Осип Мандельштам. Сөз және мәдениет
29.01.2020
1637
1

Петербург көшелеріндегі жап-жасыл өскіндер… – заманауи қалаға тіптен өзге өң беретін ну орманның, мөлдір табиғаттың жаршылары. Бұл жарқын, нәзік өсімдік өзінің балғындығымен жаңа бір өмірдің рухани әлемін оятатындай. Расында, Петербург әлемдегі ең дамыған қалалардың бірегейі. Бірақ оның даму жылдамдығы метрополитендермен, шатыры бұлт тіреген биік ғимараттармен емес, жүрегі мұзға айналған қала тастарын жарып шыға алатын өсімдіктерімен өлшенеді.

Осип Мандельштам

Біздің қанымыз, біздің музыкамыз, біздің мемлекеттілігіміз – мұның бәрі осы бір жаңа табиғаттың, Психеяның (гр.миф. «Жан жаршысы») болмысында өз жалғасын табады. Бұл Жан патшалығына адам баласының әсері болмайды, мұнда әрбір ағаш дриадаға (гр.миф. «Мәңгі жасыл өсімдік») айналады және әр құбылыс өз метаморфозы жайлы өзі айтатын болады.

Тоқтату керек пе? Неге? Әке үйінің мейіріміне шөлдеген немесе өз ұясына батуға асыққан Күнді кім тоқтата алмақ? Мұндай құдіретке қарсы шыққаннан, оған арнап дифирамб (гр. миф. «Дионис құдайға арналған мадақ жыр») шырқау керек емес пе?

Ол ештеңе түсінбеді,

Әлсіз әрі ұялшақ балалардай күлді.

Ол үшін бейтаныс адамдар:

Тек жануарлар мен балық аулаушылар сынды… (А.С. Пушкин «Сығандар» поэ­масы, кәрі сығанның Овидий туралы айтқаны)

«Бейтаныс адамдар», бізге дейінгі көне әлемге танытқан жанашырлықтарыңыз үшін, оны сақтап осы күйінде болса да жеткізгендеріңіз үшін рахмет сіздерге. Басқа бір әлемге аттанған, жаңа метаморфозаға дайын «Бейтаныс адамдар»…

Cum subit illius tristissima noctis imago,

Quae mihi supremum tempus in urbe fuit,

Cum repeto noctem, qua tot mihi cara reliquit,

Labitur ex oculis nunc quoque gutta meis

Мен сол түнгі мұңлы бейнені ғана елестетемін.

Градта болған менің соңғы Түнім…

Қымбаттыларыммен қалай қоштасқа­ным ғана есімде,

Көзімдегі жас тоқтай алмайды Менің…

(Овидий «Қайғылы элегия»)

 * * *

Иә, көне әлем – ол енді жоқ, бірақ ол бұрынғыдан да жандана түскен секілді. Мәдениет әскери лагерьге айналды: бізде тамақ емес – нәрлендіргіштер, бөлме емес – ұяшықтар, киім емес – жамылғылар бар. Бірақ біз ішкі еркіндікке ұмтылуды үйрендік, адам жанына үңіле бастадық. Біз енді сазды құмыралардағы суды шарап ретінде іше аламыз, ал монастырьдың асханасы ең қымбат мейрамханалардан жанымызға жақынырақ. Алма, нан, картоп – енді тек физикалық қана емес, рухани аштықты да қанағаттандыра алады. Жаңашыл адам тек физикалық аштықты сезінбеуі керек, ол енді рухани тамақтанудың да жолын іздестіреді. Ол үшін Сөз – тәнін де тойғыза алуы, ал қарапайым нан – үлкен бір құпияларды ашуға бастауы тиіс…

* * *

Адамдардың басқа барлық өзгешеле­ліктері мен қарама-қайшылықтары «Сөздің досы» мен «Сөздің дұшпаны» болып бөлі­нуінің алдында түкке тұрмайды. Нағыз қозы мен ешкілер сияқты. Мен сөздің жау­ларынан шыққан ешкі рухын сезінемін. Мұн­да менімен толық келісуіңізге болады, себебі қарсыласыңнан келетін иіс – дәйім жағымсыз. Француз революциясы, түсінгеніміздей, мемлекетті зайырландыру процесі шіркеуді мемлекеттен бөліп қарастырумен тоқтаған жоқ. Тек әлеуметтік төңкеріс қана толыққанды зайырлылыққа жеткізді.

Князьдар мен монастырьлардың қа­лай байланысатыны секілді, мемлекетті мәдениетпен байланыстыратын жаңа қарым-қатынастардың түрі пайда бола бастады. Князьдар монастырларьларды кеңесші ретінде пайдаланды. Осымен бәрі айтылып-ақ тұр. Мемлекеттің мәдени құндылықтарды құрметтемеуі оны мәдениетке толықтай тәуелді етеді. Мәдени құндылықтар мемлекеттілікке әсер етеді, оған түс, пішін береді. Тіпті оның болмысын түгелдей ашып көрсететін жалғыз құндылық осы ғана. Мемлекеттік ғимараттардағы, қабірлердегі, қақпалардағы жазулар мемлекетті уақыт ағысында жойылудан сақтандырады.

Поэзия дегеніміз – уақыттың терең қабат­тарында, оның қара топырағының астын­да қалып қоймау үшін уақытты жарып жіберетін соқа іспетті. Адам баласы бүгінгі күнімен қанағаттанбай, уақыт қабаттарын жарып шығып, тың жерлерге жетуді аңсайды. Сондықтан өнердегі революция сөзсіз классизмге алып келеді. Дәуіт Робеспьердің егінін жойып тастауды қалағаны үшін емес, жердің ол егінді өсіргісі келмегені үшін жойылғанындай…

«Бұл – керемет, бірақ бұл – өткен күн ғой»,– деп айтатындарды көп кезіктіреміз. Бірақ мен оларға ылғи да «Өткен күн әлі туған жоқ», – деп жауап беремін. Ол әлі шынайы болған жоқ. Себебі мен әлі де Овидийді, Пушкинді, Катуллды көргім келеді. Мені тарихи Овидий, Пушкин, Катулл қанағаттандыра алмайды. Бір таңқаларлығы, іс жүзінде бәрі ақындарды танығысы, зерттегісі келеді, бірақ олардың жұмбағын ешкім шеше алмайды. Тура бір оларды оқисың, тереңірек ойланасың, бәрі түсінікті болатын сияқты… Жоқ, қателесесіз. Катуллдың Күміс сырнайындағыдай:

Ad claras Asiae volemus urbes

Біз Азияның үлкен қалаларына ұмтыла­мыз…

азап шектіру мен мазалау кез келген футуристік құпиялардан мықты. Мұны орыс танымымен түсіне алмаймыз. Бірақ біз түсінуге тырысамыз. Мен латын өлең­дерін алып отырмын, өйткені олар орыс оқыр­маны үшін міндеттілік категориясы секілді көрінеді. Бірақ бұл классикалық үлгі, сондықтан ол барлық поэзияға тән қасиет. Бұл болғандай емес, болуы керек секілді көрінеді.

Сонымен, «әлі бірде-бір ақын болған жоқ» дедік. Естеліктер ауыртпалығынан арылдық. Бірақ қаншама алғышарттарға лайық байлығымыз бар: Пушкин, Овидий, Гомер. Тура бір сүйген жан сүйіктісінің есімін есіне түсіре алмай ойланып отырған сәтінде оған бірден бәрі таныс көріне бастайды: айтылған сөздер, ол сипаған шаштар, терезе сыртында таң атқанын білдіре шақырған қораз да Овидий шығармаларында бейнеленгенін және өзінің соларды қайталап отырғанын ойлап қуанады, қайталау да адамға сонша шаттық сыйлай алады:

Қара су сияқты мен бұлтты ауаны іштім,

Уақыт қатпарлары ауысып, раушан жерге айналып кетті. (О.Мандельштам «Әпкелер – ауырлық және нәзіктік өлеңі»)

Осылайша, ақын қайталаудан, қайтала­нудан қорықпайды, классикалық шарапқа мас күйінде қалады. Бір ақынның ақиқаты бәріне бірдей емес. Сондықтан ешқандай мектеп құрудың қажеті жоқ. Өлеңді ойлап таппаңыз, ол өзі келсін…

* * *

Сөз өмірінде батырлық дәуірі басталды. Сөз – ет пен нан. Бұл нан мен еттің тағдыры – азап. Адамдар аш. Мемлекет онан бетер ашығуда. Бірақ олардан да аш бір дүние бар, ол – уақыт. Уақыт мемлекетті жалмағысы келеді. Керней үні секілді қауіп-қатер келе жатыр. Кім сөзді көтеріп оны уақытқа көрсетеді? Леонтьевтің Византиясынан асқан аш ештеңе жоқ, ол аш адамнан мың есе қауіпті. Сөзді жоққа шыға­ратын мәдениетке қарсы тұра білу – нағыз әлеуметтік жол, қазіргі ақынның ерлігі де осы.

Жүрегі бар адам кемесінің су түбіне батып бара жатқан

уақытын тыңдай білуі керек…

(О. Мандельштам
«Прославим, братья, сумерки свободы»)

Поэзиядан айқындылықты, нақты­лықты, материалдылықты талап етпеңіз. Бұл – революциялық аштық. Фоманың күмәні тәрізді. Неге бәрін түртіп көрсетуге тиіспіз? Ал, бастысы, неге Сөз өзі анықтайтын затты көрсетіп қана қоюы тиіс. Зат Сөздің қожасы ма еді? Сөз – Психея (гр. миф «Жан жаршысы»). Жанды сөз затты білдірмейді, баспана таңдағанымыз секілді өзіне ыңғайлы материяны, мәнді таңдап алады. Заттардың айналасында сөз қаңырап қалған кеңістікте жүргендей күй кешеді, дәл жан тәннің айналасында еркін кезіп жүретіні секілді. Егер біз көрініске ғана жүгінер болсақ, онда материалдылық туралы сөз мүлде басқа болушы еді:

Қызылсөзді алып, мойнын сындыр!

(П.Верлень «Art poetique»)

Тек сүйкімсіз өлеңдер жаз, егер қолыңнан келсе, егер дәтің барса. Соқыр адам жанына жақынын сипап сезбей-ақ, бірден таниды, Ұзақ уақыт айырылысудан соң кездескен уақытта оның көздерінен нағыз бақытты көретініңіз сынды. Іште жазылған жыр оның сыртқы формасымен мүлде сәйкес келмеуі әбден мүмкін. Әзірге бірде-бір сөзде жоқ, бірақ өлең үні жаңғырып тұрғандай болады. Бұл жырдың ішкі образы, ал оны шығару ақынның есту қабілетіне байланысты.

Тек тану сәті біз үшін тәтті.

(О.Мандельштам «Trista»)

Мұнан соң глоссалалия (гр.сөзі «түсі­ніксіз сөйлеу») құбылысы басталады. Бұл қасиетті қобалжу сатысында ақындар барлық уақыт тілінде, барлық мәдениет тілінде сөйлейді. Мүмкін емес ештеңе де жоқ. Өмірден өткен адам бөлмесінің есігі бәріне ашық болатынындай, ескі әлемнің есігі де жамағат алдында айқара ашылады. Кенеттен бәрі ортақ мүлікке айналды. Барыңыз да керегіңізді алыңыз. Барлығы қолжетімді: барлық лабиринттер, барлық жасырынатын орындар, барлық құпия жолдар… Сөз жеті баррелді емес, енді мың баррелді көлеммен көрініп тұр, енді ол барлық ғасырлар тынысында болғандай. Глоссалалиде ең таңқаларлығы – сөйлеуші өзінің қай тілде сөйлеп жатқанын білмейді. Ол өзіне мүлде бейтаныс тілде сөйлеп жатқандай. Өзгелері, олар да не грек тілінде, не халдей тілінде сөйлеп жатқандай болуы мүмкін. Бұл эрудицияға толық жат нәрсе. Осылайша, қазіргі поэзия өзінің күрделілігімен және талғампаздығымен ерекшеленеді:

Мынау өте қарапайым әнге құлақ түріңізші... (П. Верлен)

Қазіргінің синтетикалық ақыны маған мәдениеттің Верхарны емес, Верлені секілді көрінеді. Ол үшін көне әлемнің күрделілігі – сол Пушкиннің көбелегі тәрізді. Онда идеялар, ғылыми жүйелер мен мемлекеттік теориялар бұлбұлдар мен раушандар ән салған кезде айтылады. Революцияның себебі планетаралық кеңістіктегі аштық деп кім айтты? Бізге бидайды ауаға себу керек.

1921ж.

Аударған

Роза АСПАНҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.04.2020 | 21:08

Шизофрения деген ойлаудың бұзылған түрін өзінен жеріген сорлы ел осылай өнер деп шатасады… Бірақ, нағыз қазақтың ғажайып ойын оларға жеткізетін ондай тіл оларда жоқ. Ал олардың кез келген ғажап деген шатпағын қазақша ойнап отырып айта беруге болады..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір