ШЫННЫҢ ЖҮЗІ, ӨТКІРДІҢ ӨЗІ
17.08.2024
166
0

(Ниязбек Алдажаровтың естеліктерінен)

Осынау, шынның жүзі, өткірдің өзі, шын мәніндегі текті, нағыз ырғызбайлық мінезді бойына сіңірген, шыншыл, тура сөзді, өмір бойы темір жолға болат сом рельстерді төсеп, әбден шыныққан, төртбақ денелі, қарашұбар өңді, бір көзінің ағы қарашығын жапқан, сырт адамға түсі суық, ал іші сондай мейірманды жылылыққа толы, көргені – білгеніне сай, білгенін – жасырмай, қандай жанға тиетін ауыр сөздер мен оқиғаларды, әсіресе, өз ата-бабалары мен Құнанбай, Абай, Шәкерім және олардың ұрпақтары туралы жасырмай айта білетін, скрипкасын қолына алып, Абай заманының әндері мен «Балнияз» (Огинскийдің «Полонезін»), «Реңді» (Моцарттың «Рондосы»), «Түрік шеруі», «Болка» («Полька) сияқты музыкалық шығармаларды орындаған сәтте бар жандүниесі сыртына шамырқана шығатын қайсар мінезді қаракөктің тұқымы Ниязбек шежірешінің – Ниязбек Әбдіғалиұлы Алдажаровтың құрыштан құйғандай шымыр қалпы әлі де көз алдымда. Шыңғыстың көне көз, сөз ұстаған қарттарының өзі кібіртіктеп, жұмбақтап, не жорта жонға тартып, жортақтатып әкететін Құнанбай, Абай, Шәкерім және олардың ұрпақтары туралы шындықтарды ол кісі турасынан төтелеп айтатын.

Жетпісінші жылдардың басында Абайдың Жидебайдағы мұражайының меңгерушісі болып келгеннен бастап, қашан көз жұмғанға дейінгі жиырма жылға жуық уақытта бауырына басқан бір баласындай болдым. Иә, алғашқы бір-екі жылда емендей қатқан төртбақ қарт түбіт мұрт мені бойына тоғыта қоймады. Алайда, досым Әнуарбек Мәкенов екеуміз сол мұражайда істейтін атақты Кәрімқұлдың Қабышымен бір түн таңға әңгімелесіп, кейін ол әңгімелердің шет жағасы баспасөзде жариялана бастаған соң, өзіне тарта бастады. Семейдегі Абай мұражайының директоры Төкен Ибрагимов арнайы ертіп әкеп, таныстырып, табыстырған соң, Ниязбек қарияның құшағы тіпті айқара ашылды. Түйіні шешілмеген әңгімелердің тиегі ағытылды.
Әр адамның, әр атаның, әр әулеттің өздеріне ғана мағлұм, жатқа жария ете бермейтін құпиясы болады. Ал, мұндай омыртқалы оқиғалар Құнанбай әулетінде тіпті мол еді. Сол құпияларды барынша қысқа, нақ, түсіндіріп айтып: «Ішіміздегі бір шемен ғой қатып қалған. Соның барлығын саған айтуға бекіндім. Сыр сақтасаң да, сақтамасаң да өзің біл. Бәрі де Абайдың абыройы үшін. Сен де сенген біреуіңе табыстарсың», – деп аманаттай салмақ сала айтқан сөздерінің бәрі де жадымда. Аманаттаған сыр сөздерді ішімде сақтауын сақтадым-ау. Бірақ қазір мен де сондай бір сенімді, қормал жанды іздеп жүрмін. Олардың біразы, Шәкерімге және оның үрім-бұтағына қатысты жайлар қазір жария етілді. Алайда, ұсақ, бірақ түйткілді түйіндерді әлі де тереңдеп талдай алмай келе жатырмын. Мысалы, Шәкерім шығармаларының ақталу кезіндегі әдеби сарапшы ретінде айтқан: «Шәкерім балаларының шетелге ауып кетуіне қарсы болған. Тек, амалсыздан ұлы Зият пен Әзімбайдың Бердешін ұзатып салып бара жатқанда жолда оқыс оққа ұшты», – деген уәжімнің астарында қалайда Шәкерімді ақтап алу үшін айтылған екіұштылық бар еді. Әйтпесе, қажы шынында да сол жолы Шығыс Түркістанға бет алған болатын. Оның дәлелі мен дәйектері жеткілікті, әңгіме ұзап кететін болғандықтан да, қысқа қайырамын.

Қайсар мінезді қаракөктің тұқымы – Ниязбек Әбдіғалиұлы Алдажаров

Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің «Қор­ған­­сыз­дың күні» атты әңгімесіндегі Ақанның прототипі туралы деректерді ұзақ іздестірдім. Тіпті, жорамалдарды шындық ретінде баспасөзде жариялап та жіберген жағдайым бар. Сонда, Ниязбек дегдар: «Оқыдым. Енді ол адамдар солай айтпай қайтсын, біреуінің ағасы, біреуінің немерелес туысы емес пе. Тарихқа обал болмасын. Ол былай…» – деп бар оқиғаның шындығын айтып беріп еді. Кейін, осы деректерді пайдалана отырып, «Бесігіңді түзе!..» атты кітабымда Ниязбек ақсақалдан кешірім сұрап, түзетіп жазғаным да бар. Ол кісі кезекті еңбек демалысында әуелі Ырғызбайдың, содан кейін исі тобықтының шежіресін жинастырып, тарап кеткен Ырғызбай тұқымдарын іздестіріп Аякөз, Кереку, Алматы, Мерке, Бішкек өңірін аралайтын. Бір-екі рет сапарлас болғаным да бар.
Ол кісіні қайтыс боларынан сәл бұрын іздеп барып, Қарауылдағы үйінде қона жатып, үш күн әңгімелескенім әлі есімде. Сол жылы жазда Шәкерімнің ақталу құрметіне орай Хафиз Матаев марқұм республикалық салтанат өткізді. Бірінші хатшымыз Олжас Сүлейменов жауапты ұйымдастырушы ретінде мені алдын-ала Семейге жіберді. Өйткені Шәкерімнің ақталуына қарсы әрекеттер жасалып жатқаны мәлім болды. Соның алдын алуға бардым. Мұны естіген ақын досым Кеңшілік Мырзабеков Абай елін көруге ынтызар екенін айтып өтінген соң, бірге аттандық. Ол «Мәдениет және тұрмыс» журналының В.Мыльников деген фототілшісін ертіп алды. Семейде Төкен Ибрагимов Ниязбек дегдардың мені асыға күтіп отырғанын айтты. Кеңшілік екеуміз Қарауылдағы үйіне сәлем бере бардық. Шешеміз әл үстінде Семейде ауруханада жатыр екен. Жалғыз ұлы Серікбол мен немересі Айдос қана көңіліне медеу. Келіні бір мың болғыр адам екен. Қайын атасының үстінен құс ұшырмай үкілеп бағып-қағып отыр екен. Өйткені содан бірер жыл бұрын Ниязбек ақсақал соғыс зардабынан асқынған жараның кесірінен екі аяғын кестіріп тынған. Қоларбамен жүреді. Кеңшіліктің жөнін біліп: «Сен алыстан келген ел қонағысың. Бес момынның бірісің. Сыбағаң бар», – деп барған күні ісек тоқтысын сойды. Маған: «Сен мына салтанаттан кейін қал. Ойымдағыны түгел айтамын. Қолжазбаларымды аманатқа тапсырамын. Енді иесіз қалғаны болмайды. Бәйбішенің күні санаулы. Одан көп ұзамай мен де жөнімді табатын шығармын. Сен қал», – деді.
Салтанат бітіп, жазушылар Алматыға кеткен соң Кеңшілік екеуміз қалдық. «Енді өзіңнің сыбағаң. Әңгімеміз біткенше азық болады», – деп екінші ісекті сойдырды. Кеңшілік тілшілік жұмысымен аудан аралап кетті. Үш күн әңгімесін айтып, жеті қалың дәптерін аманатқа табыстады. Мен қояр да қоймай қолхат жазып бердім. Ал, осы ретте, тек соңғы жолы барғанымда жазып алған әңгімелерімді сол қағаз бетінде түскен қалпында, қысқа-қысқа қайырыммен оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн көрдім. Бұл әңгімелердің астарын, орайына қарай, құрастырылып, тасқа басылып дайын тұрған Ниязбек Алдажаровтың естеліктер жинағында жан-жақты ашып баяндаймын деген үміттемін.
Сонымен, Ниязбек ақсақал бірінші күнгі әңгімесін өзінің шешесі туралы мағлұмат беруден бастапты.

31 шілде, 1988 жыл. Қарауыл.
Ниязбек Алдажаров, бірінші күнгі әңгіме:
– Ата жөні өзіңе мәлім ғой. Ескерілмей келе жатқан шеше жөнінен баста­йын. Әкем Әбдіғалидың шешесі Әнежан – Әуез қожаның қарындасы. Сондықтан да, осы қожалардың Арқаға келу кезеңі туралы деректер іздедім. Әуеліде, қожалар Тарбағатайдың сілемі Ақшәулі, Қоңыршәуліге қоныстаныпты. Сол арадан жан-жаққа тарапты. Қоңыршәулідегілердің алғашқы легі Қарақолға кетіпті. Ақшәулідегілер – Архатқа кетіпті. Саяқ (Саяқып) қожаның пірі Бақшайыс қожа – осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген. Ол Түркістан өлкесіне пірі – Исмайылмен бірге келді делінеді.
Ал, Кәмен: «Бақшайыс – Мамаймен бірге келді», – дейді. Қайсысы – шын, қайсысы – лақап екенін білмеймін. Ой мен дәлелдің елегінен өтпегенін шашып жіберу керек. Сондай сенімсіз лақап таратқаны үшін Сәдірбекті қатты сөктім. Елін бастап келген Саяқып қожаның бәйбішесі – Қарақолда қалған, тоқалы – Архатқа келген. Оларға сенсек, Әуез қожа – ғарасат соғысы кезінде Кербаланың шөлінде қалған пайғамбардың ұрпағы дейді. Түркістан өңіріне дін уағыздау үшін Мұхамедтің атынан келген. Өздері кедей де емес, мыңғырған бай да емес. Өзіндік қалыпты ауқаты болған. Құнанбайдың кіші тоқалы Нұрғаным – Әуездің немере қарындасы.
– «Абай шежіре жазуға Шәкерімге тапсырма береді. Шәкерім Стамбулда 3 ай тұрып, Бахадүр Әбілғазының 17 шежіресінен деректерді іріктеп алды», – дейді білетіндер. Сол шежірені мен де көшіріп алдым. Қазір де сақтаулы. Ал, Академиядағы қолжазбаның «Бисмилляхи әр-рахман-рахим» деп басталатын бір беті жоқ.
Абайға қатысты мына деректер мен қауесеттерді қаперіңде ұста:
1) «Абай өлгенде Оразбай 500 боз атпен кеп, бауырымдап бас қойды», – дейді Кәмен. Боз жылқы өте сирек кездеседі. Бүкіл тобықтыдан бес жүз боз жылқы табыла ма? Қисынсыз қисын.
Абай қайтыс болғанда Есболаттың ішіндегі Мөңке, аталас туысы Оразбайға келіп қуанғандай мұрнынын желпіне сөйлеп: «Ореке! Абай қайтыс бопты. Иә, қайтыс бопты!» – депті сүйінші сұрағандай боп. Сонда Оразбай: «Не дейсің!» – дейді. «Ой, Абай қайтыс бопты деймін!» – дегенде, Оразбайдың көзінің жасы алты тарам боп сақалынан ағып:
– Ей, ақымақ-ау, Абаймен айтысамын деп Оразбай атым шықты. Енді тобықтыдан ондай ұл туа қоймас. Енді кіммен сөйлесемін? – депті.
Оразбай – ақылды адам. Оны ашындырған – Оспан. Семейден сонау Шыңғыстың сыртына дейін арбаның артына сап, байлап апарғанға кім шыдайды? Арасы 300 шақырым жер.
Оразбай ауа райын болжағыш адам болған. Жұттың боларын біліп, ала жаздай жас тобылғыны шаптырып, мая­лап жидырған. Ел «Аққоян» деп атаған жұт жылында, қыста әлгі тобылғыны жылқысына шашып берген. Содан пәленбай мың жылқыдан 380 жылқы аман қалған. Бұл 1911 жылдың қысы. Ал өзі 1924 жылы («Абай» энциклопедиясындағы анықтама бойынша 1921 жылы – Т.Ж.) өлген.
2) Жандарал Абайды параходтың үстіне киіз үй тігіп күтті – дейді. Дарақылық. Кім сенеді? Қисынына сену керек.
3) Айпара – 172(4)3 жылы 10(3) жастағы қыз (осы арада, мүмкін біздің тарапымыздан кеткен сәл дәлсіздік болуы мүмкін. Әлде, Айдосты сол он жасында көріп, айтқаны – деген сөздің жаңылыс жазылуы ма екен? Қалайда, асығыс жазылған өз жазуымызды өзіміз толық ажырата алмадық. Ал, Айпараға арналған өмірбаяндық дерегінде: 1720-1800 жылдары аралығында өмір сүрген делінеді). Ал Ырғызбай 1745 жылы (кей деректе – 1744 ж.) туған. Айпара кіші жүз, адайдың қызы. Көріпкел қыз екен: «Мен әнеу қарны шертиген сарыға тиемін», – депті. «Қаңғып жүргенге қыз бермеймін», – дейді әкесі. «Онда ешкімге тимеймін. Мынаның тұла бойы тұнған бақ», – дейді. Ол кезде тобықтылар Мұғалжарда жүретін. Ырғыз – Ер қыз деген сөзден шыққан екен деседі. Тобықтылар Ырғыз бойында 50 жыл қаңғып жүрген. Содан біртіндеп Арқаға, Шыңғысқа ауған.
Айпара тапқыр, білгір адам болған. Момын Айдос әйелі Айпараға билік берген. Сол «Ақтабан шұбырындының» кезінде Айдостың інісі Қайдос оққа ұшып өледі. Әйелі мен екі жас баласы қалады. Шешесі бір сартқа тиеді. Айпара кіші қайнысы Жандосқа: «Ағаң болса өлді. Жеңгең байға тиді. Ағаңнан қалған ана екі ұрпақты алып келейік», – депті. Жандос ептеп екі баланы ораулы қалпында көтеріп әкетеді. Сол жолы Айпара қайнысы Жандосқа: «Жігіт-ақ екенсің!» – депті, содан Жандос – Жігітек атанып кетіпті.
Бала кезімде Айпара шешеміздің қабірін талай көріп, тағзым етіп ем. Қазір жер болуға айналыпты. Жақында анамыздың бір ұрпағы Досмағанбетов Сирақбай ақсақал қаңылтырға жазып белгі қойыпты.
Ер Жәнібектің әкесі – Бердәулет, ашамайылы керей. Оның Бердәулетінің қызы, Жәнібектің қарындасы Ермен – Ырғызбайдың әйелі.
Шыңғыстың бауырында, Бөкенші өзенінің бойында ертеде «Қосқаданың қорасы» деп аталатын көтібақтардың қыстауының жанындағы кішкене төбеде тас бейіт қорым бар. Осы дөңге ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, ХVІІІ ғасырдың аяғында Олжай ұлы Айдос, оның әйелі Рамазан қызы Айпара (Айпара Рамазанқызы, кіші жүз, адай, бұл болжал болуы да мүмкін, ал ел арасында Айпара – Қаракерей Қабанбайдың қарындасы деп те айтылады.–Т.Ж.) жерленген. Осы екеуінің жерленген дөңіне ұрпақтары да қойылған. Олар Торғай, Көтібақ, Ырғызбай, Топай, Айдос, балалары (өмірден өткен), Ырғызбайдың төрт баласы Өскенбай, Өсер, Мырзатай, Жортар, Жортардың екі баласы Аллаберді мен Иемберді, көтібақтан – Көрпебай, Малгелді және Бөкенші де осы дөңде жерленген. Тозған кірпіш зират – Өскенбайдікі, Айпара мен Айдостың басында темір тұр. Айдос пен Айпара – кенже баласы Топайдың қолында болған. Содан төрт-бес шақырым жоғары жерде қыстауы бар. Олардың мұнда жерленуі сондықтан. Бесбесбай – атақты ұры болған адам, оның қыстау-зираты содан бес шақырым ары. Бұл жерді – «Зират қорым», төбені – «Қосқадам қыстауы» деп атайды.
Айпара – 1720-1800 жылдары өмір сүрген, Ырғызбай – 1745 жылы туған (соңында 3 баласы қалған), Өскенбай – 1777 жылы туып, 1850 жылы өлген. Мамай – 1704 жылы туып, 1799 жылы, 95 жасында өлген.
Шыңғысқа көшіп келгенде орын алған, Матай мен Тобықтының арасындағы жер үшін болған Маян жазығындағы шайқаста Мамай қартайғандықтан да жекпе-жекке шығуға жарамапты. Тек ту ұстауға ғана шамасы келген. Жекпе-жекке шыққан Бақайдың жасы Мамайдан кіші. Тоқтамыс – Мамайдан кіші.
Қарашоқының түбінде Пұшарбайдың көлшігі бар. Біздің қыстау Бөкенші өзенінің төменгі жағында.
Бөкенші – тобықтының ішіндегі ең сөзуар ел. Архаттан Аягөзге телеграф бағанын салғанда, Біләл болыс екен. Елге тапсырма беріледі, адам күші, ат күші, арба керек. Ел іші тәп-тәуір даурығысып қалады. Сонда Максим деген хатшы қушыкеш орыс: «Өкімет те ақымақ екен. Осынша шығын шығарып, елді әбігерге түсіріп не керек? Одан да әр бекет сайын бір бөкеншіні қойса болмай ма», – депті- мыс.
Зере – найман, Бақы матайдың қызы.
Шәкерімнің «Әділ мен Мәрия» хикаяты және «Нартайлақ пен Айсұлу» қиссасының оқиғасы өмірде болған жайлар.
Нысан абыздың нақты елі белгісіз. Оған қойған белгіде: «Абыздың елі жуантаяқ еді», – делінген. Ол – қате сөз. Бірақ та, тарихта нақты болған адам. «Ғафиз» деген әулие бар ғой, бірақ ол жаңсақ мәлімет, оған келмейді.
Абай Еркежанға өз еркімен үйленбеген, үйленуге мәжбүр болған. Өйткені Тәкежанның ұлы Әзімбайдың азғыруымен Еркежанды Құнанбайдың бауырында еркін де ерке өскен, аңғал мінезді Ақылбай алмақ болған. Қалай дегенмен де Ақылбай – Абайдың ұлы. Сонда, Ақылбайдың шешесіне сөз салғандай болғанын намыс көріп, Абай Еркежанның қолына кіріп алған. Еркежан – жөнсіз адал, ақылды адам болған. Оспаннан тұқым-ұрық болмапты.
Ал, Абайға қамшы үйірген Бітімбайдың Әбенінің ұлы – ақын Шәкір Әбенұлы Бітімбай немересі – жаман тобықты, соның ішінде Шегеней – Бүйен.
Осы өңірде аңыз бен лақап боп көп тараған әңгімедегі оязды өлтірген адам – көкше табынан. Ол ояздың бөксесін кесіп, аузына тығып кетіпті. Ат сұрап барған уриядникке бір қушыкеш торғай: «Ояздың аузына тыққаны бөксесі емес, нәйі шығар», – дегенде, әлгі урядник намыстанып: «Қайдағы нәйі, бөксесі!» – деп оның өзін сабапты.
«Ақбайтал» асуы – Шыңғыс тауының асқар белі емес пе. Сәдібектің Хасенінің бүкіл елді шулатқан, мінезі де өзіне тартқан тентек, шадырлау бедеу бәйге ақбоз байталы болыпты. Ел ерегеспен бәйгенің жолын асу арқылы белгілепті. Сонда, өзге аттар асудан аса алмай барлығып қалғанда, бірінші келе жатқан Ақбайтал шабысынан танбай шапқан күйі асудан асқанда, өкпесі күйіп зорығып өлген екен. Содан кейін бұл асуды Ақбайтал деп атап кетіпті.
Ал, қарағым Тұрсын, өткенде бір «Жалын» журналынан келген жазушыға: «Осыдан артық бұдан арғы әңгіме кеудеңе сыймайды», – деп әңгімемді доғарып ем. Кейін «Сыр жасырды» деп қауесет етіпті. Мейлі. Сен не дейсің, өзің біл, бүгінше осымен доғарайық.

1 тамыз, 1988 жыл.
Ертесінде, Қарауылда тұратын Дулат деген інісіне көлік алдыртып, мені Айдос пен Айпара жерленген қорымды көрсетуге жіберді. Қарашоқыға барар жолдың оң жағындағы қылталы дөңестің қолтығында, Арқалдының ескі жолының шетінде, өзім бала кезден жолай көріп жүрген қорым екен. Сәске әлетінде әңгімеміз қайта жалғасты.
Ниязбек Алдажаров, екінші күнгі әңгіме:
– Ал, енді, кешегі айтқанымдай, менен әр нәрсені сұрағыштап келген сөз тергендерге: бұдан артық сөз кеудеңе сыймайды деп әңгімені осы арадан тоқтатушы едім. Білгенімді бір жолата арыла айту үшін сені өзім шақыртып алғандықтан да, ойыма келгенді ретті-ретсіз айтып берейін. Өзің жүйелеп аларсың. Өйткені ол жайлардың ұзын-ырғасымен таныссың. Мұхтардың 1921 жылы жазған әңгімесінің тарихын жаздың. Қатеңді маған сеніп түзегенің – білгендігің, шындыққа жүгінгенің. Әрине, ол сөз менің ағайындарыма жақпады. Бірақ, оларға «Шындыққа қарсы шықсаңдар – Абайға қарсы шыққандарың», – деп тоқтау салдым. Мұхтар Мағауиннің де сөздерінде шындық бар. Ал «Естіген құлақта жазық» болмайды.
Мен бала жасымнан – «өмірден таяқ жемеймін, қорланбаймын» деп қасарысып өскен адаммын. Ал, кәрі адамға өлімнен қорқудың керегі жоқ. Кейде, айтылған өтірікке өзімді куә ғып айтады. Мен оған куәлікке жүре алмаймын. Маған 15 жасымда «Ниязбек – мектепте оқитын ұл емес» деп жала жапты. Не істеппін сонша оларға: «Ер жеткен соң сыймайсың кең дүниеге, Тыныштық пен зар боларсың баспанаға», – деп Абай атам айтқандай, кең дүниені тар етіп көрсеткендер де болды. Алыс емес, жақын-жамағайындар (…).
Еске түсіп тұрғанда бір құпия ұстап жүрген жайды айта кетейін. Ертеде Құнанбай Омбыға айдалады. Жалғыз Құнанбай емес, әр елдің Құнанбай сияқтылары жеке үйді жалға алып, барлығы бір арада тұрады. Үйге иелік етуі үшін олар Құнанбайды көндіреді. Әйбәт атты кедей қызға неке қияды. Өстіп жүргендерінде қылмысты істері қысқартылады. Құнекең қысылтаяң кезде жолдас болған Әйбәтті елге алып келеді. Біраз уақыт өткенде Әйбәт кенеттен қайтыс болып, елге дабырасыз жерленеді. «Ел құлағы елу» дегендей, ағайын арасында «өзге әйелдері қызғаныш қылып, оған у беріп өлтірді» деседі. Бірақ бұл әңгіме құпия күйінде қалады. Әйбәтті жоқтап, құнын даулап жатқан ешкім жоқ. Елі алыста. Сөйтіп, жабулы қазан, жабулы күйінде қалады. Әйбәттің өмірі көрген түстей сағым болып осылай аяқталған.
Ал, енді Құнанбайдың үрім-бұтақтарының кейбірінің тағдырын ескерте кетейін. Майбасардың ұрпағы өсіп, өнген. Олар Бішкекте, Меркеде, Керекуде, жастары Алматыны жағалап жүрсе керек. Шет жағасын, қалам ұстаған Төлегенді білесің. Мұны өзің де таратып аласың. Әмір Құдайбердіұлы мен Мұхамеджан Майбасарұлының достығын өзің де тиянақтап жаздың.
Шөпіш (шын аты Фазылислам, әжесі еркелетіп Шөпіш деп кеткен – Т.Ж.) Тәңірберген (Тәкежан) ұлы 14 жасында атқа мініп, ел билігіне араласты. Адал, тез қимылдайтын, іскер адам еді. Тәуке батырға қатты көмектесті. Оны жер аударылудан жасырып қалған. Тәукені тыққаны үшін, 1916 жылы Аягөзде Шөпіш Тәукенің өзімен бірге бір түрмеде жатқан. Шөпіш шамамен 1916-17 жылдары қайтыс болған. Кәмен оны жағымсыз кейіпте бейнелеген. Қиянаты мен сауабын кім көтереді, білмеймін. Сен шет жағалатып емеурін білдіріпсің.
Біләл Кәкітайұлы – алғыр, білімді (Мұхтар Әуезовпен бірге гимназияда оқыған – Т.Ж.). Бірақ болыс болғанда қарғысқа ұшырады. Қарғыстың бірінші себебі, өзің жазған «Қорғансыздың күніндегі» қасіретке себепкер болғаны. Екінші оғаштығы: Гүлжәмилә (Жәмали) деген сақтардың биі Арабтың қызының байы өліп, жесір қалады. Сол қызға көзі түскен Біләл оны әмеңгері Меркітбайға бермей, алып қашып кеткен. Топайлар ашуланып, Кәкітайдың тоқалы Бибі­нің үйін торып жүріп, Біләлдің тоқал шешесін алып кеткен. Содан үлкен дау көтеріледі. Бір аптада исі тобықты іші жиналып, Бибіні ауылына қайтарған. Ол кезде Кәкітай өлген, Біләл Семейге қашып кетіпті. Әйтпесе, өлтірмек екен. Ол туралы Көкше табының ақыны шығарған, бiрақ Көкбай емес, төрт шумақ өлең бар. Тегi, Біләлдан қатты қиянат көрген адамның сөзi. Өлең:
Сен кеше ұрпағы едiң Құнанбайдың,
Ойлаған өле-өлгенше елдiң жайын.
Апиынға есiрiп, азбан болдың,
Әруаққа тапсырдым не қылайын, –
деп басталады. Екiншi шумағын есiме түсiре алмадым. Онда Біләлдiң қиянаттары тiлге тиек етiлдi де, келесi шумақтағы:
Ар жақта орыс үйiн, күңгiрлеген,
Біләл-ау, iсiң бар ма бүлдiрмеген.
Шешеңдi қатарға ұстап қатын алдың,
Сенен де кәпір артық шүлдiрлеген, –
деген жолдардың астары ашылады. Төртiншi шумақтың алдыңғы екi жолын ұмытыппын. Бiрақ соңы:
Айдап сап ағайынды бiр-бiрiне,
Бес болыс тобықтыны шулатқаның, – деп бiтедi.
Біләл апиыннан уланып, жынданып өлді. Елдің қарғысы тиді деседі.
Мағауияның ұлы Құтайба 1919 жылы 24 жасында жастай өлген. Құтайба да 1 жыл болыс болған. Қатты. Қатал. Жазалауға бейім билік иесі болған. Ел ішінде көп қияңқы қылықтары сақталған. Сондықтан да, ол да елдің қарғысынан өлді , – дейді білетіндер.
Шәкерімнің үлкен нағашысы Ақсуаттан, мұрын. Құдайбердінің шешесі Күңке – Ақсуаттағы Тоғыз Тоқабайдың ішіндегі Ағанас батырдың қызы. Өз шешесі – Дәметкен, Дегелеңдегі арғын Кешубай-Төлебай ауылының қызы. Төлебайдың тұқымында ақындық бар.
Шаған бойындағы Ике – Молдабайдың кек қуысқан қанды тартысын өзің де жақсы білесің. Бірі (Ике) – Алаш, бірі (Молдабай) – қызыл болған. Бірде Икенің ауылына Молдабай атпен келіп, жас қиға аты тайып жығылғанда, әйелдер жиылып келіп, оның енін тартып жіберген. Өштік содан басталған. Кейін екеуі болыстыққа таласты. Ақыры бірінің түбіне бірі жетті. Икенің баласы Шамқа Алматыда тұрады. Ащы суға үйір.
Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов – ауызы салмақты, шежіре адам еді. Өкінішке қарай, Мұхтар екеуі тіл табыса алмады. Оған Жиренше бидің немересі, Әрхамның туған күйеу баласы, ғалым Әбіш Жиреншин мен Сәбит Мұқановтың қыбыр-сыбыры түрткі болса керек (бұл жағдайдың егжей-тегжейін біздің Абайдың туған күніне қатысты мақаламыздан біле аласыздар – Т.Ж.). Мұхтар еш туысына қайыр қылмады. Сәбит полуторкамен ағайындарына киім-кешек апартып, «Мырза» атанды, қазақы еді.
Даниял Кәкітайұлы Ысқақов «Человек меняет кожа» және тағы да басқа орыс жазушыларының әңгімелерін аударған (біз құрастырған «Алаш ақиықтары» атты жинақта Д.Ысқақов туралы толық мағлұматпен қоса сын мақаласы мен аударма әңгімелері берілген – Т.Ж.). Оны көрсеткен (…) деседі. Өтірік-шынын бір құдай білсін. Даниялдың ұлының аты – Мұрат Искаков. Одан екі қыз бар. Біреуі – Алматыда, біреуі – Меркеде.
Ал, енді Әмір Құдайбердіұлы атасы Құнанбаймен ғана емес, өзін тәрбиелеп өсірген ағасы Абаймен де келіспеген. Сал-серіліктің әуейі жолына түскені туралы деректерді сен өзің де жаздың. Сол үшін Құнанбайдан қарғыс алған.

2 тамыз, 1988 жыл.
Ниязбек Алдажаров,
үшінші күнгі әңгіме:
– Е, енді қажыға (Шәкерімге) қарай ауысайын. «Қызығы жоқ өмірден, Азабы көп көр артық», – демей ме Абай. Біз кешкен өмір, Құнанбай тұқымдарының өмірі, Шәкерім қажының үрім-бұтақтарының өмірі осы екі өмірдің қайсысына жатады, кім білсін. Әйтеуір, өз басым – өзгенің бақытынан өзімнің сорымды артық санаймын.
Бірінші, Шәкерімнің Шақпақтағы тошалаға көшіп, оңашалануы туралы айтайын. Оның басты себебі, ел ішіндегі жақ-жақ болып «партияға» бөлінген таусылмайтын даудан бойын аулақ салғысы келген. Өзі: «Ел оқымады, арамдыққа жерік боп кет­ті. Партия – жеріт­ті мені», – дейді екен. Оны: «Өлімнен қашу үшін елден сырт­тап қалған», – деп ғайбат айтушылардың сөзі жай дақпырт, далбаса. Өзге – өзге, өлімнен қашып құтылмайтынын өзі сопылық жолды ұстанған ғұлама адам жақсы білген. Тошаланы, яғни Саят­қораны Шәкерімнің бала-шағалары 1912 жылы жазды күні салған. Олар жаз жайлауда жүріп, тошалаға отынын әкеп, шөбін жинап, қыстың қамын дайындап, соятын ұсақ малдарын Бақанастағы ағайындарына байлап кетеді. Шайдың жемін, бауырсағын Бақанас­тағыларға пісіртіп алады. Сыртқы жұртпен байланысты солар арқылы жасайды. Алғашқы жылдары бақыршы (күтуші) ұстамаған. Ал төңкерістен ке­йін, кәрілік жеңе бастағанда бақыршы ұстаған. Бақыршыларының барлығы да көрші керей руынан, Жарқынбай, Әупіш сияқты т.б. қағылез жастар еді. Тобықтыдан, мына өзің әңгімелесіп жүрген, Бақанаста тұрған Кәрімқұлдың Қабышы Шәкерімнің саятқорасына барып, қонып жүреді.
Шәкерім – Балашақпақтағы Кеңбұлақта 1887 жылы 22 шілде күні туған. Шәкерім – 1905-1906 жылдары Меккеге барған. Абайдың тапсыруымен, Абай өлімінен бұрын жолға дайындалған. Абай өлген соң, Тәкежан: «Абайдың жылын бермей, топырағын суытпай, қалай жол жүресің?» – деп Шәкерімді тоқтатқан. Сөйтіп, бір жыл еру жасап, келесі жылы сапарға шыққан. Стамбулда 3 ай архив қарағаны да рас. Оны өзі айтып отыратын. Толстоймен хат алысып, хат беріскен. Бұл, Абай өлген соң, қажыға барып келген соң, 1907 жылдан ке­йін болуы керек. 
Шәкерімнің әкесінен көп дәулет қалған. Шәкерім жас кезінде серілікпен жүріп, бәрін шашқан. Сөйтіп, бертін келе кедейленіп қалған. Тіпті, алыстан келген сыйлы қонаққа қонақ асы беруі де қиындап кетіпті. Дәулет ке­йіннен, балалары ержете бастағанда құралыпты.
Бірінші әйелі – Мәуен, Торғай, Байтөренің немересі, айт­тырып алған. Екінші әйелі – Айғанша, Ыбырай ноғайдың қызы. Оны алып қашып алған. Ыбырайдың ағасы Сүлеймен өзінің қызы Мағрипаны Абайдың ұлы Әбдірахманға берген. Ноғайлар соны желеу етіп Абайға арыз айтады. Абай Шәкерімге айыпқа қосақты (біреулер 100 дейді) тайлақ кескен. Оны төледі ме, жоқ па, білмеймін. Абай да бұл кесімді қыр көрсету үшін, әнше­йін, домбытпа үшін кескен болу керек.
Қарашоқы, Құнанбайдың бәйбішесі Күнкенің қыстауы – әуелі ұлы Құдайбердіге, одан ке­йін Шәкерімге көшті (Шәке – Қызылшоқыға көшті). Мұны «Өскенбайдың қара орны» деуге болады. Қыдырдың тұмсығынан 4-5 шақырым жерде. Қодар-Қамқа оқиғасы өткен жер. Қодар «Ханның бауырындағы» қыстауда жатқан. Құнанбай насыбай иіскеп отырған Қисық төреге (басқа деректе Барақ төреге – Т.Ж.): «Осыны қойсаңшы», – деген ескерту жасағанда, Қисық төре: «Өзіңе тиіспеген кісінің мұрынын аңдығанша, өзіңнің бауырыңдағы шайтаныңды неге тыймайсың?» – дейді. Содан Құнанбай елге келген соң бұл сөздің мәнісін сұрайды. Сөйтсе, Қодардың өзінің жалғыз келіні Қамқамен әуейі болғаны рас боп шығады. Содан жазаға тартады. Жалпы, борсақ – өспеген ел.
Тошалада жазды күні ешкім болмайды. Бірде біздің қарала ит құрт­тап, жоғалып кет­ті. Соны іздеп барсам, сол тошаланың көлеңкесінде жатыр екен. Сонда тошаланы бірінші рет көрдім. Ат қорасы – шарбақ. Пеш – ауыз үймен екі ортаға салынған. Түтін – қабырғалардың арасымен дауалды жылытып барып мұржадан шығады.
Шәкерімнің өзі музыкант еді. Домбыра, гармонь, скрипкада ойнайды. Домбыраны сол қолымен тартқан. Дауысы – зор, ғаламат еді. Жасында әнші, сері болған. Шәкерім – биязы, өте сақ. Туыс ішінде Абай, Құдайберді балалары өте биязы болған.
Мағауин де Шәкерімнің көп өмірін мысалға келтіреді. Кейде, керейдің аспазшыларының «әлей-пәлей» деп өсіріп айт­қанына сеніп, соны малданып, алданып қалады.
Шәкерім – жас кезінен жеке жүргенді сүйген, өзін-өзі тәрбиелеген. Мысалы:
1. Жасынан салқын жерге жатып үйренген. Сыланып, сипанып, өзін-өзі таза ұстаған әрі жеңіл киіммен, сергек жүруге дағдыланған. Соған өзін-өзі баулыған. Шақпақтағы тошаласының жылуын 4-5 градус салқындықта ұстаған.
2. Тамақты өзі жасайтын және тез ішетін болған. Бұл ғадет­тері туралы мен Шәкерімнің өз аузынан естідім.
Бірде Шәкерім атамыз өзінің отырған үйіне тамаққа шақырды. Оның алдында мен Шәкерімнің әйелі Айғанша пісірген қуырдаққа тойып, шайға қанып алғанмын. Сондықтан да өзімді тоқмейіл, керенау ұстадым. Баяу тамақтандым. Сонда маған қарап отырған қажы: «Қарағым, Ниязбек, сен сылбыр екенсің. Олай болма. Сен бұл мінезіңді таста. Сергек бол. Мысалы, мен асты өте тез ішуді ұнатамын», – деді.
Ол кісі киімді ықшамдап тігудің үлгісін жасаған. Қолы шебер кісі болған. Ұсталықтан да жақсы хабардар болды. Мысалы, күймеге «кавказ» (күмістен зерлеген әшекейді Абай ауылы «кавказ» деп атайтын болған – Т.Ж.) жүргізген. Жасынан саятқұмар, аңшы болып, ит жүгіртіп, құс салған. Құстың бабын білген. Үйіне домбыраның ішегінен және жіңішке темір сым арқылы бір бөлмеден екінші бөлмеге, ат қорасына «телеграф» тартқан. Сіріңкенің қорабын құлақшын етіп, дыбыс шығарып, тыңдап отырған.
Ол жасынан «қол мерген» атанған. Мысалы: Шақпақтың солтүстік шығыс сыртында «Арқарқырған» деген сай бар. Оның «Арқарқырған» аталу себебі, сол сайдың аяқ шетінен бастап басына жеткенге ше­йін Шәкерім 6 арқарды түгел атып түсірген. Сол себептен «Арқарқырған» атанған. Шәкерімнің мергендігі сондай, қатар отырған 2 үйректі бірдей атып түсірген. Бір үйректі – қонып отырғанда, екінші үйректі – ұша бергенде атқан.
Ол кісі киімнің ықшамдалған үлгісін өзі пішіп, өзі тігіп, жұрт­ты соған үйреткен. Сөйтіп, қазақтың бұрынғы кең етек, ұзын жең үлгісін ықшамдаған. Оған мысал: бертінде, бір жылы Шыңғыстаудың малшылары тері-терсек саудасын жасау үшін қыс айында бірігіп қалаға – Семейге жолға шығады. Осы топтың ішінде руы Әнет, Өрімбек деген де болады. Күшікбайдан өткеннен ке­йін, Мұнарға жеткенде күн борандатып, ызғырық соғып, суытады. Сол кез­де әлгі Өмірбек Шәкерімді қарғап айқай салады:
– О, жолың болмағыр, Шәкерім, өлгенде көріңде өкір. Елді қырдың да тыңдың, – дейді Өрімбек. Өрімбектің жолдастары:
– Жындандың ба? Шәкерім – Шыңғыста жатыр. Теріңді жастанып жата бермейсін бе? – дейді. Сонда Өрімбек:
– Шәкерімді қарғамай қайте­йін. «Киімді ықшамдап, сәндеп ки», – деп үйретіп, мойын-басымыз, қолымыз үсіп барады. Бұрынғы ұзын жең мен мол шапан болса, бүрсеңдеп тоңар ма едім. Шәкерімнің үлгісімен киінемін деп, үсіп өлгелі жатырмын, міне! – депті.
Жолдастары икемсіз бейшараның асты-үстін терімен қымтап, етек-жеңін қаусырып беріп, қажыны жазықсыз қарғыстан құтқарыпты.
Шәкерім – жантайып жатпайтын адам екен. Қанша уақыт болса да тік отырып сөйлейтін болған. Атқа мініп жүруі де ерекше, ертоқымға қаққан қазықтай тіп-тік отырады екен.
Семья құрған уақытында да жалғыз өзі жеке бөлмеде жататын болған. Жұрт сияқты әйелімен бірге жатпаған. Оңаша тошалаға кетуі де содан. Үнемі ой-толғаныс үстінде болған. Сол тіршілігіне орай:
Оңаша өмір сүргенім-ай,
Елсізде еркін жүргенім-ай…
Қайғырмай, қажып, қамықпай, – деуі сондықтан.
Шәкерімді бірінші рет түс тоқтатып көріп, білуім – 1922 жылдың маусым айында. Ел жайлауға – Шақпаққа көшіп барғанда, Шәкерімнің қонысы мен біздің ауылдың арасы 3 шақырымдай іргелес қонды. Тегі, руы – Әнет, Орынбек деген жездем:
– Ниязбек, саған түлкінің күшігін береді, – деп алдап-сулап, Шақпақтың сыртындағы Керей ішіндегі Қожагелді деген елдегі құрдасының үйіне ертіп барды. Ертеңіңде ауылға қайт­тық. Қайтарда Кеңбұлақтағы көптеген ақ үйлі ауылға келдік. Бұл Шәкерімнің ауылы екен. Орынбек жездеммен үлкен ақ үйге кірдік. Сәлем беріп кіргенімізде алғашқы байқағаным: оюлы кереует­тің алдында, астында салған көрпесі бар, ұзын сақалды адам қымыз сапырып отыр екен. Төрдің алдында 2 қарт адам отыр. Сәлем бере келген керейлер екен. Орынбек жездем екі қарт­тан төмен отырды. Қымыз сапырып отырған шал мені жоғары отырғызды. Жөн сұрады.
– Кеше Мүсіреп құрдасыма бардым. Содан келе жатырмыз. «Қайтарында Ниязбек атасына сәлем бере келсін», – деп анасы жіберді. Соған келдік, – деді. Осыдан ке­йін Шәкерім:
– Айғанша, кел, – деп шақырды. Оған: – Сен мына баланы танисың ба? – деді. Айғанша:
– Танығанда қандай, Әбдіғалидың үлкен баласы ғой, Әнежан шешейдің бауырына алған кенжесі ғой, – деді. Сонда Шәкерім:
– Олай болса, мал сойдырып, етін жегіз. Мал соймасаң, Әнежан, ертең мені сөгеді, – деді. Орынбек жездем:
– Біз тамаққа қарамаймыз. Тек Нияз­бек сәлем беремін деп келді, – деді. Сонда Шәкерім әйеліне:
– Олай болса, тәт­ті, дәмдің бар ма? Әкел! – деді.
Шай келерден бұрын алдыма қант­ты үйіп әкеп қойды. Шай ұсынып еді, қолымды соза қоймадым. Қажының өзі кесеме бауырсақ, қант салып берді. Содан «Қош» айтысып үйге қайт­тық. Қажы атамды бірінші көргенім осы.
Содан бастап Шәкерімнің қандай туысқан екенін ажырата бастадым. Менің әкеме біреуден: «Үйге келіп, ән үйреніп кетсін», – деп сәлем айтады. Кейде өзі келеді. Айт­қан әндерін естіп жүріп, мен де олар айт­қан әндерді үйреніп алдым. Ке­йін, отызыншы жылдың басында біздің үйге қыдырып келгенде Шәкерімнің:
– Қарағым, Әбден (Менің әкем Әбдіғалиды солай атайтын), сен әншісің ғой. Осы әншілік өнеріңе арнап бір ескерткіш жасайын деп едім. Ол үшін бір ән жазуды ойланып жүрмін зерігіп, – дегені құлағымда қалыпты.
Сол отызыншы жылдың қысында Ғылымбай деген әншіні: «Жазған әнімді айтып, үйретіп кел», – деп әдейі әкеме жіберіпті. Ғылымбай үйде 2 күн жатып, ол әнді менің әкеме үйрет­ті. Қасында отырып бұл әнді мен де үйреніп алдым.
Шәкерім бұл әнді Қорқыт­тың күйі­мен, Хожа Ғафиз дегеннің бәйітінен алып жазған. Әнді қалай айту керектігі туралы нұсқауды, яғни, әннің нотасын әнмен айт­қан.
– Сәлем де,
Әбдіғали, бауырым, жалғызға,
Осы әнімді үйрен
Салғыз да.
Бұл даусыңа сенің
Лайық ән,
Толға,
Бір нүктесін қалдырма,
Мұңлы үнмен басын майдалап,
Ортасын шырқай «әйдалап»,
Тағы да баяулап,
Сызылтып сайрат,
Жебей басып, құбылтып,
Түрлендіріп,
Тынар жерде жайнат!
Бір нүктесіз оншақты жол. Романс!
Мен, Шәкерімнің ке­йінгі кез­де мініп жүрген атын көрдім. Арбиған, белі қисық, күрең түсті, үлкен қоңыр ат еді. Тұрқы сұлу емес. Бірақ қараңғы түнде де сүрінбейтін, үрікпейтін қасиеті бар екен. Өзінің өлерінен екі жыл бұрын «Қоңыр ат» деген дастан жазды. Шәкерімнің барлық жан толғанысы мен күйзелісі сонда қапысыз айтылған.
Өздері атып өлтірген Шәкерімді «гпушниктер» көмбей, тігінен құдыққа тастап кеткен. 1936 жылы менің әкем Әбдіғали Құрқұдықты түнде барып көріп, басына құран оқыған.
Ал менің әкем Әбдіғали 1890 жылы туған. 1937 жылы 47 жасында Шәкерімнің жоғарыда айтылған: «Сәлем де Әбдіғали бауырым, жалғызға» – деген өлеңі үшін ұсталып кет­ті. Аллаһуакбар. Жаны жәннат­та болсын!
Енді мен өзімнің есейе бастағандағы көргендерім мен білгендерімді айтайын. Біздің ауылда Шыңғыс болысының кітапханасы болды. Себебі: 1922-27 жылдары Шыңғыс болысының болыс мекемесі осында болатын. Сонда, Шәкерім кітапханаға жиі келіп, іріктеп алған кітаптарын қоржынына салып алып кетіп бара жатқанын талай көрдім. Оның қандай кітап екенін білмеймін.
Шәкерімнің әйелі Мәуен ерте өлді. Тоқалы Айғанша – Шәкерімнен соң аштан өлді. Жасы Шәкерімнен 7-10 жас кіші болуы керек. 1928 жылы Абай ұрпағынан Тұрағұл ғана Қостанайға жер аударылды.
Шәкерімнің үрім-бұтағының тағдыры өте қиын болды. 1931 жылы Абай аудандағы «Ақ сиырдың көтерілісінен» ке­йін, Шәкерімді Шыңғыстың сыртындағы бандыларға қатысың бар деп ГПУ атып өлтірген. Осыдан бастап Шәкерімге қарасты ұл-қыздың, семьясының тоз-тозы шықты.
Шәкерімнің үлкен баласы да бойшаң адам болған. Қажының Мәуен деген бәйбішесінен туған Сүпиян деген баласы ерте, жас кезінде қайтыс болған. Елдің айтуынша, Сүпиян биязы, ұяң мінезді, жақсы жігіт еді дейді. Сүпиянның – Шамен, Талғат деген екі ұлы бар. Шәменнің Бану деген қызы бар. Ждановта (қазіргі «Құндызды» ауылы) тұрады. Талғат­тың ұлы Алматының Талғар ауданында тұрады.
Шәкерімнің ортаншы ұлы Қабыш – ақын, музыкант, әнші болған адам. Қабыш – күлдіргі, ақкөңіл, айт­қыш адам еді. Оның найман ішіндегі Малдыбайдың Берікболының қызы Рақияға шығарған әні: «Жан еріткен жарың болса, Кемшіліксіз каммал», – деп басталады. Өзінің әйелі Мәшім (Мижан) нағашысының қызы. Одан да (Мижаннан да), болмысы жуан Берікболдан да сескеніп, еріксіз күшке көнген Қабыш, ол қыздан алыстап кеткен. Сол Қабыш ашаршылық жылы үй-ішімен қалаға босып бара жатқанда, жолда Жидебайдан өткенде дамыл алады. Сонда Ырғызбай бабасын түсінде көреді. «Ырғызбай бабам «Қайт!» деп айт­ты», – деп, үй-ішінен бөлініп қап, кері қайт­қан. Денесі Ырыздықбай мен Махмет қорасының арасында көмусіз қалған. Үй-іші де түгел аштан өлді. Сондықтан да Қабыштан ұрпақ жоқ.
Ғафур – орта шаруа еді, қалған үшеуіне ақындық қонған. Ол сол үшеуін сағалап, соларға жақындап қонған. «Жуанның тұқымы» – деп қудалаудың салдарынан Ғафур 1928 жылы Семейдің түрмесінде бауыздалып өлген. Кәмпес­келеніп, бар мал-мүлкі тартып алынған Ғафурдың жалғыз баласы Биязит ата да 1931 жылы күз айында Шыңғыстағы қорасында өзін-өзі бауыздап өлтірген. Ғафурдың бір қызы бар (ол кісінің бізге айт­қан естелігі жеке жарияланды – Т.Ж.), ұл қалған жоқ.
Бұл кез­де Шәкерімнің Ахат деген баласы Семейде түрмеде жатқан. Ахат­тан – Фзули, одан Дәулет. Қазір алты жаста. Алматыда, Айвазовский, 73-үйде тұрады.
Зият деген кіші ұлы. Зият – әкесінің өлімін көргеннен ке­йін Қытайға көшіп кет­ті. Зият­тың ұлы – Мереке, Алматыда. Қыздарынан туған жиендері де Алматыда.
Шәкерімнің ағасы Жәкеннің қызы – Күлзипа, матай Молдабайдың Мұсатайының әйелі. Күлзипа ел билеген аяулы адам еді.
Шәкерімнің Абайдың «Қарасөзі» секілді 20-30 әңгімесі болған.
Шәкерім өзінің қолжазбаларын Бақанастағы Ғылымбай Тобыжанұлына тапсырып, бір сайға тықтырған. Қағаз шірімесін деп сыртын қомдап, шынылап шығыпты. Шәкерімнің өзі Ғылымбайға: «Сен жассың. Жағдай мынау. Осылай істе», – деп 1931 жылы тықыр таянғанда аманатқа тапсырған. Ғылымбай 1941 жылы соғысқа шақырылып, жаңа Семейге барғанда, қонған үйінде ыс тиіп өлген. Қолжазбаның бар құпиясы соның ішінде кет­ті. Ол сай белгілі. Мақту Ғылымбайұлы: «Бала кезімде мені әкем сол сайға арбамен апарды. Арба тоқтаған жерді көрсетіп: «Қолжазба осы арада», – деді маған. Мақту қазір «Архат­та» тұрады. Мақту ол сайдан жаңылып қалыпты. Енді қай сайдан іздерсің? Енді, мүлдем көзі жоғалды десеңші. Табылуы неғайбыл…
Өзің білесің, 1931 жылы өкімет қолдағы малдың барлығын сыпырып алды, «аштықтың әлегі» деп кеткен аштық, қайдағы аштық, қолдан жасалған аштық, содан шықты. Сол қиыншылық кезінде Қарауылға Елтай Ерназаров келіпті. Шәкерім: «Ел иесі келді, халықтың жағдайын, кеулеген аштықты айтайын», – деп Қарауылға келіпті. Оңаша киіз үйде екен. Жастықты шынтақтап жатыпты. Шәкерім сыпайы сөйлеп, елдің тоз-тозы шыққанын түсіндіріп отырып, Елтайға қараса, қалғып кетіпті. Әңгімесі еш әсер етпеген. Орнынан атып тұрып, сыртқа шығып, ширақ басып, ат тізгінін ұстаған адамға: «Қазақ әбден сорлаған екен. Етке тойып, бөгіп алған Елтайың надан екен. Мызғып кет­ті. Ел иесі мынау болса, енді қазаққа қырылғаннан басқа жол қалмапты. Мен күдер үздім. Қош, елім», – деп атына мініп, суыт тошаласына кеткен екен. Бұл суыт жүрістен қауіптенген Қарасартов ауыл адамдарынан отряд жасақтап, ішіне өз жасақтарын қосып, Шәкерімнің соңына аңду қойыпты.
Содан ке­йін, Елтайдың: «Асыра сілтеу болмасын, Белдеуде бұзау қалмасын!» – деген ұранына қарсы болған ел көтерілген. Оны «Ақ сиырдың көтерілісі» деп атап кет­ті. «Бандының басы» Солтабайдың Қасымбегі болды. Руы – бөкенші. Көтеріліс жеңіліске ұшыраған соң Қасымбек Шыңғыстың сыртындағы Досболат асуынан Шағанға түсіп, одан Саржал, Тайлан бекетімен Ертістен өтіп, Бийскіге кеткен. Соғыстан ке­йін елге қайтып келгенде ұсталды, он жылға сот­талды. Ке­йін осында қайтыс болды.
Елтайдан түңілген Шәкерім де: «Жұрт­тың аштан қырылғанын көрмеймін», – деп Тәкежанның Әзімбайының ұлы Бердеш, Зият және бірнеше адам бар, таңға жақын арғы бетке өтуге бет алып бара жатқанда, кезең астында торуылдап жатқан Қарасартовтың жазалау отрядының үстінен түсіпті. Шәкерімнің оң қолын көтеріп: «Тоқтаңдар! Атпаңдар. Біз елміз сендерге», – дегеніне қарамастан Хамитов деген татар жасағы көздеп атыпты, оқ өкпе жауырынынан тесіп өтіпті. Әкесінің ат­тан жығылғанын көргеннен ке­йін Бердеш пен Зият тасаға түсіп, сол беті Шығыс Түркістанға өтіп кетіпті.
Өлеңі өз алдына, Абайдың «Ғақлиясы» сияқты жиырма-отыз қара сөзі де бар еді. «Есектің сыны» ат­ты бір мысалды әңгімесінде: гүлбәйшешекке – бұлбұлды, өлексеге – қара қарғаны қондырып қойып, соларды: «Қайсысы жақсы жырлайды?» – деп есекке сынатады. Гүлбақшадағы бұлбұл сайрайды, ал өлексені шоқып отырып қара қарға анда-санда барқ-барқ етеді. Сонда есек: «Өзі зордың дауысы да зор. Қарғаның қарқылы жақсы», – дейді. Бұған: «Мұңлы күй мен ащы дауысты айыра алмас, Боққа төккен сабанға тойған есек», – деп баға береді Шәкерім…

* * *

Осымен Ниязбек Әбдіғалиұлы дегдармен болған үшінші күнгі әңгімеміз аяғына жетпей аяқталды. Оған себеп, түстен ке­йін Семейде ауруханада жатқан шешеміздің халі нашарлады деген хабарды естіген соң, дереу ауылға алып келу туралы тапсырма берді:
– Ә, енді әңгіменің реті келе қоймас. Бәйбіше нашар. Мен: «Ауруханадан үйге алып келіңдер. Қолын ұстап, қоштасып қалайын», – дедім. Бүгін түнде келеді, – деді.
Айт­қанындай, шешеміз түнде келіпті. Қолын сипап үлгеріпті. Таңертең ол кісінің көз жұмғанын естіп, көңіл айтуға бардым. Шешемізді мәңгілік сапарға ат­тандырып, топырақпен бетін жабарда: «Ей, бәйбіше! Адал қызмет ет­тің маған. Көп күт­тірмеймін. Әзірге бақыл бол», – деп қол арбасын қуат­ты қолымен сықырлата шайқап-шайқап жіберді.
Әрине, кетерде қимай қоштастық. Айт­қаны келіп, ұзамай өзі де бақилық болды. Маған берген жеті шежіре дәптері бар. Ол – маған тапсырылған үлкен аманат. Міне, сол қолжазбаларды қазір баспаға дайындап, Абай академиясына ұсынып отырмын. Тек, сәті түссе екен деп тілеймін.

13 қараша, 2021 жыл
Алматы. Бағанашыл

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір