Әділет ШОПЕН: «Өлімнен өмірдің ғажап екенін ұғамын…»
14.01.2020
1095
0

Әділет Шопен – бүгінгі қазақ поэзиясындағы жаңа есім. 1996 жылы 16 наурызда Қарағанды облысы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әділет шығармашылығы ешкімге ұқсамайды. Ол сонысымен де өзгеше.

– Сен әу бастан поэзияға өзгеше­лікпен, ерекшелікпен келдің. Бұл сенің болмысың ба? Әлде ізденіс сапарыңның жемісі ме?

– Қызық сұрақ… Мен үшін уақыт та, жалғыздық та, кеңістік те, шексіздік те – тіл. Тылсым тіл. Мен өз тілімді қалып­тастырғым келеді. Өз тілімді өзгеден та­батын, үндесетін кездер де болады.

– Талантты адам деп кімді айтамыз?

– Кісі өлтіре алатын қаныпезерлік те – талант. Аға-көкесінің тілін тауып, есебін түгендеп алатын пысықайлық та – талант. Әрі-беріден соң әйеліңнің тілін табу да – талант! Айналамызда таланттылар толып жүр. Маған сенсең болады.

– Сеніңше, тылсым деген не?

– Жоғарыда айттым ғой, мен үшін құдірет – тіл. Тылсым тіл. Яғни, жоғары мәртебелі поэзия. Мен өлеңмен тыныс­тап, өлеңмен өмір сүремін. Ал көргеніңнің бәрін өлең қыла беру міндет емес.

– Бөгде ғаламшарлықтар барына сенесің бе?

– Мен өлең жазып отырғанда Сайтанды Періште десе де сенемін…

– Не оқып жүрсің?

– Өзімді оқып жүрмін. Қайғы мен мұң ғылымының зерттеушісімін. Көңілстан ғылымының докторымын. Әзірге нашар оқушымын. Бірақ бұл мектепті үздік аяқтайтыныма сенемін!

– Байқағаным, сенің жаңа жинағыңды күтетіндер көп. Ол қашан шығуы мүмкін?

– «Ол кімге керек?» деп жүретінмін. Сөйтсем, ол тек өзіме керек екен. Жаның­ның жаңа сипатқа, толғанулы ойың мен ойланулы сөзіңнің басқа мазмұнға ие болуы үшін, бәлкім, өміріңнің басқа қалыпқа түсуі үшін ғана керек.

– Ақынға, мәселен саған, материалдық жетіспеушілік қалай әсер етеді? Жігеріңді жа­нып, шығармалар туғыза ма, көп уақы­тыңды жұта ма?

– Ирония мен сарказмға толы өлең туады. Өз тағдырыңды келеке етіп өлең жазасың және сол «проблемаңнан» арылам деп ойлайсың. Бірақ бәрі, керісінше, үдей түседі. Мен түзу жолмен жүріп, дұ­рыс өмір сүретіндердің қатарынан емес­пін. Қателесіп өмір сүргенді жөн санаймын. Солай, өлімнен де өмірдің ғажап екенін ұғамын…

 – Әділет Шопен кімге қарыздар?

– Жақсы өлең жазуға қарыздармын. Ақынның қоғам алдында басқа парызы мен қарызы жоқ деп ойлаймын.

– Күнделік жазасың ба?

– Жоқ.

 – «Мынаны неге мен жазбадым» деп өкінген шығармаң бар ма?

– Бар. Және оның бәрін өзімнің өлеңім деп есептеймін. Мен қандай ақын екенімді білмеймін. Бірақ жақсы оқырманмын. Талғап оқимын.

***

Суып қалған кофедей мына жүрек,

Жүрегімді өртеші бір-ақ рет.

 Күдігіме оранған тілек бір-ақ,

Тереземнен ай емес, жүрек құлап.

 

Кірпігіңе жас тоқып мына қайғы,

Бірақ одан ештеңе құламайды

 

Менің жазған бар күнәм сол-ақ болды,

Қолын сермеп тіршілік – шолаққолды…

 

Суық түнге өлеңмен түртем өмір,

Сенің күрсінісіңмен бүркенемін.

 

Немесе мұң түбінде жатыр жүрек,

Бір-ақ рет сүйдірші – ақырғы рет.

 

Келгенің – бәрін тастап, мен дегенің,

Ең дұрысы – ешқашан келмегенің!

 ***

Асқазанымнан келе жатып ойланам.

Жүрегімді болашаққа байлаған

Не құдірет?

Қанат бітіп сөзіме,

Телефонның пернетақтасында көз ілем.

 

Түнде ойлаған әрбір сөз кісіленіп,

Мен өңімнен шығып, ол түсіме еніп.

Қайғыма ұлттық ұлан сарбаздарын кіргізіп көрдім,

Олар оның он үшінші мүшесін тұрғызып берді.

 

Иә, ал мұңым, алдыңгүні өтіп өңге

Аптаның жеті күніне жеті ішек жалғап,

Кетті айналып жетігенге.

 ***

Сені сүйдім. Сүйдім де жанды ұмыттым,

Өлді бір күн… сездіріп мәңгілікті.

Мен түн үшін күрсіндім, жылағам жоқ,

Ал сен – кешкі елесі жаңғырықтың.

 

Ұшар болсаң, сөздермен неге ұшпадың?

Мен сезімнің тізгінін кері ұстадым.

Дөңгеленген төбемде жарық айым,

Менің жаным – сол айдың теріс жағы.

 

Кірпігің де дірілдеп, бөлек тоңса,

Бәрін қайта бастауға себеп қанша?

…Өлім менің ойымнан суық емес,

Таң қалдырып көрсінші керек болса!

 

Көңіл қайтып барады терістіктен,

Өмірде өлең үшін деп іштік пе?

Кетер кезде жалғыздық кідіреді,

Көзіңдегі әлдебір кеңістікте…

 

Көп ішінде өмірім – жалқы өтеді,

Алды екені белгісіз, арты екені.

…Әлемімізді түнек меңдеп алғаны сонша

Артынша жұлдыздар да жарқ етеді…            

***

Уақыттан озып кетіп, соңы қай күн?

Түс көрдім. Оны ешқашан жорымаймын.

Өз-өзімді іздеймін бұл жалғаннан,

Көлеңкесі секілді жолым айдың?!

Кірпігінен іңірдің тамбас ғарыш,

Қайда кетті күмәнім жол бастағыш.

…Өткен шақ пен Болашақ шарпысады,

Секілді баяндауыш һәм бастауыш.

 

Тастап шығып кететін жан-денені, –

Кеңістікке ол өзгеше мән береді.

…Кәрі қала. Қазандық. Шілде соңы.

Бір айдан соң сағыныш сәнге енеді.

МЕЗГІЛ
(Жәнібек Әлиманға)

Ақылымыз бокалда шыр айналып,

Бүрсігүні келдік біз Құдай барып…

Күмән ұшар кейпінде жарғанаттың,

Балконында жүректің бір ойланып.

 

Қанатын қайтқан құстың өрсек ұшын,

Ауаны да содан соң көрсек ішіп.

Жүрегіңе қондырдың жауған қарды,

Қара өлеңнің салмағын өлшеу үшін.

 

Секілденіп жарығы төменгі үйдің,

Мазасыздығын жүрегің көрер мидың.

Қарашаны қарсы алып тұрдық біздер,

Сен пальтоңды кимедің, өлең кидің.

 

Сен пальтоңды кидің де, күн суытты,

Сығалатып қалтаңнан тіршілікті.

Тротуар тұмау жұқтырып табаныңа,

Есерсоқтау көшелер тұншығып тұр.

 

Қала ішіне содан соң қала келіп,

Дүния қиялыңды бала көріп…

Жалғыз келмес жалғыздық…

жүрегіңе

Жәнібекті өзімен ала келіп

жәнібектенген ойлар-ай, қарашада…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір