Майкл Райан. Психоанализ және психология
22.01.2020
2884
0

Зигмунд Фрейд 1901 жылы «Түс жору» (Dreams) туындысын жарыққа шығара отырып, психоанализ ілімінің іргесін қалады. Аталмыш кітап ғылыми ортада төңкеріс жасады, себебі ол «ақыл-ойда болып жатқан құбылыс сана ауқымымен шектеледі» деп пайымдайтын психология іліміндегі дәстүрлі түсінікті жоққа шығарды. Фрейдтің айтуынша, «Мен» – ақылдың бір бөлігі ғана. Біз түс көру сияқты құбылыстарға назар аударсақ, онда санадан бөлек, «Мен» ұғымынан тысқары, бірақ саналы пайымдауда болып жатқан процесті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын тағы бір өлшем бар екенін түсінеміз.

БЕЙСАНАНЫҢ ЫҚПАЛЫ

Фрейд «бейсана» деп атаған бұл терминнің мағыналық ауқымы бірнеше тармақтан тұрады. Біздің бастан өткерген барлық іс-әрекетіміз мидың осы бөлігінде жазылып отырады. Ақылға сыймай, санадан ығыстырылып, тысқары шығатын сезім мен ынта-ықыластың бәрі сонда сақталып қалады. Сонымен қатар бұл – санадағы биологиялық ынтызарлық пен түйсікті емеуріннің де қызмет атқаратын аясы. Жалпы, күнделікті ойымыз бен іс-әрекетіміздің бәрі ақыл-ойымыздың бейсана бөлігінде сақталып, түсімізде жиі жалғасын табады. Дәл соған ұқсас, балалық шақта бастан кешкен елеулі оқиғалар cананың түбінде сақталып, ересек кезімізде ой-пікіріміз бен мінез-құлқымызға астыртын ықпал етеді. Демек, бұдан әдебиетті зерттеуде сана концепциясының орасан зор маңызы бар екенін аңғару қиын емес. Көркем әдебиет туындылары да, адамның түс көруі сияқты, қиялдың жемісіне жатады және оның болмыс-бітімі сан мыңдаған бейсана деректерге тұнып тұратыны анық.

Фрейд ойлап тапқан бейсана деректер ұғымы адамзаттың өз басынан өткеретін қуатты, өткір сезімдерімен тығыз байланысты. Олардың алдыңғы қатарында ата-анамызбен ыстық қарым-қатынасымыз және басқа адамдармен бірге болған жекелеген жұптастық/романтикалық араластығымызды (әрине, тек осы аталғандармен шектелмейді) атауға болады. Дәл осындай ерекше қатынастар бауыр басу, бірегейлену және үрейлену секілді күшті эмоцияға екпін береді де, мұндай сұрапыл сезімдер қоғамдағы үйреншікті жағдайларға үйлеспей, көбінесе оғаш ахуал туғызып жатады. Фрейдтің пікірінше, ақыл әрқашан іште тұншыққан жабайы сезім тегеурінін, жан қалауын және табиғи тілекті тояттандырудың балама жолдарын табады. Ол бейсана сезімді булыққан бұла күштен әдепкі адами сезімге айналдырады немесе соған парапар басқа бір сезімнің бетпердесімен көлегейлейді. Мысалы, Шекспир «Макбет» пьесасында адамның өз кінәсін сезінуін бейне бір қолының кірін жуып кетіргендей етіп сипаттайды, яғни кінәлі сезімді кереғар мағынада күнәдан тазаруды білдіретін символдық алмастыру формасында береді.

САНАҒА ЖАСАЛҒАН РЕПРЕССИЯ

Фрейд ақыл-ойды бастап­қыда саналы және бейсана деп екі арнаға бөлген-ді. Кейінірек ол эго (Мен немесе саналы ой), суперэго (немесе ар-ождан) және id (немесе түйсіктің туабітті импульстері мен алғашқы процестер пайда болатын сана арнасы) түсініктерінің жаңа құрылымын ұсынды. Ол ләззат іздеуші инстинктілі емеуріннің мағынасын беру үшін «либидо» (тән тояты) сөзін ойлап тапты, бұл сезім өмір бойы кеудемізді кернеп, тән тояты секілді физикалық ұмтылыстың ең қарапайым түрін ұғуға, оның табиғатын түсінуге сеп болады. Фрейд жылжыту және орын алмастыру процестері туралы алғашқы гипотезасынан әрі ілгерілеп, ақылдың іште тұншыққан (қуғындалған) мән-мазмұнды оңтайлы формаға айналдыру жолдарын егжей-тегжейлі зерттеп, дамытты. Ол түйіні тарқамаған кикілжіңнің бейсана ой мен саналы ақылға қатысты түрлі пайымдау формасын сипаттады. Аталмыш таксономия невроздың немесе психикалық сырқаттың әралуан формасымен, яки ақыл-ой ауытқушылығының түрлі көріністерімен сәйкес келеді.

Осы тұрғыда «өзара ымыраластықты қалыптастыру» – аса маңызды тұжырымдама. Ақыл үнемі іште тұншыққан сезімнің сыртқа шығу ыңғайын ойластырады, не соның жолын іздестіреді, бірақ бұл эгоның қысымына ұшырап, аласталған сезімдермен (репрессиямен) ымыраға келгенде ғана жүзеге асады. Невроздық әрекеттер – осындай ымыраластықтың нақты мысалы. Невроз сырқаты біздің жүріс-тұрысымызға қатысты сырттан салынған (ата-анамыздың айтуымен немесе қоғамдағы моральдық әдет-ғұрып негізінде) тыйымдарды ұмытпауға мәжбүрлейтін ақылдың бұйрығына бойсұна отырып, қалайда либидо ләззатына берілуге ерік береді. Мұндай аласталу (репрессия) сезімімізді шынайы ләззаттан айырып, оны тәрк етеді, соның салдарынан біз бұл әрекетті ендігәрі қайталамауға бекиміз. Ер адамның романтикалық қарым-қатынасы шынайы махаббатқа ұласа бергенде, сезіміне әлденеше рет тұсау салуы ықтимал, себебі әке-шеше ерте жастан баланың мінез-құлқын тым асыра қатал қадағалауы мүмкін, мәселен, оны үйден ұзап шығып ойнап кетпесін деп далаға шығармайды дегендей. Бозбаланың ересек тартуының белгілері ретіндегі құбылмалы мінез-құлқы, бір жағынан, оны ләззат қууға итермелесе, екінші жағынан, үйден ұзап шықпау (яки қарым-қатынаста белгіленген шектен аспау) секілді ата-ана тыйымы адымын аштырмай, құлашын жайғызбай, тежеп отырады. Бозбала жастық қуатпен романтикалық қызыққа біраз бой ұрғанмен, ақыр аяғында, бала кездегі әке-шеше ықпалымен қалыптасқан мінез ауанынан шыға алмай, бәрін ысырып қойып, еркін қарым-қатынасқа тұсау салып, ішкі әдепкі мінезге бойсұнады. Міне, осылайша әр адам ешқашан айнымайтын (үздіксіз қайталанатын) өзі қалыптастырған мәжбүрліктің шырмауында болады; ол өмір бойы сол таптаурын сүрлеуден шықпайды (үйреншікті ахуалдың сүрлеумен жүре береді), себебі ол дер кезінде өз сырқатының дауасын тауып – жеке басындағы ішкі түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, жал­пақ әлеуметпен ор­тақ ымыраға келу­ге ұмтылған емес.

Фрейд саналы ақыл-ойдың көп жағдайда бейсана деректерге едәуір трансформация жасайтынын анықтады, бұл деректердің түпкілікті өзгерген ақтық формасы бейсана деректерге немесе оған қозғау салатын кикілжіңге ұқсаңқырамай қалатынын аңғартады. Фрейд мұны эгоның (Мен) орынсыз либидолық (тән тояты), яки бейсана дерекке қарсы жұмылдырған «қорғанысы» деп атады. Ақыл-ой сезімді кері өзгерте алады, яғни әлдекімге оянған ынтызарлыққа қиянат жасаушы құмарлыққа айналуы мүмкін. Саналы мінез-құлық ештеңені мойындамай, тіпті өзін шабыттандыратын шынайы іңкәрлікті теріске шығаруы да ықтимал. Әйелден «адалдықты» (пәктік, тазалық) талап ететін ер адам, шын мәнінде, өз тұрғысынан көңілінің терең түкпіріндегі «қалауынша» жүріп-тұрғысы келетін құпия-құбыжық құштарлығын жария мойындамауы мүмкін. Эго (Мен) ыңғай беру мен аластаудың (репрессияның) өзара қақтығысынан екіге жарылуы ықтимал, яғни ақыл-ойдың бір бөлігі емексудің жетегінде кетсе, енді бір бөлігі әділеттің туралығын қатаң сақтайды. Әдебиет мұндай «екіжүзділік» мысалдарына, әсіресе дін жолындағы кейіпкерлердің аяр әрекеттеріне толы.

Эгоның (Меннің) басқа да қорғаныс құралдарына интеллектуалдандыру, проекциялау, рационалдау, реакция қалыптастыру, регрессия, сублимация және қысым көрсету жатады. Интеллектуалдау кезінде біз қысымға ұшырауы ықтимал сезімнен бас тартамыз да, зейінімізді сезімге емес, зерделеу процесін іске қосатын ақыл-ой бөлігіне қозғау салатын нәрсеге аударамыз. Мәселен, жерлеу рәсімінде біз көппен бірге қайғы жұтқаннан гөрі топырақ салу сәтіне, я болмаса жерлеу жоралғысы секілді жайттарға баса назар аударуымыз мүмкін. Ал проекциялауда өзімізге оғаш көрінетін сезім мен ойымызды өзгелерге телиміз. Сөз жарыстырудан жеңілген сәтте қарсыласымызды ақымақ санауымыз мүмкін. Рационалдауда жоғалтқанымыз бен жеңілісімізге басқа біреуді кінәлау арқылы жағымсыз сезімнен бойымызды арылтқымыз келеді. Біз өзгелерді айыптаймыз, соған сәйкес өзіміздің ішкі шектеуімізден туындайтын жағымсыз сезімді мойындаудан бас тартамыз. Ал реакцияны қалыптастыру кезінде, эгоның ішкі үйлесіміне қауіп төндіретін немесе өзіміз өмір сүріп жатқан мәдениетте орынсыз саналатын кеудеміздегі алапат сезіммен күресу амалы ретінде, шарасыздықтан басымызды тауға да, тасқа да соғамыз.

Фрейд психикалық процесс ілімін жан қалауының және репрессияның шеңберімен шектеген жоқ. Оны адамдар қоршаған әлемді қалай қабылдайтыны қызықтырды және бұл қызығушылық әдетте «объектілі қарым-қатынас теориясы» деп аталатын психологияның кейінгі зерттеулеріне негіз болды. Фрейд баланың ата-анасын қалай дәріптейтінін, сосын әлгі идеалды өзінің психологиялық келбетінің бір бөлігі ретінде қалай бойына сіңіретінін тереңірек білгісі келді. Осындай ішкі идеалдар кейіннен әлдекімнің либидолық импульстарын реттеу үлгісіне айналады. Фрейд әке-шеше қамқорлығынан туындайтын алапат сезімге, мысалы, жалғыз қалғанда баланың өн бойын билейтін ашу-ызаға мұқият ден қойды. Мұндай ашу-ыза бала өз алдына ойнай беретін дербес қабілетті жетілдірген кезде реттеліп, тізгіндеуге көнетін болады. Фрейд баланың анасы жоқта оның кетуі мен қайта келуін бақылайтын ойын ойлап табу арқылы өз ашуын қадағалап үйренгенін байқады. Бақылау жоғы осыған қарама-қарсы іс-әрекеттің пайда болуына жол ашты.

БАЛА МЕН АТА-АНА ҚАТЫНАСЫ

Уақыт өте келе, Мелани Кляйн, Р.В.Д. Фэрбэрн, Маргарет Малер және Бернар Винникот сынды теоретиктердің соңғы буыны бұл идеяларға терең бойлады. Олар баланың алғашқы қамқоршысының аялы алақанынан ажырап, дербес тұлға болуға қалай бейімделіп, дағдыланатынын зерттеді. Олардың еңбегі «объектілі қатынас теориясы» деп аталды, себебі «объекті» – тұлғалық түсінікке қатысты жайлардың бәрін – адамның кәсіби мүддеге ұмтылуынан бастап физикалық әлемнің әр бөлшегіне дейін қамтитын ұғым. Демек, тұлғаны қоршаған физикалық және әлеуметтік орта – оның «объектілі әлемі». Бала өзінің әуелгі қарым-қатынас ортасынан – әке-шешесінің ет бауырынан ажыраған соң, өзінің дербес сезімін дамытуы керек және ол мұны өзі мен өзгені әрі объектілерді айыру барысында үйренеді. Негізгі қамқоршысы өзінің бөлінбейтін бөлшегі емес, жеке тұлға екенін білгеннен кейін, мәпелеуші адамды өзінің субъективті ғаламының бөлігі емес, басы бүтін объекті ретінде байқаған сәтте бала дербес өмір сүруді, өз қалауынша аяққа тұруды үйрене бастайды. Тәрбиеші балаға оның объектілі әлемі тұрақты әрі орнықты екенін сездірсе, бала дербес тәуелсіз болмысы бар дара тұлға ретінде ойдағыдай өсіп-жетіледі.

Енді бұл процестегі басты мәселе – шектеу межесі және ол қалай қалыптасатыны. Бала мен ата-ана арасындағы алғашқы шекара тұрақсыз келеді; бала ата-анасын өзімен тұтастыра ойлайды. Бала әуелгі объектіден (көп жағдайда бұл объекті – анасы) бас тартуды үйреніп, өзін-өзі сезіну түйсігіне өтуі тиіс және өзі мен қамқоршысы арасындағы, өзі мен объектілі әлемнің арасындағы шекараны қалыптастыруы қажет. Бала қарапайым объектілерден жаңа объектілерге көшуі керек және жаңа объектілерді қабылдаудың өзі негізгі қамқоршыдан алшақтауды білдіреді. Бұл мүмкіндік негізгі қамқоршы тарапынан тұрақты күтімді қамтамасыз етуге негізделген. Бұл – баланың ата-ана рөлін меңгеруі үшін оның жан дүниесінің ішкі механизмдерінің дамуына мүмкіндік береді. Осыдан барып, бала өзін бірте-бірте сол ортада қолайлы сезініп, сырттан жасалатын жайлылыққа мұқтаж болмауға бойы үйренеді. Бұдан соң, әдеттегі ата-анадан ажырамауға деген ынтызарлықтың, не анадан айырылып қалудан туатын үрей мен ішкі алаңдау сезімінің буы басылады.

Бір қызығы, әдебиет пен мәдениетті зерделеудегі процестің маңызды құрамдас бөлігі менталды репрезентациямен, яғни әлемнің бейнесін жасай білу қабілетімен біте қайнасып жатыр. Бұлай дейтініміз, бала өзін күтіп-баққан бірінші объектінің менталды көрінісін жасай білу қабілетін игерген кезде ғана күтушіден толығымен ажырай алады. Тәрбиешімен көлеңкелі симбиоздық байланыста өмір сүрудің орнына ол күтушіні жеке тұлға, объекті немесе өз тұлғасынан бөлек дара бейне ретінде қарауға (менталды елестетуге) еті үйренеді. Бұл жерде, объектінің менталды бейнесінің өзі – ажырау құралы, өйткені ол бейнеленген нәрсенің өзі санадағы бейнелеу әрекетінен ерекшеленеді деп пайымдайды. Мұндай менталдық көріністер күрделі әрі дифференциал болуы мүмкін немесе қарапайым және бейдифференциал болуы да ықтимал.

Жалпы алғанда, объектіден ажырау мазасыздыққа душар етеді және невротикалық мінез-құлықты қоздырады. Алғашқы қамқоршымен ерте жастағы қарым-қатынас көңіл көншітпесе, оның салдары ажырап қалудан қорқатын үрей сезімін тудыруы мүмкін не басқа адамдармен араласуда баланың жүрегін дегбірсіздік жайлайды. Балаға біреуден ажырау – өз тұлғасын жоғалту емес екенін ұғындыру үшін қажет кезінде оның қасынан табылу керек, оған әрдайым жүйелі түрде қамқорлық көрсету қажет, әйтпесе, ол қамқоршысын өзінің біртұтас бейнесінің бір бөлігі деп шатастырады. Объектіден ажырау ойдағыдай шықпаса, бала жапанда жалғыз қалғандай ішкі нарцистік ауруға шалдығып, өзін өмірге бекер келгендей ауыр сезінуі мүмкін, бұл оның айналасындағы объектілермен (басқа адамдармен) дұрыс қарым-қатынас қалыптастыруына кедергі келтіреді. Өзгелерді өзінен бөліп үйренбегендіктен, бала үшін өзгелерді жоғалту – өзін жоғалтумен парапар. Нәтижесінде, есейген сәтте ол ересек адам ретінде арақатынаста өз жұбының еркін қалпын (жүріс-тұрысын) көріп, іштей ызаға булығуы мүмкін, себебі мұндай мінез бала кездегі күтушіден көңілі қалған сәттен белгі береді де, жараның аузы қайта ашылғандай сезіледі. Соның салдарынан әлемді жақсы және жаман объектіге бөлу, адамды біреумен қосылу емеурінін құптайтындар мен еркін іс-қимылы ашу шақыртатын жандарға бөлу секілді невротикалық мінез-құлық пайда болады. Мұның тағы бір әсері – бойды билеген екіұдай сезім, яғни адам өзінің сүйікті объектісінің жақсы не жаман, жөні түзу не олпы-солпы екенін айыра алмайды. Мұнан басқа, адам өз қиялында жалғызсырауы мүмкін не бірдеңені көксейді, күллі дүние өзіне қарсы шыққандай күй кешеді, я болмаса оның көзіне әлдебіреу өзі үшін «бар әлемді» уысында ұстап отырғандай көрінеді. Сондай-ақ адам жан жарасын жазу үшін немесе жоғалтқан объектінің орнын толтыру мақсатында ата-анасына ұқсайтын, көңіліндегі ескі жараға медеу болатын романтикалық жұбын үміт үзбей іздейді.Т

ТІЛ МЕТАФОРАСЫ

Ең ықпалды психоаналитикалық пайымдардың бірін ХХ ғасырдың ортасында Францияда Жак Лакан ұсынды. Жак Лакан Фердинанд де Соссюрдің структуралистік теорияларына ұдайы сүйеніп отырды, сондай-ақ Жан-Поль Сартрдың экзистенциалистік философиясын да шет қалдырған жоқ. Лакан Сартрдан «алдамшы» (imaginary) терминін қабыл алды да, оны эгоның барлық әрекетіне қолданды. Эго – нарцистік ұғым; ол өзімізді жақсы сезінуге сеп болады; бірақ, оның құны, Лакан айтқандай, өмірдегі ең маң­ызды анық­таушы күш – бейсана шындықты жоққа шығарғанда ғана асқақтай түседі. Біз кім екенімізді ешқашан толық біле алмайтын, өз-өзімізден алшақтаған тіршілік иесіміз. Соған қарамастан, эго өзімізді толық әрі біртұтас күйде елестетуге мүмкіндік береді. Бұл – біздегі ішкі саналы «Мен» тұлғасымен толық ұқсастықтың алдамшы сезімін тудырады.

Cоссюр ілімін қолдана отырып, Лакан ақылды лингвистикалық сүзгіден өткізіп көрді. Оның сараптауынша, эго мен бейсана ақыл арасындағы байланыс – тілдің бірнеше жолмен жұмыс істеу қызметіне ұқсас нәрсе. Мәселен, бейсана материалды игеруге байланысты ауыстыру және алмастыру механизмдері тілдің екі негізгі операциясына сәйкес келеді. Тіл – тұнып тұрған метафоралық дүние, себебі ол сөзді затқа алмастырады, бірақ сөйте тұра, тіл ауызекі сөйлем тізбегінде бір сөзден екінші сөзге ауысуды білдіргендіктен, оның табиғаты – метонимикалы. Тиісінше, іште бұйыққан бейсана сезім балама сөзден немесе метафорадан қылаң береді. Өйткені бейсана сезім ешқашан көңіл көншітерлік болмайды, одан шығатын қайталама әрекет бір метафорадан екінші метафораға ауысатын тізбек формасын кескіндейді. Бұл метонимия (бүтіннен бөлшекке ауысу, «all hands on deck» сөзінде «матрос» сөзінің орнын дене мүшесі – «қол» алмастырып тұр. Қазақшаға келтірсек, «төрт көз түгел отыру» – мұнда «көз» адамды алмастырып тұр, «қол жинау» – мұнда «қол» әскерді алмастырып тұр. – Ред.) деп аталатын ауысу құрылымына ұқсайды. Оның үстіне, сана мен бейсана ақылдың өзара байланысы белгінің құрылымына сәйкес келеді. Бейсана – лингвистиканың референті тәрізді түсінік, бірақ лингвистикада ондай ұғым атымен жоқ. Белгінің болуы – заттың жоғын білдіреді. Лакан бұл құрылымның аластау құрылымына ұқсайтынын аңғарды, оның көмегімен абыржуды сипаттайтын психикалық материал көрініс шегінен жылжып, бейсана ақылға өтеді. Онда әлгі материал шынайы кейіпке енеді де, сана онсыз аттап баса алмайтын, біздің мінез-құлқымызды айқындаушы рөл атқаратын әлемге айналады. Әрине, Лакан психоанализ ілімінде аурудан толық айықтырар ешқандай ем-шипа болмайтынын түсінді және адамның ішкі қалауы әрдайым орындала бермейтініне, жабырқау сезімі пендені үнемі өкшесінен қуып жүретініне көз жеткізіп, оған бойсұнудан басқа шарасы қалмады.

Саяси консерватор Лакан өз дәуірінің сексизм идеологиясына бойұрғаны үшін айыпталса, оған таң қалудың жөні жоқ. Оның теориясындағы «алдамшы» сезім, яки жағымсыз психикалық регистр ана тұлғасымен және оның бала өміріндегі атқарар рөлімен тікелей байланысты болатын. Кез келген ана баласының бойында өзімен біртұтастық алдамшы сезімін туғызады, бұл сәбидің есі кіріп, есею және даралану сатысында басқа сезіммен алмастырылуы қажет. Бір жағынан, әке де ана мен баланың ортасына түсу арқылы (әке еркінің үстем түрі ретінде) өзінің оң ықпалын тигізеді. Лакан бұл процесті баланың символдық тәртіпке, салт-дәстүр ережелері мен символдарына бағынуы ретінде сипаттайды. Бұл болмысымызды біздің қалауымызға шек­теу қоятын әрі біздің отбасы мүшесі, тап мүшесі, мемлекет азаматы сияқты жеке тұлғалық келбетімізді анықтайтын қоғам үшін қаншалықты белсенділік танытқанымызға қарай сәйкестендіре сипаттайды.

Теоретик Клаус Тхевеляйт осыған ұқсас тұжырымды еркек қиялы, яғни оң қанаттағы радикалды ойлау жүйесіне қатысты психоаналитикалық зерттеуінде одан әрі жетілдірді. Объектілі қарым-қатынас идеяларын қолдана отырып, Тхевеляйт фашистік ниеттегі (нацист) жазушылардың әйел-ана бейнесіне тек жиіркеніш пен құбыжық сипаттар ғана тән деген ойға бейім екенін алға тартады, олардың пікірінше, әйел-ана еркек қиялында әдепті шекараны бұзып-жарып өтетін коммунистердің сұрқия кейпіне ұқсайды. Осыдан барып, ер адам фашистік бірыңғай кейіпке еніп, соған сәйкес идеология мен салт-жоралғы секілді қорғаныс қамалын орнатып, ерекше сақтықпен әрекет етеді. Тхевеляйт осы жазушылардың еңбектерінен Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі неміс мәдениетінде үйреншікті жағдайға айналған балаларды қатыгездікпен қорлау белгілерін анықтады. Олардың психикалық өзегінде әлдене жетіспей қалғаны, әу баста түп негіздің дұрыс қалыптаспаған болмысында орын алған кінәрат бары анық сезілді. Нәтижесінде мұндай ер адамдар өзінің ересек болмысының сыртқы қайнар көзіне шамадан тыс тәуелді болды. Алғашқы аялы мейірімнің жетіспеуі жеткіншектердің көңіліне қаяу түсірді және бұл сезім өмірдің кейінгі сатысында әйелдерден немесе коммунистерден қарымта қайтарып, оларға зобалаң туғызу пиғылын орнықтырып, соған жағдай туғызатын фюрер секілді өктем билік өкіліне басыбайлы берілу сезімімен орнын толтырды.

Әдебиеттанушы ғалымдар да соңғы жылдары «жүйке жарақаты» теориясына қатысты жасалған зерттеу еңбектерін ұдайы назарда ұстап келеді. Жүйке жарақатын зерттейтін психиатр мамандар жарақат белгілері дәл сол кезде бастан өткен келеңсіз жайттан бостан болуы мүмкін, бірақ сол белгі нышаны кейінгі бір іс-әрекетте кесе-көлденең алдынан шығып отыратынын атап көрсетеді. Жарақат құрбаны ақыл-ойдың өткен өмір келеңсіздіктерін санадан сейілтіп жіберуге талпынған әрекеттерінен зардап шегеді. Бұл ретте ақыл бастан өткен оқиға салдарын санада қоюлатуға бармайды, яғни адамға өзіндегі келеңсіз жайтты басқа біреу басынан өткеріп жатқандай көрінеді. Осыған байланысты, жапа шегуші жарақат салдарын ешқашан жадынан шығара алмайды. Ол сол қасіретіне қайта-қайта ойша оралып, өткен өміріне «шырмалып қалады». Сондықтан жарақат құрбаны әрдайым өз-өзінен қатты қысылып-қымсынып жүреді, ол бойындағы мұндай сезімге іштей наразы, өйткені оның сипаты қорлау-кемсіту сезімімен етене жақын. Қысылу сезімі «ревиктимизация» (revictimization – қайталап жапа шегу. – Ред.) кезінде бой көрсетуі мүмкін, өйткені ұят сезімінің әлсіреуі қымсыну сезімінің басқаға зардабын тигізуіне жол береді.

Психологиядағы соңғы зерттеу еңбектер ми қыз­метін және мидың әр алуан қыртысы басқа адаммен, яки әлеммен әрекетке түскенде қалай жұмыс істейтінін терең зер­деледі. Зерттеу нәтижесіне орай, эмоцияны реттеу енді тұлға дамуының маң­ызды бөлігі ретінде қарасты­рылады. Мәселен, мидың орбифронталды қыртысы баланың даму сатысына қарай анасының ишара-белгісі арқылы іс-қимылға көшуге ынталанады және осы әрекет балаға өзінің ішкі эмоциялық жай-күйін реттеу қабілетін меңгеруге әйел-ана бейнесіне тек жиіркеніш пен құбыжық сипаттар ғана тән деген ойға бейім екенін алға тартады, олардың пікірінше, әйел-ана еркек қиялында әдепті шекараны бұзып-жарып өтетін коммунистердің сұрқия кейпіне ұқсайды. Осыдан барып, ер адам фашистік бірыңғай кейіпке еніп, соған сәйкес идеология мен салт-жоралғы секілді қорғаныс қамалын орнатып, ерекше сақтықпен әрекет етеді. Тхевеляйт осы жазушылардың еңбектерінен Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі неміс мәдениетінде үйреншікті жағдайға айналған балаларды қатыгездікпен қорлау белгілерін анықтады. Олардың психикалық өзегінде әлдене жетіспей қалғаны, әу баста түп негіздің дұрыс қалыптаспаған болмысында орын алған кінәрат бары анық сезілді. Нәтижесінде мұндай ер адамдар өзінің ересек болмысының сыртқы қайнар көзіне шамадан тыс тәуелді болды. Алғашқы аялы мейірімнің жетіспеуі жеткіншектердің көңіліне қаяу түсірді және бұл сезім өмірдің кейінгі сатысында әйелдерден немесе коммунистерден қарымта қайтарып, оларға зобалаң туғызу пиғылын орнықтырып, соған жағдай туғызатын фюрер секілді өктем билік өкіліне басыбайлы берілу сезімімен орнын толтырды.

Әдебиеттанушы ғалымдар да соңғы жылдары «жүйке жарақаты» теориясына қатысты жасалған зерттеу еңбектерін ұдайы назарда ұстап келеді. Жүйке жарақатын зерттейтін психиатр мамандар жарақат белгілері дәл сол кезде бастан өткен келеңсіз жайттан бостан болуы мүмкін, бірақ сол белгі нышаны кейінгі бір іс-әрекетте кесе-көлденең алдынан шығып отыратынын атап көрсетеді. Жарақат құрбаны ақыл-ойдың өткен өмір келеңсіздіктерін санадан сейілтіп жіберуге талпынған әрекеттерінен зардап шегеді. Бұл ретте ақыл бастан өткен оқиға салдарын санада қоюлатуға бармайды, яғни адамға өзіндегі келеңсіз жайтты басқа біреу басынан өткеріп жатқандай көрінеді. Осыған байланысты, жапа шегуші жарақат салдарын ешқашан жадынан шығара алмайды. Ол сол қасіретіне қайта-қайта ойша оралып, өткен өміріне «шырмалып қалады». Сондықтан жарақат құрбаны әрдайым өз-өзінен қатты қысылып-қымсынып жүреді, ол бойындағы мұндай сезімге іштей наразы, өйткені оның сипаты қорлау-кемсіту сезімімен етене жақын. Қысылу сезімі «ревиктимизация» (revictimization – қайталап жапа шегу. – Ред.) кезінде бой көрсетуі мүмкін, өйткені ұят сезімінің әлсіреуі қымсыну сезімінің басқаға зардабын тигізуіне жол береді.

Психологиядағы соңғы зерттеу еңбектер ми қызметін және мидың әр алуан қыртысы басқа адаммен, яки әлеммен әрекетке түскенде қалай жұмыс істейтінін терең зерделеді. Зерттеу нәтижесіне орай, эмоцияны реттеу енді тұлға дамуының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Мәселен, мидың орбифронталды қыртысы баланың даму сатысына қарай анасының ишара-белгісі арқылы іс-қимылға көшуге ынталанады және осы әрекет балаға өзінің ішкі эмоциялық жай-күйін реттеу қабілетін меңгеруге көмектеседі.

Адам психологиясына қатысты екі түрлі ойлау бағыты бар деп айта аламыз. Психоаналитик маман эго мен id-тің, саналы және бейсана ақыл-ойдың ішкі психикалық динамикасына басымдық береді. Объектілі байланыс желісі өзіндік тұлға мен оның объектілері (физикалық әлем, басқа адамдар, мәдениет т.б.) арасындағы тұлғаралық (интерпсихикалық) динамикаға ерекше назар аударады. Ал тұлғаның саналы және бейсана бөліктері арасындағы шиеленістің симптомдық көрінісі – психоаналитикалық тұрғыдан зерттеуге тұрарлық қызықты дүние. Объектілі байланыс тәсілі тұлға мен объектілі әлемнің арасында теңсіздік орын алғанда пайда болатын мәселе аясын зерттеуге бейім. Осы ретте мәселенің екі ұшы шығады, оның бірі – ажырауға барынша талпынатын ұмтылыс, екіншісі – басқа объектімен қосылуды қалайтын ынтызарлық. Жоғарыда аталған екі мұқтаждық та психопатология саласына жатады.

Осы психоаналитикалық теорияның негізінен бірнеше зерделеу стратегиясы бастау алады. Айталық, мәтінді онда бейсана материалдың жанама символдық немесе метафоралық тәсілде көрініс табуы мүмкін деген пайым тұрғысында қабылдауға болады. Ал кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты адамның көрер көзге анық аңғарылар психологиялық динамикасын ашып көрсету мақсатында зерделеуге болады. Психоаналитикалық тұрғыдан қарағанда, зерделеу оқшаулану мен айырылысу, аражігін айқындауға алаңдау немесе басқамен қосылу, сондай-ақ жеке бастың күйзелісті оқиғасынан кейін біртұтас тұлғалық «Менді» қалыптастыруға күш салу әрекетін қарастырады. Тоқетерін айтқанда, тілдің өзін бейсана процестерді мысалмен бейнелейтін құрал ретінде зерделеуге болады.

(Ұлттық аударма бюросы шығарған «Әдебиет теориясы» бес томдық кітабының кіріспе (1 том) бөлімінен ықшамдалып алынды)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір