Айқай (Әңгіме)
12.04.2023
2784
0

Қаннен-қаперсіз қалғып отырсаң, сусып түсіп қалатындай, судыр-судыр салафаны сыпырылмаған су жаңа джип мінген үшеуі жолға шыққанда күн еңкейіп қалған. Үшеуінің үш қайнаса сорпасы қосылмайды, облыс орталығынан оқшау жатқан алпауыт компанияда галстугын қылғындыра байлап, топылай тоздырған қызмет­тес қу, секемшіл серіктес. Екі-үш айдан бері алтын, мыс, уран шығатын Сарыөзек ауылдық округіне жақын жатқан Жыланды басын бір шалып, бауырын барлап қайтуды ойға алып еді. Әлі толық пісіп жетілмеген түрлі металл шоғырланған маңға адам баласының аяғы жете қойған жоқ. Уранның уы өткір болады дегенді ел айтушы еді. Қаңтардың қырық градус аязы қай металдың болса да күшін жойып, ашуын алады дегенді қай жерден естіп-білгендері белгісіз, бөлім бастығына әпкесін бергендей қылжақтап, арқасынан қағып «Бәке, Бәкеге» басып, бір-екі күн бөгеліп, сырт жақта бой жазып қайтамыз деген. Тақымдап қоймаған соң, көзі дөңгеленген, дудар бас директор қос қолының саусақтарын бір-біріне түйіс­тіре, киістіріп сықырлатып алды да, ақтаңдақ алақанын ақырын ғана асқазан маңайына жүгіртіп, кәстөм сыртынан қозықарнын бір сипап қойды. Әлгі үшеуі «құп» дегендей бас изеді…
Бірі – арықшаң, ұзынтұра, көк көзді жігіт, жас шамасы қырықты қылғындырып қалған. Енді бірі – күнге қақталғандай күрең жүзді тапал. Ұзынтұрадан екі-үш жас айырымы бар, салық басқармасының құлағын ұстап отыр. Жол бастап келе жатқан үшіншісі – мысық мұрт, қою қара шашы желкесін жапқан тышқан көз. Жүрген жерін жапырып, жүзі жылымағанға жұдырық ала жүгірген нойыстың ныспысы – Габа. Ғазиз дүние дидарын көлегейлеп, көп көңіліне көлеңке түсіркенде-ақ Ғабит есім-сойы көмескі тартқан, анда-санда қызмет бабында әкесінің атымен қосарлана аталғанда, осы мен бе едім дегендей, делдиген мұрнын бір тартып қойып, аңтарылып қалатыны бар. Бұл мырзаңыздың Сарыөзекте кіндігі кесіліп, тірлігі түгелденіп, тұрмысы түзелген. Осы отырғанда саусағын әрі-бері шошаңдатып, мәшиненің терезесін тесіп жіберердей болып отырғаны содан. Сай-сала, ой-қырына көз тоқтатып, сөз сапырып отырғаны әлгі екеуге ермек болды. Аузы көпіріп, қысыр сөзін үсті-үстіне үстемелей түсіп, «осы төңіректің төбесін түбелет қылып, төріне шығып тост айтып, төс мүжіген ер едім» деп шиқылдап бір күліп алды. Онысы тау қопарып, тас арқаладым дегендей әсер ет­ті екеуіне.
Сөзінің бір өтірігі жоқ. Сырт көзге суайт, жылпос көрінгенімен, әңгімеге келгенде көмейіне келгенді іркіп қалуды, таңдайындағы татымдыны таңдап алуды білмейді. Жұғымдыны жырғап салған жандай, жуындысын ақтарып салып отыра береді.
Былыққа белшесінен батқанда-ақ дүниеқор, арам сирақ атанып, ауылдан безіп кеткен. Содан бері қатын-балаға бас ауыртпаған. Ат баспаймын деген жерін үш басады деген сөз рас-ау, енді, міне, екеудің жанында емпеңдеп, ерт­теулі ат­тай елегізіп, екі-шоқып, бір қараған құзғындай алақ-жұлақ. Ананы-мынаны бір айтып, арсалаңдап қояды. Ұрының арты қуыс. Қай жерден қай ұрлығым әшкере болады екен деп, сырқаты меңдеген науқастай мазасы қашып-ақ отыр. Түлкі тымағын баса киген тапал күрең мелкашка мылтықты қайта-қайта сипап, патронға пытыра тықпыштап әлек боп отырғанда, дүмі мұның иығына тиіп кетіп еді, еліктей селк етіп, өз-өзінен ыршып түсті.

…Бұлар бағыт алған Жыланды – ел қоныс етерліктей етегі кең, бір жақ бүйірі беліне дейін пышақ қырындай қиыршық тастар тістесе тізілген, белден жоғары бүркіт тұмсығындай үшкірлене түскен, ал екінші жақ беті тананың терісіндей жайылған жалпақ, жауын-шашын, қыс мезгілінде малға ықтасын, пана боларлық тұрқы бар жапандағы жалғыз төбе.
Облыс орталығынан тұп-тура жүз елу шақырым. Жер танабын қуырған жүйрік мәшинемен жүйткіп отырып жүз елу шақырымды шопыр біткен шай қайнатым уақыт­та еңсеріп тастап-ақ жүр еді, неше жылдан бері төселген тақтайдай асфальт­тың талқаны шығып, тамтығы қалғалы жердің түбіне бір күннің жартысын тауысып барып жетіп жығылады.
Екі ортаға қатынасқан такси, мал таситын фермер содан бері екі соқпақ салды: бірі – Түгіскен стансасының қолтық жағына қыдыра жайылған қарағанжалдың бүйір жақ беткейіндегі төте жол, бұтынан бұқа жетектейтіндей техника болмаса, жеңіл көлігіңіз итырғылжыңмен көбік құсап қалқып қалады. Енді бірі – Айқай аталатын өзеннің иек жақ тұсындағы қыр жиегін қаптай созылған қызылкүрең құм аралас жалғызаяқ жол. Жыландыға келген жолаушы атаулы осы уақытқа дейін Айқайдың айналма жолынан жаңылған жоқ. Құланиек-құлқынсәріден қара құптанға дейін қыр бөктерінен құлдилап, жалғыз­аяқ жолдың шаңын аспанға көтеріп, салқар көш ат басын тіреп, аяқ суытқан.
Көбік қар түсер-түспесте қарашаның қара жаңбыры қоса қабат­тасып, қарайғанды қалтыратқаны былай тұрсын, көктемнің орта тұсына дейін Айқайдың жалғызаяқ күре жолын лайсаңдап, буы бықсыған қоймалжың балшыққа айналдырады. Біраз уақытқа дейін айналасында тыныштық орнап, суат жағалаған мал азайып, кісі аяғы сиреп, анда-санда ажылдаған трактор болмаса, келімді-кетімдінің аздығынан қызылкүрең науа жол көмескіленіп қалады, осы бір меңіреу мезгілде Жыландыға жолға шыққан жұрт амал жоқ, Түгіскеннің төте жолына түседі.

– Жер қатқақ. Джип дегенің өңкілдеген өгіз емес пе?! Не де болса, тәуекел, тарт Айқайдың жолымен! – деді Ғабит әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып, буланып келе жатқан терезесін алақанымен үйкелей сүрт­ті, – Түгіскен жолына түссек, жұрт көзіне түсіп қалармыз. Бәледен аулақ!
Ә, ондайы да бар ма еді дегендей сұраулы жүзбен қарап, ұзынтұра сөзін нығыздай түсті:
– Айқай десең, Айқаймен басайық. Сен болмасаң… адасып қалады екенбіз айдалада.
Тым-тырыс отырған тапал да сөзге араласты:
– Осындай құпия жолдарды айта отыр, қызмет­тегі адамбыз, жаңалықтан жарқырап шығып жүрмейік!
Мылтыққа мен ие болайын деген ыңғай танытқан Ғабит:
– Қорқатын дәнеңе жоқ. Өзім білетін өлке ғой, қоян-түлкі кезігетін шығар. Сарыөзектің сыбағасынан дәм татасыздар, – деп тапалдың жанындағы мылтыққа қол жүгірт­ті.
– Өзеннің Айқай деген аты да сұмдық екен. Түн болғасын ба, бойым мұздап сала берді, – деген ұзынтұра сөзіне үшеуі де «быр-быр» десіп, бір-бір сілкініп алды.

* * *

Көзін тырнап ашқалы әкесі Тұрардың соңынан қалмай, жүген-құрығын сүйретісіп, Айқайға мал суара талай келген. Алғашқы күндері арқырап жатқан өзенге барғанда жүрегі аузына тығылып, лоблып, ағып кете жаздап, қорқақтап қалды. Өзен жағасынан қиыршық тастар теріп, моншақ тізіп, дорбасы бос қайтқан күні жоқ. Арғы бетке жылқы амандап кеткен Тұрарды тағаты таусыла күтіп, жар жағасында жалғыздан-жалғыз ойнап қалып қойып та жүрді. Қайран балалық, дәл осы Айқайдай былғанбаған, мұнтаздай таза едің-ау?! Қазір нендей күйге түстің? Былғанышсың ғой! Алып-ұшпа сезім дәл осы Айқайдай арнасынан асып-тасыған арынды еді-ау расында?!
Сабылған жұрт құлақ сарсытып алып-қашпа әңгімені көп айтады. Әуел­гілер әудем жерді бір шолып шығып, Жарбай дегеннің қатыны түн ішінде далаңдаған көйлектің етегін сүйретіп, үйінен шығып бара жатқан жерінен итке таланып, өзенге қарай айқайлай қашып, таңсәріде сүйегі жағаға шығып қалған дегенді айтса, тағы бір топ түн қыдырған қос ғашықтың қол ұстаса айқайлап, аспанға шапшып тулаған толқын құшағына құлай кеткені турасында сөз қылады. Ауылдың өсегін бір үрлесе қоздатпай қоймайтын тағы бір қыдырма жұрт­тың аузы алақаншық боранда адасқан бейбақ туралы сарнайды, бір-бірін іліп-қағытқан ауыз оны-мұны ермек қып, қияндап барып тоқтайды.
Ат­ты адамды ағызып кететін Айқайдың бұрынғы арыны басылған, он шақты жылдан бері тартылыңқырап қалды, десе де суатқа құлаған малдың шөлі қанарлық қор бар.
Ел-жұрт­тан естіген әңгіменің ішіндегі Ғабит­тің көңіліне қонғаны – алып-ұшпа сезімнің құрбанына айналаған қос ғашықтың қасірет­ті тағдыры. Осы бір қиссаны өз әкесінен де бір-екі рет естігені еміс-еміс есінде.
Тұрлауы жоқ дүние Тұрарды төбе басына көшіргелі бері тотияйын түстес көгілдір аспан бір ашылған жоқ. Көкжиекті көмкерген аспанның күңгірт тартып кеткеніндей, Ғабит­тің де көңіліне кірбің ұялап, енді ғана тұтанған үміт шоғы сөніп еді.
Совхоз тарап кеткенде ұстап қалған екі-үш үйір жылқы, елу-алпыс тоқты-торым Ғабеңнің еншісіне бұйырды. Ол әкесі өлерден бұрын осы жиған-тергенді етке өткізіп, үйленіп, бас құраймын дегенді айтып жүрді. Көбіне көңілденгенде ғана сөйлейтін Тұрар ақырын бас изеп, оның жөн дегенді ишарамен ұқтырған. Мұны естіген шешесі Қалила той қамына кірісіп, Ташкент сапарлап кеткенде Тұрар ойда-жоқта ат­тан жығылып, алты күн төсек тартып қап, жамбасы ойылып, демі таусылып, жүріп кет­ті емес пе? Алпыс жыл ат үстінде жүрген адамның ат­тан құлап өлді дегеніне сенер-сенбесін білмеген жақын-жуық көз жасын сығып алған-ды. Қажыған көңіл тез жығылғыш келеді екен, көп ұзамай Қалиланың базары тарқаған. Баянсыз дүниеде басы салбырап, бақсының моласындай жалғыз қалғанда ферма бастығы Ақтайдың қызын алып қашып, бір жыл өтер-өтпесте дәм-тұзы жараспай, жылатып кете барған. Ойлы жанға ол да бір дәурен екен, ол да бір көңіл сандығындағы құпия екен…

* * *

Асай-мүсейін салдыр-салдыр еткізіп Ақтай ауыл етегіне жұлдыз жамырағанда жет­ті. Күндегі әдетінен жаңылып, кеш келген иесіне өкпелегендей астындағы ат та қораға бет­теуге құлықсыз, талтайып тұрып шаруасын бітірді де, артқа тартыншақтай беріп, теріс кетіп қала жаздады. «Қан-сорпаң шықты-ау сенің де… Үйи, құлағыңды…» дегенді шал шылбырды шумақтап жинап тұрып, естілер-естілмес қана айт­ты. Жан-жағына ұрлана бір қарап қойып:
– Екеуміз де құдайға керек екенбіз, – деді Ақтай ат­ты жұбатқандай жалынан сипап. Қызылшұнақ аяз қолқаңды қабады. Күнұзаққа ат үстінде жүргендікі ме, әлде бүгін болған уақиға уақытында тоңғанын сезбеді ме екен, тақымын тоқымнан босатқаны жаңа ғана еді, тоңазып, тіс-тісіне тимей сақылдап кет­ті. Қаңтар күн батқаннан-ақ күшіне мінген екен. Шалдың қамшыны маңдайшаға ілгеннен соң іле-шала шарт ширығып, «Сақиып қатып, сүйегімді теріп алар адам табылмай қалар, әкең…» дегенді күбірлеп еді, даусы дірілдеп шықты. Айдың жарығымен қырау шалған кекілін тоқыма биялайын шешіп, тарап-тарап жіберіп, ауыздығына сілекейлене қатқан сүңгіні қағып түсірді. Бүкір кер басыма жемдорба кигізе ме деп күтіп еді, иесі түк білмеген адамша айыл-тартпаны босатып алып, ертоқымын терлігімен қоса сыпырып, киізден тігілген қырғыз жамылғымен жабулап, үйге аяңдаған. Қоңыр тымаққа қонақтаған қарды сілкіп-сілкіп жіберіп еді, мені де өзіңмен ала кет деген қиқарлығына басып тұлыбының етегіне жабыса үйге кірді. Есік ашылар-ашылмастан алдынан шыққан жеті жасар жиені Сағит сырт­тан кірген суық ауаны жұтып, бойын дір еткізіп, ширақ қимылға көшті. Күндегі әдеті біреу – шалдың прикәз-пәрменінсіз балтырын байпақ қысқан, қонышы қара санын қапқан саптама етікті сыпыру. Бүгін де тыртыңдап жүріп, тарамысталған былғары етікті өкшеден жұлқа тартып, танауын бір қорс еткізді. Аяқ киімнің үзеңгілігіне жабысқан бір уыс қар қолында қалған екен, қос алақанымен құртша сығып, мыжып-мыжып пешті көздей былш еткізді. Ақтай мұны кешігіп келгеніне көрсеткен құқайы деп ұқты.
Самайдан сорғалаған сақал-мұрты­ның жібіген мұзы домалап барып оюлы кәрсен кесеге күмп бергенде шоршып түскен ыстық тамшы алақан сыртын күйдіріп еді, мыңқ еткен жоқ. Буы бұрқыраған ыстық шайды сораптап, жаны жоқ добалдай ерін қимылға келгенде құлақты қуалай қарақұйқадан тер сауласа да сыр алдырмады. Осындайда орамалын ала ұмтылатын Орынкүл оймақтай кесені түрткілеп ой бағып кеткен екен.
– Майлығыңды бері таста, маңқамды жияйын! – дегенде селк ете қалып, самарқау қолын созды.
Әншейінде есікпен алысып-жұлысып тыным тап­пайтын үй іші тобық жұтқандай тым-тырыс қалыпты. Шайланып болған соң, жайланып жатпаққа бел шешіп еді, бәйбіше салған мамық төсек тастай боп жамбасына батқаны несі? Тарамыс дененің әлі құрып, күн сайын қуаты кеміп бара жатқанына осы көзі шүңірейген шал бір мезгіл ой жүгірт­ті ме екен? Тақыр жерде жатқандай қолын құйрығының астына төсеп көріп еді, бәрі дұрыс сияқты. Ұйқысы қашып, жанына батқан қайғы маза бермейді.
Қаңтардың қызылшұнағын қымс етпейтін Ақаң жарты бөлкені қойынға тығып, жарты тостақ шалапты шайқап, киіз қоржынға тоғытқан малтасын мылжалап, жылқысын баққан жылдары бұл өлке Сарытоған аталған. Қасқыр тартып кетіп, өңеші қиылып, өзегі үзілген өкімет­тің жылқысын тоған басына жиып-теріп, қат­тап-шот­тап, жапатармағай жиылған жұрт ию-қиюлап талай тарқасқан. Қылаяғы құрыққа ілінгенді сойылға жығып, итше тепкілеп, Итжеккен асырған. Талай жылды мойнына іліп тентіреп кеткен жылқышының бәйбіше-тоқалдары көз жасын көл етіп, тоған үстінде зар илеп қала берген. «Бұл дүние ғазиз бастан өтер-кетер» деуші еді бұрынғылар.
Қырға иек артып, қызылсыраған Қырымбай қарияның қырық серкеші тып-типыл боп, ұшты-күйлі жоғалып кетіп, жар астындағы өзектен қылтиған қырық бас шығып, ырғала басқан ырдуан арба осы Ақаңдардың үйінің алдына қаңтарылып еді-ау. Жасы келген қариядай еңкіш тартып, томпайған тоған шөгіп, аласарып қалғанда совхоз Сарыөзек болып ен-таңбасы ауысқан. Арғысы Албан, бергісі Берішпін дейтін берекелі елдің бесігін қыдыр тербеген жұрағат­тың жұп құрап, жымдасқан атақонысы – Ақтайдың алтын бесігі.
Жалғыз қызы етегінен тартып, қалаға көшейік дегеніне шалың шамданған. Бәйбішенің де бір-екі қыңқылына құлақ асқан жоқ. Қала десе қай-қайдағы еске түсіп, қозып кететіні бар. Малдың бәрі аусылдан қырылып кете жаздап, дәрі-дәрмекке кеткенде Тұрардың тұқымы қызын алып қашқан.
Е, бұған да көндік деген Ақаң көп ұзамай-ақ сан соғып қалған. Сол қуыс кеуде қолына бір ілікпей кет­ті, кезіге қалса буындырып өлтіруге бар. Сондайда кек қысып, тісін қышырлатып қояды. Алпысты алқымдаса да қаусап тұрғаны шамалы, ат үстінен адам аударып аларлық қауқары бар.
Әрі аунап, бері аунап көзі ілінбеді. Сағит пысылдап жатыр. Әлгі үшеу мұның көз алдынан кетпей қойды. Біреуінің дауысы құлағында қалыпты. Бұрынырақта естіген, бірақ қайдан?.. Есіне түспей дал болды…

* * *

Сеңсең жағалы қара тұлыптың ішіне сұғына бас қойған суық жел кеулеп кетіп, далиған етегіне саптама етіктің тізелігін ұрғылатып қойды. Мына қаңтар қай қаңтар, бет қаратар емес. Жылқы шұбап тұрмаған соң Жыландының ық жақ бетіне иірген. Сол-ақ екен таяқ тастам жерде екі-үшеу бүгежектеді, қорсылдап жылқы үрікті. Әуелгіде шал киік екен деп мылтығына жармасқан. Тоқыма биялайын қолынан шешіп, көзін уқалағаны сол-ақ еді, жел қуалай жетіп келді.
Ұрынарға қара тап­пай тұрған үшеу ұртына құрт тығындағандай мыңқ-мыңқ етіп анық сөйлемеді. Оның үстіне әулекі жел де бұған бағыт­таған сөзді алып-қашып әуреледі. Әуелгіде шал жол сұрап, адасып жүрген мүсәпір екен деп мүсіркеп, жылы қабақ танытып еді. Түзде жортып тағы болған Ақтай мына үшеудің міңгіріне түсінбеген кейіпте енді не десем екен дегендей, түкірігін жұтып, тілін тістеп, кібіртіктеп қалды. Бұл үндемеген соң әлгілер үдей түсіп, өршелене үріп, дөңайбат­тана қыр көрсет­ті. Боранды күні қағынып, қаңғыған қазақтың талайы өткен бұл маңнан. Дәл мұндай түсі суық, тері қалың тентектерді жолықтыруы тұңғыш рет. Дәу де болса мына Жыландыны асты-үстіне шығарып келе жатқандар деп долбарлады. Шалдың ойын бағып тұрған үшеу екі ауыз сөзге келген жоқ. Ұрымтал тұста ұстаса кет­ті. Айтып ауыз жиғанша болмады, біреуі шылбырға, біреуі сулыққа, тағы бірі күшіктей боп шаужайына жармасты. «Ой, әкеңдіге» басқан шал қамшымен осып-осып жіберді. Алақаншық боран айқайға араласып кет­ті. Шаң-шұң дауыс шартылдаған қамшы астында қалды. Мыжырайған шалды қалпақтай ұшырып түсіреміз деген ойы іске аспағанына үшеуі өкінді. Мұны білгенде мелкашкамен қақ маңдайдан сарт еткізер еді. Шал да мына бір көлденең келген қырсықтан құтылмақ боп түн қойнына сіңді де кет­ті. Аяз алқымнан, боран борбайдан алып, апырақтады да қалды. Мініп келген көлігін осы бір маңайға қойған сияқты еді, жауған қар көміп тастапты.
– Ааа-ааа-ааа
– Аа-аа-аа
– Аа…
* * *
Ертесіне Ақтай шал жылқы амандап Айқайды бетке алып еді, кешегі үшеудің сүйегіне сүрінді. Кешегі дауыс құлағында әлі тұр. Жазбай таныды.
Көзі қарауытып, аспан айналып жерге түскендей болды. Айқайлап жіберді… Көптен кеткен көмусіз қалады деген рас-ау.

 

Абай ОРАЗ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір