Қаракөк немесе «Өткірдің жүзі»
04.02.2020
488
0

Көшпелілер қа­уы­мында болмысы бөлек, тумысы ерек, өмірі оқшау, тіні таза, үйелмені әдепті адамды «қаракөк» деп атайды. Мен, Мұхтар Мағауинді сол қаракөктің қатарына жатқызамын. Себебі, ол – есін білгенше ен далада жалғыз және еркін әрі ерке өсті. Ата мен әженің алақанынан отызға келгенше түскен жоқ. Бетіне алыс-жақыннан ешкім қарсы келген жоқ. Көзін ашқаннан дала эпосын жаттап өсті, «Абай жолын» төртінші сыныпта өзі де оқып шықты, бүкіл ауылдың үлкен-кішісіне де тыңдатты. Оқығанын тоқыды.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы


Есте сақтау қабілеті де таңқаларлық болды. Қазір де бүкіл эпостар мен жыраулардың толғауларын жаңылмай жатқа айтатынына сенімдімін. Оқуда, кейін ғылымда алдына жан салмады. Үстіне қылау түспеді. Ең сылқым-сері атанды. Серілік те құрған шығар. Бірақ Бақыт апайымыз оның бүкіл болмысын ұзын-қолаң шашына баурай орап, бақытқа бөледі. Жардың, баланың бақытына Мағауин сияқты ұзағынан сүйінген пенде аз. Достың үздіктерін таңдады. Өзі шеттетпесе, олардан шетқақпай көрген жоқ. Ғылымда – Бейсенбай Кенжебаев, әдебиет тарихындағы жыраулардың жолын – Ғабит Мүсірепов ашты. Соның барлығын ол бір-ақ мақсатқа, тек жазушылық мақсатқа жұмсады. Тіпті, атын аңызға айналдырған жыраулар туралы тарихи еңбегін де сол жазушылыққа және атақты жазушы болуға апаратын жол деп есептеді. Мақсатқа жетті. Өзін сатқандар болды және қандай сатқындықтар десеңші! Бірақ оған жасыған жоқ. Ашық пікірін айтты, екіұшты ойға қалдырған жоқ. Дегенін – істеді және дегеніне жетті. Міне, Мұхтар Мағауинді қаракөк дейтінім осы.

Бұған қарап жазушы Мұхтар Мұқанұлы Мағауинді «Тағдырдың еркесі» деп айтуға болмас, өйткені ол сол еркіндігінің өзін – еркелікке бергісіз еркін өмірін, үнемі алмастың жүзінде, Абайша айтқанда, «өткірдің жүзінде» өткізді. «Өткірдің жүзін» жәй ғана баспақтап басқан жоқ, жандығын жанып, қуатын қайрап, қайратын жұмсап, жарқ-жұрқ етіп от шығарып шарпысқан қылыш сияқты майдан алаңын тіліп өтті. Әрине, ол күнде шабуылдап, күнде шабылып, мысы қайт­қан, жүзі майырылған, қына­бы қарашорланған жанкешті жан болған жоқ. Оған ұшқыр мінезі де көніс бермейтін. Ол – майданның мәті мен дәтін, қыбы мен қапысын күтіп, шағымды шақта қынабынан суырылып, неғылайынсыз тәуекелмен атойлаған өткір ой мен батыл шешімнің, кәміл сенімнің иесі болды. Ол – өзі өмірден, өнерден, ғылымнан ұзақ тірнектеп жиған жансарын, жансырын сондай бір қызғанышпен қызғыштай қорғай білді және түйсік сенімі, көңіл қалауы, шындықтың мәті жүйкелене шүйкеленгенде, арыстандай ұмтылды… және сол ұмтылыстың дені оның жеңісімен аяқталды. Оны мұндай шарпысулы тәуекелге тәуекел еткізген дүр мен дүлей күш, ол – жат та, жақын да тіксіне қарайтын, өзі де «өзінің ерекшелігі» ретінде бағалайтын «Мені». Егер, ол сол өзінің «меніне» сенбесе, онда Мағауин – Мұхтар Мағауин болмас еді. Сіз бен біз ілтипатпен еске алатын, мүмкіндігі мол, алайда ол мүмкіндігін «заманға күйлеп» (Абай) жүзеге асыра алмаған аяулы бір ағалардың қатарында ғана аты аталар еді.

Зар күйіне келсін, келмесін, тіпті көмбеге зорығып келсін, бәрібір, желдірте суытқанның өзінде өзін жетекке алған тоқтұяқтыларды алдына түсірмей, басын шайқап тастап, олардан оза шықпаса, шам мінез көрсететін бәйгелер болады. Мағауинде сол жүйріктің мінезі бар. Өзгеден озық не оқшау жүрмесе, көптің ішінде ішқұста боп кетеді. Оның бұл шамкөс мінезі, өзіне қанша олжа әкелді білмеймін, ал сол мінезі оны қазақ әдебиеті мен руханиятының, тарихатының қормалына айналдырды.

Мінез – Мұхтар Мағауинді қазақ көркем ойы мен ғылыми ойының классигі деңгейіне жеткізді. Бұл сөзді естісе де, естімесе де, енді бұл мадақ Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің «Меніне» – «Мен», ойына – астамшылық, атағына – атақ қоспайды. Өйткені мұның барлығы, қазір – бүкіл қазақ қоғамы мойындаған кәдімгі қарапайым шындық қана. Асып кеткенде, бұл – оның сексенге келіп, елінің ақсақалы, ұлтының сөз иесі, зиялылардың сөз ұстар абызы, кешегінің қормалы, бүгіннің тізгінқағар қамшыгері, ертеңнің еске алар абызы болған тұлғасына көрсетілген ілтипат. Егерде, біз бүгін Мұхтар Мағауиннің жан досы Әбіш жетпеген сексеннің сеңгіріне шыққанына құрмет көрсетсек, ол:

– бес ғасырдың көм­бе­сінде көміліп қалған жыраулардың алтын көмбе­сін көрге айналдыр­ғысы келген академикке:

– Жыраулар әдебие­тін академиктік лауазы­мыңыздың күшімен бүгін басқаның­ызбен, сіз о дүниеге кеткен соң жариялаймын. Жарайды, сіздің атақ-абыройыңыз сізді Сіз өлген соң жиырма бес жыл тағы қорғайды, мен сол кезде елуге, тіпті жетпіске келемін, сонда бәрібір шығарамын, өйткені ата-баба рухы мені қолдайды.Тарих алдында қара бет болғыңыз келмесе, бүгін қолдағаныңыз дұрыс, – деп батыл сөйлеген жиырма бес жастағы Мағауиннің батырға тән батылдығына, ғалымдық өжеттігіне, сөйтіп, қазақ әдебиетінің тарихын бес ғасыр ілгерілеткен ұлы рухани ерлігіне;

– мұқым қазақ даласын «күлдір-күлдір кісінетіп», «а, заман-ай, заман-айлатып», «Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны. Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны», «Қайырлы болсын сендерге, Бізден де қалған мынау жұрт» – дегізіп азаттық пен еркіндікті аңсатқан озанды – «Алдаспанды» жарқылдатып қынынан шығарған атой жырының иесі болғандығына;

– еркіндіктегі қазақ хандығының еркін күндері мен салтанатының «Аласапыранды» заманға ұластырған ұлы бұлғақтарды суреттеп, өткен күндеріміздегі еркіндігімізді сөз арқылы сезіндірген ғалым-суреткерлігіне;

– өздеріне тән «менменсіген өзімсінумен» құрдас-досына: «Әй, Кекілбаев! Бұрын озық едің. «Тазының өлімі» арқылы мен сенімен теңестім», «Әй, Кекілбаев! «Аласапыран» арқылы мен сенен астым», «Ал, Кекілбаев! Ендігі Мағауин – бұрынғы Мағауин емес», – дегізген тоқсаныншы жылдарға дейінгі шығармашылық құдірет-күшіне көрсетілген құрмет.

Бұл кезең – «Менге» (Естеліктері) дейінгі «меннің» кезеңі. Ал «Қазақ тарихының әліппесі» мен «Тамыздың әңгімесі» жинақтарынан кейінгі жазушы Мұхтар Мағауин – мүлдем басқа Мұхтар Мағауин. Оған «Жармақ» романын қосып, «Шыңғыс ханға» кеп тірелген Мұхтар Мағауиннің көркем және тарихи ойлау жүйесінің, көркем және тарихи пайымдау тәсілінің, көркем және тарихи көзқарасының, тіпті тарихи мәселелерді көтеруі мен талдауының, көркем және тарихи шешімдерінің өзі күрделі тұлғаларға тән қат-қабат, қатпар-қатпар қыртысты құбылыстар. Ашығын айтсам, мейлі қандай тұрғыда жазылмасын бәрібір, бірде-бір қазақ жазушысы тәуелсіздіктен кейінгі қазақ қоғамының күрделі шиеленісін «Жармақтан» артық және ащы шындықпен бейнелеп берген жоқ.

Алыстан талып жетіп жатқан сарындарға қарағанда, елден жырақ кеткен етбауыр ағамызбен таяу арада бет көрісіп, жөн сұрасып, сыр тарта алмайтын сияқтымыз. Өкінгенімізбен, өкпеміз жоқ. Өйткені өзге елдің парламент пен сенат депутаттары ел-жұртының азаматын қорғайды, ал біздің жиырмаға жуық депутатымыз бен сенаторларымыз жазушы Мұхтар Мағауинді жазушылық көзқарасы үшін ашық айыптап, елден кетуге мәжбүр еткені көз алдымызда. Олардың сес көрсеткен «Ашық хатын» баспасөзден де оқыдық. Ал қамшы мен басынуды көтеретін тұлға – Мағауин емес. Мүмкін, бүгін де билік тізгіні қолынан кеткендердің есі кіріп, кешірім сұрап, қазақтың классик қаламгерінің қазақ еліне қайтып келуіне септігін тигізер. Мен сонда ғана: міне, рухани тазару, ардың тазаруы осы, – деп соны айтар едім.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір