Тұңғышбай Жаманқұлов: Өнер тілінде айқай салсақ!..
03.02.2020
2221
2

– Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында оқып жүрген кезіңізде Асқар Тоқпанов: «Сен, бала, маған кел, адам қыламын», – депті. Қалай «адам қылды»?

– Адам қылды деуге әбден болады. Ол кісі: «Адам деген екі тесіктің құлы болмау керек» дейтінді жиі айтатын. Адамға Алла Тағала ақыл мен сезім бергендіктен, хайуаннан айырмашылығы сол-дағы. Білесіз, ақыл мен сезім – Асекең айтқан екі тесік емес. Нәпсіге құл болмауды айтқаны да. Ұшы-қиырсыз ұзынсонарға кететін білімір шешендігін салқын сөзбен лекция, я дәріс деуге келмес. Ол кәдімгі теңдессіз тектілікке саяхат, түпсіз құдық, шексіз ауқым, шетсіз аспан сынды болатын. Алғашында қайбір бағалады дейсіз… Бірден ұйып, тұңғиыққа баттым да дей алмаймын. Техникалық жоғарғы оқу орнының суық цифрлар мен тұйық теорияларға таңылған конспектілерге бейімделіп қалған қаңқам қарсылық көрсетіп, өгейсігенін жасырмаймын. Бірте-бірте ақыл-есің мен намысыңа шабуыл жасап, тереңге батыра бастағанын кейіндері сездік қой… Асекенің өзінен тікелей оқығандары, бұ күндері ат-жөнінен емес, атақ-даңқынан ат үркетіндері бар, «біз Тоқпановтың тоқпағынан өткенбіз», – деп көкірек кереді… Шалапайлыққа жаны қас адуын ашуын пендеәуи «тоқпаққа» теңегендері мені саяз ойға жиі қалдырады… «Атымды адам қойғасын, қайтып надан болайын, Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын…» деген Абай-хәкімнің осы «айқайын» жиі қайталайтын… Жамбыл облыстық қазақ театрында М.Әуезовтің «Абайын» қойып жүргенде, алты айдай «арбауына» түскенім – алабұртып жүрген ақыл-есімнің астаң-кестеңін шығарған… Жап-жақсы үлгеріп оқып жүрген техникалық жоғарғы оқу орнымнан ректор Р.Жолаевқа арнайы барып «сұрап» алған Асекеңнің, мені өзінің екінші курсына бірден қабылдамақ болған ниеті орындалмай қалды. Өнер институтының ректоры Е.Рахмадиев аяқ астынан ауруханаға түспесі бар ма… Сөйтіп «адам» қылуы кейінге қалдырылған… Әйтпесе, ол кезде кәдімгідей «адам» болып қалған Тілектес Мейрамов, Қарабай Сатқанбаев, Ерғали Оразымбетовтармен «табақтас» болуым бек мүмкін еді. Өз қолымен «адам» қылуы бұйырмағанмен, ұйықтап жатқан сайтанды оятты, «дертке» шалдықтырды… «Сен бала, келесі жылы кел, Хадиша Бөкеева дейтін апаң курс қабылдайды», – деп, делебені қоздырды… Сөйтіп, Асекең көрегендік жасаған «адам» болуым сүйегі асыл Хадиша апамның Петербордан алған тәлімімен жалғасты… Міне содан бері адам болумен айналысып келеміз…

– «Адамның өмір жолы Қапшағайдың трассасы сияқты түзу емес». Бұл сіздің әлденеге күйінген кезіңіздегі жан ашуыңыз ба, әлде өмірден түйгеніңіз бе?

– Түйгенімізден де, күйгенімізден де айтылған сөз шығар. Көрдік қой біразын… Күйдік, жандық, опындық. Өнерге келгенімізге өкіндік, «қайтып үйірімізді тапқымыз» да келді… Таразда техникалық әлемнің тәләбәсі боп оқып жүргенде, сопроматтар мен жоғарғы математиканың майын ішкен маған ойыншық көрінген ендігі сабағым, театрға келіп тапырақтағанда, аспаннан жерге түскендей күйге тап болдым. Артистер де ет пен сүйектен жаралғандар болып шықты. Бұл орта көре алмайтындардың, аяқтан шалып, қызғаныштың қызыл итін ертіп, өтірік мақтап, жең ұшынан жалғасатындардың, жер мен қанға бөлі­ніп, барыңды «базарламайтындардың» «патшалығы» екен… Асекең мегзеген «адам» болу – осы «патшалықта» қалып қоймаудың қарекетіне саятын… Ол кісі бұл дерттен аман еді… Қалың қазақтың бар жақсыларын санамалап, «пайғамбар» тұтатыны аста-төк әңгімелерінен айқын көрінетін… Сіз атаған Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында оқып жүріп, кең байтақ қазақ елінің төрт құбыласынан келген құрбы-құрдастармен достасып үлгерген маған да бұл дерт жұқпады. Қайсыбір кездерде қылыш тіліммен қиқар мінез көрсететін «асаулығым» содан ба екен… Арқа мен Атырау, Шығыс пен Батыста мені өле-өлгенше сағынатын, сатпайтын достарым, шүкір, баршылық.

Өз жұртымның сахнагерлері мен киногерлерінен жақсылық күтуден жалыққанмын…

– Әйгілі актер Тұңғышбай әл-Тарази қандай фильмдерге түскенді қалайды?

– Тарихи тақырыптарды ұнатам. Қазақтың тарихта қалған алашағы көп. Алайда ақша қуған ашкөз шалалар мен міністірдің етегін жуған жымысқы сілімтіктерді бұл тақырыптың маңына жолатпау керек. Тарихи шындық пен көркем шындықты қара тырнағына дейін суреткер болып қалыптасқан, ұлтын сүйген ұлан ғана шебер жымдастыра алады. Өкінішіке қарай, бұл «махаббатымнан» әлгі жымысқылардың айырғанына алты жылдың жүзі болды. Мақтап жүрген, тамыр-таныстық, былық-шылықтан аулақ, суреткерлік кредосына кір келтірмейтін жас дейтін, жас та болса – батыл деп жүрген Ақан Сатаев та ақшаның буына ма, әлде «басқаның» уына ма шырмалып, тақ төңірегіндегілердің «тапсырмасын» орындағыш боп алды. «Адасқандар» фильмінде басты рөлді орындап, атан түйеге лайық жүгін көтеріп, мұхиттың арғы беті мен өзіміздің жалпақ жұртқа жариялы болуына аздаған септігіміз тиген біздер, кейінгі түсіргендерінің тізіміне ілінбей қалдық. Ал қазақ хандары туралы кино-шатпақтарға шақырылмай, шет қалғанымызға қуанбасақ, өкінгеніміз жоқ. Өз биігімізде қалғанды, ол шатпақты бір көруге ғана шамасы жеткен шерменде көрермен ақыл көрген… Сол бір бес-алты жылда өнер атаулыға сор болған шала шенеунік «шетке» кетпей тұрғанда, пәтігі кем, белі әлсіз сериалшылар Мұхамет-Хайдар Дулати бейнесін жасауға шақырған болатын. Түсірілім тобымен, режиссері, продюссерімен қол алысып, келісіп, тіпті киім-кешегінің өлшемдерін санап дайындап қойып, «әне-міне» ертеңдері Жаркентке түсірілімге аттанардың алдында, құдыққа түсіп кеткендей үнсіз қалғаны. Кейіндері оқыстан кездесудің сәті түскенде, «енді түсінесіз ғой, бізге де жан керек…» – деп ақталған сыңай танытқан… Сіз айтқандай, «назар аударып», талап қоярдай күйге түсуім аз. Әлбетте, «бидай былдырыққа» бармаймын, ондай шикілерден ұсыныс-қолқа да түспейді. Шарттарым мен талаптарымды жұмыс кезінде де қоя аламын, «соқыр тауыққа бәрі жем» деген дүр-мақал менің форматыма келмейтінін бәрі біледі… Қадіріңді біле бермейтін өз жұртымның сахнагерлері мен киногерлерінен жақсылық күтуден жалыққаным рас, есесіне Мәскеулік әріптестер хабарласып, қызықты жұмыстарға жегуге «құда түсіп» жүр… Тақырыбы – өзіміз, өзіміздің шер-шемен мен дертіміз… Арқалы суреткерге айтамын деген «айқай» жетіп артылады ғой, біздің билікке құл, сондықтан да тағдыр-талайы тұл елімізде! Ол «алманың» біз жағы қашан пісері әзірге белгісіз…

– Осыған дейін 30-дан аса кинофильмде ойнадыңыз, қай рөл жаныңызға жақын?

– Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуіндегі» – Қайырхан, «Жас Абайын­дағы» – Құнанбай, В.Пұсырманов­тың «Қауынындағы» – Болат, үш мәрте экранға сапар шеккен Әбілқайыр, Тәңірберген, Ораз-Мерген, алдында атаған Ақан Сатаев­тың «Адасқанындағы» – Шал кейпін­дегі Жебірейіл пайғамбардың бейнесі. Ал енді актерлық шеберлігімнің өре-қарымы мен ауқым деңгейін әжептәуір айшықтаған, алайда әміршіл-әкімшілікпен біраз жөнді-жөнсіз әуре-сарсаңға түсірген бейне – Болат Қалымбетовтың «Сардарындағы» жоңғар қолбасшысы – Шонай. Жалпы «жанға жақын» дегенде, актер үшін бұйырған рөлдің бәрі жақын болуға керек-ті. Менің атағандарым шығармашылық рахат шеккен жұмыстарым. Айтып-айтпағанмен, біздер режиссердің талғамына тәуелдіміз. Өзің ойлаған, армандаған демей-ақ қояйын, парқың мен нарқыңа сай келетін рөлді «меншіктей» алмайсың, оның объективті һәм субъективті себеп-салдары жетіп артылады. Алда болатын фильмдегі басты рөлді меншіктеу бедеу биліктен аулақ, мұхиттың аржағындағы елде екен… Леонардо ди Каприо, мысалы, өзіне ұнаған сценарийдегі рөлге өз қаражатынан тапсырыс беріп жаздырып, қаржысын төлеп, «тана тағып» қояды-мыс… Ішің удай ашиды!.. Бұл ,бізше, «іріп-шіріген капитализмдегі», біздер көз қылып, кеуде соғып, бөзөкпе туындыларымызды Оскарға ұсынып, қанша ұмтылсақ та, маңына жолай алмай жүрген Голливудтағы үрдіс… Ал бізде… кино мен театрда ақылынан «тақымы» мықты көрінетін кердең шенеуніктің әміріне құлдық ұратын, өзіне сенімі аз, ұстанымы кем, суреткерлік сүресіне оп-оңай сатқындық жасай салатын, таланттары табан астынан тап болған режиссерлер көбейді. Оларға шатпақтаған шығармасының құны, эстетикалық өресі, тақырып тазалығы деген критерийлер бір тиын. Сәтке болса да, аты-жөні тасқа басылып, қалтасы қамписа болды – ары қарай жан нәсіп, «күл болмасаң пұл бол», «іс бітті – қу кетті». Шашылған қаражаттың жартысы «уәде бойынша» кабинетте күтіп отырған құлқынға құйылып кеткен. Өйткені енді «мұның не?» демейтін министрдің есебі түгел, әрі қарай ол жазғанның басында емес, «қалтасында» жатқан миы жетпейтінін біледі. Жауапкершілік пен суреткерлікке адалдық жоқ жерде «шала шекспирлердің» дәурені сайран құрады!

Рас, Құдайбергенді өкпелеттім

– Кезінде «Тамаша» ойын-сауық театрында да өнер көрсеттіңіз. Кейін ол жерден неге кеттіңіз?

– Бұл да талай айтылған жыр. Эстрада жанрында біраз жерге жеттім, сосын кеттім. Жапондар сөйтеді екен. Мен жапон болмай-ақ, қазақи мінезбен өзіме өзім «біраз тайраңдадың, жетер» дедім де, кеттім, – болды! Рас, Құдайбергенді өкпелеттім. «Кетпе, бұл сенің болашақ наның, ақшалы боласың, бақытыңды басқа теппе» деген ақылшылар да болды. «Өз ақылым – ақыл-ақ, кісі ақылы шоқырақ». Тыңдамадым. Қаражат тапшылығы кәдімгідей титықтатып жүрсе де қайтпадым, қайрылмадым. Еш өкінбеймін. Сайқымазақтық басқа сала, «Тамаша» соған ауыса бастаған. Мені сахна мен экранда Қайырхандар, Әбілқайырлар, Салқам Жәңгірлер, Абылайлар, Сырымдар, Жәнібек хандар, Махамбеттер күтіп тұрған…

«Ай мен Айшаны» кеше ғана «түрмеден» шығардық…

– Сегіз жылдан астам уақыт Әкем театрды басқардыңыз. Осы жылдарда аталған театрды халыққа жақындата алдым деп ойлайсыз ба?

– Әрине! Театр тұрмақ, тағдырынан адасқан, әйелі торкөз дорба арқалаған, еркегі вокзалдарда арба сүйреген қазақты күйкі тірліктен бұрып, есін жиғызып, сүйрікті әлемге жақындатуға тырыстық, көз жасын тыйдық, жоғалғандарын іздестік, жылатып отырып жұбаттық. Сол жылдары сахнаға екі Абылай, Аттила, Турандот, Естай, Адам Ғалаис-Сәлам, Томирис, Жамбыл, Үкілі Ыбырай, Қасіретті Қарауылдың «Мәңгілік бала бейнесі», тағы сол сияқты кезінде сахна тұрмақ ауызға да алынбаған ардақтылар келді! Біз басшылықтан кеткен соң, бізден гөрі «ақылдылар» мен тамыры терең тақымдылар келді. Олар шалы өлген кемпірді, кемпірі өлген шалды, ежірей атты баланы, кекірей атты келінді, қартаға ұтылған қатынды, диванын тоздырған батырды әкелді… Бекер обалы не керек, қайсыбір жылдары аң патшасымен аттастың асқан «ақылымен» Қазақ хандығының бес жүз жылдығы деп делебе қоздырған қойылым, қыруар қаражатты шашып-төгіп, Тараз қаласындағы стадионның екі-ақ сағатта ту-талапайын шығарды да, қас-қағым уақыттың шаңына шашалып ізім-ғайым жоқ болды… Қыруар қаражатты «желге ұшырудың зым-зия «сиқырын» білетіндер, қорқып-үркіп тексерілмек түгілі, төбеден түспей төрге ұсынылды! «Ақыл» деген көп болса, ол және айлаға айналса, тізелі тақымдар да «дөп» келсе, қиын екен… Бір кездері соқыр тиын да бөлінбей, ескі-құсқыны жамап-жасқап, түкірігімізбен «кілейлеп» сахналаған, көрерменнің көзайымына айналып, айызын қандырған, жоғын түгендеп, барын базарлық еткен, тарихын тірілткен киіз қалпақ кигізген хандарымыз бен билеріміз, біз өмірге әкелген «бәдәуилер», ақылымыздың аздығынан, тақымымыздың бостығынан «надоел» болып «банға» кетті. Мәңгілік ешнәрсе жоқтығын түсінгенмен, өзіміз ойнап-сахналаған «Қабыл – Адам Ата перзенті», «Абылайдың ақырғы күндері», «Абылай хан», «Турандот ханшайым», «Қазақтар» сынды сүйекті спектакльдер «әкем» дейтін театрдың репертуарын әлі де көріктендірер еді, амал не… Кейінгі басшы мен «ақылшылардың» табандарында аяусыз тапталды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қорада қалды. «Бұларың не?» деуге керек бұқа-сымақтар тайыншалардың тәттісін төңіректеп кеткен. Ол қойылымдарды іздеген, сағыншының сар шекпенін жамылған, көңілі жүдеу көрермен ғана… Қараулық жасаған қайсыбір қараниеттер, қарғыс арқалағандарын, қан жұтқандарын, зәуде төнетін обал-сауап дейтін зауалдың қайдан келгенін әлі ұқпай жүр… Әйтеуір ғайыптан тайып, «Томирис» репрессиядан аман қалды. «Ай мен Айшаны» азар да безер боп жүріп кеше ғана «түрмеден» шығардық…

Театрды шын бағалайтын – қарға бойлы қарапайым қазақ

– Қазақ театрының негізгі көрермендері кімдер?

– Осы сұрақты қойып отырған – сіз! Қиялы былғанбаған зиялылар, ақшаға құл болмаған адал алаңғасарлар, ақындар, жазушы-журналистер, ғылым-білімге құштарлығы құрымаған, «құбыласы» ауыспаған қыз-жігіттер, бүгініне ырза, берекелі білім қуған магистрант-студенттер, ұстазы оңған оқушылар, театрды шын бағалайтын қарға бойлы қарапайым қазақ. Иманғалидың «продукт» кезіндегі анықтамасы бойынша, «әлеуметтік аутсайдерлер». Жапа-тармағай ұрлық пен қарлыққа көшіп, отыз жыл бойы «орда бұзғандар» театрдың есігін ашқан емес. Пугачева мен Галкин, «Звери», «Чай вдвоем» сынды тағы да басқа орысы мен оймауытының жұлдыз-сымақтарына тер төкпей тапқан теңгелерін белдері ауырмай шашып шақырып, тойларына тамада қылатын қағынан жерігендер өз қазағының өнерін қоқыс санағандар да солай… Шетел асып «шен» тағып келсең ғана, «біз осындай халықпыз» деп шірене қалатын шенеунігіңнің өзі аты-жөніңді алғаш естиді! Отыз жыл ойпаңда қалған қазаққа әлі отызға келмеген Димашты Құдайымыз бермегенде, әлі күнге әлдекімдердің айдауында жүрер ме едік, қайтер едік… Дене-мүшелері доллар сынды қышыма дертке шалдыққан, қарпу мен құртуға ғана құныққан билікке өзегің не керек, өнерің не керек! Есебі жоқ шу-шоуларды экран мен сахнадан шуылдатып қойып, есті жұрттың ойлануларына орын қалдырмай, ес-ақылыңды есеңгіреткен әнші-бишілердің мықыны мен ыңқылы ындынын кептіргендер – бүгінде қазақ деген қамкөңіл халықтың жады қақпасының қарауылы! Өз тарихың мен бүгінің, арзандаған қымбатың мен аза тұтқан жоғалтуларың, елім деп еңіреген арманың, ұмасы бұзылған ұрпағың жайлы қойылымың мен киноңды ұрыпты да қойыпты!

Өнердегі замандастарым мен кешіп жүрген уақыттың уын ішпей, келместің кемесіне мініп кетті…

– Өз замандастарыңыздан кімдерді ерекше бағалайсыз? Не үшін?

– Мектеп қабырғасында бірге есейген балаңдық сезімін жоғалтпаған замандастардың қасымда қалғандары жетерлік… Бәрі де менің тілеуімді тілейді… Исатай, Айнабек, Оспан… Астанада – Алтын, Ақтауда – Сәрсенкүл, Таразда – Ұлдаркүл… қайсыбір кездегі көрген қағажуымды, нақақ таңылған жаламнан ажыратуда миллиондаған халықпен бірге болып,олар атой салды! Қасымда болды!.. Ал өнердегі замандастарым мен кешіп жүрген кер уақыттың уытын көрмей, уын ішпей, келместің кемесіне ерте мініп кетті… Әнуар Боранбаев жеке басының тағдыр-тәлкегіне шыдас бере алмай, құсадан өлді… Себепкер «сарауыз сері» әлі жер басып жүр… Әшірәлі Кенжеев төтеден келген дерттен не болғанын ұқпай көз жұмды. Уайыс Сұлтанғазин де дертке шалдығып, шау тартып арсыға аттанды… Мейірман Нұрекеев өзін-өзі өртеп тынды… Құдайберген Сұлтанбаев та арғы дүниеге асықты… Кіршіксіз таза, оны-мұнымен ісі жоқ, қағылездіктен ада Құман ағам да киностудияның қақпа сыртында, келесі рөлін күте-күте келместің кемесіне мінді… Менімен бірге оқығанына ұялатын миы мен тілі мырықтардың, оң-солынан айрылып, әділетті ортадан орын таппай қалған, бастықтың бақайын сүюге дайын, бұл не сұмдық деуге бедері болмай бұғып қалған іні-сымақтардың аттарын ұмытыппын… Ал өз ойым мен жүрегімнің төрінде жүрген, жоғарыда есіме алған құрдас-замандастарымның бәрі де арашаға даяр, адал, аңғал, талантты жігіттер еді… «Топалаңға» ілікпей аман қалған Тілектес Мейрамов екеуміз едік… Ол құрдасым от ортасына мені жалғыз тастап, Астана асып, шалғайда жүр… Аман жүргей әйтеуір… Бәріміз де аға сыйлап, ата құрметтеп есейген болатынбыз… Аталарымыз ақсақалдықты аңсатып, «алыс» сапарға аттанды да, жағада қалған бірді-екілі ағаларымыз сақалды болғанмен, ата бола алмай қалды, артындағы біздерді мүйіздеп, кеудемізден итеруге именбеді… Е-е, деген… Өнердегі үзеңгілестерімді, замандас-құрдастарымды сағынатыным рас. Аңсайтыным да рас… Оларды адалдық аулында, әділет елінде бірге болғанымыз үшін жоғары бағалаймын…

 – «Барып қайт, балам, ауылға» деп асқақтата ән салған Жаманқұлов өз ауылына жиі бара ма?

– Менде кіндік қаным тамған Жаңасаз­дан, азын-аулақ, үзік-түзік бозбалалығым қалған екі-үш жыл ғана тұрақтаған темір жол бойындағы разъездер сынды мекенжайлардан басқа ауыл жоқ. Әкем өмір-бақи теміржол салумен өткен адам. Разъезден разъезге көше-көше, жаңа өңірге өгейлікті көп көрген мен – сол өзім туған аулымды, ауылдағы туыстарымды сағынумен ержеттім, соларды ойлаумен өттім-ау деймін… Ауыл мен елге деген сағынышты атам Жаманқұл-рахымелінің күпісі мен апам Баршагүлдің селдір тартқан шашындағы айран исімен, мұңға толы көздерімен басатын сияқты едім. Енді сол Жаңасаздағы атам, апам, әкем, бауырым жатқан қыратқа, атам мен апамның, сол ауылдың қария-қазыналарының ақылын сімірген, сүйегіне сіңірген шешем жайғасты… Барамын, неге бармайын… Барған сайын немере ағам Көпеннен басқа ешкім қалмағандай жетімсіреймін. Торғайбай атты құрдасым да сол төбеден мәңгілік жай тауыпты… Балаларым барады, бірақ олардың кіндік қаны басқа жерге тамған… Ауылымыз, еліміз деп елеңдейтін шығар, бірақ тап мендей сағынбайтыны хақ…

Ұлтты тәрбиесіз деуге ауыз қалай барады?

– Қазіргі театрлардағы қойылымдарға не жетіспейді?

– Алдымен Алла дарытқан Ұлы Мәртебелі Өнерге деген адалдық жетіспейді! Құрметі артық көрерменнің алдындағы Жауапкер­шілік жетіспейді! Ұлттық намыс жетіспейді! Суреткерлік сүре жетіспейді! Алымды актерлер мен қарымды режиссерлер жетіспейді! Сахна құдіретін кемітпеуге Өлермендік жетіспейді! Шығармашылық шабыт, өре, білім де қат боп тұр-ау!

– Театр арқылы ұлтты тәрбиелеуге бола ма?

– Мектеп емеспіз, балабақша да емеспіз… Ұлтты тәрбиесіз деуге ауыз қалай барады! Тәрбие емес, намыс отын жандырсақ деген дәме бар… Дарақы күлкі мен «Күлтөбенің басында күнде жиын» болған бөстекі мылжыңнан ада болар жол іздесек… Екіжарым мүшелге жуық уақыт жайлаған өтіріктен арылсақ… «Біріңді қазақ, бірің дос, – Көрмесең істің бәрі бос!» деген ұранды ту етіп көтерсек дейміз… Ықылым замандарда қалған есемізді қайтаруға қайрат қылсақ, бел бусақ дейміз… Жоғалтуларымыздың зардабын ұқсақ, тапқандарымыздан көз жазбасақ!.. Ертеңімізге барар төтені бүгін уайымдасақ шіркін!.. Бүгіннің дертін емдеуге, кешегінің қапасына қамкөңіл болуға тырыссақ! Дүние-боқтың құлы болмасақ! Елдігімізден айрылар тұста екенімізді екінің біріне ұқтырсақ! Осылар жайлы өнер тілінде «айқай» салсақ!

– Дулат Исабеков газетімізге берген бір сұхбатында: «Егер, Мәмбетов болса, қазір Әуезов театрында қойылып жатқан спектакльдердің көбін қоймас еді», – деп еді. Сіз бұған не дейсіз?

– Осы ағам да айтудай-ақ айтады, айта береді… Естір құлақ кем. Әзекеңнің оң жамбасына келмесе, сол Дулат көкем де көңілінен шықпай қалатын. Рас, талап өте биік болған-дүр… Алайда пендешіліктен де кенде емес еді, жарықтық… Адам ғой, тас емес… Сөзге ергіш еді, сенгіш еді… Театр репертуарының кейінгі он-он бес жылдықтардағы реңсіз рабайына себепші болған театрдың кейінгі басшыларын амалсыз қолдаған да сол Әзекең болатын… Жесір кемпір, жетім шал сияқты белсіз қойылымдар сол кісінің көзі тірісінде-ақ етек алған… Әлі де солай, жылап-сықтап, көрерменге қалай өмір сүруді үйретіп жүрміз… Бүгіндері сол Әзекеңнің атын да атамай жүрген, кезінде еркеленіп, алқаланып, атақ-даңқтың астында қалған «атан түйелер» неге үнсіз? Астанадағы сол кісінің төл шәкірті басқарып отырған Жастар театрына Мәмбетовтың есімін берейік деген атойды мен ғана салдым! Шәкірті болып, алдын көрген тәләбасы бірінші болып қарсы шықты! Аты мен шатағынан ат үркетін еркетотайлары да, қалалық әкімшілік те үнсіз…

– Өзіңіз сүйген істің биігіне көтеріліп, елдің қалаулы азаматы болдыңыз. Ендеше, актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұловтың өкініші бар ма?

– «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей!» Қалаулы азаматы болған сол елімнің бүгінгі «бір бармағы бүгулі» тағдыр-күйіне, алданған армандарының алдында ұятты сияқтымын… Олардың «неге бұлай болды?» деген өксікті сұрағының жауабын білсем де, дауасына пәтігім мен ақылым жетсе де, тақымым жетпей пәруәнамын… «Аға» – деді бір таксист жігіт, – «мен де қаражаяу емес едім, бірақ байқаймын, орысшаға менен гөрі жүйріксіз ғой, осы «Правительство для граждан» деген бүйірден шыққан бірдемені түсіндіріңізші. Біз сеніп, салық төлеп ұстап отырған қай правительство сонда? Ол кімдердің правительствосы, сіз білетін шығарсыз?» – деп қойып қалды… Үнсіз қалдым… Тілім байланды… Бұрын-соңды бұған мен де назар аудармаған екенмін… «Ол былай ғой» деуге дәтім бармады… Содан бері еңсем еңкеюлі, көбіне жерге қарап жүретін әдет пайда болды, әрмандарға, айырқалпақтыларға, гүржі­лерге, тіпті шүкшілерге де арналған саяси тұрмақ жәй әншейін анекдоттар айтпайтын болдым, күйім бұзылды, күлкім тыйылды!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі Әлімақын

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.02.2020 | 20:59

Әлі ..Заман мың құбылып өзгереді… Күтіңіз!

Аноним 04.02.2020 | 20:51

Бір кем, .. дүние. ..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір