүгіреді шырылдап.

 

Жаман басқа қонған кезде жақсы бақ,

Бақыт бұлттан нұр жауғанда тамшылап.

Көбейсін деп қуанышың еселеп,

Сол бауырың жүгіреді шапқылап.

 

Мәз-мейрам боп шыққан гүлге қылтиып,

Көшедегі бар жүрекке нұр құйып.

Бақытты боп жүрген кезде ұмыт қап,

Сол бауырың отырады бұртиып.

 

Ренжітсе де кейде өмірде өтпелі,

Сақтамайсың ұзақ уақыт өкпені.

Еске түсер сыздағанда балтырың,

Сол бауырың мейірімін төккені.

 

Көтерісер жеңіл менен ауырын,

Бұл өмірде арқа сүйер алыбың.

Өзі берген, өзің таңдай алмайтын,

Баға жетпес байлық – туған бауырың.

 ДОС

Жанарынан сені көрсе сыр ұшып,

Бір анадан тумағанмен туысып…

Кеткен жанды көрген кезде қайтасың,

Көңіл деген құдығынан су ішіп.

 

Шөліркеген аңқаңа су сепкендей,

Күй кешесің арманыңа жеткендей.

Мұндай сәттер жиі орала бермейді,

Ақтөбеме кеш келетін көктемдей.

 

Сарсаң көңіл соған ғана сенеді,

Жасандылық жоғалады себебі.

Қыстан қалған біраз шерің тарқайды,

Әлгі көктем… кеш болса да келеді.

 

Көктем сыйлар сезімдердің тұнығын,

(Арды биік қоятынның бірімін.)

Аптап-өмір шөліркетсе, достарым,

Су ішіңдер ашық көңіл құдығым.

 

АУЫЛ

Шөбі сирек, құмы ирек жер еді,

Қызы сұлу, жігіттері өр еді.

Сол ауылда еркелеу боп ер жеттім,

Мен әжемнің баласы едім себебі.

 

Бақытты еді Жылтырдағы балалық,

Жүруші едік қыста ғана ағарып.

Үш-ақ арна көрсететін ауылда,

Кітапхана кітабы еді бар азық.

 

Қой айырып жарығымен іңірдің,

Бұйра құмда жалаң аяқ жүгірдім.

Тәрбиені әжем берді,

Рухыма

Қажеттіні топырақтан сіңірдім.

 

Жаны жайсаң жандар еді тұратын,

Ақсақалы айтқаныңды ұғатын.

Ортаға алып Сәрсенбайдың құдығын,

Келіншектер мәслихат құратын.

 

Сонда қалды қозғаған қыз сезімді,

(Сағындым ба бүгін бала кезімді?)

Сол ауылға барған сайын көшеден,

Құмда ойнаған көріп қайтам өзімді.

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 12.02.2020 | 02:07

Шығармашылық табыс тілеймін Сәтжан.

Аноним 12.02.2020 | 12:07

Рақмет.

Аноним 11.03.2020 | 17:47

керемет! настальгия…..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір