ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КИНО АЛАМАНЫНАН «АЙҚАЙ» ШЫҚТЫ
27.11.2023
304
0

Бірінші Халықаралық Бішкек кинофестивалінде қазақ режиссері Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмі қазылар алқасының «ең үздік сценарий» жүлдесін жеңіп алып, суырылып алға шықты. Аки Каурисмяки бастаған дүниежүзіне аты мәшһүр кино өнерінің кіл жүйріктері жарысқа түскен аламанда ат оздырған фильм екі аяқсыз туған бас кейіпкердің өмірі арқылы ядролық жарылыстан зардап шеккен Семей полигоны құрбандарының тағдырын және анасынан айырылған баланың әкесіне жанашырлығын, қамқорлық жасауға деген талпынысын арқау еткен.
Аталған туындының түсірілімі Абай облысы Аягөз ауданы ­Шыңғожа­ ауылында өткен. Фильмнің сценарийін жазған әрі қоюшы режиссері – Кенжебек Шайқақов, қоюшы операторы – Жеңіс Екпін, көркемдік жетекшісі – Данияр Саламат, продюсері – Ербол Бораншы.
Бұл кино режиссердің екінші толықметражды жұмысы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген алғашқы фильмі болып саналады. 1980-90 жылдардағы халықтың ауыр тұрмысын, қиын да күрделі жағда­йын көрсетуді мақсат тұтқан Кенжебек Шайқақовтың, шығармашылық топтың ұйғаруымен, картинада басты рөлдегі Меліс атты кейіпкерді кәсіби актер емес, расында екі аяғынан айырылған қызылордалық азамат – Орынбек Шаймағанбетов сомдаған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір