Алаш мецанаты
Биылғы жыл – Абай жылы. Соған орай абайтанудың алдыңғы легінде болған, ғылымда қорғап, қорғануды емес, шабуылдап қамал алуды алдына өмірлік мақсат етіп қоя білген қайсар қазақ, қайтпас қазақ – Қайымның әкесі Мұхамедхан туралы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз.
Дәулет Сейсенұлы
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Өйткені бұл ақсақал Абай бастаған ұлылардың, Әлихан бастаған Алаш арыстарының шын мәніндегі қамқоршысы болған адам. Оның үстіне, кешегі сұрқай заманның нәубатында «жолсыз жазаға» ұшыраған Мұхамедханның өмірге келгеніне биыл – 150 жыл. Биылғы Абай жылында Абаймен, төңірегіндегі басқа да ұлт мақтаныштары болған асыл азаматтармен тығыз қарым-қатынаста араласып, соларға қатысты игі шараларды атқарысуда еш аянбаған Мұхамедханның мерейлі 150 жылдығының аталып өтуі, ол да ең алдымен хакім ақынға құрмет деп білеміз. Қаңтар айының соңына қарай Алматыдағы Ұлттық кітапхана «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығымен» бірлесе отырып алқалы жиын өткізбек. Мұхамедхан Сейітқұловтың 150 жылдығы аталған кітапхана мен Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапхананың күнтізбесіне енгізілген екен. Бұрын естімеген екенбіз, 2014 жылы Қарағандыдағы бір көшеге Мұхамедхан Сейітқұловтың есімі беріліпті.Сонымен абыз Қайымның әкесі Мұхамедхан туралы бұған дейін қандай мазмұнда әңгіме айтылып, сөз қозғалып еді дегенге келсек, ауызды құрғақ шөппен сүрткен жөн емес. Бұл тұрғыдан алғанда, алдымен Кәкеңнің өзіне жүгінген жөн. Соған орай баласының әкесі туралы айтқан жүрекжарды сөзін тұтасымен келтіре кетсек:
Абай журналы
«Алаш арыстары туралы сөз қозғайтын болсақ, әкем Мұхамедхан Сейітқұлов туралы айтпай кете алмаймын. Мұны енді оқырман қауым дұрыс түсінуін өтінемін. Менікі кейбіреулер сияқты көрпені өзіме қарай тарту емес. Ал әкем туралы айтатын болсам, оған оның Алаш арыстарымен жақын сыйластығы себепкер.
Әкем Мұхамедхан – заманына сай көзі ашық, сауатты адам еді. Бойына біткен кісілігі шығар, ертеден ұлы Абай төңірегімен аралас-құралас болған. Бергі төңкеріс кезінде Семейде шыға бастаған Алаш үні «Сарыарқа» газеті мен Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған «Абай» журналына, қазіргі тілмен айтқанда, меценат ретінде демеушілік көрсетуі сол ұлы ақынның өнеге-тәрбиесі емес деп кім айтады? Әкем қойын дәптеріне «бүгін ана газетке пәлен сом, мына журналға түген сом көмек жасадым» деп тіркеп қояды екен. 1937 жылы әлгі дәптер өзімен бірге тәркіленіп, қамауға алынды. Тегінде, әкем 1870 жылғы, яғни Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен құрдас. Әлекең 1938 жылдың мамыр айында, ал оның құрдасы, жолдасы Мұхамедхан 1937 жылдың желтоқсан айының басында атылған. Бұл жаза ол қамауға алынған соң небәрі 45 күн ішінде орындалған. Ал бізге ол кезде «әкеміз он жылға сотталды» деген хабар тиген-ді. Негізгі шындықты еліміз тәуелсіздік алған соң, арада 55 жыл өткеннен кейін білдік. Мұның өзі бергі әңгіме. Ал әкем айтқан арғы әңгіме төмендегідей.
«Төңкеріс болған жылы сен аяғыңды енді ғана басқан сәби едің. Сонда Семейге Әлекеңнің келгені ерекше салтанатқа ұласқан. Бүкіл қазақ қауымы үлкен қуанышпен оны ханнан кем қарсы алған жоқ. Шындығында, Әлекең –ұлт көсемі еді ғой. Мұны енді сол шақта Сұлтанмахмұт та келістіріп жырлады емес пе! Ахаң мен Жақаң – Ахмет пен Міржақыпты айтамын, сондай-ақ Мағжан мен Сұлтанмахмұттар Әлекеңнің қасынан табылатын. Біздің үйде қона жатып әңгіме-дүкен құратын, сөйтіп ел болашағын алыстан болжайтын сол ұлылардың сен тізесінде отырып өстің ғой, шырағым! Соны ұмытпа!» – дейтін әкем жарықтық.
Қайым Мұхамедханов
Ендігі бір қызығы сол, баланың әкесі туралы сондай мазмұндағы сындарлы сөзімен жалғасты әңгіме ең алдымен семейлік орыс қызы, жергілікті филолог журналист Алла Белякинаның аузымен айтылды. 2005 жылы біздің әріптесіміздің әкелі-балалы ұлт зиялылары туралы жазған ғұмырбаяндық көлемді хикаяты арада бес жылдан соң белгілі қаламгер Ғаббас Қабышұлының еркін аудармасымен «Аңыз адам – ақиқат тұлға» деген атпен жарық көреді. Кейініректе бұл дүние ағылшын тіліне де аударылған екен. Ал одан кейінгі жерде, нақтылап айтсақ, 2017 жылы жоғарыда аталған білім және мәдениет орталығының бастамасымен әкелі-балалы Сейітқұлов, Мұхамедхановқа арналған «Әке мен бала» деп аталатын деректі дүниесі және жарыққа шығады. Ал бұдан бір жыл бұрын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Президент әкімшілігі тарапынан Ыбырай Алтынсариннің – 175, Әлихан Бөкейханұлының – 150, Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдық және басқа да көрнекті тұлғалардың түрлі деңгейдегі мерейтойларын атап өту мәселесі мақұлданған. Осыған сәйкес еліміздің өңірлерінде олардың мерейтойлары лайықты түрде аталып өтті. Мерейтой барысында әлгіндей көрнекті тұлғалардың мерекелік пошта маркілері шығарылды. Қайым Мұхамедхановтың жеке өзіне тоқталсақ, сол жылы есімі Семей, Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Тараз және тағы басқа қалалардағы көшелерге берілді. Оның сыртында дәл осы жылы Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат басқармасы «Мұхамедхан Сейітқұлов пен Қайым Мұхамедханов – Отан патриоттары» атты жобасын бекіткен. Ал 2017 жылы Қайым атындағы орталық қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Әке мен бала – Мұхамедхан Сейітқұлов пен Қайым Мұхамедханов – Отан патриоттары» атты кітапша жарық көрді.
…Мұхамедхан Сейітқұлов тегінде Семейден соншалықты алыс емес Көкентау елінің қазағы. Ал Семейтау да осы төңіректе. Сөз ретіне қарай айта кетейік, ақылдан бұрын бірінші кезекте сезімге ерік беретіндер бүгінде «Семей – Семипалатинск дегеннен шыққан сөз, сондықтан оны өзгерту керек» деседі. Ал олар түптеп келгенде Семей деген сөздің көне түркі тілінде «қасиетті мекен» ұғымын білдіретінін білмейді, яки білгісі келмейді. Осы өңірдегі қала мен даланың жақындығы көкентаулықтар мен семейтаулықтардың сол қасиетті мекенмен ежелден тығыз байланыста болуына жол ашып отырған. Мұхамедханның есейе келгенде Семейге келіп орнығып, қаланың белгілі бір азаматына айналуы да кездейсоқтық емес.
Бұл – бір. Екіншіден, аталған өңір Шыңғыстауға апаратын күре жолдың бір жақ қапталында жатыр. Осы себептен де, мұндағы ел көршілес шыңғыстаулықтармен де ертеден таныс-біліс болған. Соның бір дәлелі ретінде көкентаулық жанжақты талант иесі Мұқа Әділхановтың есімін атай кетсек, жеткілікті ме деймін. Ол жөнінде әйгілі Әуезовтің өзі былай деген: «Абай жалғыз өсиетін қанағат қылмай, жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, көбіне музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны қолында ұстайды».
Мұқа тек қана шебер скрипкашы емес, асқан домбырашы, әрі ақын, әрі әнші болатын. Оның сыртында Мұқаның домбыраны өзі жасайтын шеберлігі де бар екен. Қайымның айтуынша, оның жасаған домбырасы қазақтың ескі домбырасынан әлдеқайда үнді, орыс күйлерін де орындауға қолайлы болған… Өкініштісі, Мұқаның музыкалық мұрасы кезінде нотаға түсірілмей қалған. Ал, Әуезов жазып кеткендей, оның Абай ауылына бір жағынан пана іздеп барғаны да шындық. Яғни, ол өз ағайынының біреуінен қалған жесір әйелге ғашық болып, соны әмеңгеріне тигізбей алып қашады да, Абай ауылына барады. Бұл кеткен соң, жуан ағайыны артындағы үйін шауып алып, пәле басталады. Абай сондай ауыртпалығына қарамай, Мұқа мен келіншекке ара түсіп, бастарына азаттық әперіп, артын өзі жайғастырып, өнер иесі Мұқаны өзіне дос, туыс етеді. Інісіндей болып кеткен Мұқаны Абай ел көріп, жер көріп өнерін ұштасын деген ниетпен Мәскеу, Петерборға дейін жібергісі келіпті. Бірақ ел ішіндегі тағы бір шатақ іске байланысты Мұқаға бұл сапар бұйырмапты. Оның есесіне, Абайдың Петерборда оқитын ұлы Әбіш-Әбдрахманмен, одан бергі кезеңде жас Мұхтармен дос-жар болғаны да рас әңгіме.
Рас, алдыңғы толқынның ақыл-кеңесімен Семейге жетіп алған Мұхамедханның өмір жолы Мұқаға қарағанда басқаша сипатта қалыптасты. Алғыр да сабырлы, байыпты да байсалды, оның үстіне жасынан жүрегіне имандылық ұялаған Мұхамедхан дінге бет бұрды. Бірақ өз оқығанын өзі түсінбейтін кейбір діндарлар секілді емес, дін, діл, тіл мәселелерін қоса меңгеруге тырысып бағады. Осылайша өзінің ана тілімен бірге орыс, татар, араб тілдерін тездетіп меңгеріп алады. Өз бетімен ізденіп оқығанның арқасында заманынан қалыс қалған жоқ. Сол шақта қазаққа жат болып көрінетін сауда, кәсіппен де айналыса білді. Алғашқыда Тінібай мешітінде ислам тарихынан дәріс оқыса, одан кейініректе Абай оқыған Ахмет Риза мешітінде имам болды.
Өз қолы өз аузына жете бастаған сәттен бастап, тағдырдың жазуымен Семейге айдалып келген австриялық шебер құрылысшыларға сол шақта «Зареченская слободка» деп аталатын қаланың сол жағалауы бөлігіндегі Тінібай мешітінің маңынан еңселі, әдемі үй тұрғызады. Және үйдің ішін алтынмен аптап, күміспен күптеуге тырыспай, керісінше рухани дүниелермен толықтыруға мән берді. Соның айғағындай әлгі үйдің бір бөлмесі кітапханаға айналды. Әлем әдебиеті классиктері шығармаларының қатарын кейінде Абай, Шәкәрімнің тұңғыш жинақтары толықтырды. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт шығармалары да осы қатарға жайғасты. Сол заманда «Қазақ», «Сарыарқа», «Тәржіман», «Дала уәлаяты» газеттерінің, «Айқап», «Абай», орыстың «Записки императорского русского географического общество» журналы, татардың «Шура» журналы мен «Уақыт» газетінің тігінділерін осы үйден табуға болатын еді. Газет-журналдарды оқып, танысамын деген кісіге бұл үйдің есігі ашық-тын. Халқымыздың ауыз әдебиеті, ескілікті тарих пен шежірені жинастыра жүретін Мұхамедхан білмекке құмар жандарды қолындағы рухани қазынасымен сусындата отырып, өзі де көшелі кісілерден ел мен жер тарихына қатысты құнды деректерді біліп алудан арланбайтын. Оның жеке басының үлгі-өнегесі мен абзал қасиеттері, ұлт үшін басын бәйгеге тіге алатын қайраты мен ақылы алдыңғы толқын Алаш арыстарының соңынан ерген талай кейінгі жас буын өкілдері үшін бағдаршамға айналды.
Халқымызда «би болмасаң да, би түсетін үй бол» деген сөз бар. Бұл арада би деген сөзді тура мағынасында емес, «игі жақсылар мен жайсаңдар» деп түсінгеніміз дұрыс. Солардың басы болып, ағалы-інілі Абай мен Шәкәрім Мұхамедханның қадірлі қонағы атанып, жаңа үйінің төріне жайғасқан. Одан сәл кейініректе қадірлі қонақтардың тізімі Көкбай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлманмахмұт, Мұхтар, Иса, Әміре, Әлмағамбет, Жүсіпбек, Мұхамеджан (Тынышбаев) болып жалғасып жатты. Солайша Мұхамедхан отызында орда бұзып, қырқында қамал алуға дайын тұрды. Осы шақта ол түрменің тар қапасынан Шәкәрім мен Міржақыпты кепілдікпен босатып алған. Соның айғағындай, екі Алаш арысының ұлы мен қызы – Қайым Мұхамедханұлы мен Гүлнар Міржақыпқызы бертінде кездесе қалғанда: «Қайым, сенімен жасымыз қатарлас құрдас болсақ, ал әкелеріміз дос-жар болған. 1911 жылы сенің әкең менің әкемді кепілдікке әжептәуір мөлшерде ақша салып босатып алыпты»,– деп өткенді тебірене отырып еске алыпты. Гүлнар апайдың айтуынша, ол жылдары «Айқап» журналында жарияланған бір хабар Міржақыптың 2000 сом кепілдікпен босатылғанын айғақтайды. Әкесі туралы осындай мазмұндағы шындықты ести отырып, өмір талқысымен суарылған болаттай шыңдалған қайсар да қайтпас Қайымның өзі:«Әкемнің артында тым болмаса суреті қалмады ғой», – деп қамығыпты деседі осы оқиғаға куә болғандар.
Жоғарыда Қайымның дала данышпаны атанған Шәкәрімді де түрменің тар қапасынан кепілдікпен босатып алғанын айттық. Сурет демекші, ақынның бүгінгі күнге жеткен бірден бір суреті қажы қалаға келіп, ат басын сыйлас інісі Мұхамедханның үйіне тіреген кезде түсіріпті. Ақынға үйінің жанындағы фотоательеге барып суретке түсуге іні-досының кеңес беруі мүмкін. Бөстекі сөз, орынсыз қалжыңды ұната бермейтін, жайшылықта жүзі сұсты Қайым аға әкесі туралы сөз қозғалғанда көзінде нұр мен мұң кезек алмасып, толқып кетуші еді. Мен ертеректе Шәкәрім туралы деректі кітап жазу барысында ең алдымен Кәкеңе жүгінгенмін. Ол Әуезовтің Шәкәрім туралы «уақыты келгенде қажы өзін өзі ақтап алады» деген сөзін еске ала отырып, «бұл кісі өз өмірін өзі жазып кеткен адам, оның негізгі өмір тарихын шығармаларынан табасың» деген. Сонсоң көзінде нұр ойнап, жылы жымиып бір әңгімені бастап кеткен.
«Шәкәрім қажылық сапарынан оралған соң біраз күннен кейін Семейге келіп, біздің үйге аялдапты. Мен онда әлі өмірге келмеппін. Әкемнің айтуынша, қажы келер күні таңғысын «пәлен уақытта ораламын» деп бір шаруалармен көшеге шығып кетіпті. Бірақ қадірлі қонақ айтқан уақытында үйге келмей, күн кешкірген соң әкем алаңдай бастапты. Сөйтсе, өзгеше үлгіде киінген ақынды полицейлер «Семейге бұл қайдан келіп қалған шетелдік» деп ұстап алып кетіп, біраз әуре-сарсаңға салыпты. Ал Шәкәрім – көркем сөздің ұстасы ғана емес, кез келген істің шебері болған адам. Соның айғағындай, өз киімін өзі пішіп тігетін көрінеді. Елсіз жапанда жалғыз жатқанда күнделікті тамағын да өзі жасап ішеді екен. Алдында ғана жанындағы бақыршы баланы «мен сенің құқығыңды шектеп, орынсыз қиянат жасап жүрген секілдімін» деп оның қарсыласқанына қарамай, елге қайтарыпты. Міне, әкем қажының осындай абзал қасиеттерін маған жыр етіп айтушы еді. Есімді жиып, есейген соң оған өзім де куә болдым. Шәкәрім жолсыз жазаға ұшырап, оққа байланғанда менің жасым он алтыда болатын».
Ендігі кезектегі әңгіме Әлихан төре, Мұхтар қожаға қарай ойысқанда Қайым жігерлене түсіп сөз қозғайтын-ды. Әлекең мен мұның әкесі бір жылдың төлі екен. Яғни, екеуара ұғынысқан әңгімеге құрдастықтары да сеп болған секілді. Өзара ынтымағы жарасқан құрдастардың ой-пікірлері үнемі дерлік бір арнада тоғысып жатыпты. Соның бір дәлеліндей, Әлекең тарапынан Семейдің бұған дейін «Зареченская слободка» деп аталып келген сол жағалауын «Алаш» деп өзгерту туралы ұсыныс айтылғанда, оны ең алдымен сөзімен де, ісімен де қолдап әкеткен Мұхамедхан екен. Өкінішке қарай, Алашты, алаш идеясын тарих сахнасынан біржола сызу мақсатымен жаңа өкіметтің итаршылары он жылдан соң Жаңасемей деген атаумен алмастырып тынады. Кәкең соның бәрін көкірегі қарс айрыла айта келіп: «Жаңа ескірмеуші ме еді?» – деп кеңкілдеп күлетін. Күлетін де, керісінше Алаш идеясының мәңгілік ескірмейтін тақырып екенін соншалықты бір сеніммен, жігерлене отырып айтатын.
Ал Мұхтар мен Қайым, аға мен іні, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық пен қимастық – таңды таңға соқса да бітпейтін әңгіме. Ендігі жерде бұл әңгіменің бүгінгі басты кейіпкері – Қайымның әкесі Мұхамедханға қатысты тұстарына ғана тоқталайық. Зейінді інінің қадірменді ағасын ең алғаш көргені жеті-сегіз жасынан есінде қалса, одан бергі жердегі оқиғаларды бұл қайтіп ұмытсын! Әсіресе жақсы ағаның «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше-тоқал», «Ел ағасы» атты драмалық шығармаларының дайындығы өз үйлерінде өткенін тебіреніп отырып еске алатын-ды. Сөйтіп, сонау бір жылдары Ойқұдықта кесілген қазақ театрының тұсаукесері енді Мұхамедханның үйінде заңды жалғасын тауып жатты. Ал оны қазірге дейін біреу білсе, біреу білмейді.
Тегінде, Мұхтар мен Қайымның жас айырмашылығы жиырма жылға жуық болса, ал Мұхамедханның жасы Мұхтардан бақандай жиырма жеті жыл үлкен. Бірақ ниеттес, тілектес жандар арадағы жас айырмашылығына тосырқай бермейді. Әкелі-балалы Мұхамедханмен, Қайыммен Мұхтардың бірдей дос-жар болғандығы кімді болсын сүйсіндірмей қоймайды. Тіпті, оны айтасыз, біздің тұстасымыз, көрнекті абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай ұстазы Қайымға «Абайдың інісі, Алаштың ірісі» деп баға бермей ме! Ал оның Абайдың інісі, Алаштың ірісі болуына ұлыларды ұлықтай білген әкесі Мұхамедханның бірден-бір себепкерлігіне кім дау айтады!
Осы орайда сөзімізді дәйектей түсу мақсатымен Мұхамедханның Мұхтар мен Жүсіпбектің бастамасымен 1918 жылдан бастап Семейде шыға бастаған «Абай» журналына Көкентаудың арғы жағындағы Ши өңірінен шыққан өз заманының атақты меценаты Қаражан Үкібаевпен бірге демеушілік жасағанын тағы да қайталап айтайық. Мұның сыртында «Сарыарқа» газетіне қол ұшын беріп, қолтығынан демескендердің бірі – осы Мұхамедхан. Енді бір қызығы сол, кешегі солақай саясаттың салдарынан «Абай» журналы сандаған жылдар бойы шықпай, жабылып қалғанда еліміз егемендікке қол жеткізген беттен оның қайтадан жанданып шығуына бірден- бір себепкер болған адам – Қайым Мұхамедханов. Бүгін баласы Қайым емес, тақырыпқа орай әкесі Мұхамедхан туралы сөз қозғайық десек те, сол Қайымның жасы «айхай, жиырма беске» келмей жатып, Абай мұражайының тізгінін ұстағанын, ал небәрі жиырма жеті жасында қазақ елінің алғашқы әнұранының авторы болғандығын және айтпасқа болмас. Екі игілікті шаруада да талапты жастың жолын ашып, қолтығынан демеген ағасы һәм ұстазы Мұхтар еді. Мұхтар төңірегіндегі әке мен бала арасындағы сабақтастық осылайша тоғысып, түйінделіп жатты. Оның ең түйінді де айшықты мезеті – Қайымның хакім ақынның 150 жылдық мерейтойы аясында абайтанудағы көп жылғы жанкешті еңбегінің нәтижесімен Мемлекеттік сыйлық пен Лондондағы халықаралық Абай академиясының «Алтын медалімен» марапатталуы еді. Бірақ оған дейін арада әлі талай жылдар жатты. Жоғарыда біз айтқан мерейлі сәттер Абай үшін бастарын бәйгеге тіккен ұстаз бен шәкірттің тартысқа толы тағдырларының басы ғана болатын. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында, қайтадан үйіріліп соққан дауылда аз-кемі жоқ жиырма бес жылға айдалып кете барған Қайым қасқайып тұрып: «Өлсем, Алаш арыстарынан жаным артық емес» десе, бұл оның неден болсын беті қайтпайтын қайсарлығын көрсетсе керек.
Ал осы арада тағы шегініс жасасақ, алдымен төңкерістің зобалаңына, әрине жаңа өкімет үшін ағартушы, ұлт жанашыры емес, үстем тап өкілі болып есептелген Мұхамедхан ілікті. Оның ақ сарайдай үйі кеңес өкіметінің алғашқы жылдарының өзінде, нақтылап айтқанда, 1921 жылы тәркіленіп, нақты иесіне екі бөлмесі ғана қалдырылды. Ал басты бөлігі жиырмасыншы мектепке берілді. Бір қызығы дейміз-ау, бала Қайым мектеп табалдырығын солайша өз үйінің бір бөлмесінен екінші бөлмесіне өтіп аттайды. Алайда арада жеті жылдан соң Сейітқұловтар бұл «кеңшіліктен» де біржола қол үзіп тынды. Яғни, 1928 жылы Абайдың ұлы Мекайыл, Сейітқұлдың ұлы Мұхамедхан жазықсыз тұтқындалған жүздеген адамның қатарынан табылды. Жергілікті бишікештер бұлардың екі бөлмесімен бірге, дүние-мүлкін, малдарын да тәркіледі. Сонда жат жандардың жетегінде кетіп бара жатқан жылқылар жасөспірім Қайымның көзіне бейне артына жалтақтап, жылап қарағандай көрініпті. Сонымен бірге бұлардың Көкен тауындағы жаз жайлаулары, сары қымызды сапырып ішкен алаңсыз күндері де осы шақтан бастап көзден бұлбұл ұшқан еді.
Абырой болғанда, қамаудан көп ұзамай босатылған Мұхамедхан еті тірілігінің арқасында есін тез жиып, өзінде қалған қаражатына Тінібайдан төрт бөлмелі үй сатып алады. Осы арада сөз орайына қарай айта кетейік, Тінібай кешегі аға сұлтан Құнанбай қажымен құдандалы болған. Мұқаңның «Абай жолында» айтылғандай, Құнекең айшылық алыс жолға, қажылық сапарға құдасы Тінібайдың үйінен аттанған. Кезінде Қашқария сапарына аттанар алдында Шоқанның да осы үйде аялдағанын көзі қарақты оқырман білсе керек.
1989 жылы Қайымның «Қазақ әдебиеті» газетінің 13-қазандағы санында «Сурет сыры» деген шағын мақаласы жарияланды. «Қазақ әдебиеті» газетінің 3-ақпан (1989) күнгі санында «Ғалия» медресесі шәкірттерінің Ахмет Байтұрсыновпен түскен фотосуреті жарияланды,– деп жазады ол әлгі шағын мақаласында, – бұл фотосуреттегі Ахаңнан басқа төрт адамның аты-жөні анықталып, жазылған. Сурет көп жыл бойы сандықтың түбінде тығулы жатқандықтан дымқылданып, кейбір жерлері өшіп қалған делінген. Біз осы фотосуреттің ұқыпты сақталып, бүлінбей жеткен нұсқасын ұсынып отырмыз. Суретте Ахмет Байтұрсыновпен бірге түскен «Ғалия» мектебінің шәкірттері. Сурет Хайролла Ибраһимовтың үйінде сақталған. Хайролла – «Ғалияда» оқыған адам. Семейдегі бастауыш мектепте сабақ берген алғашқы ұстазым еді. Кейін Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атағын алды. 1949 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1966 жылы 85 жасында дүниеден қайтты. Көзі кеткен соң тарихы қымбат фотосуретті әйелі (1905 жылы туған) Мағырипа Ибраһимова сақтап келді».
Кәкең солай дей келіп, әлгі фотосуреттегі Мәннан Тұрғанбаев, Әбікей Сәтбаев, Ахмет Мәметов сынды халқымыздың белгілі тұлғаларының бейнелерін түстеп, нақтылап беріпті. Суреттің 1916 жылы Уфа қаласында түсірілгенін анықтап берген де – Кәкең.
Мұны біз «Қайымның алғашқы ұстазы кім болған екен?» деген оқушы көңіліндегі сұраққа жауап ретінде жазып отырмыз. Ең өкініштісі сол, бастауыш мектепті сол 1928 жылы бітірген Қайым енді бай баласы ретінде мектептен шығарылады. Осы тұста Семейде «колхоз жастар мектебі» ашылып, оған Мұхамедханның іні-досы Тұрлықан Қасенұлы директор болып келе қалады. Солай дегенмен оның басында баспанасы жоқтығы өз алдына, әйелінің аяғы ауыр екен. Мұхамедхан өзіне тән мәрттікпен оған: «Осы үй бәрімізге жетеді»,–депті. Мектептен шығып қалған Қайымның да мәселесі өз-өзінен шешіледі. Одан сәл кейініректе Тұрлыханның тұңғышы Болат осы үйде өмірге келеді. 1902 жылы дүниеге келген Тұрлықан бұрынғы Семей облысының Жарма ауданындағы Қапанбұлақ ауылының қазағы. Жиырмасыншы жылдардың ортасында Семейдегі әйгілі педтехникумда оқыған ол ақындық өнерден де қаражаяу емес-ті. Тұрлықанның 1934 жылы Ілияс, Сәбит, Әбділда, Асқар, Мәриям сынды алыптармен бірге Қазақстан Жазушылар одағының қатарына қабылдануы да көп нәрсені аңғартса керек. Ол жайында «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылдың шілде айындағы бір нөмірінде жарияланыпты.
Тұрлыхан Республика қаламгерлерінің бірінші съезінен кейін іле-шала Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесін басқаруға тағайындалады. Сол жылдары Семейде «Еңбек» деген атпен шыға бастаған журналға басшылық жасағаны, Алматыдағы Мұхтар, Ілиястармен әріптес інілері іспетті сыйлас болғаны өз алдына бір әңгіме. Осы орайда 1940 жылы Жазушылар одағының мүшелігіне өткен Қайым 1942-1947 жылдар аралығында ұстазы Тұрлықанның жолын қуып Семей облысы (көршілес Павлодар, Өскемен өңірлерін қамти отырып) бойынша Қазақстан Жазушылар одағының уәкілі міндетін атқарады. Өкінішке қарай, 1937 жылы небәрі 35 жасында қамауға алынып, бес жылдан соң бір қиырдағы Төменгі Тагиль жағында өмірден озған. Қайымның Абай әлеміне терең бойлауына ерекше әсер еткен адамның бірі осы ұстазы десек, қателеспейміз.
Әлсін-әлсін қайталанып отырған отызыншы жылдардағы зұлматтан Сейітқұловтар әулеті көз ашпағандай. Айталық, Мұхамедхан 1932 жылы қайтадан кәмпескеге ілігеді. Сол жолы бозбала Қайым да әкесімен бірге он күнге қамауға алынады. Ал 1937 жылы тағы да кәмпескеге іліккен отағасы қараша айының 24-і күні тұтқындалып, желтоқсанның екісінде түнгі сағат екіде атылады. Інісі Әбілқасым Беломорканалға қара жұмысқа айдалып, ал педагогика институтында оқып жатқан баласы Қайым оқудан шығарылады.
Төрт жылдан соң Мұхамедхан ақсақалдың бәйбішесі Мақыпжамал бақилық болады. Мұхамедханның екі ұлының бірі – Мәулетхан кешегі сұрапыл соғыста хабарсыз кетсе, екінші ұлы Құрманғали майданнан аман-есен оралғанмен, соғыста алған жарақаты салдарынан көп ұзамай дүние салады. Мұның бәрі қалың елдің басына түскен ауыртпалық десек те, биыл туғанына 150 жыл толатын Мұхамедхан Сейітқұл баласының Семейде атылғанмен, сүйегінің қайда қалғаны күні бүгінге дейін белгісіз екені ұрпақтарын қынжылтуда. Олар осы мәселемен биліктің ең жоғары сатыларына дейін хат жазып, өтініш білдіргенмен қолдарына тиянақты жауап тиер емес. Текті ата ұрпақтары сонда да бір оңды хабардан күдерін үзбей келеді. Ондай ақжолтай хабар ғасырға жуық алаң көңілмен келе жатқан Мұхамедхановтар әулетінің қолына алдағы Абай тойына дейін тиіп жатса ғой, шіркін! Жоғарыда Мұхамедхан ақсақалдың суреті сақталмағанын айттық. Бәйбішесі Мақыпжамалдың ғана суреті бертінде табылған. Ол тұтқындалған күннің ертеңінде бүкіл мүлкі, өмір бойы жинаған рухани асыл қазынасы тып-типыл тәркіленіпті. Ойраны шыққан отбасында ата жасындағы қарт адамнан қалған жалғыз белгі – КСРО Жоғары кеңесі президиумының 1989 жылғы көкек айының 25-күні «Репрессия құрбандарына қатысты қалпына келтіру» жарлығының 1-бабы негізінде «Мұхамедхан Сейітқұлұлы ақталды» деген бір жапырақ қағаз ғана. Енді оның сүйегі қай жерде жатқаны нақтыланса, артындағы ұрпағы сандаған жылдан бері асыға күткен әділеттілік салтанат құрған болар еді!