Ұстаз
04.02.2020
1029
0

Сан түрлі ұстаз­дың алдынан өтіппіз. Жақсысынан үйрен­дік, терісінен жирен­дік. Үйренге­німіздің соншалықты мол екені белгілі, әрине. Сол ұстаздарымыздың ішінде бас әріппен жазуға лайықтыларының тым аз екенін, санаулы ғана екенін енді бағамдап отырған жайымыз бар. Жоғары сыныпта жүрген кезімізде-ақ қазақ, орыс әдебиеті пәндерінен сабақ берген кей мұғалімдермен пікір таластыру деңгейіне жетіп қалған біздер институтқа қабылданған тұста оқытушылар құрамына айрықша ден қойған едік.

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ, ақын


Ауылшаруашылық жұмысына, Алматыдан аса қашық емес Маловодное деп аталатын ауылдың іргесіне жүзім теруге барғанда жігіттердің талқылайтын тақырыбы да осы оқытушылар туралы болды. Ол тұста ҚазПИ-дің филология факультетінің ұстаздар қауымын қалай мақтасаң да жарасатын, ауыз толтырып айтуға тұратын ғажап бір шоғыр еді ғой! С.Қирабаев, Н.Ғабдуллин, Т.Әбдірахманов, С.Мақпыров, Ғ.Қалиев, Т.Сыдықов… Әдебиет саласының өзінде ғана кілең атақ-сойынан ат үркетін айтулы тұлғалар! Осылардың арасында бізді ерекше қызықтыратыны, аузымыздан түспейтіні – Мұхтар Мағауин. «Қобыз сарынына» әлі қолымыз жетпегенмен, «Көк мұнар» қолдан қолға тимей оқылып жатқан кез. Қалай болғанда да, Ұстазбен алғашқы жүздесуді асыға күткеніміз ақиқат.

ҚазПИ-дің бас корпусымен қанаттас Панфилов бағының кептерлеріндей орнымыздан дүр көтерілгеніміз күні бүгінгідей көз алдымда. Жасы әлі қырыққа іліне қоймаған, қияқ мұртты, сәндеп кесілген шашы желкесіне түскен, соңғы үлгілердің бірімен жарасымды киінген жас оқытушы филология факультетінің ғимаратындағы 7-аудиторияға күлімсіреп кіріп келе жатты. Балапан шәкірттерге жылы жымиыспен қараған Ұстаз ишаратынан соң жапырлай орнымызға отырдық.

– Мен – Мұхтар Ма­ғауин!..

Дәріс… Қадым заман­дар­дағы Күл-Тегін, Білге қаған, Тоныкөктерден басталып, одан берідегі қаншама қазына-бай­лықты көкірегімізге құйған, санамызға нұрлы сәулесін төккен ғажап дәрістердің басы осылай басталған еді!

Дәріс, ол кезде лекция дейтінбіз, арасында үзілісі бар, 90 минутқа созылады. Яғни бір жарым сағат. Телегей-теңіз білім иесіне белгіленген бір тақырыпты еңсеруге молынан жететін уақыт. Әдетте Ұстаз өз дәрісін 10-15 минут ерте бітіреді. Одан әрі сұрақ-жауап, қым-қиғаш пікірталастар. «Қазіргі әдебиетіміздің жай-күйі қалай?», «Неліктен сын жазбай кеттіңіз?», «Архив хикаясындағы» бас кейіпкер кім?», «Көк мұнардағы» Едіге өзіңіз бе?», «Докторлықты неге қорғамайсыз?», «Сүлеймен патшаның кенішін» не үшін аудардыңыз?», «Неге «Қайраттың» ойынына бармайсыз?» Құдай-ау, қойылмайтын сұрақ қалмаушы еді. Солардың бәріне Ұстаз ынта-шынтасымен жауап береді. Түсінбеген тұстарымызды талмай түсіндіреді. Қайшыласқан қызу пікірталастар саябырлаған кездері ағайымыз бірді-екілі шәкірттеріне өлең оқытады.

Ұстаз дәріс оқығанда қағазға қарамайды. Журнал, тағы басқа дәптер, кітаптар үстел үстінде жатады. Ағайымыз мінберге еш қағазсыз көтеріледі. …Бір күні кезекті дәрісін бастар алдында мінбердің қағаз қоятын тұсына әнтек үңілді де: «Мұнда бір жазба түсіпті ғой?» – деді таңырқаған дауыспен. Іле сүйкімді жымиып алды да: «Оқиын ба?» – деді сұраулы жүзбен. «Оқыңыз!» деп шу ете қалдық. Ұстаз буынға бөліп-бөліп оқып шықты: «Мұхтар аға! Мен Сізді жақсы көремін…» Аудитория бір гуу етіп басылды.

– Мені өз ұлтын жанындай сүйетін кез-келген қазақтың жақсы көретінін білем, – деді Ұстаз ауыр күрсініп. – Менің Мұхтар деген есімім қазір жаманды-жақсылы аз жерде жазылып жатқан жоқ. Сондықтан атымды көрінген жерге жазып, тықпалай беру қажет емес… Мынаны кім жазса да өшіріп тастаңдар.

Қыздар ұрланып, ұлдар таң қалып, бір-бірлерімізге қарадық. Жазба иесінің кім екенін Шараф екеуміз ғана шамаладық-ау деймін сонда. Десек те, кім екені белгісіз, жабулы қазан жабулы күйінде қалды…

Бірақ бәріміздің де Ұстазды жақсы көретініміз шындық еді.

Дәрістен тыс та қаншама басқосу, жүздесулер өтіп жатады. Факультетте С.Сейфуллин атындағы «Жас қанат» әдеби бірлестігі бар. Жетекшіміз – М.Мағауин. Айына екі рет осы аттас қабырға газетін шығарамыз. Ақыл-кеңес айтатын, түрлі кездесулер өткізуге мұрындық болатын да – Ұстазымыз. ҚазҰУ-дегі әріптес достарымыздың бізге қатты қызығатыны, тіпті Ұстаздың кей дәрістеріне топ-тобымен келіп қатысатыны да есімізде.

Ең қызықты кездесулер қаланың сол кездегі қиыр шеті саналатын 10-шағын ауданда, Жандосов пен Береговой көшелерінің қиылысында орналасқан филфактың жатақханасында өтетін. Жатақхананың шағын оқу залында Ұстаздың ұйытқы болуымен талай қызықты жүздесу ұйымдастырылды. Соның ішінде екі кездесу ерекше есте қалыпты.

Әуелгі жүздесу Ұстаздың ежеттес досы, қанаттас серігі Әбіш Кекілбаевпен өтті. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» дерліктей тұрғыда өткен әдеби кеш ұзын-ырғасы 3 сағаттан аса уақытқа созылды. Кеш соңында бірді-екілі жас талапкер қос классиктің алдында балаң жырларымызды оқыдық. Әдебиеттегі соқпағын өзі де өлеңмен бастаған Әбіш ағамыз айрықша ілтипат танытып, маңдайымыздан иіскегені қалай естен кетер?

Тағы бірде: «Мыңбай Рәш ағаларыңмен кездесесіңдер», – деді Ұстаз. Кездесу жоғары деңгейде өтті. Ән шырқалды, өлең оқылды, әдеттегідей сұрақ-жауап. Кеш соңына таман Ұстаз орнынан көтеріліп:

– Сендер, дүниеден өтіп кеткен қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын жақсы білсеңдер де, дауыстарын ести алмадыңдар. Мыңбай ағаларыңның ғажап бір қасиеті – сол тұлғалардың табиғи дауыстарын қаз-қалпында, айнытпай сала алатыны. Әуелі ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуеовтің «дәрісінен» үзінді, сосын Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың «айтқан лебізін» тыңдайық, – деп сөз тізгінін кеш иесіне берді.

Зал сілтідей тынып, Мыңбай ағаға құлақ түрді. Акустикасы соншалықты мәз болмаса да, шағындау оқу залының ішін ұлы Әуезовтің әуезді үні баурап алды. Дауыстың сиқыры мен шешендіктің шеберлігін кәнігі әртістерден де артық меңгеріп алған Мыңбай ағамызға риза болмау мүмкін емес еді. Бұдан еш кем түспейтін әзілге толы Сәбеңнің айтқандары да өз даусымен Мыңбай ағамыздың аузынан лекіте ақтарылды.

Факультет оқытушылары айына бір әлде екі рет жатақханада кезекшілік жасайды. Әлбетте кешкі мезгілде. Осындай кезекшілікке Ұстазымыздың келуін асыға күтеміз. Бірде бір бөлменің ұлдары ағайымызға дәм татырып жіберуді ұйғардық. Ауылдан келген жылы-жұмсақтың баршы­лық кезі-тұғын. Бір қазан қып ет астық. Ет піскенше әдеттегідей емен-жарқын әңгіменің тиегі ағытылды. Біреуден біреу естіп, біздің төрт орындық тар бөлмеміз филфактың қадау-қадау ұлдарына лық толды. Сол күнгі оңаша дәрістен айрықша есімде қалғаны – екі эпизод. Бірі – студенттердің ерен кумиріне айналып үлгерген Мұқағали Мақатаев туралы естелігі. Былтырғы жылы қағазға түсіп, оқырман қолына тиген мұңлы баянның ауызша нұсқасын алғаш естіген біз болармыз деп ойлаймын. Әңгіме ағаның алдына ет тартылып, тамаққа отырған тұста басталып еді. Ақын туралы әңгіменің аяғы «Аласапыранға» тірелген. Ұстаз романға дерек жинау барысындағы көптеген қызықты, құпия жәйттардан хабардар етті. Әсіресе жебенің сан алуан түрі туралы ақ қағазға сызып, көрсетіп шерткен әңгімесіне демімізді ішке тартып, төніп түскенбіз.

Түн ортасы ауғанда бір-ақ тарап, Ұстазды үйіне шығарып салдық.

…Иә, студенттік төрт жыл ішінде осындай ғажайып Ұстаздың алдынан өту бақытына ие болыппыз. Одан кейін де сан мәрте жүздестік, кездестік. Қазіргі мақсат – мерейлі мерейтойы тұсында Ұстазымыздың студент кезіміздегі жарқын бейнесін еске алу. Бәлкім ағайымыздың өзі де ұмыта бастаған кейбір шуақты сәттерді көңіл экранынан қайыра бір өткізу.

Ал бүгін… Бүгін сондай кездесулерді шәкірттерінің сағына, аңсай күтіп жүргені жалған емес. Алты мұхиттың ар жағында, атамекеннен алыста ғұмыр кешіп жатқан Ұстазды сағынып жүрген жалғыз біз ғана емес шығармыз. Елі-жұрты сағынды. Туған жері сағынды. Қара орман – Қазақстаны сағынды.

Ұстазымызбен мәңгілік сағыныш аясында қауышуға тағдыр нәсіп еткей!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір