Баянғали Есенәлиев. «Дейді, дейді» дегенге
22.01.2020
737
0

Марал Ысқақбай

Құрметті Марал аға! Сізбен жазушылық жарыстырып, тіл безегелі отырған жоқпын. Өткен жылдың соңындағы мақалаңызды Балнұр Қыдырбектен бастағаныңызбен, арасында мені де ұмытпай қосып отырыпсыз. Рахмет! Еске алатын жақсы күндер көп-ақ еді. Бір жақсылық таппағандай, тек кемшіліктерді тізбелеп шыққан екенсіз, қалыптасқан болмысыңыз солай шығар. Амал қайсы!? Бірақ, ашу-ызаға беріліп кеткендіктен болар, өтірік пен жаланы тым қалыңдатып «соғып» жіберіпсіз. Жас адам ғой, ештеңесі кете қоймас деген шығарсыз… Кішілікке салып үндемей қалуға да болар еді. Өткендегі бір мақалаңызды солай көтердім де. Енді үндемесем, жұртшылық айыбын мойындап үнсіз отыр деп қалар.

Сонымен…

Бас директорлыққа бауыр басып қалатындай ол оп-оңай жұмыс па екен? Жоқ, әлде, миллиондап ақша жымқырып, араным ашылып па? Бұл не сөзіңіз? Бұл сіздің дүниетанымыңыз болар бәлкім, мен әзірге ондай дертке шалдыға қойған жоқпын.

«Қызметсіз жүргенде жұмысқа алып едім», – деп соғасыз. Мен ешуақытта қызметсіз болған емеспін. Сіз шақырған 2011 жылы «Ұлы дала» қоғамдық бірлестігінің директоры міндетін атқаратынмын. Актерлік, драматургиялық, әншілік, дубляж, сіз айта беретін асабалық, т.б. қырларым мені ешуақытта жұмыссыз қалдырған емес. 2011 жылдың соңында Үндістан, Кашмир сапарынан оралған соң «Алаш айнасы» газетіне мақала жарияладым. Қызмет ұсынатын әңгімеңізде: «Мұхаммед Хайдар Дулати бабаңның әруағы саған риза. Ойбай-ау, өзің тәп-тәуір тарихшы екенсің ғой!..» – деп бастағаныңызды қалай ұмытып қалғансыз?

Ал «Байғали жұмысты ұқсата алмады» дегеніңізді қалай түсінеміз? Жалғыз ғана ғимаратқа байланысты мәселені еске алайықшы. «Бұл ғимаратты маған Президенттің өзі берген» деп соншама жыл көпіріп отыра бергенсіз. Тегін түгі де жоқ. Ол ғимарат қалалық қаржы басқармасының иелігінде. Іргетасы баяғыда шөгіп, жерге сіңіп кеткен. Қабырғалары мен едендері шіріп, көктеніп біткен. Көктем мен күздің жаңбырында бөлмелерге шелек қойып отыруға тура келетін. Қызметкерлердің жағдайы адам аярлық халге жетпеп пе еді? Әр жыл сайын коммуналдық қызмет көрсету (су, электр жүйесі, өрт қауіпсіздігі, кәріз жүйесі, т.с.с) мекемелерінің бәрімен қайта шарт жасасу қанша әуре-сарсаңға салатын? Ол аз болса, шарт мерзімін ұзарту үшін «қалалық қаржы басқармасының» есігін тоздырмаушы ма едік? Қайтсем қызметкерлердің жағдайын жақсартам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, жөндеу жасатқан кім еді? Сол уақыттарда жұрттың бәрі алып жататын кезекті демалыс дегенді білдім бе? Өкініштісі сол: соншалықты еңбегіміз ақталмады. Қаржы басқармасы оны жарымжан балалар орталығына беретін болып шешті. Жаңа қоныс таппай тыныштық болмайтын болған соң жапа-тармағай ғимарат іздедік. Ақыры Абай көшесіндегі «Баспалар үйіне» көшіп келдік. Бұрынғы ғимараттың жылдық жалға алатын құны 3,5 миллион болса, бұл жерде 2,8 миллион теңге екен. Бұрынғы ғимаратта үш бірдей күзетші ұстасақ, бұл жерде ортақ күзет. Одан қоғам ұтылды дей алмаймын. Ақсаусақтар атаулы бұйрық берумен шектеліп жүргенде, бүкіл қара жұмыстың ортасында жүрген мені қалай байқамағансыз, Марал аға?

«Байғали басқарған жылдары қоғам жұмысы құлдырап, авторлар ақшасының жиналуы күрт кеміп кетті», – дейсіз. Бұл сөзге аузыңыз қалай барды, ағатай-ау!? Олай болса, 2018 жылы өткен жалпы жиналыстағы баяндамаңызда: «Егер осыдан бес жыл бұрын, яғни, 2013 жылы Қоғам мүшелерінің саны 2000-дай болса (анығы 1700), кәзір 3240-тың үстіне шықты» деген сөзіңіз тағы да өтірік пе? 2013 жылы сыйақы мөлшері 473,9 миллионға дейін төмендеп кетсе, оны соңғы 2017 жылы 588,6 миллионға дейін көтере алдық. Жалпы, осы 5 жыл аралығында 2 713 миллиондай теңге жиналыпты. Бұл алдыңғы 3 бесжылдықпен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш саналса керек», – деген сөзіңіз баяндамаңызды айтпағанда, қоғамның 20 жылдығына шыққан буклетте тұр.

Сондағы жарияланған бес жылдың динамикалық өсім көрсеткішін де алдыңызға тартайын;
2013 ж – 473 894 574,
2014 ж – 531 785 986,
2015 ж – 586 839 313,
2016 ж – 532 639 181,
2017 ж – 588 623 097.
Мен басқарған жылдары қоғамның тоқырағаны осы ма?

«Байғалидың кесірінен «КОСИС» деген бағдарламадан айырылып қалдық», – депсіз. Оның кесірі неден болғанын анықтап берейін, сонау 2008 жылдары 6000 евроға орнатқан сондай бағдарлама айдаладағы Швейцария емес, өзімізден де табылғандай екен. Кейін ашылған қоғамдардың бәрі де сол бағдарламалармен-ақ жұмысын атқарып отыр. Үлкен қателік сол. Басында азғана жарнаға қанағат етіп отырған Ричард Хаузер (бағдарлама иесі) 2017 жылы бағаны халықаралық стандартқа бір-ақ көтеріп, жылдық жарнаны 12000 евро деп белгіледі. Бағдарламаның әрбір жаңартылуы тағы 12 000 евро. Ондай жағдайда бас тартпағанда, не істеуіміз керек еді? Осының бәрін бірге ақылдасып шешім қабылдағанымызды шынымен-ақ ұмытып қалғансыз ба?

«Беделі көтеріліп, киноға түскіш болып алды», – дейсіз… Киноға түсу үшін бедел керек пе екен? Авторлық қоғамда істейді деп киноға түсіре бере ме? Сізге не болған? Рөлге тағайындаудың да өз шарттары бар емес пе? Авторлар қоғамына келгенге дейін 14 фильмге түскен екем. Келген соң да өзімнің кәсіби мамандығымды тоқтатпағаным рас. Қазіргі уақытта түскен фильмдерімнің саны 40-тан асыпты. Кезекті демалыс кезінде, сенбі, жексенбіде, жұмыстан бос уақытта немен айналысатынымды өзім білетін шығармын. Қоғамда қызмет атқарған кезімде себепсіз жұмысқа келмей қалған бір күнім болса, оны көрсетіңіз.

«Бұрын бір кітап жариялап көрмеген адам кітап шығарғыш болып алды», – дейсіз. Марал аға, басқа-басқа, бұл сіз білетін нәрсе емес пе? «Ерке едім әні желге ұшқан» атты кітабым 2000 жылы, «Адам боп өтсем сол арман» 2003 жылы, «Армансыз жанның арманы» 2007 жылдары басылып шыққан. 2005 жылы «Театр-Өмір» атты мәдениет министрлігі шығарған қос томдық жинаққа пьесаларым енген. Қоғамда қызметте жүргенде шыққан үш томдыққа қоғамның немесе сіздің ықпалыңыз болған емес. Көркемдік кеңестен өтіп, мемлекет қаржысына 2000 данамен шыққан жап-жақсы жинақ, әлдекімдердің кітабы сияқты гаражда шіріп жатпай, қолдан-қолға таралып кетті. Кітаптың тұсаукесерінің өзінде «Осылар қызық-ей» деп күңіреніп, іштарлығыңызды білдіріп алғансыз. Жақында «Өткендерден өнеге» атты тағы бір жинағым баспаға дайындалуда. Оған да бірнәрсе айтатын шығарсыз. Мейлі, айтыңыз.

Жазушылар одағына мені өткізген де сіз болып шығыпсыз. Үш адамның бірі болып ұсыныс жазып бергеніңізді бұлдағаныңыз ба бұл? Сіз болмасаңыз басқа біреу жазар еді ғой. Онда Киногерлер, Театр қайраткерлерінің одағына мені өткізген де сіз шығарсыз? «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, т.с.с. атақтарды ертерек алғаным қандай жақсы болған. Әйтпесе, оларды да мен алып бергем деуден тайынбассыз мына түріңізбен. Балнұр Қыдырбектің де, басқалардың да Мемсыйлық алуына атсалысқан екенсіз, жүдә, рақмет. Анау кеудеңіздегі «Ұлт қайраткері», Айман қызыңыздың, Серіктің кеудесіндегі «Қазақ өнерінің қайраткері» деген төсбелгі де өзінен-өзі келген жоқ еді… Оны айтудың өзі артықтау, әрине. Бірақ сіз ұялмаған нәрседен мен неге ұялуым керек?

Айтпақшы, драматургиялық шығар­маларды ұмытып кетіпсіз. Олардың көбісі осы қоғамда жүргенде жазылды ғой. Оларды да театрлар беделім көтерілген соң қойғаны ма? Марал аға, мен сізді үлкен парасат иесі деп қателескенімді әлі де мойындай алмай жүрмін. Ол мен үшін ауыр! 1998 жылы Астанада, 2007 жылы Оралда, 2017 жылы Арқалықта, 2018 жылы Өскеменде қойылған «Қанды азу», 2008 жылы Шымкентте, сосын қалалық өзбек театрында қойылған «Мұхаммед Хайдар Дулати», Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда қойылған «Базарың тарқамасын», Жамбыл театрында қойылған «Таң сыры», Шымкент қалалық театрында қойылған «Ана жүрегі» пьесам туралы да айта кетуіңіз жөн болар еді. Оған Н.Өнербаев, Г.Сиқымбаева, Г. Ақүрпекова, Қ.Бекішев, Ө.Айниязов, С.Аппазова, А.Тойлыбаев, Б.Лақаева, А.Әшімхан, Е.Құдайберген, А.Кәукен, С.Ербол, С.Әлдекенов, т.б. әншілердің орындауындағы әндерімді қоссаңыз дұрыс болар еді. Әлде авторлар қоғамында қызмет атқарған адам шығармашылығын, басқа жұмысының бәрін тоқтатсын деген талап бар ма еді?

Екеуміздің де түп атамыз батыр болыпты. Жаға жыртыспақ болған… Кек қайтарғалы жүр дегеніңіз не сөз? Батыр аталарымыз ерлігін өзінің дұшпандарына көрсеткен болар, сіз айтқандай батырлығын өз туысқанына жасай ма екен? Бата орнына қате сөйлеген бұл қай қылығыңыз? 82 жастағы ақсақалдан кек қайтарып мені жын ұрып па? Кек қайтаратын болсам, мұндай мәймөңкенің қажеті қанша? Сізді қайдам, мен бұл ісімізді батырлыққа балай алмаймын. Қайта, әрбір жазған мақалаңыз үшін жер болдым ғой. Қалай түсінбейсіз!?

Мақалаңызда «Байғалидың таңдауы Балнұрға түсіпті», – дейсіз. Сіздің ойыңызша, Балнұр қолынан жетелесе еріп кете беретін өз еркі өзінде жоқ адам ба? Әлдеқашан азаматтық келбеті қалыптасқан, қоғамда өз орны бар тұлға емес пе ол? Бір ғана «Қалқаман – Мамыр» операсы неге тұрады, қалғандарын айтпағанда. Шығарма құнын білмейтін адам емессіз, оқырманды соншама ақымақ санап, сіздің айтқаныңызға бас шұлғып сене береді дейсіз бе? Оны өзіңіз шақырып, өз ұсынысыңыздан бас тартқаныңыз тағы рас. Марал аға, сексеннен асып мұншалықты төмендеуден сақтасын деп Жаратқаннан тілеймін!.. Аман болыңызшы!

«Сөйтіп Байекең 5 жыл бойы тізгінді жеке ұстады», – деуге қалай аузыңыз барады? Мен қашан тізгінді жеке ұстаппын? 2013 жылғы жалпы жиналыста 75 жаста едіңіз. Сөзіңізге қарағанда көпшілік сізге жата-жабысып, менен үркіп ат-тондарын ала қашып, әйтеуір «төрағалықтан» әупіріммен аман қалыпсыз. Мұндай сценарийді сіздің қалай ұйымдастыратыныңызды білмейтін адамға айтсаңызшы.

Жиналысқа келген бүкіл авторларды дауластырып қойып, өз ойыңызды оп-оңай іске асырып отыратын қашаңғы тәсіліңіз ғой.

Мені Бас директорлыққа тағайындап, жиналысқа мақұлдатып алғанмен, бүкіл тізгінді өзіңізде қалдырмап па едіңіз? Өтірік десеңіз, Жарғыны қараңыз. 2013 жылғы жиналыстан соң Авторлық Кеңестің төрағасы да, Қоғамның төрағасы да өзіңіз болып қалғансыз. Ақымақ болған – авторлар. (Жарғыдағы «Төраға» деген жердің бәрі «Құрметті төраға» деп ауыстырылған). Бірақ, ол жиналыста көкейіңізді тескен тағы бір нәрсе қоғамның «ТОЙОТА КАМРИ-40» автокөлігі болатын. Жиналыстың алдында солай жасауымды талап еттіңіз де, менің аузыммен оны өзіңізге сыйлатып алдыңыз (Бұған дейінгі атыңызға аударып алған мұндай көліктердің саны да аз болмаса керек). Аңғал өнер адамдарының аузын ұрып, екі жеп биге шыға беру қашанға дейін жалғаспақ?

«70 жасқа келгенде кетпек болдым, авторлар жібермей қойды, 75-ке келгенде кетем дедім, авторлар жібермеді», – дейсіз. Осы өтірікке өзгені қойып, өзіңіз сенесіз бе? Онда, міне, 83-ке аттағалы тұрсыз, авторлар: «Демалыңызшы, ағатай, көк шайың да, көк жастығың да дайын» деп отыр. «Өле-өлгенше «Құрметті төрағамыз» болып отырыңыз, өткенді қозғамай-ақ қояйық» деп біз отырмыз. Әйтсе де, есіңізде шығар, 26-шы желтоқсанда өткен жиналыста залдағы авторлар шуылдап, мінбеден әрең кетірді. Ендігіңізге не жорық?

Кете алмайтын сияқтысыз. Қайта кетпеу үшін барынша жанталасудасыз.

ОСЫНША ЖАНТАЛАСТЫҢ АРТЫНДА НЕ ТҰР?

Білемін, Сіз қатты алаңдаулысыз. Сөзіңізді сөйлейді-ау дегендерге ақша ұсына бастадыңыз. Біреуіне 400 000, біреулеріне 600 000, тіпті кейбіреуіне 800 000 мың теңгеден бергенсіз. Қолма-қол ақша беріп отырғаныңызды көрген адамдар бар, кейбіреулері дәл кәзір менің жанымда. Қажет болса, куәлік беруге дайын. Сізден ақша алғандардың ішінде ол туралы маған өз аузымен айтқандары да бар. 27 наурызда, яғни, жиналыс болатын күні авторларды жаппай шақырып 45 000 мың теңгеден үлестіргенсіз. Ондағыңыз авторлар ақшаға алданып жиналысқа бармай қалсын деген ой. Авторларға қаламақы аударуға тиіс бүкіл республика аумағындағы мекемелердің бәріне хат жолдап, қаржы мен құжаттарды бізге бермеуін талап етудесіз. Соның кесірінен сегіз ай бойы авторлар қаламақысыз отыр. Бұлай етуге не себеп? Сотта қалайда жеңіп шығу үшін бір емес, үш бірдей адвокат жалдап отырсыз. Олардың бәрі тегіннен-тегін қызмет атқарып жатқан жоқ. Апыр-ау, мұның бәрі қайдан шығып жатқан қаржы? Осынша жанталастың сыры неде? Жаныңызда алты жылдан аса бірге жүргендіктен – сізді жомарт, қолы ашық адам еді десем, жұрт күлер. Көпшілік те мұны көрмей отырған жоқ.

Мақалаңызда «Байғали бүлдірген дүниені қалпына келтіруім керек», – дейсіз. Не бүлдіріппін? «Пәленбай теле-радиоарналар басқа қоғамдарға ауысып кетіпті, оған Байғали кінәлі», – дейсіз. Сіз не, арамызда ұйықтап жүріп-жүріп енді оянғансыз ба? Мен келгенге дейін кететіндер кетіп болмап па еді? Мені қансырап құлағалы тұрған қоғамды түзеу үшін, еңсесін көтеру үшін шақырмап па едіңіз? Мен сонда ол арналарды шақырып алып қоғамнан қуыппын ба? Жоқ, әлде, мәжбүрлеп қоғаммен арадағы келісім-шартты бұздырыппын ба? Керісінше, кеткен арналардың есігін тоздырып, қайтардым емес пе? («Қазақстан» арнасына байланысты оқиғаны қалай ұмыттыңыз?). Сізге қазір бірнәрсе түсіндіру оңай емес сияқты. Дегенмен бұл жағдайлардың түп-төркіні мүлде басқа жақта екені есіңізге түсер деп үміттенем. Кез-келген пайдаланушы мекеме еліміздегі қаптап кеткен авторлық қоғамдардың ішінен қалағанын таңдап, өзіне ыңғайлысына кетіп жатты. Авторлық және орындаушылық келісімшартты бір мекемемен жасау тиімдірек деп шартты бұзған арналарға не істеуім керек еді? Шау­жайына жармасамын ба?

Аспаннан түскен жоқсыз, осы жылдардың бәрінде қоғамның төрағасы, авторлық кеңестің төрағасы ретінде бәрін бақылауда ұстап отырдыңыз. Тіпті, кейбір жылдық қорытынды есепке де төраға ретінде өзіңіз қол қойғансыз. Оның үстіне, қоғамдағы қаржы жөніндегі орынбасарым – қызыңыз Айман, «Ғалам Мюзиктегі» бухгалтер қызыңыз Рабиға, бұрынғы хатшыңыз Аида басқан қадамымды аңдып отырмады ма? Енді келіп бұлай сөйлеуіңізге жол болсын.

«Сол жерден абыроймен кеткен адам аз еді, байқашы!» – дегендердің сөзіне онша мән бермеген едім. Расында да, әр жылдары барын салып қызмет жасаған адамдарды дер кезінде босатып, қайта оралмастай айып арқалатып отырған екенсіздер. Авторларға қаламақы төлетпей, астыларыңызға басып отырған құжаттарда неше түрлі былықтардың бар екендігі белгілі болып қалды. Банктен шыға келген мына бір деректің өзі төбе шашымды тік тұрғызды. Қайтыс болған бас бухгалтер Гүлмира Әбішева мен қызметтен кеткен менің атымнан 78 миллион теңге 2019 жылдың 24 мамырына дейін қалай аударылып отырған? Сіздер байқамай қалдыңыздар дейік, банк қызметкерлері сонда қайда қараған? Бұл істің де тезірек жабылуы үшін «Алмалы аудандық полиция бөлімінде» қызмет атқарған, отставкадағы полковникті адвокат етіп жалдауыңыз тағы да белгілі әдіс. Мұндай сұрақтар әлі де көп туындайтын сияқты. Өйткені бұл жанталасудың астарында жымқыру мен қымқыруға толы сырлар көп. Маған дейін де талайлар менің орнымда болған. Жұмысты істетіп алып, сезікті нәрселерді сезе бастағанда әртүрлі себептермен дер кезінде олардан да құтылып отырғансыздар. Бір отбасының иелігіне көшкен үлкен қаржы айналымы бар мекемеде ондай құбылыстардың болмай тұрмайтыны үйреншікті жайт десек те, жасы келген адам үшін ұят, әрине. Тықыр таянғанын сезе салып, «Балнұр мен Байғали өткізген жиналыс заңсыз», – деп байбалам салдыңыз. Және ақиқаты күмәнді, әлі ақ-қарасы анықталуға тиіс сотта «жеңдік» деп атой салдыңыз. Қай жауыңызды жеңіп қуанып жүргеніңізді түсінбедік. Дегенмен, ақиқатқа жүгінейік, одан бұрын өткен (07.11.2018) жалпы жиналыс заңды ма екен сонда? Оның заңсыздығын, кворум жоқтығын айтпағанда, тіпті, министрлікке де тіркелмеген ғой. Жалпы, жиналыс өткен соң сол жиналыстың хаттамасы бір ай мерзімде әділет министрлігінде тіркелуі керек. Неге тіркемегенсіздер? Хаттама тіркелмеген соң, ол жиналыс та заңсыз болмақ. Демек, сайланған төрағалығыңыз да заңсыз, өтірік болғаны ғой. Ешқандай төрағалық құзіреті жоқ адамның мекемелерге хат жолдап, бас директордың орнынан босатылуына бұйрық шығарғаны қалай?

«Байғалиға балама жасамаған жақсы­лық­ты жасап едім», – дейсіз. Ағатай-ау, сізге жасаған жақсылықты мен де әкеме жасаған емеспін. Басқаны айтпағанда, қалған ғұмыры жалғыздықтың азабынан жапа шекпесін деген қамқорлығымды қалай ұмыттыңыз? Ол менің шынайы перзенттік жан шырылым еді ғой. Соған мені мәжбүрлеген қызыңыз Айман болатын. Бірақ сіз кімнің қадірін білуші едіңіз? Жаныңыздағы жақсылардың бәрін бездірдіңіз. Осынша құлдырағаныңыз қалай, Марал аға? Өзіңіз қатарлас сыйлы ағалардың бірі боп, бата беріп, ақыл айтып отыратын-ақ жөніңіз бар еді… Басқа жағынан айыптасаңыз да менің адалдығыма шәк келтіруге арыңыз қалай барады? Әрбір іссапарға барып қайтқан сайын артылып қалған ақшаны тиынына дейін санап бухгалтерияға тапсыратын қылығыма таңырқағандар аз ба еді? Менің бойымнан пайдакүнемдік, менен жемқорлық көрсеңіз, ашып айтсаңызшы. Ұжым мүшелеріне тілім тиген немесе дөрекілік көрсеткен жерім болса, олар оны айтсын. Болмаса, бос жаламен қаралай бергеніңіз тым қаталдық сияқты. Сіздің қаталдығыңыздан қашанғы қаймыға береміз, ойлансаңызшы!

Бірлі-жарым ағалар: «Сендердікі дұрыс емес, сендер басқа адамның бақшасына түсіп жүрсіңдер», – дейді. Көпшілікте жаңсақ пікір қалыптасып қалған. Қоғамдық мекемені жекеменшікпен шатастырады. «Қазақстан авторлары қоғамы» – қоғамдық ұйым. Оны бір ғана адам меншігінде ұстап отыруға хақысы жоқ. Рас, тәуелсіздік алған соң Марал аға осы мекеменің ары қарай жұмысын жалғастыруға еңбек сіңірді, тіпті алғашқы аздаған шығындарын да өз жанынан жұмсады. Кейін, өзі айтқандай ол шығынды он, он бес есе қайтарып алды. Сондықтан мұны әңгіме етудің өзі ұят.

Құрметті Марал аға, авторлық қоғамның сізге, сіздің авторлық қоғамға өкпеңіз жоқ. Ендігі ақ батаңызды беріп, ақылыңызды айтып төрде қалыңыз. Өзгенің бәрі өтірікші, арттағылардың бәрі алаяқ емес. Өз құйрығыңызды өзіңіз жалмайтындай не көрінді Сізге!?

Қысқасы, өткендегі мақаланы («Қазақ әдебиеті», №52 (3687) 27 желтоқсан, 2019 жыл) өте сауатты жазғаныңызбен, өтіріктен аяқ алып жүргісіз. Аңқау елге не айтсаң да сене береді деген астамшылдықтан болар мұныңыз? Өтірікті судай сапырға­ны­ңыз­бен алды алпысқа келген іні-қарын­дастарыңыздың көптің көкейіндегі бейнесі өзге­ріп кетпейді. Ал сонда Сізді осынша жалғандыққа жетелеп отырған қандай ашу-ыза?

Ол ызаның себебі – жоспардың бұзылуы. Ол жоспар – қоғамның билігін отбасының уысынан шығармау болатын (Ол туралы 2013 жылы басқа адамның аузымен маған ескертілген). Әр сайлау сайын әркімді бас директор етіп, өзіңіз біресе «төраға», біресе «құрметті төраға» болып, терезеден сығалап жүруіңіздің сыры сол-ақ. Байғалиға 5 жыл басқартып, Серікке 5 жыл басқартып, айналдырып әкеп қызыңыз Айманды төраға етіп отырғызу еді мақсат.

Өзіңіз айтқандай, сұңғылалық шешім. Айман, әрине, автор емес, бірақ бұл жолы заңгерді (бұрынғы полиция қызметкері) бас директор етсеңіз, бес жылдан соң «Көрдіңіздер ғой, қоғамды заңгердің басқаруына болады екен, есепші басқарса несі бар» деген сөзіңізге авторлар да дайын болар еді. Көкейіңізді тескен авторлық қоғамның болашағы емес, осы қоғамның билігін отбасылық қолдан шығармау екенін авторлар баяғыда-ақ сезіп, білген. Хан боп тумай хандарға еліктеу, елді алдап қойып, биліктен ажырамау үшін арын да, барын да саудаға салу жақсылыққа апармайтынын ұғынатын уақыт жетті. Осы айтқандарыммен тоқтамға келсек жақсы…

Менің ойымша авторлық қоғам тек қана пайдаланушылардан сыйақы шығарып беріп отыратын мекеме емес, авторларға рухани демеу көрсетіп, олардың шығармашылық дамуына да ықпал етіп отыруға тиіс. Авторға қажеті – орындаушы, орындаушыға қажеті – автор. Авторлар қоғамы солардың бірін-бірі табуына ықпал жасап отырса, кәне… Өмірінде бір кітабын, бір ән жинағын шығара алмай кететін авторлар қаншама. Соларға қол ұшын беріп баспалармен де, басқалармен де байланыс жасауына көмектесу – біздің міндет. Мүмкіндік болса, тасада қалып жатқан шынайы дарын иелерін телевидение мен радиоға ұсынып халыққа танылуына қамқор болу керек. Отандық авторлардың энциклопедиясын шығару, авторлардың мекен-жай, телефон анықтамалылығын шығару да алдағы күннің үлесіндегі шаруа. Әрине, авторлық қоғамның шаруасы онсыз да бастан асады. Менің бұл ойларым біреулер үшін бос сөз сияқты көрінер. Ал шетелдік қоғамдардың бәрі баяғыда-ақ аталған істермен айналысып кеткен. Оларға барған сайын кеңес дәуірінің деңгейінде қалып, ақша табу мен ашқарақтықтан арыла алмай келе жатқан сарсаң санамыз үшін ұялуымыз керек.

Баянғали Есенәлиев, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір