ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ҚАСЫМ АҚЫНҒА САЛҒЫРТ ҚАРАП ОТЫР
17.01.2020
786
1

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбековтің назарына!

Қарағанды қаласында Хакім Абайдың атына көше атуы беріліп жатқан кезде редакциямызға Серік Ақсұңқарұлынан үшбу хат келіп түсті. Ақын әкімнен «Қасым үйі» қашан ашылатынын сұрайды.

Қасым қазақ тарихын­дағы ең қасіретті ақын десе болады. Ғұмыр жасы советтік-социалистік, тоталитарлық заманға тап келіп, іштегі қайғы-шерін жалғанның жарығына сарқып шығара алмай, жылқышыға жыр, қойшыға сөз болған ақын осы – Қасым. Қазақ әдебиетіне еуропалық өлең мәдениетін сіңіріп, оның көш керуенін түзеген Абайдан кейінгі ақын да Қасым еді. О кезде қазақ жырының ХХ ғасырдағы ірі өкілі Мағжан – қара тізімде… Мағжанды көзі қарақты, көңілі ояу замандас-қатарластарынан басқа ешкім байқамай қалды… Біз де Мағжанды оқи алмадық.

Адамзаттың материалдық және рухани құндылықтарын жаса­ғандардың бәрі де – ноқтаға басы сыймаған азат адам, олар Ньютон мен әл-Фараби, Пушкин мен Абай, Бауыржан Момышұлы мен Қасым Аманжолов!

Қазақ поэзиясын қияға шы­ғар­ған 60-жылдардағы рефор­ма­шыл асқақ буын Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Жұме­кен, Сағилардың бәрі де осы Абай-Қасым мектебінің – қарлы­ғаштары.

Қазақ поэзиясындағы Абай-Қасым мектебі ХІХ-ХХ ғасыр­лардағы қазақ жырын осы күнгі адамзаттық деңгейден де асы­рып жіберді деуге болады! ХХІ ғасырдағы қазақ өлеңі бүгінде бүкіл дүниежүзілік поэзияның көш басында тұр! Біз бәсекеге түсіп жүрген озық отыз елдің жыры да онымен тізе қағыса алмайды! Қасымның қадір-қасиетін одан кейін іле-шала дүниеге келген жас, жасампаз Қасымдар бірден түсінді: «Дейсіңдер-ау Қасымның несі Қасым? Ақынмын деп қомпаңдап жүргендердің әммесінен Қасым­ның десі басым…» (Мұқағали).

Ол дүниеден үйсіз, күйсіз өтті. «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да таста­май­мын Астанамды. Өлеңнің отын жағып жылытармын, Өзімді, әйелімді, жас баламды!» – дейтін аңыз өлең осы кезде туған-ды. «Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз, Қараймыз да сыртынан сүйінеміз. Қашан түсіп қалғанша хатшы болмай, Неге ақын болдық деп күйінеміз?» дегені қандай?! Күллі елді жарылқаймыз деп, ырзығы ат төбеліндей совет шенеуніктерінен аспай қалған… құл-құтанның мемлекеттік жүйесіне деген ащы мысқыл ғой бұл?!

… Ақжайық елі Қадыр Мырза Әліні алақанына салып жатыр. Жетісуда Мұқағали Мақатаевтың атақ-даңқы жер жарып тұр! Ұлттық поэзиямызға алпысыншы жылдары келген осынау асау тол­қын­ның пірі – Қасым еді. Біз оған қандай құрмет жасадық? Қарағанды-Қарқаралыда дүріл­детіп 100 жылдығын атап өттік. Екі ай сайын республикалық «Қасым» журналы жарық көреді. Одан басқа түк жоқ… Қасымның шәкірттеріне жасалып жатқан ілтипат-құрметтің қасында мұның бәрі – әншейін дүние ғана…
Ресейде Пушкиннің үйі, Блоктың үйі, Прагада Кафканың үйі бар. Өмірден үйсіз-күйсіз өтіп, қазақ жырын бір ғасыр алға сүйреп кеткен Қасымға кіндік қаны тамған Қарағандыда ірі мәдени-рухани орталық (Қасым үйін) салу – кезек күттірмейтін міндет! Соның ішінде Қасым кітапханасы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы, «Қасым» журналының редакциясы орналасып, онда облысымыздағы ұлттық руха­нияттың қазаны қызу қайнап жатса, нұр үстіне нұр болар еді ғой?!. Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың депутаттары Оралда қолға алынған игі шаралардан кейін ойланатын шығар деп, дабыл көтергенімізге де біраз уақыт өтті. Елең еткен ешкім жоқ әлі…

Құрметті Жеңіс Қасым­­бекұлы! Сіз, қазақ руханиятын жақсы біле­тін, уызына жарыған адам ре­тін­де осы бір келеңсіз шаруаға батыл араласып, Арқада Қасым Үйі­нің шаңырақ көтеруіне ұйытқы болады деп ойлаймыз?!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Қарағанды

ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.01.2020 | 13:36

Серік бауырым, өте дұрыс ұсыныс бердің, мен де қолдаймын! Өтеген О.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір