Өтірік өрге баспайды
24.01.2020
1132
1

«Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы нөмірлерінде «Қазақстан авторлары қоғамына» қатысты бірнеше мақала, сұхбаттар жарық көрді. Ұйым төңірегіндегі дау-дамайдың шығу төркіні жайында жеткілікті мағлұмат берілді деп ойлаймыз. Газет тәуелсіз ұстанымнан айнымай, әр тарапқа сөз берді. Бүгін де соның жалғасын ұсынып отырмыз. Біз бұдан ары бұл тақырыпты қозғамауды ұйғардық. Бұл шешімге ешкімнің өкпесі болмас деп ойлаймыз.

Бауырыма тартып, жеті жыл қасымда ұстағанда онша байқамаппын: өзің айтпақшы, шынында да, «қырларың» көп екен. Мақалаңды: «Ойбай-ау, тәп-тәуір тарихшы екенсің ғой» деп өзіңді менің аузыммен мақтатудан бастапсың. Бұл да бір қырың шығар. Жеке кітапханасында жүздеген тарихи томдары бар адам шағын мақалаға осынша тәнті болса, шынында да, дүниеге бір тамаша туынды келген болды ғой! Мақалаңды оқымақ түгіл, көрген емеспін» десем, «өтірік» дерсің тағы. Жарайды, біреулер сені «тарихшы екен» деп мойындап жатса, қызғанышым жоқ. Ал, енді «Ұлы дала» бірлестігінің директоры едім дегеніңе онша иланып тұрғам жоқ. Ондай «бірлестік» болғаны рас. Ұйымдастырған айтулы атпал азамат еді. Тағы бір танымал ақын бауырымыз бастық болып жүргені есімде. Екеуі де марқұм болып кетті, есімдерін айтпай-ақ қояйын. Жандары жәннатта болғай! Басшылыққа солардан кейін келсең, онда – таласым жоқ. Әйтеуір, жабылып қалуына сен кінәлі емес шығарсың, солай ма?!

Марал Ысқақбай

«Қоғамдағы жұмысты ұқсата алмады» деген сөзіме қатты ренжіген түрің бар. Сондағы айтар қарсы уәжіңнің үлкені – ескі кеңсемізге жөндеу жүргізіпсің. Тіпті демалыс дегенді ұмытып кетіпсің. Екіншісі – өте мол қаржы жұмсап жөндеткеніңмен, ол ғимараттан ештеме шықпағасын, қазіргі мекеніміз «Баспалар үйіне» көшіріп қондырыпсың. Рақмет, бұл да үлкен шаруа! Бірақ осы арада қателескен жерің бар: ескі ғимараттың жылдық арендасы –3,5 миллион теңге еді, ал жаңа орнымыз – 2,8 миллионға түсті дейсің. Сенің есепке жоғыңды білем ғой, бірақ соншама қатты «қателесетініңді» білмеппін: 2016 жылғы мәлімет бойынша ескі ғимараттың жылдық жалдау құны – 3 млн 118 000 еді, ал қазіргі төлейтініміз – 7 750 000 шамасында.

Үшінші үлкен жетістігің – сен келгенге дейін Қоғам мүшелерінің саны екі мыңдай екен, сен оны 3240-қа жеткізіпсің. Қазір Қоғам мүшелерінің саны 4 мыңға таяды. Оған қуанамыз, бірақ біздің еңбегіміздің жемісі деп күпінбейміз: өнерге, әдебиетке жастар үздіксіз келіп қосылып жатыр. Қоғамның үлкен беделге ие өте ірі ұйымға айналғанының арқасында олар міндетті түрде бізді іздеп табады. Әрине, ондай беделге жетуінде Қоғам қызметкерлері еңбегінің зор үлесі бары анық.

Төртінші жетістігі есебінде – соңғы бес жылда жиналған сыйақы мөлшерін атайды. «2013 жылы сыйақы мөлшері 473,9 миллионға дейін төмендеп кетсе, оны соңғы 2017 жылы 588,6 миллионға дейін көтере алдық», – дейді. Дұрыс қой, неге көтерілмеуге тиіс!? Егер авторлар саны 2 есеге жуық артса, олардың сыйақысының арта түсуі заңды емес пе? Бірақ сен осы арада айтпай кетіп отырған басқа жәйт бар: ол – осы жылдар аралығында ҚазАҚ айырылып қалған төлемшілер саны. Көп­теген кафе, ресторан, сауда тораптарын былай қойғанда, біздің Қоғам ірі-ірі 28 теле-радио арналарынан айырылып қалған ғой. Олар кетпесе, сен келтірген цифрлар одан әлдеқайда жоғары болатын еді. Демек, қызметкерлердің жалақысын 20%-ға қысқартпайтын едің. Қаржы тап­шы­лығынан 5 қызметкерді қысқартуға түсір­мес едің. 2017 жылдың қаңтарынан бастап желтоқсанға дейінгі аралықта бүкіл қызметкерлерді график жасап қойып, бір-бір айдан ақшасыз демалысқа жібермес едің. Швейцариядан алынған, он жыл бойы пайдаланып келген компьютерлік бағдарлама «КОСИС»-тің ақшасын төлей алмай, айырылып қалмас едің. Осының бәрі сенің жұмысыңның көрсеткішіне кірмей ме? Қыруар қаржы жинай алған бастық мырза әлгіндей қиындыққа қалай ұшыраған сонда?! Қаржы көп, жалақы жоқ. Сондай бола ма екен? Кісінің сөзінде логика болу керек емес пе?

 «Мені бас директорлыққа тағайындап, жиналысқа мақұлдатып алғанмен, бүкіл тізгінді өзіңізде қалдырмап па едіңіз? Өтірік десеңіз, Жарғыға қараңыз» дейсің тағы да. Дұрыс айтасың, Жарғыда солай жазылған: құрметті төрағаның міндеті – Қоғам жұмысының жалпы бағытын, дирекцияның қызметін бақылау. Атқарушы билік – бас директордың қолында. Бүкіл күнделікті күйбең тірлікті бас директор мен дирекция мүшелері атқаруға тиіс. Бұл –мемлекттік органдардан бастап қоғамдық ұйымдарға дейінгі аралықта қалыптасқан жүйелі ұстаным. Ол үшін ренжудің қажеті жоқ, орындау – міндет.

 «Көкейімді тескен Тойота автокөлігіне» келейік. Қазір кім екені нақты есімде жоқ, Қоғам тізгінін саған тапсырып, құрметті төраға болып кетіп жатқанымда, бір автор: «Осы Қоғамды құрып, 16 жыл орасан еңбек сіңірген адамды әшейін қол шапалақтап шығарып саламыз ба? Шапан жауып, ат мінгізетін қазақы дәстүріміз болмаушы ма еді?» – деп сөйлегені бар. Сонда сен: «Өзі мініп жүрген көлігін мінгізіп шығарайық. Менің қол қоятын алғашқы бұйрығым сол болсын», –  дегенді айтып салдың. Жұрт шынымен қолдады. Мен, әрине, риза болдым, қуандым. Көлік сыйланғаны үшін ғана емес, осы саладағы 23 жыл еңбегімді әріптестерім жоғары бағалағаны, елегені үшін де марқайдым. Алты жылдан бері бүкіл Қоғам қызметкерлері жабыла мініп, шаруа тындырып жүрген көлік болатын. Бұны да өзің ұйымдастырғансың деріңді білем. Бәлкім, екеуіміз бірігіп ұйымдастырған болармыз. Өйткені ұсыныс айтқан кісі есімде қалмапты. Бұрын дүниеде жоқ бұл мекемені өз қаржыммен ұйымдастырып, тіпті өкіметтен офистік орын алу мүмкіндігі туғанша өз ақшама сатып алған жекеше үйді екі жылға жуық кеңсе есебінде пайдаланғанымды, 90-жылдарғы қиыншылықта әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасай алған жалғыз мекеме біздің осы қоғам болғанын ұмыта қоймаған ағайындар бәрін ескерген шығар. «Азын-аулақ шығын шығарып Қоғамды құрғанмен, оны кейін еселеп қайтарып алдыңыз ғой» дегенің рас сөз. 22 жылдан бері осы Қоғам мені асырады. Зейнетақыма қарап қалмай, ішіп-жеміме, дәрі-дәрмегіме еркін жұмсайтын қаражат табуыма мүмкіндік беріп келеді. Ол үшін ең алдымен Алла-Тағалама, сонан соң «еңбегің жансын!» деп баталарын беріп, қолдап келген барша әріптес ағайындарға (авторларға) мың алғыс.

Әсілі, адам баласының моральдық ұстанымы босаң тартса, күнәдан да, қылмыстан да тайынбайтыны белгілі. Жала жабу, ғайбат айту да содан туындайды. Мені Қоғам тізгінінен айырылып қалмас үшін жанталасып жүрген адамсың деп күстәналайсың. (Соны алты жыл бұрын өз қолыңа тапсырып кеткенімді ұмытқан кісіше сөйлейсің-ау).Тіпті сол үшін қаржымды шашып, әлдекімдерді сатып алып, сөзімді сөйлетіп жүрген сияқтымын. Біреуге 400 мың, біреуге 600 мың, тіпті кейбіреуіне 800 мың теңге бергенімді «біледі» екенсің. Оны «көргендер» қасыңда жүр екен. Сонда мен ол ақшаны өз қалтамнан төлеппін бе, Қоғам есебінен төлеппін бе? Өтірікке бетің шімірікпейді-ау,ә! Тіпті наурыз айында жина­лысқа қатыстырмау үшін жүздеген авторға 45 мыңнан ақша үлестіріппін. Осыған да жұрт сенді ме екен?

 Мені «ақша алған» үш автор ғана емес, үш мың автор қолдап жүр. Оның дәлелі – сендер өткізген үш «кезектен тыс» жиналысқа бармауы. Алғашқы 27 наурызда өткізген жиналыстарыңа мен жіберген оншақты бақылаушыны қосып есептегенде, 60 шақты адам қатысты, оның біразы ҚазАҚ мүшелігіндегі авторлар емес. Сонда ол жиналысқа бармаулары үшін мен Алматыдағы жүздеген адамға 45 мың теңгеден үлестірген болып шығам ғой, солай ма? Екінші, жиналыстарыңа қырық шақты ғана адам жиналды. Он кісі ертіп, мен де бардым. Біраз отырған соң, айтарымызды айтып, шығып кеткенде, жиналған адамдардың жартысы қоса шығып кетті. Оларға да ақша үлестіріп, ертіп кеттім бе сонда? Соңғы үшінші жиналысыңда, менімен бірге барған Авторлар кеңесі мүшелерін қосып есептегеннің өзінде, танымал адамның саны оншақтыдан аспады. Тіпті, залда отырғандардың кейпінде қалалық зиялы авторлардың кейпі жоқ: кілең ауыл адамдары отырды. Біразы оралман бауырларымыз екен: «Қазақша сөйлеңіз, орысша білмейміз» деп айғайлады баяндама жасап тұрған Балнұрға. «Марал Ысқақбай деген кім?» деп сұрады тағы біреу баяндамада есімім атала берген соң. Осы екі жәйттің өзі-ақ Қоғамның бұғаттаулы есеп-шотынан ақша үлестіріп, кездейсоқ әлдекімдерді жинап келгендеріңді көрсетіп берді. Ол ғана емес, қолымызда залдағы кісілердің фото суреттері де, тіркелген тізімі де бар. Ол тізімде ҚазАҚ мүшесі саналатын 23 қана адам тұр. Қалған жұртты тағы да мен ақша үлестіріп келтірмей қойдым ба?

Оқи отырыңыз!

ОЛАР «ҚАЗАҚСТАН АВТОРЛАРЫ ҚОҒАМЫН» ТАРТЫП АЛМАҚШЫ БОЛДЫ

 

 Онымен де қоймай, «бір емес, үш адвокат жалдап отырсыз, ешкім тегін істемейді, сонда бұның бәріне төлеп отырған қаржы қайдан шығып жатыр» дейсің. Жүздеген адамға 45 мыңнан ақша үлестірген кісі 3 адвокатқа төлейтін ақшаны табады да, не таңырқайтыны бар?! .

 Мақаладағы тағы бір сөзің былай: «Пайдаланушы мекемелер қаптап кеткен қоғамдардың ішінен тиімдісін таңдап, ыңғайлысына кетіп жатты. Шартты бұзған арналарға не істеуім керек еді? Шаужайына жармасам ба?» – дейсің. Бұл сөз сенің басшы есебіндегі сиқыңды жақсы танытады. Мен сол кетіп қалған 28 теле-радио арнаны қалай қайтарғанымды білесің! Қандай әрекет, қандай қарсы әрекет ұйымдастыруды бастық адам білуі керек. Әйтпесе, оның несі бастық!

Тіпті мына сөзің кісілікке жатпайтын қылық: «Ағатай-ау, сізге жасаған жақсылықты мен де әкеме жасаған емеспін. Басқаны айтпағанда, қалған ғұмыры жалғыздықтың азабынан жапа шекпесінші деген қамқорлы­ғымды қалай ұмыттыңыз?

Сен тура маған қатын алып берген кісідей сөйлейсің. Әлде мені қатындардың қойнына апарып салып жүрдің бе? Арам сөзіңнің ортасына менің қызымды апарып қыстырыпсың. Бұның атын қасиетсіздік деп атайды. Онымен қоймай, тіпті «бар ойың Қоғамды қызыңның қолына тапсыру, бастық етіп тағайындау» дегенді айтыпсың. Менің бұл қызым мықты маман. Кезінде бір министрліктің бас бухгалтері болып отырған жерінен маған көмектес деп зорлап әкелгем. Ақшасы жоқ жас мекемеге ешкім келмейтін кез еді. Егер оны бас директор тағайындамақ ойым болса, 22 жылдан бері әлдеқашан жасар едім, қолымды ешкім қақпас еді.

Тағы бір ескерусіз қалдырмайтын сө­зің мынау: «Әр кезде әркімді шақырып, жұмы­сыңызды жолға қойдырып алып, қуып жіберіп отырғансыз», – дейсің. Осы 22 жылдың ішінде менің қарамағымда орынбасар болып үш кісі істепті. Оның біріншісі Интеллектуалдық меншік комитетінің төрағасы болып өсіп кетті. Баулыдым, өсірдім.

Екіншісі, өз еркімен босанып кетті, жақсы інімнің бірі есебінде хабарласып, қарым-қатынас жасап тұрады.

Үшіншісі, машина апатынан қайтыс болды. Үшеуі де заңгер еді. Қазіргі бас директор да – заңгер. Қазақстанда авторлық құқық саласындағы тіршілікті одан артық білетін басқа заңгер дәл бүгінгі таңда жоқ. Қалай десең де, біздің қоғам – құқықтық мекеме. Сондықтан да Серік орнында отыр деп білем. «Заңгер бастық бола алса, экономист қызы неге бастық бола алмасын» деп кекететін жөнің жоқ. Осы мекемеде жеті жыл істеген кісінің айтатын сөзі емес.

Байқап отырмын, манадан бергі сөзімнің бәрі – ұсақ-түйек бірдеме болып шықты. Менің жасымдағы, мендей атақ-дәрежесі бар адамға абырой әперетін сиқы жоқ сөздер. Бірақ, амалым қанша, сен қозғаған нақты «міндеріме» нақты «араша» жауап қайтаруға мәжбүр болып отырмын. Жігіт адамның аузынан шығуға тиіс бір-ақ сөзің бар екен: «Ол – «сіздің ойыңызша, Балнұр қолынан жетелесе еріп кете беретін өз еркі өзінде жоқ адам ба?» дегенің. Олай деп есептемеймін. Бірақ сол Балнұрды ойда жоқ жерде арандатқан сенсің. Қалай арандатқаныңа өзім де қайранмын. Әйтпесе, өрісі бөлек, өзінше жүрген Балнұр ұзақ жылдар бойы әке-шешесімен өте жақсы араласқан, ағасындай сыйласып жүрген кісіге соқтығатындай не жыны бар еді?! Сен соны қалай ұйымдастыра алдың, апыр-ау?!

Енді сенің осы мақаладағы «Ең салмағы ауыр» сөзіңе тоқтала кетейін. Қайтыс болған бас бухгалтер Г.Әбішеваның есімін атай отырып, банкіден аударылған 78 миллион теңге туралы сөз қозғап, «қылмыс» деп атапсың. (Өткенде Балнұр жарты миллион туралы жазып еді, сенікі неге азайып кеткен?) Сенің бұл «жаптым жала – жақтым күйе» сөзіңе газет бетінде жауап бермеймін. Оны түсіндіру үшін де, түсіну үшін де белгілі дәрежеде білім, даярлық керек. Тиісті құжаттарды қолға ұстап отырып сөйлеу керек. «Тексеріп жатқан кім бар, газетке шыққан сөзге жұрт сене береді. Күйе жағып жіберуге жарайтын «мықты факті болып көрінсін» деген арам оймен айтқансың да. Бірақ ол арам ойың өзіңе қайырылып тиюі ықтимал екенін де ескер. Құдайға шүкір, бізде банкіден шыққан қаржының да, келіп түскен қаржының да әр тиынына дейін құжаттаулы. Сондықтан мен бұл сөзіңе байланысты ашық әңгімені бухгалтерияның құжаттарын алдыма жайып қойып отырып, сотта айтатын болам.

 «Лас аяқ есіктен төрге дейін былғайды, лас пиғыл көрге дейін былғайды» деген сөз бар. Ертерек ес жиғандарың мақұл.

Марал Ысқақбай,

жазушы, «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.01.2020 | 03:00

Мен білетін Марал-аға Ысқақбай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Мұқағали Мақатаев сынды ұлы көштің бізге жеткен жаны, сәні, қаны болар. Бұған қоса, ол Қазақстан Авторлар Қоғамын небір «тар жол, тайғақ кешу» заманынан аман-есен алып шығып, тәуелсіз Қазақстанның рухани кеңістігіндегі шығармашылық зиялылар үшін материалдық-құрылымдық жағынан белді де беделді қоғамдық ұйымға айналдырды. Осындай ҚазАҚ басшылығының тізгінін ол жас ұрпаққа беру мақсатында таңдауы әнші, сәнші, сыншы, асабашы, артынан мінші Байғали Есенәлиевке түсті. Марал-аға оны туғанынждай бауырына басып, әлдиледі, тәрбиеледі, баптады, күмістен аптады. Қателескен екен, ол имандылықтан жұрдай, ұлы жылан болып шықты… Ал оның жақтасы Балұр Қыдырбекке келетін болсақ, ол да Еркеғали-аға Рахмадиевтің аялы алақанының жылуын көп көрді. Аяулы Ерке ағамыздың аяғына тік тұрғызып, Қазақстан Композиторлар Одағын КСРО-дағы аса берекетті, атақты шығармашылық Ұйымға айналдырды. Соның анық белгісі Орта Азияда аналогы жоқ «Тау-Түрген» қомпозиторлар шығармашылық Үйін тұрғызуы. Міне, 13 жыл бойында осы Ұйымды басқарған Б. Қыдырбек бүгінгі күні оның талапайын шығарды, 100-ден аса мүшесі бар Қазақстан композиторлар Одағын құртып, орнына 20 адамнан тұратын Қазақстан композиторлар Қауымдастығын құрды. Қазақстан Композиторлар Одағының дүние-мүлкін осы Ұйымға аударып, «Тау-Түргендегі» кезінде валютаға алынған аса қымбат 20 шақты рояльдерді, гаражды, т.б. сатты, талан-таражға түсірді. 2019 жылғы Қазақстан Композиторлар Одағының 80 жылдық мерейтойын Әкесінің және өзінің авторлық кешімен атап өтті. Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, Тілес Қажығалиев сынды тұлғалар есімдері ұмыт болды. Міне, осындай апама жездем сай ұятсыз, тойымсыз «тәтті жұп» енді қанды шеңгелін ҚазАҚ-қа салуда… Ақшаға құныққан бұл адамдардың «достығы» немен бітері белгілі ғой — бір-бірімен қырғи қабақта жауласып, өзара соттасқандарының куәсі болармыз әлі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір