АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ АНАСЫ
24.01.2020
3446
0

Шынын айтсам, осыған дейін Бәшен Баймұратова туралы ештеңе білмейді екенмін. Білмейтініме қатты ыңғайсыздандым. Ол кісі жайында Алматы қаласының мемлекеттік архивінің бас сарапшысы Ләйлә Қасымқызы айтып берді. Аталған мұрағаттың директоры Абзал Ботановтың арнайы рұқсатын алып, № 540 қор құрушысы Бәшен Баймұратоваға берілген жеке адамның қалыптасу құжаттарынан алынған метериалдарды ақтарып шықтым.

Ендеше, сұм соғысқа тұспа-тұс келген болмаған балалық шағы, қиын өмір жолы, ешкім ат ізін салмаған салада кандидаттық қорғауы, ұлт әдебиетіне өміршең шығармалар ұсынған белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевпен өткен 12 жылдық отбасылық тұрмысы жөнінде қарт педагок, алғашқы қазақ балабақшасының анасы Бәшен Баймұратованың өзі сөйлесін.

 «БІЗДЕ ШОВИНИСТ ЖОҚ, ҰЛТШЫЛДАР БАР», – ДЕДІМ

«Әупіріммен ашылған алғашқы қазақ балабақшасы туралы айтқанда, өткен заманға мойын бұруға тура келеді.

Мен 1957 жылдан бастап қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарын зерттеу институтында істедім. Сонда №2 мектеп-интернаты ашылды, ал мектеп-итернатта қазақ балалары оқуы тиіс қой, оларды қайдан табады? Сол тұстағы Қазақстан Білім министрлігі Алматыда жалпы балабақшаларды аша бастады. Мені жұмысқа қабылдаған соң институт басшылары: «Балабақшалар бізде енді ашылып жатыр, сен осы салаға керексің», – деп қолқа салды. Мен оларға: «Жоқ, мен – тіл-әдебиеттің адамымын, балабақшаға сабақ бере алмаймын, ол саламен айналысқан жоқпын, бармаймын», – деп министрлікте бала құсап жылап алғанмын. Бала кезіміз соғыспен тұспа-тұс келген соң, 13 жасымнан бастап аудандық газетте жұмыс істеген едім. Бірақ басшылық «бармаймын» дегеніме қарамады, ақыры балабақшаға тәрбиеші болып қызметке тұрдым. Әне, сол жылдары орыс қызметкерлермен ұрысып, ерегесіп жүріп, «Жоғары жаққа» қазақ балаларына арнап балабақша ашу туралы ұсыныс жасадым. Қасымдағы орыстар: «Қазақтарды жинау қиын, оларға балабақша ашуға болмайды», – деп қарсы сөздер айтып, тіпті мені «шовинист», – деп айыптады. Мен оларға: «Бізде шовинист деген жоқ, ұлтшыл деген бар, шовинист – сендерсіңдер», – деп тойтарыс беріп, райымнан қайтпадым.

Сонымен,  Алматыдағы қазіргі Достық даңғылының бойынан №61 тұңғыш қазақ балабақшасының іргесі қаланды. Соның негізінде №63, № 204 балабақшалар ашыла бастады. Сенесің бе, сол кезде «қазақ балабақшасы» дегенде, бәрінің шашы тік тұрды. Ал менің ойымнан: «Егер қазақ тілді балабақша болмаса, қазақ мектептеріне оқушыны қайдан табамыз?» деген сұрақ кетпей қойды. Ол уақытта Білім министрі Кенжетай Манапович қой деймін, ұмытпасам, сол кісіге бардым. Басымда үй жоқ болатын, министрге өз жағдайымды күйттеп, үй сұрап емес, болашақ ұрпақтар үшін балабақша ашу туралы ұсыныс айтып бардым. Министр сөзімді тыңдап болған соң: «Ой, айналайын, оны қалай ашамыз? Қазір қазақтардың өзі балаларын орыстілді балабақшаға беріп жатыр ғой», – деді.

«Мен ата-аналармен сөйлестім, қазақ мектебі болу үшін, балабақша да болу керек қой», – дедім. Әрине, балабақшаны жалғыз өзім бәріне төтеп беріп жүріп аштым демеймін, Білім министрлігі мен өзім жұмыс істейтін институттың директоры Ахмет Сқақов қатты қолдау білдірді. Сонымен бірге осы ұлы істің жүзеге асуын «Балдырған» журналының қызметкерлері – Әнуар Дүйсенбиев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлілер қолдап, менің идеямды ары қарай көтеріп әкетті де, ақын-жазушылар, журналистер балаларын тұңғыш ашылған қазақ балабақшасына бере бастады. Сөйтіп, он шақты баланы жинап, бір топ ұйымдастырдық. Жыл сайын балалар көбейе берді. Қазіргі қазақтілді балабақшалар біз құрған балабақшаның жалғасы. Енді ойласам, соның бәрі жастық кездегі жалындаған күш-қуаттың әсері мен «ел үшін бірдеңе істесем» деген асыл арманның ұшқыны, нәтижесі екен. Қысқасы, мен өз мақсатыма жеттім».

М.ҒАБДУЛЛИН: «ОСЫНША ЖАУДЫ ҚАЙДАН ТАПҚАНСЫҢ», – ДЕДІ

«Мен сол кездегі бөлім меңгерушіме: «Аға, мені мектепке дейінгі тәрбие жұмысына қабылдадыңыздар, енді мен қалай ізденуім керек?» – деп өз жағдайымды айтып едім, ол кісі «Нәзипа Құлжанова деген кісінің жазған еңбектерін қарап көр», – деді. Ізденіп жүріп ол кісінің еңбектерін де таптым. 1937 жылдары Нәзипа Құлжанованың (Н.Қ. – Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен көзге түскен қазақ қызы.  Ұстаз, этнограф, аудармашы, журналист. Сталиндік репрессияның құрбаны- ред) «Мектептен бұрынғы тәрбие және ана мен бала тәрбиесі» деген екі кітабын сирек қордан тауып алдым. Сол екі кітап ғылымға дендеп кірісуіме, алға ілгерілеуіме мүмкіндік туғызып, шамшырақ болды. Мен де бірнеше кітап жаздым. Өзім қазақы ауылда өсіп, қазақ мектебінде сабақ бергем. Сондықтан әр еңбегімді ұлтымыздың дәстүрлі тәрбиесіне сүйеніп, сол құндылықтарды негізге алып жаздым. Бір кездегі ата-ана тәрбиесі қалай болғанын айтсақ, аңыз секілді қабылданады қазір. Осы күні ата-ана тәрбиесіне ешкім назар аудармайды. Ол туралы жазылған кітаптарға да ешкім мән бермейді. Бұны айту арқылы «ұмытылдым» демеймін. Бірақ, шындығында, мен ұмытылып барамын. Мектепке дейінгі тәрбие саласынан Құлжановадан кейін тұңғыш рет диссертация қорғаған мен екенмін. Құлжанова диссертация жазбаған, кітаптар жазған, маған сол жалпылама негіз болды. Диссертациямды қорғағанда бүкіл орыс әріптестерім жабылып қарсы болды, дегенмен екі дауыс артық алдым. Жамау-жасқау көйлекпен ел алдына шығып, диссертация қорғадым. Қорғап біткен соң, Мәлік Ғабдуллин  маған: «Бәшен-ау, осыншама жауды қайдан тапқансың?» – деді. Сол кездегі менің мақсатым – өз арманымды орындау еді. 

   

 СОҒЫС БІЗДІҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМЫЗДЫ ҰРЛАДЫ

«Егер біреу менен «Бақыт деген не?» деп сұраса, мен: «Ол – адамның адал еңбегі» деп жауап берер ем. Адам еңбек ету арқылы, соған жанымен кірісу арқылы өмір сүрсе, әне сол – бақыт. Менің бақытым өз жұмысыма шөгел болып, соған берілгенім. Балаларды оқыту үшін, тәрбиелеу үшін мұғалімде жүрек жылылығы болуы керек. Өз балаңа қалай қарасаң, мектептегі балаларға да солай қарау қажет. Тек кітаптағы білім емес, өмірлік білім болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін ауадай керек. Сұм соғыс біздің балалық шағымызды жоғалтты. Бір жапырақ нанға зар болып, аяғындағы етігін пісіріп жегендерді де көзіміз көрді. Сол қайсар жандардың арманы мен үміті – бүгінгідей бейбіт өмірді көру еді».

Осы сәтте Бәшен әже көзіне жас алып, терезеге ұзақ қарады. Жыл, ай, күндер жылыстап өтеді екен. Бірақ адамның жүрегіне айықпас жара салған қиын сәттер мәңгі естен кетпейді. Қарсы алдымдағы ғасыр әженің жанарынан сорғалаған анау ыстық тамшылар білген адамға бірталай сырды, шындықты, тарихты ашып беретіндей. «Жыламаңыз» деуге дәрменім жетпеді. Балкон жақтағы терезеге қадалған жанар «Мен не көрмедім, жетімдікті, теперішті, қуаныш пен жұбанышты да көрдім», деп тіл қатып тұрғандай.

 

БЕКМАХАНОВ БІЗДІҢ ҮЙГЕ КЕЛГЕН ЕДІ

«Бердібек шығармаларын ылғи түнде жазатын. Күндіз жұмыстамыз. Үйіміз жоқ, жағдай қиындау болды. Мінезі шәлкестеу еді Бекеңнің. Шешесі ерте қайтыс болған ғой,  бірде маған «шешемді жоқтап, қораға кіріп алып, жылайтынмын», – дегені есімде. Бекең барлық шығармаларын маған оқып беретін. Қызымыз Самалдың таланты әкесіне тартқан. Кішкентайынан тентек, ойынпаз болды.

Бір қызық жағдай есімнен кетпейді. Мәскеуде тұрып жатқан кезімізде біздің үйге Қайнекей Жармағамбетов келді. Бір уақытта ол кісі әжетханаға барып, қайта шыққанда Самал «Баааа» деп айқай салды. Сонда Қайнекең селк етіп: «Ой, қызым, менің балам түсіп қала жаздады ғой», – деген. Соны естіп бәріміз күлгенбіз. Ақын-жазушының жары болу өте қиын. Олардың шығарма жазатын уақытын білу керек, бөгет жасамау қажет. Мен соның бәріне тырыстым. Бердібек ештеңеден қорықпайтын. Бірде Нарынқолда тұрғанымызда, Бекмаханов біздің үйге келді. Ол кезде қуғында жүр екен. Бердібек ешкімнен қорықпай-ақ шақырып алған. Ол кісі үлкен ғалым ғой. Бердібек те, мен де ол кісіден дәріс алғанбыз. Өте білімді адам еді. Бердібек Бекмахановты қатты құрметтейтін. Ұмытпасам, Ермұхан аға біздің үйге келгенде қой сойдық. Қанша уақыт тұрғаны есімде қалмапты. Содан кейін ағаны басқа аудандарға ауыстырып жіберді. Қайда әкеткенін білмедік. Өң тұрқы әлі есімде. Жайнап тұрған, күш-қуаты бойында, жинақы адам еді. Содан кейін ол кісіні кездестірмедім. Ар жағы түсініксіз».

 

Түйін сөз: Бәшен әженің үйінен шыққанда, әлдеқашан ымырт үйіріліп, Алматының кешкі қарбалас тіршілігі басталып кетіпті. Арыбері қайшыласқан көліктер мен адамдар толқынының арасына сүңгіген мен, кенет «осы бір есіл жанның ізгі істерін оқырманға қалай жеткізсем екен?» деген сұрақтың шырмауында қалдым. Бәшен әже  бір сағаттан астам әңгіме барысында «Еңбек» деген сөзді көп айтты. Иә, шынымен, адамзат баласын осы күнге жеткізген адал еңбек емес пе! Әжеміз қоштасар сәтте: «Балам, есіңде болсын, ең үлкен бақыт адал еңбекпен келеді, еңбекқор бола ғой», деді. Бұл сөздің аналық ақ жүрекпен айтылғаны сезіліп тұрды.

 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

 

 

 

 

 

 

          

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір